Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
«Қасиетті ана тілім» тақырыбындағы  «Тіл мерекесі»онкүндігінің  қорытынды кеші . -

«Қасиетті ана тілім» тақырыбындағы «Тіл мерекесі»онкүндігінің қорытынды кеші .

Сабақ жоспары | Предметы | Қазақ тілінен ашық сабақтар Загрузок: 495 | Просмотров: 7587 | Размер: 111.1 Kb | Автор: Тәрбие
. Арыс ауданы


«Қасиетті ана тілім» тақырыбындағы «Тіл мерекесі»онкүндігінің қорытынды кеші .

Мақсаты: Оқушылардың өз ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру, таза сөйлеуге үйрету, өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін ояту. Ана тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран ету, қазақ тілінің мәртебесін көтеру.
Әдіс-тәсілдер: Сұрақ – жауап,мың бір мақал, жүз бір жұмбақ ойындарын ойнату, ой-толғау, полиглот , жат оқу т.б.
Көрнекілігі: қабырға газеттері, қанатты сөздер, ұлы тұлғалар портреті, кітаптар мен рефераттар.
Түрі: Ойын – сауық кеші.
Өтілу барысы:
Мұғалім: қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Полатова.
Қымбатты ұстаздар мен оқушылар міне біз бүгін бүкіл Қазақстан халқы болып «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесін тойлағалы отырмыз.Бұған дейін «Тіл мерекесіне» байланысты 15 қыркүйектен бастап жоспар бойынша іс –шаралар жүргізілді.Біздің негізгі мақсатымыз оқушылардың өз ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру, таза сөйлеуге үйрету, өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін ояту. Ана тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран ету, қазақ тілінің мәртебесін көтеру.
Бүгінгі өткізгелі отырған «Қасиетті ана тілім» тақырыбындағы іс – шарамыз 22-қыркүйек күнгі Қазақстан халықтарының тілдері мерекесіне қосылатын кішкене ғана үлес.Бірақ біз ана тілімізге деген сезімімізді білдіретінімізге қуаныштымыз. Олай болса, тілім деп жүректері соғып тұрған жалынды жастарымыздың «Тіл мерекесіне» арнап дайындаған «Қасиетті ана тілім» тақырыбындағы қорытынды кешін бастауға рұхсат етіңіздер.
Облыстық «Қоңыраулы қошақан» байқауының бас жүлдегері «Сыр сұлуы» бишілер тобының орындауында «Шашу».

Қ.Шабасовтың «Тілім - тірегім» атты өлеңі.
Нағашбек:
Тілім менің-тірегім , дінім менің,
Тілсіз қандай болады күнім менің ?!
Өз халқыма жетеді өз мәнінде
Өз тілімде оқылса жырым менің.
Сәмбет:
Тілім менің – қуатым, күшім менің,
Күшім кетсе не болар ісім менің.
Тілсіз өмір бар десе түсінбедім,
Тілімменен тірлікті мүсіндедім.
Қуаныш:
Тілім менің- асылым , арым менің,
Арым кетсе не пайда барым менің.
Бас кескендер тілімді кесе алмаған,
Тілден бұрын кетеді жалын демім.
Есет:
Тілім менің-қазынам , қасиетім,
Қасиетім бар әлем бас иетін.
Тілі жоқтың түрі жоқ , түбірі жоқ,
Бола көрме, Ана тіл, қасіретім.
М.Қанат:
Тілі өлсе болмайды тірі халық,
Бірі өліп, тұра алмас бірі қалып.
Басқа емес өз Ана тілінде тек
Тіршілігін білдірер ұлы халық.

Тілім менің –ғасырлардан аманат,
Аманатқа адал болсын Қанағат,
Ар – намысқа келтірмейік жаманат.
Қазақ болып туылдың ба, Ендеше
Өз тіліңді өзгелерге бағалат.
(Ана тіліне тағзым етіледі.)
Арайлым:
Өте ертеде бір қадірлі шешен қария келте дүниеден көз жұмарында қасына ұлын шақырып алып:
-Балам, мен ұзамай дүние салам. Әкем қазына қалдырмады деп қамықпа. Ел ішінде қалдырып бара жатқан асыл мұрам бар. Соны іздеп тап, қадірле, қастерле дейді.Сонда баласы аманатынын орындайтындығын айтады, бірақ ол көп іздеп ештеңе таппайды. Сосын ол Абзал атаға келеді.Абзал ата оның әбден шаршап, шалдыққандығын көріп, не іздеп жүргендігін сұрайды. Сонда бала:
- Әкемнің аманат еткен асыл мұрасын іздеп таппадым. Ол сонда қандай мұра болды екен? –деп сұрайды.Абзал ата оған:
-Әй, балам –ай, әкеңнің сөзіне еш шүбә келтірме! Оның саған қалдырған мұрасы-тіл!Ол шешен адам еді ғой.Бәріміз де сөйлеуді сенің әкеңнен үйрендік. Тілден қымбат қазына жоқ, балам! Әкеңнің саған қалдырған қазынасы –сол ! –дейді.Осы қымбат қазынамыз ғасырлардан ғасырларға жетіп, толығып келеді. «Тіл –уақыт өзеннің өткелі», ол бізді өткен бабаларымыздың мекеніне бастап әкеледі.

