Меню
Назад » » »
БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА СЫН ТҰРҒЫСЫНАН ОЙЛАУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ПАЙДАЛАНУ АРҚЫЛЫ ҚҰЗЫРЕТТІ ТҰЛҒА ҚАЛЫПТАСТЫРУ
загрузка...

загрузка...
БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА СЫН ТҰРҒЫСЫНАН ОЙЛАУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ПАЙДАЛАНУ АРҚЫЛЫ ҚҰЗЫРЕТТІ ТҰЛҒА ҚАЛЫПТАСТЫРУ
Сайрам ауданы, №101 ЖОМ, бастауыш сынып мұғалімдері
Абдуллаева Хуринсо, Аташева Назира, Юнусметова Дилфуза

Болашақта өркениетті дамыған елдер қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Өйткені, тәуелсіз Қазақстанды дамыған бәсекеге қабілетті елу елдің қатарында, терезесін тең ететін – білім. Сондықтан қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдына оқу үрдісін технологияландыру мәселесін қойып отыр. Мектеп өміріне еніп отырған жаңа технологиялардың ерекшелігі өсіп келе жатқан жеке тұлғаны жан –жақты дамыту. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі оқушылардың дамуына да жаңа технология элементтерін пайдалану өз әсерін тигізуде.
Мен өзімнің іс тәжірибемде «Сын тұрғысынан ойлау технологиясын» қолданамын.
«Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау» бағдарламасының стратегияларын ұтымды пайдалану оқушылардың шығармашылық қасиетін анықтауда, күшейтуде, оқытудың тиімділігін, сапасын арттыруда ерекше маңызды.
Бұл бағдарламаның мақсаты – барлық жастағы, соның ішінде бастауыш сынып оқушыларының кез келген мазмұнды түсінікке сыни тұрғыдан қарап, ең керекті пікір, ұйғарым таңдауға, шешім қабылдауға үйрету. Оқушылардың білім деңгейін көтеруге, шығармашылыққа баулуға, ойларын еркін айтуға жетелеу.
Сын тұрғысынан ойлау сынау емес, шыңдалған, бірін – бірі толықтырған ойлау. Ең бастысы жекелей, топта, сыныпта оқушылардың білім деңгейін көтеруге ретімен сұрыптап қолданған стратегиялардың қай – қайсысы болсын сабақтың сапасын арттыруда үлесі зор.
Жаңа білімді қабылдау, бекіту, іскерлік пен дағдыны тәрбиелеу барысында жұмыс жүйесін, оқушылардың дербес белсенді әрекетін дамытуда, өздік жұмысының тиімділігін арттыруда «Сын тұрғысынан ойлау» барысындағы стратегияларды білімді меңгертудің әр түрлі кезеңінде қолдануға болатынын тәжірибе көрсетті.
«Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды» дамыту бағдарламасы ұстаз бен оқушыны ізденуге жетелейтін, шығармашылық шабыт беретін, болашаққа деген үмітті арттыратын бағыт.
Әр оқушыда өзін – өзі дамыта, жетілдіре бақылай алатын дағды қалыптастыру, соған сәйкес өз бетінше білім алуға үйрету дамыудың ең биік шыңына жету болып табылады. Яғни, ең алдымен, шығармашылық ойлау нәтижесінде жаңалық ашылады, тұлғаның дамуы жеделдейді. Оқушы ойын осылайша шыңдауға мүмкіндік туады.
Сын тұрғысынан ойлау бағдарламасы қызығушылықты ояту, мағынаны тану, ой толғаныс кезеңдерінен түзіледі.
Енді осы кезеңдердің мақсат-міндеттеріне толығырақ тоқталып өтейік.
Қызығушылықты ояту
Үйрену процесі – бұрынғы білетін және жаңа білімді ұштастырудан тұрады. Үйренуші жаңа ұғымдарды, түсініктерді, өзінің бұрынғы білімін жаңа ақпаратпен толықтырады, кеңейте түседі. Сондықтан да, сабақ қарастырылғалы тұрған мәселе жайлы оқушы не біледі, не айта алатындығын анықтаудан басталады. Осы арқылы ойды қозғату, ояту, ми қыртысына тітіркенгіш арқылы әсер ету жүзеге асады. Осы кезеңге қызмет ететін “Топтау”, “Түртіп алу”, “Ойлану”, “Жұпта талқылау”, “Болжау”, “Әлемді шарлау” т.б. деген аттары бар әдістер (стратегиялар) жинақталған. Қызығушылықты ояту кезеңінің екінші мақсаты – үйренушінің белсенділігін арттыру. Өйткені, үйрену – енжарлықтан гөрі белсенділікті талап ететін іс-әрекет екені даусыз. Оқушы өз білетінін еске түсіреді, қағазға жазады, көршісімен бөліседі, тобында талқылайды. Яғни айту, бөлісу, ортаға салу арқылы оның ойы ашылады, тазарады. Осылайша шыңдалған ойлауға бірте-бірте қадам жасала бастайды. Оқушы бұл кезеңде жаңа білім жайлы ақпарат жинап, оны байырғы біліммен ұштастырады.
