Меню
Назад » » »
«Ана тілім - бал тілім»
загрузка...

загрузка...
22. 09 2014
Сынып сағатының тақырыбы: «Ана тілім - бал тілім»
Сабақтың мақсаты: Оқушылардың өз еліне, ұлтына, тіліне деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, тілді ұлттық мұра ретінде сезінуге, тіл мәдениетін сақтап, тіліміздің қадір - қасиетін бойларына өнер арқылы сіңіре білуге үйрету.
Көрнекілігі: Тіл туралы өлеңдер, мақалдар, плакаттар, шарлар.

Ана тілім - дана тілім, айбарлым,
Сырың терең, тұнығындай қайнардың.
Ана тілім - қасиетім қастерлім,
Бір өзіңнен бақыт нәрін алғанмын,- деп ақындар жырлағандай, халқымыздың өшпес асылы сөнбес шырағы, мол қазынасы, сан ғасыр тарихы бар, қасиетті тіл мен өнеріне арналған « Ана тілім –бал тілім» атты тақырыптық сабағымызды бастаймыз.

- Балалар, қандай мерекені атап өткелі жатырмыз.
- Қазақстан Республикасы Тілдер күнін.
- Елбасы Н. Назарбаевтың 1998 жылғы 20 қаңтардағы жарлығына сәйкес «22 қыркүйек - Қазақстан халықтарының тілдер күні» ретінде аталып келеді.

Сұрақ-жауап әдісі
-Тіл не үшін керек?
- Тіл бір - бірімізбен сөйлесу үшін қажет қой.
- Адамдардың бәрі бір ғана тілде сөйлемей ме?
Неге ана тілі деп бөлінеді?
- Себебі, әр елдің өз Отаны өз тілі бар емес пе.
Мұғалім - Балалар, сендер бір - біріңмен сөйлескенде қай тілде сөйлесесіңдер?
- Қазақ тілінде, ана тілінде, сөйлесеміз.
- Неге біз өз тілімізді ана тілі дейміз?
- Себебі, бұл тілді анамыздың аузынан естиміз.
Ана тілі дегеніміз, ананың ақ сүтімен бойға дарыған өз анамыздың тілі ғой. Ал, ана деген - бәрінен де, қастерлі, аяулы да, асыл жан.
Мұғалім - Тіл халықпен бірге өмір сүріп дамиды. Әр ұлттың тілі, оның бақыты, тірегі.
Тіл туралы өлеңді мәнерлеп айту.
- Ақыл - ойын дараның
Ана тілден аламын
Ана тілім ардақты
Ақ сүтіндей анамның.
Бекарыс - Ақыл - ойын дананың
Ана тілден аламын
Сүйем туған тілімді,
Мақсат етем әр сөзін.
Жайна - Ана тілім - елім,
Қайсар, қайрат, күнім.
Ана тілім - менің,
Баста бақыт құсым.
«Ананың тілі - аяулым менің» әні орындалады.
Мақал –мәтел жаттайық.
- Ана тілі туралы кім қандай мақал - мәтел біледі.
- Ана сүті бой өсіреді,
Ана тілі ой өсіреді.
- Піл көтермейді,
Тіл көтереді
- Ақыл көркі - тіл
Тіл көркі - сөз.
- Өзге тілдің бәрін біл
Өз тіліңді құрметте.
- Өнер алды - қызыл тіл,
Тілден биік асқар жоқ
Тілден терең теңіз жоқ.
Қорытындылау.
Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы Заңында» Тіл - ұлттың аса ұлы игілігі әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі, ұлттық мәдениеттің гүлденуі мен адамда ардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы - тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің күшеюіне тығыз байланысты» делінген.Мұғалім - Балалар, міне осы өлең - тақпақтарда айтылғандай, өз тілімізді, қадірлеп, оны сүйе білуіміз керек. Тіл бар жер де, ұлт та, жер де, болмақ. Сондықтан әрқайсысымыз өз ұлтымыздың тілін қадірлейік.