1-жүргізуші:
Кенің бай , келімің мол туған тілім!
Дыбыстың теріп сөз ғып буған гүлін.
Қайырған қайдағыны жүйрік ең сен,
Мен қосып, құтыла алмас қусам білім.
Ассалаумағалейкум құрметті тіл жанашырлары, бүгінгі «Қасиетті ана тілім» атты тіл мерекесіне қош келдіңіздер!
2-жүргізуші:
Қонып тұр ордаң міне, жаңа жұртқа ,
Салып тұр ұлың «Қазақ» көзін сыртқа.
Жау болсаң, жақындама, аулақ жүр деп,
Ел болсаң есігім бос, ен деп ұлтқа.
Армысыздар, құрметті ұстаздар, оқушылар.
1-жүргізуші:
Еліміздің болашағы – жасөспірімдер тәрбиені ұлттық мектептен алады. Өкінішке орай, оны көптеп жабу, қысқарту орын алғаны белгілі.Соңғы 30 жылда 700-ден астам қазақ мектебі жабылды. Қазақ мектебінің тағдыры Сәбит Мұқановты қатты толғандырды. Ол өз сөзінде былай деді: «Мен ұлттық қазақ мектептерінің жабылуына үзілді – кесілді қарсымын. Менің партиялық ар ожданым мұндай идеялық тұрғыдағы қателікке төзбейді». Тіл тағдыры шешуін күтті. Көпшілік ойы айтыла бастады. Басқа мәселелерде кезекте тұр еді. Ақыры 1986-ның желтоқсаны тығырық кезеңнен құтқарды. Соның лебімен 1989 жылы «Республикадағы қазақ тілінің жайы» туралы қаулы қабылданды. 1989 жылы қыркүйектің 22-і күні «Қазақстан Республикасындағы тілдер» Заң қабылданып, қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды.Кейін 1993 жылы қаңтардың 28-і күні бұл статус Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында тұрақталып, Тіл туралы Заңы 1997 жылы шілденің 7- күні жаңа «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңы қабылданды.Бұл Заң бойынша қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, қазақ халқының ұлттық тілі болып есептеледі.
2-жүргізуші:
Білеміз шаттық хабар қайдан ұшты,
Бәрі енді өзімізге байланысты.
Қаумалап, тік көтеріп әкетейік,
Қанатын жаңа ғана жайған істі!
Осы заң талаптарынан соң 22 қыркүйек – Қазақстан халықтарының тілдері мерекесі болып аталып өтілуде. Қазір іс қағаздарын тек мемлекеттік тілде жүргізетін мекемелер көбейді, жоғарғы оқу орындарындағы қазақ тілінде өтетін сабақтар саны бұрынғыға қарағанда көп өсті. Мекеме, ұйымдар Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламасымен жұмыс істеді. 2011-2020 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы шықты.
1-жүргізуші:
Қазақ тілі түркі тілдер тобына жатады, атадан балаға жеткен ұлы құбылыс . Ол талай тарих сынынан өтті. Ғасырлардан - ғасырларға сүрінбей жетті. Дүние жүзіндегі ең бай, бейнелі, таза, өткір, терең, күшті кең тіл ретінде саналады. Қазіргі таңда ана тіліміз жан –жақты зерттеліп, уақыт талабына сай ғылыми үлгіде жүйеленді.Қазақ тілі – қазақ халқының ұлттық игілігі болумен қатар, әлемдік тіл білімі зерттеушілерін қызықтырған көне тарихы бар, кемел тіл ретінде танылуда.
2-жүргізуші:
Өткен ғасырдың өзінде француз ғалымы Жорри де Манси «Қазақ тілі түркі тілдері ішіндегі ең бір таза тілдердің бірі» деп тамсанған.
1-жүргізуші:
Орыстың әйгілі ғалымы Василий Васильевич Радлов «Ең сауатсыз деген қазақтың өз тілін жете меңгергендігі сондай, ондайды біз Европада француздар мен орыстардан ғана байқаймыз. Егер олар әңгіме айта қалса сөз оралымдары көркем де сүйкімді, тілі өткір әрі майда шешен де тапқыр» деп әділ бағасын беріпті.
2-жүргізуші:
Ия, оған мыңдаған мысал келтіре аламыз.Әсіресе, бүгінгі өткізгелі отырған ойын-сауық кешіміздегі туған тілін сүйіп оқитын қазіргі заман жастарымыз мысал бола алады деп ойлаймын.Ал олай болса ойын-сауық кешін бастауға рұқсат етіңіздер.Ойын – сауық кешімізге 9 а,ә,б сыныптарынан 3 топ қатысады.Топтар өзара сайысқа түседі.Осы сайыстарға әділ бағасын беретін әділ-қазылар алқасымен таныс болыңыздар:
1.Директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары Н.Әуезов
2.Қазақ тілі мен әдебиеті пән бірлестігінің жетекшісі Қ.Алтаева
3.Шет тілі пән бірлестігінің жетекшісі Р.Мейірбекова
4.Орыс тілі мен әдебиеті пән бірлестігінің жетекшісі С.Тәшімбаева
Бағдарламамыздың бірінші бөлімі - «Алтын тамыр» деп аталады.Осы атаумен бабалар мұрасынан қол үзбегендігімізді білдіргіміз келеді яғни әр топ өздерін таныстырады.Таныстыру бөліміне ұран, төсбелгі, қабырға газеті кіреді.
1-жүргізуші:
Ал олай болса іске сәт!
1топ: «Қазақ тілі- өрісі мол қазына»
Ұраны: Ана тілің арың бұл, ұятың боп тұр бетте
Өзге тілдің бәрін біл өз тіліңді құрметте.
ІІ топ «Тіл – рухи күре тамыр»
Ұраны: Егер тілім ертең болса құрымақ,
Біз дайынбыз өлуге де бүгін – ақ.
ІІІ топ «Туған тіл – басты байлығым»
Ұраны: Ана тілім өркенде
Бола бер күшті көркем де.
1-жүргізуші: Әділ –қазылар алқасынан топтардың ұпайларын сұраймыз.
1топ: «Қазақ тілі- өрісі мол қазына»
ІІ топ «Тіл – рухи күре тамыр»
ІІІ топ «Туған тіл – басты байлығым»
2-жүргізуші:
Тарихқа , баяғы заманның деректеріне жіті көз жіберсек, өзге түркі халықтары сияқты қазақтың да жазу тарихы әріден басталатынын, жазудың алуан түрлерін жазудың арғы тегі суреттен басталғанын көреміз.
1-жүргізуші:
-Тәңірі ортақ жаратқан,
Аузына халқын қаратқан.
Қара қылды қақ жарған.
Алдынан топты таратқан,
Мөңке, Төле,Қазыбек
Әйтеке,Алшын,би Кебек.
-Белгілі шешендер мен шешен билердің сөздері жазылып сақталмағандықтан, тек бізге ұзын-ырғасы, желі-жұрнағы ғана жеткен. Ауыздан ауызға көше жүріп, сырланып, бүкіл халық қазынасына айналған.Олар халық даналығын , тіл байлығын көрсетеді.
2-жүргізуші:
-Қазақ халқы бар тарихын көшіп жүріп өткізсе де, Ғабит Мүсірепов айтқандай «Батпаққа батырмай, құмға шашпай, жұртында қалдырмай, шабындыға алдырмай,барлық жинаған сөз байлығын, күй мен жырын бізге жеткізді.»
Ендігі кезекті термеге берейік.
Сартаева Гүлнәз апайдың орындауында «Ақынға өсиет»термесі.

