Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
АНА  ТІЛІ САБАҒЫНДА ОЙЫН ЭЛЕМЕНТТЕРІН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ АРҚЫЛЫ  ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТІЛГЕ ДЕГЕН ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ -

АНА ТІЛІ САБАҒЫНДА ОЙЫН ЭЛЕМЕНТТЕРІН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТІЛГЕ ДЕГЕН ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ

Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 1672 | Размер: | Автор: гость
. АНА ТІЛІ САБАҒЫНДА ОЙЫН ЭЛЕМЕНТТЕРІН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТІЛГЕ ДЕГЕН ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ

Сайрам ауданы, №101 жалпы орта мектебінің бастауыш пәні мұғалімі Мамашева Зебо,
№ 96 жалпы орта мектебінің бастауыш пәні мұғалімі Эшанкулова Феруза.

Атақты педагогтар В.А.Сухомлинский, Н.К.Крупская, К.Д.Ушинский ойынның балалардың ой өрісін дамытуда, дүние танымын қалыптастыруда практикалық маңызы зор екенін атап көрсеткен. Қазақ халқының ұлттық ойындарының педагогикадағы ролі туралы алғашқы пікірлерін айтқан Ә.А.Диваев, М.О.Әуезов.
Ойын – бала әрекетінің негізгі бір түрі. Бала үшін ойын – өмір сүрудің белсенді формасы, сол арқылы ересектерге еліктейді, олардың іс-әрекеттерін, қарым-қатынастарын үйренеді, еңбектің мәнін түсіне біледі, адамгершілік нормаларын игереді, әлеуметтік рөлдер атқарады.
Сабақ үстінде жүргізілетін жұмыс түрлері, тақырыпқа сай алынған тәрбиелік мәні бар ойын элементтері оқушылардың ойлау белсенділігін керек етеді. Сондықтан мұғалім әр сабағында ойын түрлерін орнымен қолданып, оны қызықты ету арқылы олардың білімге ынта-ықыласын, пәнге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруды мақсат етеді. Демек, мұғалім сабағын баланың қабілет-қарымына, психологиялық ерекшелігіне сай байланыста жоспарлау керек. Сонда ғана сабақ тартымды, жеңіл болады, оқушыларды жалықтырмайды.
Оқушылардың ойын кезіндегі белсенділігі көбінесе жарыс нәтижесін дұрыс есепке алуға байланысты. Оқушылар ойындағы өз жетістіктері мен кемшіліктерін біліп отыруы тиіс. Ойын нәтижелерін есепке алу түрліше: әрбір дұрыс орындалған грамматикалық ойын үшін ұпай есептеу, әрбір ұтылыс үшін кем ұпай беріледі, оқушылар тақтаға жазылған тиісті команда бағанындағы сөз немесе сөз тіркестерін жазып отыру; ол сөздерді есепке ала отыру; қол көтеріп немесе тиісті орфограммалар жазылған карточкаларды
көтеру арқылы білімдерін анықтау; жаттығуға жіберілген уақытты есепке алу.
Педагогикалық ғылым тарихына көз салсақ, балалар ойынына қатысты мәселелерге соқпай кеткен ағартушы, педагог болмаған екен. Тұлғалы, кезіндегі прогрессивті ұлы педагогтар Я.А.Коменский, Ж.Ж. Руссо, И.Г.Песталоцций халықтық ойынға назар аударып, қолданып, халықтық ойындардың теориялық негізін жасауға талпынған. Ойынның балалардың денін сауықтыратынын, ақыл-ойын белсенді ететін және барлық ағзаларын икемді қозғалуға баулитын мәнін Я.А.Коменский дәріптеген. Ж.Ж.Руссо пікірінше білім алу ойынның ойынның балалар өмірінде кезектесіп, алмасып отыруы бір-бірімен сабақтаса байланысуы бала дамуындағы қажетті шарт болады.
Қазіргі Қазақстан мектебіндегі жаңа өзгерістер әлемдік білім беру тәжірибелерін пайдалана отырып, баланың жеке-дара күшінің дамуын қамтамасыз ететін жаңа технологияларды іздестіру және оларды қолдануға бағытталған.
Инновациялық оқу оқудың түсіндірмелі-иллюстрациялық түрінен әрекетшілдікке ауысу арқылы жүзеге аса отырып, оқушының оқу әрекетінің белсенді субъектісі болуына мүмкіндік береді. Оның өзі сабақты әртүрлі технологиялар бойынша жобалауды қажет етеді.
Ойындық технология мәнді өмір жағдаяттарын үлгілеу және оның шешуін іздестіруге құрылады. Ойынның ұйымдастырылу түрлері: іскерлік ойындар, рөлдік және оқиғалық ойындар, саяхаттық және білімдік ойындар.
Әр мұғалім технологияның нәтижесін дұрыс болуы үшін мынандай жағдайларды ескеруі қажет.