Тіл - адамның барлық саналы өмірінің құралы өнерлі, білімді, мәдениетті, қоғамның белсенді азаматы болуды ол тіл арқылы үйренеді. Тіл оның ішінде қазақ тілі де халықтың барлық іс - әрекетінің, қарым - қатынасының құралы болғандықтан оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру әрқайсымыздың борышымыз.
Тіл мерекесі құтты болсын!

06.10.2014.
Сынып сағатының тақырыбы: «Ұстаз есімін ардақтайық»
Мақсаты: Оқушыларды мұғалімдерді құрметтеуге баулу, өз елінің адал, әділ ақылды азаматы болуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі. Мерекеге арналған газеттер, суреттер, гүлдер, шарлар, қанатты сөздер.
Әдісі: сұрақ-жауап, мәнерлеп айту, жатқа айту.
Барысы:
Мына өлең жолдарымен бастау.
Ұстаздар жақсылықтың жол ашары,
Қолыңда шәкіртіңнің болашағы.
Өмірді алға қарай өрлететін,
Сендер ғой Ұлы Отанның болашағы
Оқушылардың ұстаздарға арналған өлеңдерін оқу.
Анель
Ұстаз болу - жүректің батырлығы,
Ұстаз болу - сезімнің ақындығы.
Ұстаз болу - мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы.
Ернұр
Ұстазым екінші анам аялаған,
Біздерден бар білімін аямаған.
Оқысын, білім алсын, үйренсін деп,
Күнде ерте құшақ жая шықты алдан.
Гүлзат
Ұстаз деген ұстаз болып туғандар,
Ұлылықты ұлықтаған имандар.
Ұрпағының ертеңіне жол ашып,
Өмірінің өр шақтарын қуғандар.
Қарақат
Ұстаз бізге білім беріп өсірген,
Қатемізді әрқашанда кешірген.
«Өмір жолы - қиын жол» деп әрдайым
Тәрбиелеп ақылды ғып өсірген
Айшат
Ұстаздарым биік тұлға байсалды,
Құшақ жайып, өз мерекең қарсы алды.
Қуанышта жарқын тілек білдіріп,
Құттықтаймыз, ұстаздарым баршаңды.!
Арсен
Жақсылыққа біздерді баптаған,
Ұстазым өзіңменен мақтанам!
Iзгілік сыйлаған біздерге,
Мың алғыс, мың алғыс сіздерге!

Ұстаздарға арналған нақыл сөздер:
1 - оқушы: «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан басталады»
Абай Құнанбаев
2 - оқушы: «Ұстаз» деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін.
С. Қожамқұлов
3 - оқушы: Мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім мектептің жүрегі.
Ыбырай Алтынсарин
4 - оқушы: Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас,
Үйретуден балаға. Абай Құнанбаев
5 - оқушы: Ұстаздық ету - өзінің уақытын аялау, өзгенің бақытын аялау.
6 - оқушы: Оқушы жастардың ең сенімді ұстазы, сыр жасырмай ашық айтатын адамы - мұғалім. Ғабит Мүсірепов
Қорытындылау.
Ұстаз ақыл - ойы мен күш - қуатын балаларға арнап, жан аямай еңбек етеді. Өйткені ол көкірек көзін ашып, дүниетанымын кеңейтіп қияға қанат қақтырады. Сондықтан болар кейбір дарынды ойшылдар да, тіпті арман қуған балалар да ұстазды ерекше пір тұтып қадірлейді. Сондықтан ұстазды қадірлейік, ренжітпейік .Кері қайту
«Мейірбан ұстаздар» әнімен аяқтау.

