Меню
Назад » » »
АТА–БАБА МҰРАСЫ АДАМГЕРШІЛІК – РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ
загрузка...

загрузка...
АТА–БАБА МҰРАСЫ АДАМГЕРШІЛІК – РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ
ҚАЙНАР КӨЗІ
Демесинова Р. У.
Ж. Ақылбаев атындағы мектеп-гимназия
В статье рассматриваются вопросы воспитания ребёнка в духе национального воспитания, так как оно является источником духовной ценности, оставленное от наших предков. Указываются пути духовно-нравственного воспитания в начальной школе.
In clause is considered questions of education on of the child in spirit of national education as it is a source of spiritual value is left from our ancestors. It is underlined to ways of spiritually moral education in an elementary school.

Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым бола алатын – адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапаларға «Адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелеу керек», - деген Шәкәрім аталарымыздың терең ойын негізге ала отырып, жас ұрпақтың бойына адамгершілік – рухани қайнарын сіңіріп, мінез – құлқын тәрбиелеу үшін жалпы адамзаттық құндылықтарды, адамгершілік ұстанымдарды, әділдік пен өзара көмекті ғұмыр бойы мұрат тұтуды тәрбиелеу ұстаздар міндеті.
Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың», - деп бекер айтылмаған.Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оған туған күнінен басталуы керек [1].
Мағжан Жұмабаевтың педагогикасында «Жер жүзіндегі басқа жан иелерімен салыстырғанда адам баласы туғанда өте әлсіз, зағып, осал болып туады. Малдың төлі туа сала аяқтанады. Тауықтың балапаны жұмыртқадан жарылысымен жүгіріп кетеді. Ал адам туғанда іңгәлаған айқайы мол бір кесек ет. Ақылы, есі жоқ. Денесі тым әлсіз, тым шабан. Мінеки, адам баласы, осылай өте әлсіз болып туып, аса сараң өсетіндігінен, оның денесіне, жанына азық беріп, өсуіне көмек көрсетпей, яғни оны тәрбие қылмай болмайды», - деген болатын [2]. Қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп отырған. Балаға білім беріп, дүниетанымын кеңейтіп, алғыр, күшті, сымбатты, ой – өрісі кең, рухы биік, жан – жақты жетілген ұрпақ өсіруді мақсат етіп, оны парыз деп білген.
Ата – бабамыз ана құрсағыннан бастап, бала дүниеге келгенше тәрбие жұмысын үзбей жүргізіп отырған. Алғашқы кезеңде тәрбие ойын – сауық түрінде жүргізілген. Бала жеті жасқа жеткенше бетінен қақпай, еркін, еркелетіп өсіреді. Зекімейді, жасқамайды, баланы ұрмайды. «Баланы басынан ұрма бағы таяды, арқасынан ұрма әруағы қашады» деп айту тәрбиенің негізі болып табылады. Әрбір отбасы ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән беріп, ұлттық тәрбиені қалыптастыратын ата, әже, әке, мектептері арқылы халықтың салт – дәстүрлері, әдет – ғұрыптарына, ата кәсібіне балаларды үздіксіз тәрбиелеу арқылы қол жеткізіп отырған. Аталарымыз табиғатпен етене өмір сүріп, барлық жақсы үздік, тәрбиелік мәні зор әдістемелердің барлығын ұрпақ тәрбиелеу жолына бағыштап отырған.
Біздің ата – бабаларымыз Әл – Фараби, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Абай, Қаныш т.б. аталарымыз қазақтың осындай ұлттық тәрбиесінде өскен. Ұлы бабаларымыздың бойынан қазақ халқының теңдесі жоқ бай қасиеттерін көріп, таңданасың.
Ұлы бабаларымыз аталардың өсиет, нақыл сөздерін, әжелердің ертегісі мен аңыз, әңгімелерін, танымдық, ұлттық ойындарын, жұмбақ, жаңылтпаштарын т.б. жаттап, естіп, үйреніп өсті. Жас ұрпақтың бойында ананың әуенімен оятатын бесік жырларымен қатар қиял – ғажайып ертегілер, ұлттық ойындары арқылы ұнамды жағымды әдеттер мен мінез – құлықты, жақсы қарым – қатынасты, ынтымақ пен жарасымдылықты, қайырымдылық пен ізгілікті, еңбек сүйгіштік пен үлкендер еңбегін құрметтеу, жауапкершілік, патриоттық сезімдер т.б. адамгершілік – рухани қасиеттер қалыптасады.