1. Әр ойынның тәрбиелік, білімділік, дамытушылық маңызын алдын-ала жете түсініп, оның балаларға қандай нәтиже беретіндігін анықтау
2. Ойын жүргізетін орынның мүмкіндігі, ойын жабдықтарының эстетикалық талаптарға сай болуы, алдын – ала әзірлеу.
3. Сыныптағы оқушылардың жас, психологиялық ерекшеліктеріне, білім деңгейлеріне, сөздік қорына сәйкес келуі.
Ойынның, сабақтағы ойын элементтерінің оқушылардың ынтасын тартып, пәнге деген қызығушылығын арттыруға бағытталуы.
Әр сабақтың тақырыбына сай ойындарды пайдаланып отыру оқушылардың тіл үйренуге деген қызығушылығын, ынтасы мен зейінін арттырады. Басты мақсат – ойын әрекеттері арқылы тілдік материалдарды меңгертіп, сөздік қорды молайтып, тілдесім әрекетіне жетелеу.
Ойын барысында грамматикалық анықтамаларды, тілдік нормаларды игерту мүмкіндіктері мол болады. Сабақта мұғалімнің диктаторлық рөлі жойылып, оқушылар серіктестікке, ынтымақтастыққа, бірігіп жұмыс істеуге деген қызығушылықтары артады. Адамның жас ерекшелігіне қарамай, яғни адам балалық шағынан бастап кәрілікке жеткенше ойын қажеттілігі жетелеп отырады. Ал жас баланың ой-өрісі ойын арқылы дамиды. Ойын барысында баланың адамгершілік қасиеттері, өмірге деген көзқарасы, қызығушылығы қалыптасады. Ойын арқылы сыныптағы нашар оқитын оқушыларды да сабаққа нәтижелі тартуға болады.
Ана тілі сабақтарында рөлдік ойындардың маңызы зор. Ойын оқушылардың сол орындалатын іс-әрекеттер арқылы тіл үйренуге деген сенімін қалыптастырады.
Олар :
1. Ана тіліне ғана тән дыбыстарды дұрыс айтуға, жазуға жаттықтыруға;
2. Оқушыларды тілдік қарым-қатынасқа түсу дағдыларын дамытуға;
3. Жағдаяттар туғызып, іс-әрекеттер арқылы сөйлетіп үйренуге.
Белгілі педагог А.С.Макаренко баланың ойын үстінде түрлі таным түсініктері, қасиеттері дамып, қабілеті мен белсенділігі артатынын атап көрсеткен. Сабақта ойналатын дидактикалық ойындардың пайдасы өте зор. Ол ойындарды тақырып бойынша өзгертіп тұруға ыңғайлы болады. Ойынның мақсаты, шарты балаларға түсіндіріледі.
Ана тілі сабағында әр түрлі ойын элементтерін пайдаланамын. Мысалы: "Антонимін табайық" ойыны. Ойынды "Антоним" тақырыбын бекіту сабағында немесе сабақтың мақсатына қарай өткенді еске түсіре отырып өткізуге болады.
Ойынның мақсаты. Оқушылардың "Антоним" тақырыбынан меңгерген білімдерін тексеру, жылдам ой қорытуға баулу, сөздік қорын байыту.
Ойынға антонимдік жұп түзуге болатын мақсаттағы сөздерді интерактивті тақтаға еңгіземін. Ойынның шарты. Оқушыларға бір уақыт аралығында антонимдік жұп түзу тапсырылады. Ойын соңында антонимдік жұптардан сөйлемдер құралады.
«Мұғалім қай жерде қателесті?» ойынын жүргіземін. Бұл ойынның шарты: Мұғалім тақтаға бірнеше жұрнақ жазады, ал сендер жұрнақ болмай тұрған сөздерді табасыңдар.
Мысалы: Ойыншы, ойынды, т.б.
Мұғалім енді тақтаға бірнеше жалғау жазады, ал сендер жалғау болмай тұрған сөзді табасыңдар.
«Достасқан буындар». Қатар отырған оқушылар ауызша орындайды. Орындау тәртібі бойынша бірінші оқушы қа буынын айтса, екінші келесі буынын тауып сөз құрауы керек.
Ойын – оқу үрдісіндегі оқытудың әрі формасы, әрі әдісі ретінде дербес дидактикалық категория. Сонымен бірге ойынды мұғалім мен оқушылардың бірлескен оқу әрекетінің өзара байланысты технологиясы ретінде қолдануға болады.Сонымен қатар, ана тілі сабағында ойын формаларын еңгізу барысында интерактивті тақтаны қолданудың маңызы өте зор.
Қорыта келгенде, ойын – балалардың негізгі іс-әрекеттерінің бір түрі. Бала өмірі ойынға байланысты. Бала ойынсыз өсіп өркендей алмайды. Бұл – өмірдің заңдылығы. Сондықтан да ана тілі сабағында ойын элементтерін пайдаланудың оқушылардың ой белсенділігін арттырудағы маңызы зор.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан – 2030» Жолдау
2. Қазақстан Республикасының Білім Заңы
3 "Мектеп журналы" / 2011ж, 2006ж, 2012ж /
4.Оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдері арқылы табысты оқытуға қол жеткізу
А.А. Давлетляровна / Шымкент 2014ж /
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.