03.11.2014.
Сынып сағатының тақырыбы: «Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді».
Мақсаты:
1 Оқушылардың адамгершілік тәрбиесінен білік – дағдыларын қалыптастыра отырып, осы бағытта өзге елдің салт - дәстүрлерімен таныстыру.
2.Жалпы адамгершілік қасиеттерін дамыту, осы сабақтағы әдістердің бірі – тіл дамытушылығына баса назар аудару. Нақыл сөздердің мағынасына, тәрбиелік жақтарынталдап, саралау.
3.Адамгершілік тәрбиеге тоқталу арқылы оның ішінде алғашқы сәлемдесу әдебінің маңызын аша отырып, адамшылық қасиеттерді қалыптастыру.
Көрнекілігі: әртүрлі үлгі сөздер, адамгершілік тәрбиесі кестесі Әдеп, мәдениет – амандасудан басталады. Сәлемдесудің мәні – ең алдымен адамның кейіп - кескінін тану, болмысын байқау, өзіне деген көңіл ауғанын білу және тілек арқылы өзінің қалауын ұқтыру, өздерінің аман - есен дидарласып тұрғанына қуанып, ниетінің ақ – адал, таза екенін білдіру.
Мысалы, сырттан үйге кірген кісі қандай жастағы адам болса да, отырғандарға сәлем беруі керек.
Қауышып, амандасу ер азаматтар үшін ұлттық амандасудың ең құрметті түріне жатады. Жастар қол алысып, арқа, иық қағысып та амандасады. Қыздар бір – бірімен құшақтасып, сүйісіп, жай қол алысып немесе «Сәлеметсіз бе?», «Есен – саусыз ба?» деп амандасады.
Әр халықтың амандасу рәсімі, салттары алуан түрлі болып келеді. Мысалы, Орта Азиядағы туысқан түркі халықтары барлық мұсылман елдеріндегідей, «Ассалаумағалейкум» деген араб сөзімен амандасады, ол «Сізге Алланың нұры жаусын» - дегенді білдіреді, оған жауап, яғни, сәлемді алу ретінде айтылатын «Уағалейкум ассалам» сөздері «Алланың рақым нұры сізге де жаусын» дегенді ұқтырады.
Сәлемдесу жайында нақыл сөздер айтып, мағынасын түсіндіру.
1. Әдепті елдің баласы
Алыстан сәлем береді.
2. Адам сөйлескенше,
Жылқы кісінескенше.
3. Сәлем беру де парыз,
Сәлем алу да парыз.
4. Сыпайылық – жан азығы, көрегендік – ой қазығы.
5. Отан – отбасынан, тәрбие – құлақтан.
6. Айтар сөзің қандай болса, еститұғын сөзің де сондай болар.

Сұрақ- жауап арқылы қорытындылау.

08. 12.2014.
Сынып сағатының тақырыбы: «Зиянды әдет»
Сынып сағатының мақсаты:
«Бірінші байлық – денсаулық» деп дана халқымыз айтқандай болашақ еліміздің әрбір азаматын зиянды әдеттерден ішімдік, нашақорлық, шылым шегушіліктен сақтандыру, олардың денсаулыққа, болашақ ұрпаққа жау екендігін түсіндіру, өркениетті елімізге лайықты зиянды әдеттерге қарсы күресетін білімді тұлға тәрбиелеу.
Әдісі: сұрақ- жауап, көрсету, түсіндіру.
Түрі: Салауатты өмір салтын қалыптастыру
Барысы: Сергіту жаттығудан бастау (қимылмен)
Кіріспе.
Денсаулық дегеніміз - адам жаны мен тәнінің амандығы. Халқымыздың тіршілігі мен бірлігі, жарқын келешегі әдетте денсаулық мәдениетінің қаншалықты дәрежеде қалыптасуына байланысты. Денсаулық - ел дамуының басты арқауы. Денінің сау болуын қандай адам қаламайды. Дегенменде, біздің замандастарымыз соны ескерместен әр түрлі зиянды заттарға ұрынып жатады.
Темекі туралы жалпы мағлұмат.
Құрамында никотин және 4 мыңға жуық улы зат бар темекі өсімдігің майдаланған, құрғатылған және қолдануға дайын күйдегі жапырағынан шылым жасалады. Темекінің елі Америка болып табылады. Американы ашқаннан кейін темекі Еуропада кең таралады. Темекінің ішінде ең көп мөлшерде никотин алкалоиді болады. Никотин улы зат болғандықтан медицинада қолданылмайды және дәрі болып та саналмайды. Бір қорап темекінің құрамындағы никотинді адамға инемен шаншыса, адам өліп кетеді.
Темекінің зияндары.
Мидың қатерлі ісік ауруларының 99, миға қан құйылу ауруының 85 -, өкпенің қатерлі ісік ауруының 90 - ы, тамақтың қатерлі ісік ауруының 99 - нан темекі себеп болады. Темекінің салдарынан өмірімен қоштасқан адамдардың саны есірткі өліміне қарағанда 13 есе көп.
Есірткі қолданудың себептері.
Білімсіздік: Есірткінің қаншалықты қауіпті екендігін білмеу және бұл мәселеге жеңілдікпен қарау.
Қызығу: Қызығушылықтың туындауына көбінесе бұқаралық ақпараттардың өздері себеп болады дей аламыз.
Қысым: Жаман достардың қысым жасауы.
Әуестік: Бір рет көрейін, сосын тастаймын деп ойлау. Бірақ бір немесе екі рет көру адамды қайтпас жолға түсіру үшін жеткілікті болады.