1-жүргізуші:
Бағдарламамыздың екінші бөлімі – «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деп аталады.Бұл сайысымыздың шарты кадаскопта көрсетілген, артына аталы сөз қалдырған , есімі ел жадында сақталған қазақтың келелі шешен билері мен бір туар ер азаматтарының даналық, шешендік сөздерінің түсіп қалған жерін жалғастыру және ол кімнің сөзі екенін табу.
1. Толғауы тоқсан ..., (қызыл тіл)
Сөйлейін десең ... (өзің біл)
(А.Құнанбаев)
2. Бар жақсылықтың басы - ... (тіл)
(Махмуд Қашқари)
3. Ақыл көркі – тіл
... көркі – сөз.(Тілдің)
(Жүсіп Баласағұни)
4. Сүйемін туған тілді – анам тілін
... (Бесікте жатқанымда –ақ берген білім)
(С.Торайғыров)
5. Туған тіл – ақыл-ой дамуының негізі және ... (барлық білімдердің қазынасы)
(К.Д.Ушинский)
6. Тіл қаруы – сөз, сөз қаруы – ой. Ақылды ой, алғыр сөз – адамның ең жоғары қасиеті. Мұралардың ең қымбаты –сөз. ...(Сөз күн шалмас қараңғы көңілді шалады, күн жылытпас суық көңілді жылытады.Асылы адам да, нәрсе де тозады, жоғалады. Асыл сөз мәңгі жасайды.
(Ғ.Мұстафин)
7. Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры,...( жұмсайтын қаруының бірі.)
(А.Байтұрсынов)
8. Тіл мен мәдениет – ... (тамыры қатаймаған егіз қос ағаш.)
( Хакім Алтай)
9. Айтылады тілменен сөз, сыр –ішің,
... (Жақсы сөз де білсең – бедел, ырысың)
(Ж.Баласағұни)
10. ...Көш бастау қиын емес-
Қонатын жерде су бар.
Қол бастау қиын емес-
Шабатын жерде жау бар.
.. . (Шаршы топта ... сөз бастау қиын-
Шешімін таппас дау бар.)
(Бұқар жырау)
11. Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады,
Таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас жел толқытса шығады,
... (Ой түбінде жатқан сөз шер толқытса шығады.)
(Асан қайғы)
12. Бір сөз айтсаң жақсыға ,
Аталы сөзге тоқтайды.
Бір сөз айтсаң жаманға,
Өмірінде ұқпайды.
... ( Надандықтың белгісі
Өзін-өзі мақтайды.
Көкірегі соқырға,
Өмірде таң атпайды.
Шешеннің сөзі шын асыл,
Қап түбінде жатпайды...)
(Жанқұтты шешен)
1-жүргізуші: Әділ –қазылар алқасынан топтардың ұпайларын сұраймыз.
1топ: «Қазақ тілі- өрісі мол қазына»
ІІ топ «Тіл – рухи күре тамыр»
ІІІ топ «Туған тіл – басты байлығым»
1-жүргізуші:
Тілім менің !
Тілім үшін мың өліп, тірілді елім,
Аралыммен,
Арыммен қатар қойып,
Тілді қорғау-парызым бүгін менің.
2-жүргізуші:
Әуезов, Абайды өткен дәріс тілі,
Тіл қатқан Тоқтар,Талғат ғарыш тілі
Қанша Заң қабылдаймыз, жетер енді,
Етілсін мемлекеттік әр істе үні!
Біздің мектеп ұлт мүддесін қорғаушылардың ең алдынғы сапында келе жатқан қайсар, тұлғалы ұлы ақын М.Шаханов есімімен аталған. Оның тіл төңірегіндегі көкейтесті ойларымен қатар елімізге сіңірген еңбегі қаншама.

