Меню
Назад » » »
БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ИННОВАЦИЯ ҰҒЫМЫ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕЛУІ
загрузка...

загрузка...
БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ИННОВАЦИЯ ҰҒЫМЫ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕЛУІ
Төлеби ауданы, Ленгер қаласы, Көксәйек арнай негізгі мектеп
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, Кенжебекова Гульнар Манашаковна

Қазіргі дамыған елдер инновациялық идеяларымен дүние жүзін жаулап келеді. Бүгінгі күні өмірімізге дендеп еніп, қолданысы кеңейе бастаған «инновация» термині ауыз екі тілде ғана емес, қоғамдық қарым-қатынаста кеңінен қанат жайды. «Инновация» ағылшын тілінен аударғанда «жаңалық енгізу, жаңашылдық» деген ұғымды білдіреді. Басты мәні бұрын болмаған жаңалық, қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандырудың жаңа әдісі деген түсініктеменің жиынтығы [1]. Жаңашылдық білім беру саласының алдында тұрған жаңа міндеттерді сәтті орындаудың негізгі шарттарының бірі болып саналады. Олар оқу-тәрбие жұмыстарының тиімділігі мен өнімділігін арттыруға септігін тигізеді. Білім беру саласына жаңалықтар енгізбестен бұрын, қоғамдық еңбектің басқа салаларына сәтті түрде жаңалықтар енгізу қиынға соғады. Өзгерістер өмірдің диалектикасы ретінде тек қана біздің заманға, біздің қоғамға және біздің өмірге тән құбылыс емес. Олар мәңгі адами қозғалыстың, яғни адамның жақсы өмір сүруіне, жаңа заман талабына сай шарттарға қол жеткізуіне деген күресі мен талпынысының көрінісіне айнала отырып, жалпы өмірдің диалектикасын бейнелейді. Жуырда ғана мұндай өзгерістер өте баяу жүзеге асатын, алайда соңғы жылдардағы ғылым мен техниканың өзара тығыз байланысты дамуының нәтижесінде олар да қарқындылығын күшейте бастады. Бүгінгі күні әртүрлі елдер үшін білім беру мен тәлім-тәрбиені дамыту бағытында ортақ қиыншылықтардың туындағанына қарамастан, олар бір-бірінен білім беру мәселелерін шешу жолдары, әдістері және мақсаттары тұрғысынан елеулі дәрежеде ерекшеленіп отырғандығы байқалады. Мұндай айырмашылықтар адамның рөлі мен оны жетілдірудің маңызын (мінез-құлқының маңызын, жеке тұлғаны дамытудағы тәрбиенің рөлін), осыдан барып қоғамның жекелеген мәселелерін шешудегі, оның қажеттіліктерін қанағаттандырудағы және жалпы қоғамды дамытудағы білім беру жүйесінің міндеттерін әртүрлі түсінуден келіп шығады. Осыған байланысты, әртүрлі қоғамдық-саяси жүйелерімен ерекшеленетін елдерде білім беру саласына жаңалықтар әртүрлі мақсаттармен, әртүрлі тәсілдермен және әртүрлі атаулармен енгізіледі де, олардан әртүрлі нәтижелер күтіледі. Әртүрлі елдердегі бірдей жаңалықтар әртүрлі қызметтерге ие болып, оларды қолдану нәтижелері де түрліше бағаланады [2]. Ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді сараптау нәтижелері «новация» мен «инновация» ұғымдарын жеке- жеке қарастыру керектігін көрсетті. Дегенмен, әдебиеттерде осы екі ұғымның әртүрлі анықтамалары кездеседі. Инновация ұғымын энциклопедиялар мен сөздіктерде әртүрлі анықтамаларын кездестіруге болады. Инновация ұғымына жалпы энциклопедияның жаңа басылымында «инновация, жаңалық, жаңару – техникалық және технологиялық жетістіктер мен ашылымдардың немесе жаңалықтардың іс жүзіндегі қолданысы» деген анықтама беріледі. Ал, сөздікте «новация – бар нәрсенің ішінара жаңаруы, яғни қандай да бір бөлігінің, қасиетінің, байланысының өзгеруі» делінсе, «инновация – мүлдем жаңа нәрсе, жаңалық» ретінде пайымдалады . «Инновация» сөзі латын тіліндегі іn (ішіне) novus (жаңа) сөздерінен құралып, жаңару, жаңалық, өзгеру деген мағынаны білдіреді [3]. Қазақстанда ең алғаш “инновация” ұғымын қазақ тілінде анықтаған ғалым, профессор Н.Нұрахметов. Ол «Инновация, инновациялық үдеріс деп отырғанымыз білім беру мекемелерінің жаңалықтарды жасау, меңгеру, қолдану және таратуға байланысты бір бөлек қызмет» деп көрсетеді. Ал, К.