Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
«Атадан туған ардақты ер» -

«Атадан туған ардақты ер»

Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 3949 | Размер: | Автор: Нартай4540
. Қыстаубаева Патима Бейсжанқызы,
ОҚО, Созақ ауданы, Тайкоңыр елді мекені, Т.Момбеков
атындағы жалпы орта мектебінің кітапхана меңгерушісі.
«Махамбет пен Исатайдың – екеуінің де аңсаған арман, мұраты – елдің еркіндігі мен тәуелсіздігі, бірлігі мен ынтымағы болатын. Бүгін соған мына біздер, Исатай мен Махамбеттің ұрпақтары жетіп отырмыз. Олай болса, Махамбет пен Исатайдың аруақтары алдында бас ие отырып, солар көрмей кеткен Тәуелсіздік туын тік ұстау – бабаларымыздың алдындағы парызымыз, бабаларымыздың алдындағы қарызымыз». Н.Ә. Назарбаев
Махамбет бұл есім өмірдегі қасіреттің синониміне,
өмірдегі қасіреттің символына айналған аса аяулы,
әрі ардақты ат. З.Қабдолов.

«Атадан туған ардақты ер»
Абайға дейінгі ақындардың ауылы, Абайдан кейінгі батырлардың батыры. Махамбеттің есімі — өмірдегі қасіреттің синонимі, өнердегі қасиеттің символы.
Махамбет тойы — бір ақынның, не батырдың ғана тойы емес, баяғы бағзы дәуірлерден бермен қарай, бабаларымыз тұлпардың тұяғымен жазып кеткен Ұлы даланың ұлдары мен қыздарының күні бүгінге дейін толассыз толқын атып, көбік шашып тасқындап келе жатқан азаттық жолындағы аяулы арманы мен аяусыз айқасының тойы; қазақ халқының қайыспас қаһармандығының тойы; қаһарман қазақтың ақпа-төкпе, ағыл-тегіл ақындығының тойы; сайып келгенде ұлтымыздың бүгінгі ақиқатқа айналған арманы — азат қазақ мемлекетінің тәуелсіздігінің тойы. Бұл ел өміріндегі аса зор оқиғаның бірі.
Осыған орай «Атадан туған ардақты ер» ауызша журналымызды назарларыңызға ұсынамыз.
Мақсаты: Оқушылар арасында батырлықты, отаншылдықты, өміршеңдікті жырлауға бағьпталған Махамбеттің шыгармашылық мұрасын насихаттау, жас үрпақ санасына біздің осынау ұлан-байтақ даламызды, елімізді Махамбет сынды батыр бабаларымыз өздерінің орақ тілді, от ауызды саясатымен және білектің күші найзаның ұшымен сақтап қалғандығын сіңіре айту елін жерін сүюге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерей тойын өткізудің Республикалық комиссиясы бекіткен мерей тойының эмблемасы.
(Эмблемада: Махамбет бейнесі, ер қаруы найза, киелі музыкалық аспап — домбыра, ұлттық ою-өрнек, сондай-ақ Махамбет 210 деген жазуы бар).
Бас тақырыбы, дәйексөздер, бүктемелер осы тақырыпта кітап көрмесі. Ауызша журналдың макеті алдын-ала видео таспаға Махамбет туралы бүгінгі жас өспірімдердің көзқарасы туралы ой пікірлері.
Кітап көрмесі «Махамбет — егемен елдіктің өшпес рухы»
1 бөлім. Махамбеттің өмір жолы.
Махамбет тек ақын емес, сан қырлы, сан сырлы дүлдүл ақындықты дауылпаздыққа ұштастырған жан.
2 бөлім. Ерлік пен елдіктің өшпес рухы. Махамбет творчествосының басты ерекшелігі,оның трибундығы көтеріліс мүддесінен туындаған өмірдің талабына тікелей бағындырылғанында.
3 бөлім. Махамбет — әрі батыр, әрі жырау, әрі домбырашы.
«О жас ұрпақ! Төрлеріңе ілгейсіз патшаны емес, Махамбет пен Абайды»
Ауызша журнал тақырыбы: «Атадан туған ардақты ер»
Ауызша журналдың мақсаты: Жас оқырмандарға Махамбеттің өмірін және шығармашылығын насихаттай отырып, оларды Отан сүйгіштікке, батырлыққа, ерлікке тәрбиелеу.
I бет. «Бағаналы бәйтерек» (Батырдың өмірбаяны мен ерлік жорықтары туралы әңгіме).
II бет. «Жауынгер жырдың жарқылы» (Махамбет Өтемісұлының өлеңдерін оқу, талдау).
III бет. «Махамбет рухымен сырласу» (Ойлар, толғаныстар мен естеліктер).
IV бет. «Біз Махамбетті білеміз бе?» сауалнама.
I бет. «Бағаналы бәйтерек»
Қазақтың ардагер ақыны Махамбет Өтемісұлының өмір жолы халық тарихының елеулі кезеңдерімен тығыз байланысты. Жауынгер ақын Махамбет Өтемісұлы Ішкі Бөкей ордасы, Бекетай аймағы, қазіргі Орал облысы, Жәнібек ауданында 1803 жылы дүниеге келген. Руы — Беріш.