М.Шаханов «Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасы». Оқитын Қ.Баймұрзаева.
Жаһандану рухсыздығы өз жеңісін тойлауда.
Содан қазір қаншама адам бейім былай ойлауға:
“Мен қай тілде еркін сөйлеп,оқи алам,жаза алам,
Білім, жұмыс,нан таба алам,сол тіл-менің өз анам”
Бірақ қарсы тұжырым бар осы адасқан байламға:
Біз жалқыны мойындамай,ұға алмаймыз жалпыны.
Тіршілікте бір адамды шексіз сүю арқылы
Адамзатты тану әрі сүюге жол табасың.
Және әркім шын қадірлеу арқылы өз анасын,
Ұғар оның сатылмайтын сезімінің бағасын.
Өз ұлтыңның тілін, салтын, парқын сүю арқылы
Күллі әлемдік биікке өрлеп, ардақтайсың жалпыны.
Сан түрлі тіл меңгереміз, айдындап ой қарқыны.
Ал ғаламдық ортақ тілсіз-
Бірлік –гүлсіз, сенім –нұрсыз,
Бірақ ана тіліңе оның түспеу керек салқыны.
Бұл табиғи жолдан айну қырсық қаупін өсірер.
Тариқың тұр санаңа өткел тастап,
Өз тіліңе ойлау, сөйлеу тоқталған сәттен бастап
Бүкіл баба рухымен
Ұлттық,гендік-ақпараттық байланысың кесілер.
Тағдырыңнан ата мұра шамын солай өшірер.
Өз тіліңді жерсінбеудің,
Өз анаңды менсінбедің
Арсыздығы қай дәуірде болып еді тапқырлық?
Ол –рухи мүгедектік әрі ұлттық сатқындық?
Аз қайғы ма,талабыңды түсінігің алдаса?..
Мейлі он тіл,
Тіпті жүз тіл меңгергенің далбаса
Өз ұлтыңның тілі менен рухы
Ой-санаңа іргетас боп қалмаса.

