Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
Музыка әуенімен балалар залға кіріп, орындықтарының жанына келіп тұрады. -

Музыка әуенімен балалар залға кіріп, орындықтарының жанына келіп тұрады.

Сабақ жоспары | Предметы | Бастауыш сыныпқа арналған ашық сабақтар Загрузок: 0 | Просмотров: 1958 | Размер: | Автор: гость
. Музыка әуенімен балалар залға кіріп,
орындықтарының жанына келіп тұрады.
Жүргізуші: Сәлеметсіздер ме құрметті қонақтар, балалар! Бүгін біз «Қазақстан халықтарының тілдер мерекесіне» арналған «Менің ана тілім» атты тақырыптық оқуымызды сіздермен бөліспекпіз. Балалар, бір сәт назарымызды экранға аударайық...
Тіл туралы слайд көрсетіледі
Жүргізуші: Балалар, осы экраннан көрген ұлт өкілдері бізге қонаққа келіпті. Қонақтарды қарсы алайық... (залға қазақ, қырғыз, ағылшын, қытай, орыс, өзбек, монғол костюмдерін киген балалар келіп тұрады)
Жүргізуші: Сәлеметсіздер ме, қонақтар, төрлетіңіздер! (костюм киген балалар өздері киінген ұлт тілінде амандасып, орындарына жайғасады)
Жүргізуші: Қадірлі, бағасы алтын ана тілі
Сенімен бағаланған бала түрі
Төрт бөліп түн ұйқысын жұбатам деп
Сенімен әлдилеген анам мені – дей келе бүгінгі оқуымызға арнаған балаларымыздың өлеңдерін тамашалайық...
Айбек: Ақыл ойын дананың
Ана тілден аламын.
Ана тілім ардақты,
Ақ сүтіндей ананың.
Гауһар: Туған тілім тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім, мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін.
Алинұр: Сүйемін туған тілді ана тілім,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутым сол,
Құлағыма сіңірген таныс үнін.
Айдана: Әлдилеген анамның,
Аясында шалқыдым.
Ана тілі өлеңім,
Тербетеді бөбегін.
Бейбарыс К.: Өсірген ой білімді,
Сүйем туған тілімді.
Мақсат еткем әр сөзді,
Мәнін терең білуді
«Анамның тілі» әні
Жүргізуші: Рахмет, ботақандарым. Адамзат мәдениетінің негізі – тілде. Кез-келген ұлттың басты ерекшелігі – оның ана тілінде жатыр. Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Келесі балаларымыздың өлең шумақтарына кезек берейік...
Бағжан: Ана тілі ақылшым,
Асыратын қиядан.
Малтып жүріп тереңін,
Маржандарын теремін.

Бейбарыс Ә.: Ана тілін білмесең,
Қадірлісің кімге сен.
Ана тілі арқылы,
Тарихыммен тілдесем.
Муслим: Ана тілім дара тіл,
Аталарым сөйлеген.
Ең ардақты баба тіл,
Ол біздің ана тіл.
Аружан Қ: Ана тілің- арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте
Жүргізуші: Рахмет, балалар. Енді кезекті өздеріңнің сүйікті ойындарыңа берейік...
«Мотылек» ойыны
Жүргізуші: Қандай тамаша, барлығымыз бір серпіліп қалдық. Орнымызға отырайық...
Ана тілім әрекетім азығым
Бар ғаламды танушының қазығы
Ой санамның өсуінің куәсі
Ғасырлардың кейінгіге өз үні
Ана тілім – бәрін сөйлер шежірем
Тілсіз нені білдіре алам, не білем?!
Тілім барда ғана мынау ғаламның
Кілтін табар саналысы сезінем. Енді тағы кезекті балаларымыздың өлеңдерін тамашалауға берейік...
Арлан: Ақындардың өлеңін,
Жүрегіне түнетіп.
Көтеріпті ұлы елім,
Ана тілін ту етіп.
Ескендір: Ана тілім бойымда,
Ағып тұрған бұлағым.
Ана тілі ойымда,
Жанып тұрған шырағым.
Медина: Ана тілің өткенің,
Гүлін ашқан көктемің.
Ана тілін ардақта,
Болашағым деп менің
Аружан Ә.: Туғанда да, қонғанда да, ұшқанда,
Өз тілінде қиқулайды құстар да.
Өз тілінде кісінейді құлыншақ,
Деген кім бар, өз тіліңді ұстанба?
Амира: Қайта туған күніңде,
Шалқып тасып дүрілде.
Ән салады кең дала,
Менің ана тілімде.

