Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
Қазақстан аумағындағы кеңестік еңбекпен түзеу лагерьлері -

Қазақстан аумағындағы кеңестік еңбекпен түзеу лагерьлері

Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 3314 | Размер: | Автор: гость
. Буркитбаева Мейрамкуль Джолдасбаевна,
Абдолла Қарсақбаев атындағы №41 жалпы білім беретін мектепте тарих пәні мұғалімі
Алматы облысы, Жамбыл ауданы
Сабақтың тақырыбы: Қазақстан аумағындағы кеңестік еңбекпен түзеу лагерьлері

Сабақтың білімділік мақсаты: 1930- 1950 жылдары кеңестік қоғамда орнаған саяси режим жайлы түсіндіру. Қазақстандағы еңбекпен түзеу лагерьлері, халыққа қарсы қуғын-сүргіндері жайлы кең түрде баяндау.
Сабақтың дамытушылық мақсаты: Қазақ халқының басынан өткен нәубет жайлы қосымша әдебиеттерді тарихи құжаттарды пайдалану арқылы проблемалық логикалық тапсырмалар беріп, оқушылардың ойлау қабілеттерін дамыту.
Сабақтың тәрбиелік мақсаты: Оқушылардың отаншылдық сезімін арттыра отырып, елін, жерін сүюге тәрбиелеу.
Сабақтың типі: жаңа білімді меңгерту
Сабақтың әдісі: топтық жұмыс, сұрақ-жауап, баяндау.
Сабақтың көрнекілігі: интерактивті тақта, Қазақстан Республикасының картасы, портреттер, кестелер, сызбалар.
Сабақтың барысы:
I. Ұйымдастыру кезеңі.
II. Жаңа сабақ.
Кіріспе:
Большевиктік партияның мемлекеттік құрылымының әкімшіл-әміршілдік басқару жүйесіне айналуы БК (б)XVII съезінен кейін жүзеге асты. Съездің хаттамысының негізінде партия тікелей мемлекеттік және шаруашылық мәселелерді басқаруға құқық алды. Мұның арқасында жоғары партия басшылары шексіз билікке ие болды. Қатардағы коммунистер жоғарыдағы партиялық органдардың шешімдерін мүлтіксіз орындауға тиісті болды. Кеңестік органдардың жұмысына араласып, әкімшіл-әміршіл басқару билігін қолдады. Кеңес органдарының жұмысы көпшілік жағдайда қағаз жүзінде жүргізілді. Партиялық – мемлекеттік басқарудың ең басында партияның бас хатшысы И.В.Сталин тұрды.
Ой –шабуыл: Портреттер арқылы тұлғалар жайлы сұрау және толықтыру.
Картамен жұмыс: Қазақстанда орналасқан еңбекпен түзеу лагерьлерін көрсету.
І-топ: Қазақстандағы тоталитарлық жүйенің орнауы жөнінде не білесіңдер?
1920-1950 жылдардағы заңсыз қуғын-сүргіннің айнымас серігі – мемлекет және оның қызмет иелері мен органдарының қарапайым адам құқықтарын жаппай өрескел бұзып, аяққа таптауы болды. Бұл заң бұзушылық қуғын-сүргін саясатын жүзеге асыру барысында бұқаралық сипат алып, оған заңдық негіз бен жариялылық түр берген кеңес заңдарының нормалары нұсқаулармен бүркемеленді. Бұл кезең қолданылған қылмыстық жазалардың ерекше қаталдығымен сипатталады.
Қазақстандағы тоталитаризмнің көріністері
Диктаторлық жеке билік
Тоталитарлық тәртіп

Көрініс беру

Экономиканың
шикізаттық бағытта қалыптасуы
Ассимиляциялық саясат. Шынайы егемендіктің болмауы Концлагерьлер құру. Жаппай қуғын-сүргін жүргізу. 3,5 млн адам азап шекті