1-жүргізуші:
М.Шаханов Желтоқсан көтерілісіндегі тіл мүддесі және «жемократия» «Тілсіздендіру анатомиясы» атты эссе-поэмасынан.Оқитын 11-сынып оқушысы Ж.Жұмаділлә.
1986 –да, желтоқсанның ызғырығында қақаған,
Қайсар ойларың кесіндерін үзіп, сан жылдар байлап,
матаған,
Саналарыңнан бағынғыш, құлшыл,
үркек сезімдердің еті өліп,
Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнін ту етіп,
шырқап, көтеріп,
Жаңа ұран айтып қиюы қашқан заманға,
Топтасып едіңдер Брежнев атты алаңда.
Ол кезде де ұлтыңның тілі екі аяғынан ақсаған,
Бүкіл алматыда бір ғана мектеп,
бір ғана балабақша бар.
Мәжіліс – жиындарда қазақша сөйлеу жүргенмен
ұят саналып,
Ұлттық сенім дәл қазіргідей көрмеген еді тоналып...
Ызаға булыққан Кеңестік жүйе ұйқысыз таңды атырып,
Новосибирскіден, Челябинскіден,
Ташкенттен әскер шақырып,
Қаныпезер жаумен айқасардай-ақ бір қанды қимыл
бастады.
Зорлық пен мұңнан күңіреніп жатты алаңның бейбіт аспаны.
Ал содан кейін, боздақтарым –ау,
қос қанаттарыңнан байланып,
Қазақстан, Сібір түрмелеріне кете бердіңдер айдалып.
Күллі Кеңестер Одағын оятқан сол
демократиялық қозғалыс –
Қазіргі кейбір байларымыз үшін
«мазмұны мүлде тозған іс»
Желтоқсандағы үміт пен сенім
гүлдемей жатып солғандай.
Құрдымға сіңгендей үлестеріміз,
Сол кездегі барлық күрестеріміз,
Горбачевтармен, Крючковтармен тірескеніміз,
Күреске айналып сормаңдай,
Терещенколарға миллион гектар жер әперу үшін
болғандай.
Ең алдыменен рухани күштер қабылдады
ауыр сойылды,
Республикамызда он мыңға тарта
кітапханалар жойылды.
Ғасырлық мүдде – қазақтың тілі билікке әлі қажетсіз.
Орыстың тілі бұрынғы қалыпымен, Ағылшын тілі бүгінгі даңқымен
Мемлекеттік тілді бейшара көріп өзексіз,
Космополиттердің қолдауыменен
мінберге шықты кезексіз
Тіл менен ділден жыл сайын ақсап арымыз,
Мәдени ошақтарымыз, балабақшаларымыз
Мұң қосып елдің мұңына,
Алаяқтарға сатылып кетті бір шиша коньяк құнына.
Көзқарас жыл сайын өзгере бере ме демократияға ?
Күллі рухсыз демократияның барар жері
«Жемократия» ма?
Қарнына ған жол берген халық ұқсамақ
мұңсыз кереңге,
Сатылмайтұғын мәдени байлық болуға тиіс әр елде.
Қандай мақсатпен сол байлықтарымыз
бағаланды екен тиынға?
Неге ешкім бұдан жаза көрмейді?
Осы әділетсіздік маза бермейді,
Тиындай сыңғырлап қарапайым жұрттың миында .
Рухымыз ұтылған сайын қоңдана түсетін байлар.
Сенбілік түскі асын Швейцарияға барып ішетін байлар
Балабақшаларымыз бен мәдени ошақтарымызды
қайтарсын,
Азаматтығы тірі тұрса егер, нақ осы істен байқалсын.
Мәресі мұңлы ма ғасырдан – ғасырға кетер ісінің,
Атақты Желтоқсан көтерілісінің ,
Ең басты күресі тіл үшін болғанын,
Ұлтының сондағы замани зарлы әнін
Талайлар қалайша жіберген есінен шығарып?
Биліктің тағы қателескенін
салқынқандылықпен ұғалық
Бақ тілеп тілге иліккендерге,
Бұл жолы да біз билікпен бірге,
Желтоқсанды еске ап бір минөт үнсіз тұралық...
..................................................................................
Қорытынды пікірді арымыздан ғана сұралық.