Зиянды әдеттерге байланысты мақал – мәтелдер мен ұлағатты сөз жарыстыруға кезек берейік.

Сынып сағатын сұрақ- жауап арқылы қорытындылау.
1. Есірткінің әлеуметтік салдары қандай? (отбасының бұзылуы, қылмыстың артуы.)
2. Құрамында этил спирті бар. Ол не? (ішімдік).
3. Темекі құрамындағы улы зат? (никотин).

02.12.2014.

Сынып сағатының тақырыбы: Менің тұңғыш Президентім!
Сынып сағатының мақсаты: Балалардың өз Отаны туралы білімін кеңейту.Еліміздің тұңғышпрезиденті, Нұр ағамыздың сан қырлы талант иесі екендігін , құдіретті тұлға екенін жас ұрпаққа таныту.Елбасының кісілік келбетін меңгеру. Елін сүйген,елі сүйген Елбасынан үлгі алуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Елбасы суреттері,рәміздер,Қазақстан картасы
Сабақтың барысы: «Көк тудың желбірегені» әні орындалып, қолдарына жалауұстап топқа кіреді. Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталады.
Сынып сағатын кіріспеден бастау.
-Біздің республикамыз Қазақстан деп аталады.Біздің еліміз-тәуелсіз мемлекет. Яғни,біздің еліміз тәуелсіз болғандықтан; өз еліміздің әнұраны, елтаңбасы және өзінің мемлекеттік туы бар.Осы жетістіктердің бәрі елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі.
1991 жылы 1 желтоқсанда Республикада бүкілхалықтық Президент сайлауы болып өтті. Қазақстан Республикасының Президенті болып Н.Ә.Назарбаев болып сайланды, қазақ елі өз басшысын сайлады. Қазір біз-бақытты елміз.Елбасымыз өз елінің қамы үшін,тағдыры үшін көптеген істерді жүзеге асырып,атқарып келеді.
Біздің республикамыздың президенті-Нұрсұлтан Назарбаев.
-Балалар, мынау біздің еліміз-Қазақстан Республикасының Туы, көгілдір түсті тік бұрышты кездеме.Тудың ортасында күннің шұғыласы,оның астында қалықтаған қыран құс бейнеленген.Сабына бекітілген тұста ұлттық оюлармен кестеленген тік жолақ өрнектелген. Күн,арай,қыран және ою-өрнек -алтын түсті
Балалармен сұрақ-жауап арқылы түсінгендерін пысықтайды. -Балалар тудан ненің бейнесін көріп тұрсыңдар?
-Күн,құс пен оюдың бейнесін көріп тұрмыз. -Иә,өте дұрыс айтасыңдар. -Ал ,енді, балалар,мемлекеттік туымыздың түсі қандай екен? -Туымыздың түсі: көк,көгілдір. -Аспанға ұқсайды.
Оқушылардың жаттаған өлең жолдары тыңдалады.
Ернұр:Туға мойын бұрамыз
Желбірейді шалықтап
Елтаңба деп тұрамыз.
Қазақстан жалауы
Анель: Әнұран боп асқақтап тұр
Көкте қыран қалықтап
Біздің елдің рәмізі.
Қанат қағып барады
-Балалар, мынау біздің
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы.
-Балалар елтаңбадан ненің бейнесін көріп тұрсыңдар?.
-Шаңырақ, жұлдызша, қанатты тұлпар,күн шеңбері.
–Иә,өте дұрыс айттыңдар.
-Балалар шаңырақ бірлікті,татулықты білдіреді,қанатты тұлпар қажымас қайраттың,жеңіске деген жасымас жігер, тәуелсіздікке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесі,асыл мұраттың,талмас талаптың, құштарлықтың,жақсылықтың белгісі.Ал бес бұрышты жұлдық елтаңбаның тәжі, жол нұсқайтын жарық жұлдызы. -Балалармен әңгіме жүргізіліп,балалардың тақпақтары айтылады.
Сергіту сәті:
-Балалар, біз қандай республикада тұрамыз?
- Біз Қазақстан Республикасында тұрамыз.
- Иә, дұрыс айтасыңдар.Оның астанасы қай қала? Астана қаласы
«Астана» туралы тақпақтары айтылады.
Айшат:Жаса,жаса Астанам
Астана арман қала
Өркен жая бастаған
Бағы бір жанған қала
Болашақтың есігін
Тұрады ол жап-жас болып
Өз қолыңмен аш мағанМен үлкен болғанда да
Қарақат: Отанымның төрінде Ту ұстаған Астанам
Сарыарқаның өрінде Әсем қалам,бас қалам
Отан туралы мақал-мәтелдер,қанатты сөздер айтылады.
Отан-оттан да ыстық
Отан-елдің анасы
Туған жердей жер болмас
Ел-ердің анасы
Туған елдей ел болмас
Отансыз адам-ормансыз бұлбұл
Отанды сүю от басынан басталады
«Туған жерді гүлдендір» ойыны
(Балалар алдын ала суреттері жапсырылған түрлі түсті гүлдерді алып,әуен ырғағымен жүріп Қазақстан картасына апарып гүлдерін орналастырады)
–Балалар,Туған жерді гүлдендірер ұл-қызы міне,сендерсіңдер. Еліміздің келешек тағдыры,Қазақстан ертеңі өз қолдарыңда.Туған елдеріңді өркениетті мемлекеттермен терезесі тең,керегесі кең ететін сендерсіңдер.Ол үшін терең ,әрі жан-жақты білімді болу-міндеттерің.