Құдайбергенова «инновацияны» – нақты қойылған мақсатқа сай алынған жаңа нәтиже деп есептеп, төмендегідей аудармалар жасаған: «инновация» - жаңарту, «нововедение» – енген жаңалық, «новое» – жаңа, «новшество» – жаңалық, «инновационный процесс» – жаңарту үдерісі. Алайда, инновация ұғымының шығу кезеңі мен тарихын дәл анықтау мүмкін болмаса да, бұл ұғым қоғамдық ғылымдарға жаратылыстану ғылымдарынан келген деп есептеледі. Өйткені, инновациялар көбіне экономика, техника, агрономия, өнеркәсіп және медицина салаларында кеңінен қолданылады. Инновациялар қоғамның пайда болу кезеңінен бері жүзеге асырылып келе жатса да, педагогикалық категория ретінде ХХ ғасырдың 70-80 жылдарында ғана қолданысқа енгізілді. Мұның басты себептерінің бірі – олардың мағынасының түрліше түсінілуінде [2]. Қазіргі заман педагогтері Б. Әбдікәрімов, М.С. Молдабекова, Т.С. Садықов, А.А.Саипов, Л.Х. Мажитова, Г.Ж. Меңлібекова, Е.Ө. Медеуов, Ж.Ж. Жаңабаев, А.А. Жолдасбеков, Ж.К. Оңалбек, С.Маусымбаев, А.М. Абдыров, Б.А. Оспанова, К.М. Беркімбаев және т.б. маманды кәсіби даярлау үдерісінің психологиялық- педагогикалық негіздеріне, мамандықтың мәніне, өзіндік ерекшеліктері мен функцияларына тоқталады. Оның құрылымын негіздей отырып, маманның іс-әрекетінің кәсіби бағдарын, студенттердің шығармашылық және өздігінен дербес білімін жетілдіруге байланысты ғылыми-әдістемелік бағдар ұсынған. Қазақстанда білім беру жүйесіндегі басқару мәселелері де ғалымдардың зерттеу нысанынан тыс қалмады. Оны республика ғалымдары бірнеше бағытта зерттеді. Айталық, жоғары оқу орындарында білім беру жүйесіндегі оқу үдерісін басқару Н. Асанов, Ш.Т. Таубаева, С.С. Хасенов, Е.Ш. Қозыбаев, жалпы орта білім беру жүйесіндегі мектепті басқару Н.А. Әбішев, К.Д. Қарақұлов, кәсіптік-техникалық білім жүйесіндегі оқу үдерісін басқару Б.К. Момынбаев, К.Ө. Өстеміров, оқу-өндірістік комбинаты, жастарға еңбек және экономикалық білім беруді басқару Қ.Ж. Аганина, А.М. Мүсілімов, Г.Т. Хайруллин және т.б. ғалымдардың еңбектерінде көрініс тапқан [3]. Инновациялық үдерістерді зерттеу барысында жүйенің бір жағдайдан екінші жаңа жағдайға көшуі және жаңалықты енгізу үдерісіне басшылық жасау мәселелерін зерттеу маңыздылығы алыс және жақын шетел ғалымдарының К. Ангеловски, М.В. Кларин, В.Я. Ляудис, М.М. Поташник, С.Д. Поляков,Т.И. Шамова, О.Г. Хомерики, Н.Р. Юсуфбекова, В.И. Загвязинский, П.И. Пидкасистый, Н.И. Лапин, А.И. Пригожин, Ю.Н. Кулюткин, А.К. Маркова, Н.Д. Никандров, Я.А. Пономарев, В.А. Сластенин, Л.С. Подымова, 310 Л.Н. Фридман және т.б. еңбектерінде қарастырылған. Қазақстан Республикасында білім беру саласындағы педагогикалық инновация мен оқытудың жаңа технологиясы мәселелерін Ш.Т. Таубаева, Н.Н. Нұрахметов, С.Н. Лактионова, Е.З. Батталханов, Қ.Қ. Қадашева, Т.О. Балықбаев, Ж.А. Қараев, Г.К. Нұрғалиева, К. Бұзаубақова, С.Д. Мұқанова, Н.И. Хван, Л.Е. Румянцева, З.У. Имжарова, М.М. Мұқаметқалиқызы және т.б.педагог ғалымдар зерттеген [4]. Инновациялық білім беру үдерістерін басқаруды кәсіби қалыптастырудың тиімділігін бағалау критерийлеріне инновациялық білім беру үдерісінің шынайылығы, жүзеге асырылғыштығы (ресурстық қамтамасыз етілу деңгейі), басқарылғыштығы, инновациялық деңгейі, гуманитарлығы, өңделгендігі және таралу мүмкіндігі жатады. Ғылым мен техниканың соңғы жетістіктеріне сүйене отырып, оқыту процесіне де технологияны ендіру қажеттілігі туды және оқытуды дәрежеге көтеруде маңызды рөл атқарады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Жаңа ақпараттық технологиялардың тиімділігі. Г.Бейсенова, Қазақстан мектебі №6 - 2006ж
2. Кукушкина О.И. Компьютерная программа для детей с откланениями в развитии // Педагогика. – 2001.- №6.-С. 33-39.
3. Кукушкина О.И. Компьютерные технологии в контексте професии: обучение студентов // Дефектология. – 2001. - №3. – С. 44-52.
4. Кукушкина О.И. Компьютерная поддержка взваимодействия специального психолога и педагога// Дефектология .-2002. Тәлімгер.орг Полный текст материала на тему БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ИННОВАЦИЯ ҰҒЫМЫ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕЛУІ можно смотреть в скачиваемом файле. На этой странице приведен фрагмент материала

Авторы:

Бөлімі: Қосымша сабақ жоспары | Логин: гость
Көрсетілім: 305 | Жүктеулер: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Барлық пікірлер: 0
avatar