Бала кезінде оқып сауатын ашады. Ол кезде бұл қазақ даласында сирек кездесетін еді. Жолдас жоралары сияқты Махамбетте кең далада асыр салып ойнап, табиғаттың қайнаған ортасында асық атып, тай үйретіп, шынығып өсті. Бозбала кезінен бастап оның жалпы ауыз әдебиетіне құштарлығы, табиғи дарын ақындығымен ұштасып, оны өрге қарай сүйрейді. Халық арасында аты ауызға ілігіп «ақын — бала» аталады. Ол кезде (XXI ғ. І-ші жартысы) Ішкі Бөкей ордасын Жәңгір хан билеген болатын. Осы халық алдында беделді, дарынды ақынды сарай ақыны етпек болады. Сөйтіп өзінің беделін арттыруды, «кереметтерін» ел арасында кең таратуды мақсат етеді. Бірақ Махамбет ханның бұл ұсынысына іштей жиіркенішпен қарап, сыпайы түрде келісім бермейді. Себебі, Махамбет бай шонжарларға өте қас, оларды жек көретін ақын еді.

Махамбеттің жиырма жастан кейінгі 6-7 жыл өмірі Орынбор қаласында өтеді. Жәңгір хан Махамбетті баласының қасына қосып, оған бас-көз болуды тапсырып, Орынборға бірге аттандырады. Махамбет қалада көп нәсені көріп, патшаның жауыздығына, озбырлығына көзі жетеді, халықтың мүшкіл өмірін көреді, бұлар ақынды ойға қалдырады.
Жәңгір ханға айтылған өлеңі оқылады.

Хан емессің, қасқырсың,
Хас албасты басқырсың,
Достарың келіп табалап,
Дұшпаның сені басқа ұрсын.
Хан емессің, ылаңсың,
Кара шұбар жылансың.
Хан емессің, аярсың,
Айыр құйрық шаянсың.


Жәңгір хан Махамбеттің сарай ақыны болудан үзілді-кесілді бас тартқанын естіп, әрі оның үстем тап өкілдеріне қарсы кекті өлең-жырларын тындап, Махамбетті қудалай бастайды. Тіпті екі жыл түрмеге де отырғызады. Махамбет 1831 жылы түрмеден қашып шығады.
Махамбет Өтемісұлы хан-сұлтандарға, бай-шонжарларға қарсы шаруалар қозғалысын ұйымдастыру мақсатымен Исатай Тайманов батырмен тізе қосады. Жауынгер ақын 1836-1837 жылдардағы шаруалар көтерілісінің тек қана ұйымдастырушысы, шайқастарға тікелей қатысушы ғана емес, оның жалынды жыршысы да болды. Исатайдың шынайы жауынгер досы еді.
«Исатай деген ағам бар» өлеңі оқылады.

Исатай деген ағам бар,
Ақ кіреуке жағам бар.
Хан ұлымен қас болып,
Қара ұлымен дос болып,
Хан үстіне барғанда,
Шабайық ханды деген де,
Шапқандай ханды амал бар, —
Амал бар да хан шаппай,
Тәңірім кылды — не амал бар!?
Ат туады байталдан,
Айт десең — лебіз қайтарман.
Төрт-бес жылдай алысып —
Мына түрған Иса — екем,
Ханның бір тауын қайтарған.
Ат туар ма шұбардай,
Ер туар ма бұлардай.
Дулығалы бас кесіп,
Дұшпанының қанына,
Ақ алмасын суармай!?
1837 жылы Исатай мен Махамбет 3500-дей қол жинады. Ашық көтеріліске шығып, екі аптаға жуық хан ордасын қоршауға алды. Патша өкіметі Гекке басқарған 1200 зеңбіректермен қаруланған әскер жіберіп, көтерілісті қанға бояп басады. 1838 жылы 12 шілде де Ақбұлақ өзенінің бойында қоршауда қалған Исатай қаза табады. Бұл көтеріліс еңбекшілердің сана сезімінің оянуына үлкен әсер етті. Махамбет аз ғана серіктестерімен қашып құтылады. Ол Хиуа хандығына барып, тағы да қол жинауға күш салады, одан нәтиже шықпайды.
Махамбеттің Атырау елінде жер басып, аман-есен жүргендігі үстем тап өкілдеріне ұнамады. Олар ақынды ұстауға барлық айла-амалын қолданып бақты. Халық аяулы ақынын қас - көзден жасырып ұстады, жүрген жөнін айтпады.
Ақындық шабытын да, ақ білегінің күшін де еркін жұмсай алмай, қор заманда, тар қамауда өмірі өткен Махамбет Өтемісұлы көтеріліс басылғаннан кейін 8 жыл өткен соң, 1845 жылы, осы күнгі Атырау патша үкіметі мен төрелердің жұмсаған жалдаптарының қолынан қаза тапты.
II бет. «Жауынгер жырдың жарқылы»
Қазақ — ежелден ақын халық.
Махамбет Өтемісұлы — батырлығы ақындығына, ақындығы батырлығына сай қайталанбас алып тұлға. Өлең деген құдыреттің әрбір сөзін өткірлеп, алмас алдаспанға айналдырған аруақты ақын.
Махамбет өлеңі — қазақ сөзінің қайталанбас құдіреті:
әрбір буыны мен бунағы, тармағы мен шумағы мұншалық тап-таза қорғасыннан басқа жер бетіндегі ешбір елдің өлең жырында жоқ, оның басқа тілге оңай аударылмайтыны да сондықтан.
Қай халық та бостандығы үшін жан беріп, жан алысқан, күрескен. Махамбет жырлары да сол бостандықты аңсаған жүректің дүрсілі:

Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қалға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай...
Коңыр салқын төске алмай,
Тебінгі терге шірімей,
Терілігі майдай ерімей,
Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала,
Сақалы шығып жат болмай,
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылык шөл көрмей,
Арып-ашып жол көрмей,
Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп, түс қашпай.
Темір қазық жастанбай,
Қу толагай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?! — дейді ол.

Ерлерсіз — ел тұл, ерлердің ісі — ел қорғау. Махамбет әр сөзіне жігер, екпін беріп, қуатты сөзімен рухтандырып, елді ерлікке шақырады.
Ол — бұқара халықты патша үкіметіне, оның жергілікті өкілдері, яғни хан сұлтандарға қарсы ұйымдасқан қарулы көтеріліске шақырған алғашқы қазақ ақыны.
Махамбет «Жәңгірге», «Баймағамбет сұлтанға» деген өлендерінде үстем тап өкілдерін аяусыз шенейді. Оның шығармашылығында өз дәуірінде еңбекші бұқара өмірінің рухани — поэтикалык шежіресі, шаруалар қозғалысының шындық бейнесі көрсетіледі.
«Махамбеттің Баймағанбет сұлтанға айтқан сөзі» өлеңі оқылады.

Алайма, сұлтан, алайма,
Астыма мінген арғымақ.
Аяңдай түсіп марайма!
Аргымақ, дейтін жығылғыр
Найза бойы жар келсе,
Төсер жерін қарайма?!
Аргымақ атқа айдай таға қақтырса,
Кілегей қайтқан Еділдің
Көкше мұзынан таяр ма?!
Ата ұлының баласы,
Асыл ерге малын бер,
Малын бер де, басын қос,
Басыңа тарлық түскен де,
Ардақтаган әділ жанын аяр ма?!

Махамбет жырлары — тарих куәсі, замана сыры, заман үні. Махамбет жыршының, көтерілістің рухани көсемінің, қазақ поэзиясының алыптарының бірі, шын Ақтамберді — Бұқардан — Махамбетке, Махамбеттен — Абайға, Абайдан — Мағжанға — Қасымға тартылған поэзия керуенінде Махамбет жыры дабылдық үнімен тарихи сырымен ерекше орын алған.
«Біз ер едік» өлеңі жатқа айтылады. Махамбет күйлері