2-жүргізуші:
Бағдарламамыздың үшінші бөлімі бойынша «Сөзмерген» сайысы. «Сөзмерген» сайысымыздың І кезеңі «Мықты болсаң тауып көр».Терезеде көрсетілген сөздер 2-бағанадағы сөзбен тіркесе ала ма? Тіркессе қалай тіркеседі және қандай мағына береді?

1 тапсырма:

Ніл
бұзылды
Тіл
Аяқ

Жауабы: Нілдей бұзылды – сөзінен тайды, өзгерді.

2-тапсырма:
Пешене
сыймау
Маңдай
Құлақ

Жауабы: Маңдайына сыймау-бұйырмау.
3-тапсырма:
Ой
жуытпау
Маңай
Шаң

Жауабы: Шаң жуытпау-қорғаштау.
Қу
таңдай
Тіл
Бас
4-тапсырма:

Жауабы: Қу таңдай – сөзуар адам туралы мысқыл.
5-тапсырма:
Қызыл
өңеш
Сары
Кеңірдек

Жауабы: Қызыл өңеш – даукес, сөзуар.
6-тапсырма:
Өңеш
көмей
Күміс
Тәтті

Жауабы: Күміс көмей – әнші.
2-жүргізуші:
«Сөзмерген» сайысымыздың ІІ кезеңі «Жүйрік болсаң шалып көр».Терезеде көрсетілген сөздер мен 2-бағанадағы сөзді байланыстырып мақал-мәтел құрау.
Мәселен: Құнды сөз құнарлы ойдан туады. Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез деген сияқты мақалды құрау немесе табу.
1-тапсырма:
Сөз
құрал
Өгіз
Жіп

Жауабы: Сөз –сиқырлы құрал, жақсыны да, жаманды да жасай алады.
2-тапсырма:
Сөз
тіл
Ақыл
Тіс

Жауабы: Тіспен түйгенді тіл шешеді.

3-тапсырма:
Сөз
азық
Тамақ
Ет

Жауабы: Жақсы сөз- жан азығы.
4-тапсырма:
Ой
сөз
Ақыл
Көңіл

Жауабы: Ой қаруы-тіл, тіл қаруы – сөз.
1-жүргізуші:
«Сөзмерген» сайысымыздың ІІІ кезеңі «Ойлы болсаң озып көр».Терезеде көрсетілген сөздердің мағынасын ашу.

Сөздер Мағынасы
Дойыр Әлденеше таспадан өретін қамшы.
Табын Сиыр малының, аңның тобы.
Миуа Жеміс-жидек.
Шіл Құр тұқымдасына жататын, кекілікке ұқсас, сұрғылт түсті құс.
Сұңғақ Ұын бойлы, биік.
Кермек Қышқылтым дәм, ащы иіс.
Жақұттай Әдемі, жарқыраған.