15.09.2014.
Сынып сағатының тақырыбы: «Әдептілік- адамгершіліктің алтын бесігі»
Сынып сағатының мақсаты: 1. Оқушыларды әр ортада өзін ұстай білуге тәрбиелеу
2. Оқушыларға адамгершілік және эстетикалық тәрбие беру;
3. Кішіпейіл де қарапайым, сымбатты да әдемі болуға тәрбиелеу;
4. Дүниетанымдарын кеңейту;
Әдісі: Аралас; түсіндірме, әңгімелеу;
Көрнекілігі: сюжетті суреттер
І. Ұйымдастыру бөлімі.
ІІ. Негізгі бөлім.
1. Мұғалімнің кіріспесі.
а). Қоғамыздың болашақ мұрагерлері қандай болуы керектігі туралы.
ә). Сымбаттылық пен әдеміліктің әдептілікпен байланыстылығы туралы.
2. Негізгі орталарда өзін – өзі қалай ұстау қажеттілігі туралы
а). Үйде: Ата - анамен, іні – қарындаспен, аға – апамен қалай сыйласу қажеттігі туралы, қонақ келгенде сәлемдесу, қонақ қабылдау, т. б.
ә). Көшеде: Дұрыс, сымбатты жүру, кезкелген үлкен – кішімен сәлемдесу, қарт адам кездессе көмектесу, орынсыз ысқырық, т. б., төбелеске жол бермеу;
б). Мектепте: Оқушыларға арналған ережелерді сақтау, жолдастарымен, ұстаздарымен сәлемдесу, мектептегі қоғам мүлкіне дүрыс көзқараста болу,
кезекшілік міндеттерін дұрыс орындау, сабақты бар зейінімен тыңдау,
сабақ үстіндегі бірыңғай талап ережелерін сақтау, ұстаздарын, достарын
сыйлау;
в). Қонақта: Қонаққа келген үйінің ішіне тесіле қарай бермеу, әр нәрсеге таңданып
орынсыз дүниелерді қайдан алғанын тексеріп сұрай бермеу, босқа
абыржымау, екеу – екеуден сыбырласып әңгіме айтпау, ерсі күлмеу, үн –
түнсіз, өзімен – өзі мұңайып отырмау, басқа қонақтардың, үй иесінің
пікірлерімен санасу, т. б.
г). Дастарқанда: Кітап оқымау, әңгіме айтпау, тырнақты ауызға салмау, ұстамау,
басын ұстап қасымау, үлкеннен бұрын төрді иемденбеу;
ғ). Қалада: Жинақы, қарапайым киім кию, көліктер арасында арасында жол ережелерін сақтау, автобуста үлкен адамдарға, балалы адамдарға
орын беру, т. б.

ІІІ. Қорытынды бөлім
Әдептілік туралы мақал – мәтелдер.
Әдепті бала – арлы бала, әдепсіз бала – сорлы бала.
Сәлем – сөз анасы.
Кері қайту


13.10.2014.
Сынып сағатының тақырыбы: Мейірім
Мақсаты:
Жанашырлық, мейірімділік, адамгершілік құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.
Міндеттері:
- Адам бойындағы құнды қасиеттер туралы түсініктерін кеңейту;