Нұрәділ: Туған тілім-бабам тілі-өз тілім,
Туған тілім-анам тілі-өз тілім.
Туған тілім-далам тілі-өз тілім,
Туған тілім-адам тілі-өз тілім.
Жүргізуші: Рахмет, ботақандарым. Балалар, айтыңдаршы, біз қай мемлекетте тұрамыз?
Б.ж.: Қазақстан!
Жүргізуші: Қараңдаршы балалар, біздің Қазақстанымыз мына киіз үйдің шаңырағына ұқсайды екен. Осы кең шаңырақтың астында көптеген ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүреді. Қане, сендер біздің осындай үлкен шаңырағымыздың астында қандай ұлт өкілдері тұратынын атап келіп, мына шаңырақтың ленталарын ұстаңдар...
Сергіту сәті (ленталарды ұстап, әуенмен айналады)
Жүргізуші: Балалар, осындай үлкен шаңырақтың астында тұратын әр ұлттың өз ана тілі бар. Қане, айта қойыңдаршы, біздің ана тіліміз қай тіл?
Б.ж.: қазақ тілі!
Жүргізуші: Неміс халқының ана тілі қай тіл?
Б.ж.: неміс тілі!
Жүргізуші: Орыс халқының ана тілі қай тіл?
Б.ж.: орыс тілі!
Жүргізуші: Ал, татар халқының ана тілі ше тілі ше?
Б.ж.: татар тілі!
Жүргізуші: Ал енді достар, сендерді татар халқының «Горшок сатамын» ойынын ойнауға шақырамын...
«Горшок сатамын» ойыны
Жүргізуші: Ал, балалар, кезекті тағы да өлең шумақтарына берейік...

Ерасыл Қ.: Ана тілің біліп қой,
Еркіндігің, теңдігің.
Ана тілің біліп қой,
Мақтанышың елдігің.
Іңкәр: Ана тілін ән қылып,
Анам айтқан әлдиім.
Ана тілсіз мәңгілік,
Келіспейді ән-күйім.

Жанель: Ана тілі бал бұлақ,
Сусындаймын қанамын.
Сүйенішім тірегім,
Ана тілін сүйемін.
Мадина О.: Бар асылын халықтың,
Құйған сана ойына.
Туған тілім өркенде,
Бола бер күшті көркем де.
Елдос: Атамекен үні деп,
Анамыздың тілі деп.
Туған елді сүйеміз,
Асыл тілдің бірі деп.

Сабина: Ана тілім,
Жүрегісің анамның.
Жүрек-ана,
Мен өзіңнен жаралдым.
Жүргізуші: Рахмет, балалар. Мінекей, құрметті ата-аналар, осылайша балаларымыз көз алдымызда есейіп келеді. Енді балаларымыздың биін тамашалайық...
«Жаяу» биі
Жүргізуші: Рахмет, балалар, өлеңдерің қандай тамаша!
Сенің әрбір тынысыңмен күн кешем
Сен арқылы тіршілікпен тілдесем
Ел бетіне қалай түзу қараймын
Ана тілі егер сені білмесем – деп ақын аталарымыз жырлағандай, кезек ұлттық ойынымызға да келген сияқты...
Ұлттық ойын
Жүргізуші: Ой, керемет, ботақандар, сендердің өз ұлттық ойындарыңды ұмыттырмай жалғастырып келулерің қандай тамаша! Енді балаларымыздың шет тілдеріндегі өлең шумақтарына кезек берейік...
Аружан:Чтобы солнышко светило
Чтоб на всех его хватило
Чтоб цвели в лугах цветы
Чтоб дружили я и ты
Айнұр: Ярче солнечных лучей
Дружба в целом свете
Ведь с друзьями веселей
На любой планете
Алихан: Фазе, мазе
Сите, бразе
Хан ин ханд
Уиз уан эназе
Ерасыл Ж.: Гуд монинг, гуд монинг
Гуд монинг ту ю
Гуд монинг, гуд монинг
Уй а глэд то си ю
Жүргізуші: Балалар, ұлттың жаны мен жүрегі, ары мен ұяты, қазына-байлығы мен атақ-абыройы да тілге байланысты екендігі баршамызға аян. «Сүйемін туған тілді – анам тілін, Бесікте жатқанымда ақ берген білім» деп Сұлтанмахмұт Торайғыров атамыздың өлеңдетіп айтқан сөзіне сүйене отырып бүгінгі тақырыптық оқуымызды әсем әнмен аяқтайық. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп рахмет!
«Ана тілім» әні
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.