Тоталитарлық жүйені іске асыратын Ішкі Істер Халық Комиссариаты (НКВД және Мемлекеттік Қауіпсіздік Коммитеті (КГБ) кеңестері құрылды. ОГПУ үштіктері ешбір жазықсыз адамдарға үкім шығарып, жазалау шараларын жүргізді.
Сталиндік қуғын-сүргін кезеңдері:
 1-кезең – 1929 жыл-1933 жылдар;
 2-кезең – 1937-1938 жылдар;
 3-кезең – 1947-1953 жылдар.
 Партия іс-шараларды жүзеге асыру үшін лагерьлердің бас басқармасы – ГУЛАГ құрылды. Қазақстанда еңбекпен түзеу лагерьлері салынды.
 КСРО-да 1937-1938 жылдары 1 жылдың ішінде 125 мың адам тоталитарлық жүйенің құрбаны болды.
 Ресми деректерге сүйенсек, одақ бойынша 1921-1954 жылдар аралығында КСРО-да барлығы 3 миллион 777 мың адам жазықсыз сотталып, 642 мыңы – атылған, ал 1921-1954 жылдар аралығында Қазақстанда 103 мың адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 27 мың адам атылды.
ІІ-топ: КарЛАГ дегеніміз не және оның мәнін ашып беріңдер.
КарЛАГ 1930 жылы ұйымдастырылған. 1930 жылдың мамыр айында КСРО ХКК-ның «Қазақ еңбекпен түзету лагерін ұйымдастыру туралы» қаулысы қабылданды. «110 мың гектар жер алып, бүкіл жұмыстар Қазақстандағы ОГПУ ерекше мақсаттағы лагерьлер басқармасы күші мен қаражаты арқылы жүзеге асырылсын» деп айтылды. Жерді бүкіл құрылыстарымен ОГПУ ерекше мақсаттағы лагерьлерінің қарамағына беру туралы шешім қабылдайды. Алайда, бір жылдан кейін, яғни 1930 жылғы 19 желтоқсанда басқаша шешім қабылданады, онда: «Қазақ еңбекпен түзеу лагерінің» бірінші бөлімшесі - «Гигант» кеңшары осы күннен бастап, қысқартылған түрде «КарЛАГ ОГПУ» деп аталатын, ГУЛАГ-қа тікелей бағынатын Қарағандының жеке еңбекпен түзеу лагері болып қайта құрылатыны, лагерь басқармасы Долинка селосында орналасатыны» айтылған. Сонымен, Қарағанды еңбекпен түзеу лагері 1931 жылы 19 желтоқсанда құрылды, лагерьдің орталығы Қарағанды қаласынан 45 шақырым жердегі Долика селосы болды, оған 120 мың гектар егістікке жарамды жер, 41мың гектар шабындық жер бөлініп берілді. КарЛАГ аумағы солтүстіктен оңтүстікке дейінгі - 300 шақырым, шығыстан батысқа дейінгі 200 шақырым жерді алып жатты.
ІІІ-топ: Степлаг лагері туралы қандай деректер білесіңдер?
Степлаг еңбекпен түзеу лагері Жезқазған қаласы мен металлургия комбинатының құрылысын 1936 жылы бастады. 1940 жылы Кеңгір өзенінің жағасында бұрынғы пионер лагерінің орнына КСРО Ішкі Істер министрлігінің аса ірі «Жезқазған» лагері құрылды. Үлкен Жезқазғанның жұмыс істеп тұрған және салынып жатқан нысандарының бәрі НКВД қарауына беріліп, «Жезқазған еңбекпен түзеу лагері және НКВД комбинаты» деп, ал Жезқазған қаласының құрылыс алаңы «НКВД-нің Кеңгір құрылыс ауданы» деп аталынды. Өнеркәсіп пен құрылыс нысандарында 7 мыңнан астам тұтқындар жұмыс істейді. Ең әуелі «Кеңгір» су қоймасының бөгені мен жылу электр орталығы салынды. Тұтқындардың күшімен ұзындығы 40 шақырымнан астам «Жарық» стансасынан Кеңгірге дейін теміржол тармағы тартылды. Құрылыс нысандарының ұлғаюына байланысты тұтқындардың саны да өсе түсті. Рудниктер - 3117, Жезқазған марганец кешіне тартылған теміржол құрылысында- 2731, «Жезқазған» кенішінде - 2100, басқа да өнеркәсіп нысандарында - 1553, азаматтық құрылыста - 1901, Байқоңыр көмірін өндіруге-30, ауыл шаруашылығы жұмыстарында 338 тұтқын жұмыс істеді. 1941жылы ішінде комбинат пен лагерь 52 млн. сом капитал салымын игерді және құрамында 1500 тонна мысы бар 53 мың тонна мыс кенінен қазып шығарды.