- Қамқорлық жасауға жетелеу;
- Мейірімділікке тәрбиелеу.
Әдісі: сұрақ- жауап, әңгімелеу, ойын.
Көрнекі құралдар: үзінді, доп.
Балаларды шеңберге жинап:
Қайырлы күн, балалар! Сендерді көргеніме өте қуаныштымын, бүгін күн ерекше нұрын шашып тұр, осы көңіл күйімізбен «Ертегілер әлемі» әнін айтайық.
-Күнделікті қандай мейірімді іс - әрекеттер жасауға болады?
Сергіту сәті
Күнге қарап қолымды
Бір, екі, үш деп соғайын /қолды соғу/
Қарап тұрған көршіме
Мен қолымды бұлғайын /бір - біріне қол бұлғау/
Жылы - жылы жүзбенен
Маңдайыннан сипайын /сипау/
Жылы - жылы сөзбенен
Жүрегімді сыйлайын /жүректі ұсыну/
«Балапанды құтқару»
Балалар, қараңдаршы, ұядан балапан түсіп қалыпты.
Балапанды мейірлене алақанымызға салайықшы, ол тоңып қалыпты, дір - дір етеді, ыстық лебімізбен балапанды үрлеп жылытайық, алақанымызда тербетейік, өзіміздің жүрегіміздің соғуымен балапанның жүрегін оятамыз, алақанымызды жүрек тұсына жақындатамыз, күнге көтеріп жылытамыз, құлағымызға жақындатып жүрегінін соғысын тыңдайық.
- Балалар, жүрегінің лүпілін естіп тұрсыңдар ма?
- Балапанның жүрегі қалай соғады? Тук - тук, тук - тук.
- Балалар, балапан сендерге рахмет айтады, тыңдандаршы...
- Балалар, балапанымызды ұшырып жіберейік...
• Биікке самғай бер!
• Қанатың талмасын, балапаным!
• Жолын болсын!
• Аман бол, құсым!
• Адамзатты аяла!
• Табиғаттың сәні бол, адамзаттың әні бол!
- Балалар, мейірімділік жүректкен демекші, сендердің кішкентай жүректерің,
Ойын: «Дүниеде не мейірімді?»
Допты лақтырып сұрақ қою.
- Балалар, дүниеде не мейірімді?
- Күлімдеген күн мейірімді!
- Кіршіксіз ақ қар мейірімді!
- Таза мөлдір су мейірімді!
- Бәрімізді көтеріп тұрған жер мейірімді!
- Аяулы анам мейірімді!
- Қадірлі әкем мейірімді!
- Әлпештеген әжем мейірімді!
- Еркелеткен атам мейірімді!
- Жылы жүзді ұстазым мейірімді!
- Тату - тәтті достарым мейірімді!
Қорытындылау
Балалар, бүгін біз балапанға көмек көрсете отырып, «жанашырлық», «мейірімділік», «қамқорлық» деген сөздерді іс - әрекет арқылы түсіндік. Балапан – табиғат бөлшегі. Табиғатқа, бір - бірімізге, мен сендерге, сендер маған, үлкен кісілерге, ата - аналарымызға, достарымызға, өзімізден кішілерге қамқор, мейірімді болайық.