«Сөзмерген» сайысының жеңімпазы анықталды...Қанжығаға қандай сөз салар едіңіз?
2-жүргізуші: Әділ –қазылар алқасынан топтардың ұпайларын сұраймыз.
1топ: «Қазақ тілі- өрісі мол қазына»
ІІ топ «Тіл – рухи күре тамыр»
ІІІ топ «Туған тіл – басты байлығым»
1-жүргізуші: Облыстық «Қоңыраулы қошақан» байқауының бас жүлдегері «Сыр сұлуы» бишілер тобының орындауында «Ата толғауы».
Туған тіліңді қорғау-туған отаныңды қорғаудан да маңыздырақ.Отаныңды жау басып алса,оны ерте ме,кеш пе,әйтеуір,азат етеріңе сенесің.Ал тілің жауланса-бітті.Басқа тілге көшіп,туған тілін ұмытқан және өз ата байлығына қайта оралуға мойны жар бермейтін жалқаулар мен ұлттық рухын жоғалтып үлгерген,өзіңе түрі ғана ұқсайтын қандастарың жаудан бетер қарсыласады.Олардың үлкен бөлігінің ана тілін мойындамай,өзге тілдің мүддесін ашық түрде қолдауының арқасында ұлт жойылуға бет алады.Әлгі бейшара ұлт үшін бұған теңдес қасірет болмақ емес.
2-жүргізуші:
...Тіл жоғалса жоғалар ұлтың бүгін,
Тілің барда нұр шашып атар күнің.
Сөзімнің ұғар болсаң түп төркінін
Жүрек жырын жазар ем таппай тыным...
Жастарға айтар,бастарға айтар жырым бар,
Жоғалтпақ болды ұлтымның тілін залымдар.
Жаутаң қағып жетпіс жыл жүрдік боданда,
Содан да қалған тілімізде жұғын бар.
Қадір тұт өз тіліңді намыс болса,
Көзіңді сал көк аспан алыстарға.
Тілім десе екпіндеп тоқтамайтын
Құрмет көрсет Мұхтардай арыстарға.
1-жүргізуші:
Қазақ тілі – аса бай, икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді.Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң, небір алуа – шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте тоймайсың. Осындай майса, сұлу осындай тілді қалай өгейсітуге болады?
2-жүргізуші:
Бағдарламамыздың төртінші бөлімі «Сөз атасы - мақал» деп аталады. «Тұз астың дәмін келтірсе,мақал сөздің сәнін келтіреді» дегендей ендігі кезекті «Мақал - мәтелдер»сайысына береміз.
Сайыс шарты:Әр топтан бір оқушы ортаға шығып бір мақалдың басын бастайды, ал жалғасын келесі топ жалғастыруы тиіс. Егер ол топ жалғастыра алмаса келесі топ жалғастырады. Ал мақалдың жалғасын таба алмаған топ сайыстан шығады. Сайыс ары қарай осылай жалғасады, тоқтап қалған топ жеңіледі. Шарт түсінікті болса дайын болыңыздар!
1топ: «Қазақ тілі- өрісі мол қазына»
ІІ топ «Тіл – рухи күре тамыр»
ІІІ топ «Туған тіл – басты байлығым»
Рақмет!
1-жүргізуші: Әділ –қазылар алқасынан топтардың ұпайларын сұраймыз.
1топ: «Қазақ тілі- өрісі мол қазына»
ІІ топ «Тіл – рухи күре тамыр»
ІІІ топ «Туған тіл – басты байлығым» Рақмет!
1-жүргізуші: Ән:«Рух пен тіл»Сөзі М.Шахановтікі .Орындайтын Г.Сартаева.
Қазақ халқы шешендік сөзді жоғары бағалаған. «Өнер алды – қызыл тіл» деп ұққан ата – бабамыз «От ауыз, орақ тілді» нелер ділмәр шешендердің өсиет сөздерін, табан аузында тақпақтап айтқан ақыл-нақылға толы ақындардың толғау, термелерін әлденеше ғасырлар бойы жадында сақтап келеді.Сол сияқты жаңылтпаш айтудың бала тәрбиесіне берері мол.
2-жүргізуші:
Халық ауыз әдебиетін дамыту, халық мұрасын сақтау және жалғастыру, тапқырлық пен ой ұшқырлығына кейінгі ұрпақты тәрбиелеу біздің парызымыз. Бағдарламамыздың бесінші бөлімі «Салт-дәстүрім - қазынам» деп аталады.Ендігі кезекті жаңылтпашқа берелік.
Сайыс шарты бойынша топтар бір-бірімен жаңылтпаш айтудан жарысады.Өздерінің дайындап келген жаңылтпаштарын қарсылас топтарға жаңылмай айтуды ұсынады.Шарт түсінікті болса іске сәт!
1топ: «Қазақ тілі- өрісі мол қазына»
ІІ топ «Тіл – рухи күре тамыр»
ІІІ топ «Туған тіл – басты байлығым»
Рақмет!
1-жүргізуші: Әділ –қазылар алқасынан топтардың ұпайларын сұраймыз.
1топ: «Мен-Ана тіл-Болашақ»
ІІ топ «Тіл – рухи күре тамыр»
ІІІ топ «Туған тіл – басты байлығым»
Рақмет!
2-жүргізуші:
Халықаралық байланыста әлемдік деңгейде қолданылатын 6 тіл бар.Олар: ағылшын,француз,орыс,испан,қытай,араб тілдері.Жарқын болашаққа ұмтылған Қазақстан үшін бүгінгі жағдайда біздің көп тіл білуіміз қажет.Бірақ өзге тілді білсек те, өз ана тілімізді ұмытпай, қастерлеп, құрметтей білуіміз керек. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» дегендей, өз тілімізді құрметтеп өсу біздің парызымыз.
1-жүргізуші:
Олай болса бағдарламамыздың алтыншы бөлімі «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп аталады. Ендігі кезекті «Полиглот» сайысына береміз.Сайыс шарты: жүргізушілеріміздің жасырған жұмбақтарының шешуін тауып оны үш тілде(ағылшын,орыс.қазақ) айту шарт.
Жұмбақ: 1. Оқтан жүйрік,
Қылыштан өткір
Шешуі: сөз.
2. Тілі бар, үні жоқ,
Өзін адам түсінген.
Жүрегі бар да, қаны жоқ,
Сөйлеп тұрған ішінен.
Шешуі: Кітап.
3. Ұзын-ұзын, ұзын жол,
Ұшына жеткен бар ма екен?
Түбі терең қара су,
Түбіне жеткен бар ма екен?
Түбіне жетіп бұл судың
Қанып ішкен бар ма екен?
Шешуі: Оқу.