Домбыра ғана біліпті,
Қазақтың барлық қайғысын.
Кімің бар одан сүйікті,
Шаппай бер оның бәйгесін.
Қайтпаган шерін батырдың,
Домбыра ғана қайтарды.
Айтпаған жырын ақынның,
Домбыра ғана айта алды.
Т.Молдагалиев.
Ақын айтса айтқандай...
Қазақ пен домбыра бірінен бірі жер дүниені тітіренткен қаһармандар бөле алмаған егіз ұғым. Маң даланы емін-еркін жайлаған бабаларымыздан қалған көз. Ықылым замандардан күні бүгінге табиғаты мен үнін бұзбай жеткен халықтың қастерлісі — Домбыра үні.
Қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күрескерлік өмірі тек оның өлең жолдарындағы қаһармандық мінезі ғана емес, сонымен бірге құдыретті күй әлеміндегі жеңіске жетелеген жігерлі, ұранды үнімен де ерекшеленеді.
Махамбет күйлері батырлықты, отаншылдықты, өміршеңдікті жырлауға бағытталған.
Өтемісұлы Махамбеттің күйлері: «Ақ желкен», «Жайық асу», «Жорық», «Жұмыр — Қылыш», «Исатайдың Ақтабаны-ай», «Қайран Нарын», «Нарын», «Өкініш», «Тарлан», «Шілтерлі терезе» т.б.
Махамбет творчествосындағы келелі образдардың бірі — Исатай батырдың бейнесі. Исатайдың ерлігі қаһармандығы мен азаматтығы Махамбеттің өлең — толғаулары мен дауылды күйлеріне өзек болды. «Исатайдың Ақтабаны-ай» күйі осының дәлелі.
«Нарын» күйін тыңдау.
«Қайран Нарын», Нарын құмы — Махамбеттің туып өскен жері. Қуғын сүргіңде жүрген Махамбет Жайықтың арғы бетіне өткеннен кейін Нарынға бірнеше толғаулар арнаған. Соның біреуі «Абайламай айырылдым ар жақтағы елімнен, анау Нарын деген жерімнен» деп келеді. Шалғыны жайқалған жерлерге, айдын шалқар көлдерге хан сұлтандардың күшпен ие болғандығын халық алдыңда әшкерелеген. Ол арғы жақтағы қалған туған-туысқанын, ел-жұртын жоқтай отырып, домбыраның ызалы сазымен сөйлеген.
III бет. «Махамбеттің рухымен сырласу» (Ойлар, толғаныстар мен естеліктер).
Оқушылар кезектесіп оқиды.
1-оқушы. Махамбет тек ақын емес, сан қырлы, сан сырлы дүлдүл ақындықты дауылпаздыққа ұштастырған жан.
2-оқушы. Махамбет тек дауылпаз ақын, батыр ғана емес, ол ұлт азаттық қозғалысының тарихында бұрын соңды көрмеген трибун, жыршы-ақын.
1-оқушы. Ұлт-азаттық қозғалысының бағдарламасын майдан шебінде поэзия арқылы жеткізу — ғажайып емес пе?
2-оқушы. Жер мәселесі — ел мәселесі. Жер үшін соғыс — ұлт-азаттық көтерілістің өзегі.
1-окушы. Махамбет творчествосының басты ерекшелігі, оның трибундығы көтеріліс мүддесінен туындаған, өмірдің талабына тікелей бағындырылғандығында.
2-оқушы. Махамбет ақын — дабылды жырдың атасы, ол ғажайып трибун ақьн. Оның жырлары жалаулы найзадай алыстан көрініп, қоңыраулы найзадай жер астынан естіледі. Ақын өлген жанды тірілтіп, шалажансар жаралы жанды атқа мінгізіп, жорыққа аттандырады.
1-оқушы. Махамбет жыры — тарих негізге сүйенген оның әрбір өлеңі тарихи болған оқиғаның куөсі.
2-оқушы. Махамбет жырлары — тарих куесі, замана сыры, замана үні. Махамбет жыршының, көтерілістің рухани көсемінің қазақ поэзиясының алыптарының бірі, шын мәнінде дауылпаз ақынның тағы бір құпиясы осында.
IV бөлім. «Біз Махамбетті білеміз бе?» Сауалнама
(Оқушыларға сұрақтар қойылады)
1. М.Өтемісұлы өмір сүрген кезең қай кезең? Жауап: 19 ғасыр (1803-1845)
2. Махамбеттің туған жері туралы не білесің? Жауап: Еділ-Жайық арасындағы Нарын құмындағы Бекетай елді мекені. Қазіргі Орал облысы Жәнібек ауданы.
3. Махамбет қатысқан қай көтеріліс?
Жауап: Исатай Тайманов бастаған 1836-1838 жылдардағы халық көтерілісі.
4. Көтеріліс тұсындағы елді билеген хан? Жауап: Жәңгір хан.
5. Махамбет Өтемісұлының поэзиясындағы басты тақырып?
Жауап: Халық қамы.
Үстем тап өкілдерінің озбырлығы халықты жігерлікке, ерлікке ұмтылдырды.
6. Ақынның:

Хан емессің, қасқырсың,
Кара албасты басқырсың!
Хан емессің, ылаңсың,
Қара шұбар жылансың...

деген өлең жолдары кімге арналған?
Жауап: Жәңгір хан.
7. Махамбет шығарған күйлерді білесің бе? Жауап: «Ақжелкен», «Жорық», «Жұмыр қылыш»,
«Қайран Нарын», «Қиял қырғыны», «Нарын», «Өкініш», «Тарлан», «Шілтерлі терезе» т.б.
8. Махамбет Өтемісұлы туралы жазылған қандай көркем шығармаларды білесің?
Жауап: Мұхтар Шаханов «Нарынқұм зауалы» поэмасы.
Әнуар Әлімжанов «Махамбеттің жебесі» романы.
Соңынан кітап көрмесіне библиографиялық шолу.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.