Сынып сағатының тақырыбы: Тәрбие тұғыры- имандылықта
Сынып сағатының мақсаты:
1. Оқушы бойына тазалық пен әдепті сіңіру, имандылық, сенім мен төзім арқылы бала зердесіне өнеге, ғибрат ету;
2. Оқушының бойында үнемі тазалық пен әдеп дағдыларын дамытып отыру;
3. Болашақ ұрпақты иманды етіп тәрбиелеу.
Әдісі: түсіндіру, әңгімелеу, сұрақ –жауап
Көрнекіліктер: таблица, суреттер
Сынып сағатының барысы: І. Ұйымдастыру.
І. Психологиялық дайындық.
Күннің сәулесі ананың нәзік алақанындай екенін білесіңдер, аялайды, жылытады. Олай болса, қолымызды созып, күннен жылу алайық.
Барлығы: Күн жарығын алақанға саламыз
Жүрегіме басып ұстай қаламын.
Ізгі әрі нәзік, жарық, мейірімді,
Болып кетер сонда мына жан - жағым.
Міне, жүрегіміздегі осындай жылумен бір - бірімізбен амандасайық.
Үлкенге де сіз,
Кішіге де сіз,
Сәлем бердік сіздерге,
Құрметпенен біз.
Рахмет.
ІІ. Оқушылар білімін жан – жақты тексеру.
- Ғибрат деген не?
Ата - баба салт дәстүрін үйрену. Ырым - тыйымдар меңгеру. Имандылықты үйрену.
- Иманды адам қандай мақсатқа жетеді?
1. Өзі иманды адам басқаға жамандық жасамайды.
2. Иманды пенде шыққан түбін біледі, яғни Алланың жаратқанын біледі. Ол өзінің ұстазын да, ата - анасын да, жүрген ортасын да сыйлайды. Сыйлы да болады.
3. Ондай пенде екіжүзді адам болмайды. Жалған сөйлеу және жалған ант екіжүзділіктің нәтижесі деуге болады.
4. Қоғамға, Отанға пайдалы, білімді бала боламыз.
5. Мұндай балалардан келешекте халыққа пайдалы адам шығады.
6. Осы айтылғандарды меңгерген бала ұлық болады, бірақ кішік. Мансапқор болмайды.
ІІІ. Оқушыны білімді, саналы меңгеруге дайындау.
Балалар алдымен бар жақсылықты кімге жасау керек?
- Өзіме;
- Үй – ішіме;
- Туған - туыс, көршіме;
- Көшеге, туған ауылыма;
- Отаным Қазақстанға, яғни оның табиғатын қорғауға, шекарасын қорғауға;
Дұрыс – ақ. Олай болса, қолымыздағы 5 саусақты салалап көрелік.
1. Жан. 2. Тән. 3. Рух. 4. Ақыл. 5. Көңіл.
ІV. Жаңа сабақ. Бүгінгі біздің сабағымызда жан мен тәнге қажет тазалық және әдепке тоқталамыз.
қайырымды тәрбиелі
иманды
үлгілі