Ойлау мен үйренуге бағытталған бұл бағдарламаның екінші кезеңі мағынаны тану (түсіне білу). Бұл кезеңде үйренуші жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс істейді, тапсырмалар орындайды. Оның өз бетімен жұмыс жасап, белсенділік көрсетуіне жағдай жасалады. Оқушылардың тақырып бойынша жұмыс жасауына көмектесетін оқыту стратегиялары бар. Соның бірі INSERT. Ол бойынша оқушыға оқу, тақырыппен танысу барысында V – “білемін”, ― - “мен үшін түсініксіз”, + - “мен үшін жаңа ақпарат”, ? – “мені таң қалдырады” белгілерін қойып отырып оқу тапсырылады. INSERT – оқығанын түсінуге, өз ойына басшылық етуге, ойын білдіруге үйрететін ұтымды құрал. Бір әңгіменің соңына тез жету, оқығанды есте сақтау, мәнін жете түсіну – күрделі жұмыс. Сондықтан да, оқушылар арасында оқуға жеңіл-желпі қарау салдарынан түсіне алмау, өмірмен ұштастыра алмау жиі кездеседі. Мағынаны түсінуді жоғарыдағыдай ұйымдастыру – аталған кемшіліктерді болдырмаудың бірден-бір кепілі. Үйретушілер білетіндерін анықтап, білмейтіндерін белгілеп сұрауға әзірленеді. Бұл әрекет арқылы жаңаны түсіну үшін бұрынғы білім арасында көпірлер құрастыруға, яғни байланыстар құруға дағдыландырады.
Тақырып туралы ой-толғаныс – бағдарламаның үшінші кезеңі. Күнделікті оқыту процесінде оқушының толғанысын ұйымдастыру, өзіне, басқаға сын көзбен қарап, баға беруге үйретеді. Оқушылар өз ойларын, өздері байқаған ақпараттарды өз сөздерімен айта алады. Бұл сатыда оқушылар бір-бірімен әсерлі түрде ой алмастыру, ой түйістіру, өз үйрену жолын, кестесін жасау мақсатында басқалардың әр түрлі кестесін біліп үйренеді. Бұл үйрену сатысы – ойды қайта түйіп, жаңа өзгерістер жасайтын кезең болып табылады. Әр түрлі шығармашылықпен ой түйістіру болашақта қолданылатын мақсатты құрылымға жетелейді.
Осы кезеңді тиімді етуге лайықталған “Бес жолды өлең”, “Венн диаграммасы”, “Еркін жазу”, “Семантикалық карта”, “Т кестесі” сияқты стратегиялар әр сабақтың ерекшелігіне, ауыр-жеңілдігіне қарай лайықтала қолданылады.
Джиксо – ұжымдық оқыту әдісі. Мақсаты – жалпы мәселені алдымен жұпта, сосын ұжымда талқылау. Бұл жағдайда әрбір оқушы бір сәт өзін мұғалім ретінде сезінеді, оқуға деген жауапкершілігі артады.
Әдісті қолдану төмендегіше ұйымдастырылады. Алдымен ұжым 4 адамнан тұратын топтарға бөлінеді. Бұл “жанұя” топтар деп аталады. Содан кейін 1, 2, 3, 4-ке санау арқылы 1-лер бөлек, 2, 3, 4 өз алдына “жұмыс” тобын құрайды. Оқуға ұсынылатын материалдың тақырыбы талқыланған соң осы мәтінді түсіну қажет екендігі ескертіледі. 4 логикалық бөлікке бөлінген мәтіннің 1-бөлігін 1-лер, 2-бөлігін 2 санын алғандар, 3, 4 нөмірлі топтарға оқуға тапсырылады. Жұмысты бастамас бұрын оқушыларға “жұмыс тобында” мәтіннің тиісті бөлігін жақсы меңгеру қажеттілігін, өйткені сол бөлікті “жанұя топ” оқушыларына түсіндіруге жауапты екенін, мәтінді тұтас түсіну әр оқушының ыждағаттылығына байланысты екенін түсіндіру қажет.
Келесі кезекте ұжым мүшелері бастапқы топтарымен қайта табысып, өздерінің үйреніп келген бөліктеріндегі мазмұнды ортаға салады. Осылайша ұжым мүшелері бірін-бірі оқытуға, сол арқылы ойлауға үйренеді.