Ата – баба мұрасы




Бесік жырын, ана әлдиін естіп, «Ер Тарғын», «Алпамыс» т.б. ертегілерді оқып, халық дәстүрінде тәрбиеленген баладан туған халқын сүйетін, дінін, тілін қастерлейтін ержүрек, батыр, адал, мейірімді, тәрбиелі азамат өсіп шығары анық.
Ұлы бабамыз Әл – Фарабиден бастап өшпес мұра қалдырған ойшылдарымыз Қашқари, Иассауи, Дулати, т.б. еңбектері – қазіргі ұрпақ үшін теңдесі жоқ қазыналар. Ал Асан қайғы, Ақтамберді, Майлықожа сияқты ақын – жыраулардың толғаулары мен дана өсиеттерінің қосар үлесі қаншама! Жарық жұлдыздарымыз Шоқан, Ыбырайлармен қатар тәлімдік ой пікірлерімен барша қазақ даласын дүр сілкіндірген Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақыптардың еңбектері жас ұрпақты ұлттық құндылыққа тәрбиелеуде ерекше орын алады.
Әдебиет, дүниетану, өзін – өзі тану пәндерінде ертегі, әңгімелер, бесік жыры, шешендік сөздер, қара сөздер, мақал – мәтел, жаңылтпаштар, салт – дәстүрлерді оқыту арқылы оқушылардың бойына адамгершілік – рухани қасиеттерді сіңіре аламыз.
Ертеден ата – әжелеріміз айтып келе жатқан халық ертегілері туралы атақты педагог
В. А. Сухомлинский былай деген: «Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алады» [3]. Сондықтан ертегіні оқыту арқылы балаға рухани ләззат беріп, қиялына қанат бітіріп, жас баланың рухының өсіп жетілуіне жағдай жасаймыз. Ертегі баланың армандарын асқақтатады, қайратты, қайырымды істер жасауға құлшындырады, шебер де шешен сөйлеуге, өз ойларын әдемі де әсем баяндауға үйретеді. Ертегідегі батырлардың батырлығы, тапқырлығы, ақылы мен адалдығы, қайсарлығы өскелең ұрпақтарға ой салады, адамгершілікке жетелейді, отансүйгіштік қасиеттерін оятады, сана – сезімдерін дұрыс бағытта қалыптасуына әсер етеді. жас ұрпақты ұлттық құндылыққа тәрбиелеуде ерекше орын алады.
Біздің ата – бабаларымыз, әке – аналарымыз осындай ертегілерді тыңдап, халқымыздың бай қазынасымен танысып, біліп өскен. Соның бір дәлелі М. Әуезовтың «Бала Абай» әңгімесінде былай делінген: Абайдың әңгіме, ертегі, жырларды жақсы көретінін білген анасы Ұлжан үйіне қонақ болып келген Байкөкше жыршы мен Барлас ақынды Абайдың тілегі бойынша бір айдай жатқызып өлең, жырды тыңдатқан. Сонда, Барлас ақын ұғымтал, зерек бала Абайға қатты риза бата берген болатын [4]. Сол сияқты біздің бабамыз Қаз дауысты Қазыбек би 13 жасынан ел ішіндегі дауға, бітімге араласып өзінің шешендігін, қара қылды қақ жарған әділдігін көрсетіп, Қазақ халқының Үш биінің бірі атанған, «Қаз дауысты Қазыбек би» атанған. Атамыз қазақ өз ұрпағын жарық дүниеге келген күннен бастап дәстүрлі жолмен ұлттық тәрбие беріп отырған. Жастайынан құлағына сіңіп, ненің жақсы ненің жаман екенін білсін деп үлкендердің қолына су құясың деп ауыл ішіндегі дау, бітімге қатыстырып отырған. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би т.б. бабаларымыз үлкендердің салиқалы, небір шешендік сөздерін тыңдап, ойға түйіп, өз халқының ұлттық дәстүрін үйреніп, біліп өскен. Сондықтан біздің ата – бабаларымыз 12 -15 жастан бастап, ат жалынын тартып, атқа мініп, қолдарына қару – жарақ ұстап жауға қарсы шыққан, шешен болып, топ ортасына шығып ел дауына араласқан. Оқушыларға «Бала Абай» мәтінін және Төле би, Әйтеке би. Қазыбек билердің шешендік сөздерін оқытып, таныстыру арқылы ата - бабаларымыздың бойындағы адамгершілік - рухани қасиеттерді атап айтқызып, мінездеме жаздыру, салыстырып, талдау арқылы Бала Абайдың және Ұлы билердің бойындағы жақсы қасиеттерді өз бойына дарытуға тырысады және өздерінің жауапкершілігін, міндеттерін түсінеді. Рөлге бөліп оқыту, сахналық көрініс көрсету арқылы ата – бабаларымыздың елін, жерін, ата–анасын қорғауда үлкен еңбек атқарғанын біледі. Ендеше, ата – баба мұралары арқылы адамгершілік – рухани тәрбие беруде алдымызға мына мақсаттарды қойып, жүзеге асыруымыз керек.