4. Жаңылмастан жетеуі,
Кезек қызмет етеді.
Шешуі: аптаның жеті күні.

5. Қабат-қабат ақ бетті
Сызған жолдан бап көрді.
Көк тонға орап әкепті
Саған керек...
Шешуі: Дәптерді.

6. Дос қылатын өзіңді
Тосын-тосын әріпке,
Суреттері көзіңді
Табындырар...
Шешуі: Әліппе.
2-жүргізуші: Әділ –қазылар алқасынан топтардың ұпайларын сұраймыз.
1топ: «Қазақ тілі- өрісі мол қазына»
ІІ топ «Тіл – рухи күре тамыр»
ІІІ топ «Туған тіл – басты байлығым»
Рақмет!

Ән. Несіпбек Айтұлының сөзіне жазылған Әкім Ысқақтың әні – «Қазақ тілі». Орындайтын Сартаева Г.
1-жүргізуші: Бағдарламамыздың жетінші бөлімі «Өрісі кең – өрелі өнер» деп аталады. Әр топ ойын-сауық көрінісін көрсетеді. Көрініс сахналық та, әзіл аралас та болады.Топтар дайын болса шақырайық.
1топ: «Қазақ тілі- өрісі мол қазына»
ІІ топ «Тіл – рухи күре тамыр»
ІІІ топ «Туған тіл – басты байлығым»
Рақмет!
2-жүргізуші: Әділ –қазылар алқасынан топтардың ұпайларын сұраймыз.
1топ: «Қазақ тілі- өрісі мол қазына»
ІІ топ «Тіл – рухи күре тамыр»
ІІІ топ «Туған тіл – басты байлығым»Рақмет!
1-жүргізуші:
Қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең таза, ең бай тілге жатады.Қазақтар-шешен әрі әдемі сөйлеудің шебері. Сол себепті асыл қазынамызға айналған Қазақ тілінің құндылығын артқыза берейік, ағайын!
2-жүргізуші: «Тіл туралы Заңда» : Тіл- ұлттың аса игілігі әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі, ұлттық мәдениетінің гүлденуімен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы тілдің дамуына оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты делінген.
Бағдарламамыздың сегізінші бөлімі топ басшылар сайысы.Мұнда топбасшылары әділ қазылар алқасының алдынан сұрақтар таңдайды. Сұрақ ҚР Мемлекеттік «Тіл туралы Заңынан» қойылады.
1-жүргізуші:
1топ: «Қазақ тілі- өрісі мол қазына»
ІІ топ «Туған тіл – басты байлығым»
ІІІ топ «Тіл – рухи күре тамыр» Рақмет!
2-жүргізуші: Әділ –қазылар алқасынан топтардың ұпайларын сұраймыз.
1топ: «Қазақ тілі- өрісі мол қазына»
ІІ топ «Туған тіл – басты байлығым»
ІІІ топ «Тіл – рухи күре тамыр»Рақмет!
1-жүргізуші:
Туған тіл-ақыл ой дамуының негізгі және барша білімдердің қазынасы.
Ия, бүгін біз ана тіліміздің құдіреті мен өміршеңдігіне біршама көз жеткізгендей болдық. Ана тілін ұлы мұхитқа баласақ, біз соның жағасына келіп екі алақанымызды қосып тұрып қос уыстап іліп алып ішкендей ғана болдық деп ойлаймын. Оның тереңіне бойлап түбіндегі інжу – маржанын ерінбей – жалықпай тере біліп өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізу біздің парызымыз.
2-жүргізуші:
Тіл – ұлттың жаны, халықтығының асыл белгісі, намысы, тыныс тіршілігінің көзі, Ата Заңымен қорғалатын, еркіндігінің үні.Оны құрметтеп, қорғау, келешек ұрпаққа жеткізу, Қазақстанның бақытты да парасатты, білімді де еңбекқор ұл-қыздары бізге ғасырлар бойы ата-бабаларымыздан жеткен аманат.
1-жүргізуші: Әділ –қазылар алқасынан топтардың жалпы ұпайларын шығарып, жеңімпаз топты атауларын сұраймыз.Сөз кезегі әділ қазылар алқасында.
Жеңімпаз топты марапаттау.
Осымен «Тіл мерекесі» өз мәресіне жетті. Аспанымыз ашық, заманымыз тыныш, тіл мәртебесі биік болсын, ағайын!
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.