ДЖИКСО стратегиясы мазмұнды жоғары табыспен меңгеру, оқығанды есте сақтау үшін өте тиімді. Оқушының оқуға деген қызығушылығы артады, ұжымда жақсы қарым-қатынас қалыптасады, саналы тәртіп орнайды. Сондай-ақ, мұғалімді, мектеп қызметкерлерін түсіну, оларға деген дұрыс көзқарасқа үйренеді.
Сондай-ақ, әдістің тиімділігі – сабақтан тысқары қалатын оқушы болмайды, оқыған мәтінді түсіну, оны түсінікті етіп айтып беру, оған қатысты ойын, пікірін білдіру арқылы оқушының тілі дамиды. Осылайша ұйымдастырылған оқу сабақтары арқылы сауатты оқырман қалыптастыру мүмкіндігі туады.
Еркін жазу. Бұл әдісті сын тұрғысынан ойлау жобасындағы сабақтың үшінші ой толғаныс кезеңінде пайдалану тиімді. Мұғалім сабақ бойына қарастырылған жаңа ақпарат жайлы, одан алған әсерін, не үйренгенін, нені әлі де біле түсу керек екенін т.б. жайлы өз пікірін қағаз бетіне түсіруді тапсырады. Жазуға уақыт береді. Уақыт аяқталған кезде оқушылар өз жазғандарымен топ мүшелерін таныстырады. Ең жақсы деп танылған жұмысты ұжымда оқуға болады. Оқушыларды алған білімдерін қорытуға, оған сын көзбен қарап, ойын түйіндеуге үйрететін бұл әдісті кез келген сабақта қолдануға болады.
Венн диаграммасы. Бір-бірімен айқасқан екі шеңбердің екі жағына салыстыруға берілетін объектілердің сипаттамалары жазылады. Ал айқасқан жерге екеуіне ортақ сипаттар тізіледі. Салыстыруға арналған тапсырмаларды осы диаграммаға салып, оқушылар қызыға толтырады, яғни салыстыру сияқты күрделі ойлау операциясын меңгереді.
“Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту” жобасында жұмыс жасауды бастаған мұғалімдер бұл сабақтар баланың танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алуға, шығармашылығын қалыптастыруға ықпал ететіндігін атап өтсе, оқушылар оқудың (сабақтардың) қызықты, жеңіл өтетіндігін, ұжымда бірлесіп жұмыс жасауға үйрететіндігін, білімнің тереңдігі, әрі тиянақтылығы артатындығын баяндайды.
Бүгінгі қоғамға, мектепке керегі де осылар.
Оқытудың осындай жаңа педагогикалық технологияларын сабаққа ендіру бүгінгі таңда әрбір ұстаздың басты мақсаты болуы керек. Себебі, елімізге заман талабына сай қалыптан тыс ойлай алатын, шұғыл шешімдер қабылдай білетін, белсенді, шығармашыл азаматтар қажет. Сабақта тек білімділік мақсаттарды шешіп қоймай, балалардың жекелік қасиеттерін, қабілеттерін дамытудың жолдарын қарастыруда дәстүрлі оқыту мен дамыта оқытудың айырмашылығын салыстыру кестесі арқылы көрсетуге болады. Мұғалім бұл жүйемен жұмыс жасағанда, үнемі оқушы санасында болып жатқан өзгерістерді бақылап, оның дамуын жан-жақты зерттей отырып, өз сабақтарын соған сай өзгертіп отыруы тиіс. Әйтпесе, жаңа жүйенің құны болмайды.
Қорыта келе, сабақта жаңа технология элементтерін тиімді пайдалану оқушылардың танымдық әрекеттерін, белсенділігін дамытып, оларды шығармашылыққа жетелейді. Ізденушілігін арттырып өз ісіне сенімін нығайтады.Сабаққа қызығушылығын арттырып, белсенділігі күшейеді. Егер де жаңа технология элементтерің сабақта өз дәрежесінде ұйымдастыра білсек, өз нәтижесін береді.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. "Мектеп" журналы /2012ж,2011ж/
2. Нұсқаулық / ІІІ деңгей базалық/
3. З.У. Имжарова, А.У.Ахметова, Ж.И.Имжарова, А.С.Кушкимбаева
"Сын тұрғысынан ойлау- білім алу үдерісінде" /Оқу әдістемелік көмек 2012ж/
4.Оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдері арқылы табысты оқытуға қол жеткізу
А.А. Давлетляровна / Шымкент 2014ж / Тәлімгер.орг Полный текст материала на тему БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА СЫН ТҰРҒЫСЫНАН ОЙЛАУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ПАЙДАЛАНУ АРҚЫЛЫ ҚҰЗЫРЕТТІ ТҰЛҒА ҚАЛЫПТАСТЫРУ можно смотреть в скачиваемом файле. На этой странице приведен фрагмент материала

Авторы:

Бөлімі: Қосымша сабақ жоспары | Логин: гость
Көрсетілім: 303 | Жүктеулер: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Барлық пікірлер: 0
avatar