IV-топ: Әйелдерді тұтқындайтын атышулы еңбекпен түзеу лагері қандай болды?
1937-1953 жылы АЛЖИРДЕ 20 мыңдай тұтқын әйелдер отырған деген дерек бар. Оның біразы сол жерде жан тапсырған. Кеңес Одағы бойынша сотталған белгілі азаматтардың әйелдері осы түрмеге қамалған. Ең сұмдығы бойына нәресте біткен аналарға да мейірімділік жасалмады. Нәтижесінде темір тордың аржағында 1507 нәресте дүниеге келіп, олардың басым көпшілігі аштық пен суықтың құрбаны болған.
АЛЖИРДЕ болған атақты адамдардың жарларын атасақ: Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза мен енесі Әлиса, Сәкен Сейфулиннің әйелі Гүлбахрам, Бейімбет Майлиннің әйелі Гүлжамал, Темірбек Жүргеновтың әйелі Дәмеш, Нығмет Нұрмақовтың әйелі Зупнун, атақты балерина Майя Плисецкаяның анасы Юлия, атақты бард-ақын Булат Окуджаваның анасы, жазушы Галина Серебрякова, Лениннің сүйікті серігі Бухариннің әйелі Анна Ларина, адмирал Колчактың туыстары, маршал Тухачевсккийдің екі қарындасы, маршал Блюхердің шешесі, атақты әнші Лидия Русланова. Бұдан басқа да әйгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің әйелдері осы АЛЖИР-де тұтқында болған.
V-топ: Қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар туралы мәліметтер?
Әкімшіл-әміршіл басқару жүйесіне келіспеген қайраткерлер қыспаққа түсті. Әртүрлі сыртынан жала жабу, жер аудару, абақтыға қамау, кінәлі деп тану, жазықсыз азаматтарды тұтқындау, күнделікті іске айналды. Жазалау толқыны Қазақстанды қатты шарпыды. Соның салдарынан қазақтың зиялылары зардап шекті. 1927-1929 жылдары Тұрар Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, М.Мырзағалиев республикадан аластатылды. Ж.Мыңбаев Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы қызметінен босатылды, С.Сәдуақасов – Ағарту Халық комиссары қызметінен, Ж.Сұлтанбеков Жер ісінің Халық комиссары қызметінен алынды.
1937-1938 жылдары террор жаппай сипат алды. Осы жылдары репрессияға ұшырағандар, Кеңес өкіметін орнатуға атсалысқандар: Т.Рысқұлов, С.Шәріпов, Ә.Әйтиев, С.Меңдешов, С.Арғыншиев, А.Асылбеков т.б. Партия қоғамдық ұйым қайраткерлері: О.Жандосов, Т.Жүргенов, Н.Нұрмақов, О.Исаев, Ұ.Құлымбетов, т.б. Қазақ әдебиеті мен ғылымының өкілдері. Негізін салушылар – С.Сейфиллин (1894 – 1938 жж., Б.Майлин (1894 – 1938 жж.). І.Жансүгіров (1894 –1938 жж.), М.Жұмабаев (1893–1938 жж.), М.Дулатов (1893–1938 жж.), С.Асфендияров, Қ.Жұбанов, М.Төлепов ату жазасына кесілді.

ІІІ. Жаңа сабақты бекіту: Сызба арқылы өздік жұмыс жүргізу

Карлагта азап шеккендер
АЛЖИР-де кімдер болды
Үйге тапсырма:
Қасіретті жылдар
Қазақстан аумағында қандай лагерьлер болды? Кімдер қамауға алынды? Қандай кінә тағылды?


Қосымша тарихи деректерді іздеп оқып келу.
IV. Сабақты қорытындылау: Біз не білдік?
Қорыта келгенде 3-мамыр сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды еске алу күні. Алматы облысы Жаңалық ауылында 30-40 жылдары қуғынға ұшыраған азаматтарға арналған ескерткіш қойылған. Аға ұрпақтың тарихымен олардың тәлкекке толы тағдырын жадымызда сақтау біздің адамгершілік парызымыз. Қазақ үшін басын бәйгеге тіккен боздақтар есімдерін қастерлеп ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп жеткізу парымыз.
V. Бағалау. Өзін-өзі бағалау
Оқушы білімін саралап қою.
VI. Рефлексия: - Маған сабақ ұнады...
- Менің сабақ ойымнан шықты...
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.