қайырымды
мейірімді өнегелі
V. Сұрақ – жауап.
1. Тазалық деген не?
Тазалық дегеніміз адам өз денесін, киген киімін, жүрген жерін, отырған орнын таза ұстау. Иман деген не? Иман - сенім.
Неге сенеді?
1. Аллаға
4. Құран - Кәрімге
Әдеп деген не?
Әдеп - деген тек жақсылыққа тәрбиелену.
VІ Ой шақыру.
Осы айтылғандарға діннің қатысы бар ма?
Имансыз деген дінсіз. Дінсіз деген өзіне – өзі сенбеген адамнан еш опа болмайды. Одан ұры да, қанішер жауыз да, адамға да, қоғамға да пайдасыз ұрпақ шығады.
Қорытытындылау. Имандылық жолы, яғни имандылық тәрбиені тек діни қағидалар деп түсіну – қате. Ислам біздің тарихымызбен, наным - сенімімізбен, мәдениетімізбен тығыз байланыста болады.

29.09.2014.
Сынып сағатының тақырыбы: Жанұя- тәрбие мектебі.
Мақсаты: 1. Отбасы – әр адамның шағын отаны, отбасында
адамдардың алатын орны туралы түсінік беру, оқушыларға әке-
шеше, бауырдың қадірін білгізу.
2. Үлкендерден адамгершілік, әдеп-инабат тағылымын алуға,
жақсы қасиеттерді бойына сіңіру, жақсыдан үйреніп, жаманнан
жиренуге баулу.
3. Ата-анасына, туған жерге, Отанға деген сүйіспеншіліктерін ояту,
сыйластыққа, мейірімділікке, татулыққа, қамкорлыққа
тәрбиелеу.
Түрі: Отбасы тәрбиесі
Әдісі: түсіндіру, сұрақ-жауап.
Көрнекілігі: сюжетті суреттер
Жүрісі: І. Ұйымдастыру
Психологиялық дайындық.
Күндей жадырап,
Айдай арайлап,
Жұлдыздай жарқырап
Судай мөлдір таза көңілмен,-
деп бүгінгі ашық сабағымызды бастаймыз.
II. Мағынаны тану.
Онда әкем, шешем тұрады,
Ата-әже, бауырым,
Бәрі бірге қосылып
Бір ұғымды құрады.
/Отбасы/
«Отбасы» дегенді қалай түсінесіңдер?..
Балалар, сендер отбасында қандай міндеттер атқарасыңдар?
- Отбасындағы баланың міндеті қандай?
- Отбасы қоры қалай жиналады?
- Туған-туыспен қарым-қатынас деген не?
- Жер бетіндегі ең қымбат адам кім?
- Отбасы мүшелеріне кімдер жатады?
- «Отбасының басшысы» кім болады?
- Нағашы жұрт деген кім?
- Атаң мен әжеге сен кім боласың?
Мақал-мәтелдер жаттату
- Үлкенді сыйласаң - ... /қадірлі боларсың/
Кішіні сыйласаң - ... /құрметті боларсың/.
- Татулық табылмас - .../бақыт/.
Ата, әже – асыл жандар.
Әке – отбасының қамқоршысы.
Ана – отбасының құт-берекесі.
Ағасы бардың жағасы бар, Інісі бардың тынысы бар.
III. Бүгінгі сынып сағатында не туралы әңгімеледік? Тәлімгер.орг Полный текст материала на тему «Ана тілім - бал тілім» можно смотреть в скачиваемом файле. На этой странице приведен фрагмент материала

Авторы:

Бөлімі: Қосымша сабақ жоспары | Логин: гость
Көрсетілім: 323 | Жүктеулер: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Барлық пікірлер: 0
avatar