1. Халықтың ғасырлар бойы жинақталып, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, баланың қоршаған ортадағы қарым – қатынасын, дүниетанымын, өмірге көзқарасын және оған сай мінез – құлқын қалыптастыру;
2.Жас ұрпаққа халқымыздың асыл дәстүрі мен салтынан мағлұмат бере отырып, дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар – ожданы мол, еңбекқор, бойында басқа игі қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу;
3.Ұлттық мәдени байлығымызды танып – білуге тәрбиелеу. Өз Отанының және халқының мәдени мұраларын игерту;
Ендеше, қазақ халқының ұлттық құндылығын бойына дарыту үшін алдымен ұлттық тәрбие беруіміз қажет. Ұлы бабамыз Әл – Фараби «Тәрбиесіз қолға білім салма» деген екен. Ал ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынов: «Біз әрқашанда білімге ұмтыламыз. Негізінде ең бірінші тәлімге ұмтылуымыз керек. Бізге тәлімді рух, тәрбиелі білім қажет. Тәрбиелі білімдар... Міне, адам! Міне, тұлға!», - деп білімнен бұрын тәрбиеге көңіл аудару керектігін, тәрбиесіз адамға берілген білімнен ешқандай пайда жоқтығын баса көрсеткен. Ең алдымен, таза жанды, иманды, арлы, намысты, ұлты мен ұлттық құндылықтарын, сүйетін адамгершілік – рухани қасиеттері дамыған өскелең ұрпақ тәрбиелеуіміз керек.
Жас ұрпаққа заманауи ғылым – білімнің тізгінін ұстатып, жүрегін жарық нұрмен көмкерген адамгершілік – рухани құндылықтармен сусындатсақ, санасына төл тарихын сіңіріп, жүздерін жарқын болашаққа қарай бағыттай білсек, ата – бабамыздың маңдай терін төгіп, бізге мұра етіп қалдырған еңбегінің зая кетпегені.
«Мен үш қасиетімді мақтан тұтам. Олар: жалған айтпадым, жақсылықты сатпадым һәм ешкімнен ештеңені қызғанбадым. Бұл үш қасиет әркімнің өз құдайы. Өз құдайынан айырылған адам бос кеуде, өлгенменен тең», - деген екен Ақан сері. Олай болса жеке тұлғаны қалыптастыруда, олардың жан дүниесіне сезіммен қарап, әрбір іс – әрекетіне мақсат қоюға, жоспарлауға, оны орындауға, өзіне – өзі талап қоя білуге тәрбиелеу - адамгерщіліктің басты мақсаты.
«Еліміздің күші патшада, сәбидің күші жылауында», - демекші, біздің күшіміз, қорғанышымыз, сеніміміз – адамгершілік – рухани құндылығымызда. Ол үшін Ақан серінің осы үш қасиетін баланың бойына дарыта білсек – ұлы жеңіс болары анық. Өйткені адам баласы қоғамда өзінің жақсы қасиетімен, рухани байлығымен, адалдығымен, бойындағы адамгершілік – рухани құндылықтарымен ардақталады [5]. Ендеше, ата – баба мұраларын оқыту арқылы өз ұлтын сүйетін, ұлтжанды, адамгершілік – рухани дүниесі бай тұлға қалыптасады.


Қолданылған әдебиеттер:
1. «Өзін – өзі тану» Республикалық ғылыми – әдістемелік журнал № 2 – 3, 2010 жыл.
2. М. Жұмабаев «Педагогика». Алматы «Ғылым, 1992 жыл.
3. «Өзін – өзі тану» Республикалық ғылыми – әдістемелік журнал № 4 – 5, 2009 жыл.
4. «Ана тілі». Алматы «Атамұра» 2004 жыл.
5. «Тәрбие құралы» Республикалық ғылыми – педагогикалық журнал № 2, 2009 жыл.
6. «ХХІ ғасыр мектебі» Республикалық ғылыми әдістемелік журнал, №6-201, Тәлімгер.орг Полный текст материала на тему АТА–БАБА МҰРАСЫ АДАМГЕРШІЛІК – РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ можно смотреть в скачиваемом файле. На этой странице приведен фрагмент материала

Авторы:

Бөлімі: Қосымша сабақ жоспары | Логин: гость
Көрсетілім: 408 | Жүктеулер: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Барлық пікірлер: 0
avatar