Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
ЭТНОПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР НЕГІЗІНДЕ ТҰЛҒА ҚАЛЫПТАСТЫРУ -

ЭТНОПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР НЕГІЗІНДЕ ТҰЛҒА ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 1575 | Размер: | Автор: гость
. ЭТНОПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР НЕГІЗІНДЕ ТҰЛҒА ҚАЛЫПТАСТЫРУ
Төлеби ауданы, Көксәйек арнай негізгі мектеп
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, Махатова Жазира Бимырзаевна

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында барлық қазақстандықтардың өсіп - өркендеуі, қауіпсіздігі және әл - ауқатының артуына бағытталған негізгі басым бағыттар мен міндеттерді жүзеге асыру үшін сапалы білім беруді жақсарту, ғылыми - инновациялық жұмыстардың өндіріспен байланысын жандандыра түсу, білім беру ісіндегі тәрбиенің рөлін арттыру қажеттілігі айтылды. Еліміздегі тұрақты даму, жаңа стратегиялық бағыттар мен қоғамның ашықтығы, оның жедел ақпараттануы, қарқындылығы білім беруге қойылатын талаптарды түбегейлі өзгертті. «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» демекші бүгінгі таңда қоғамда тәрбие жүйесін жандандыру қажеттілігі туындады. Осыған байланысты білім берудің жаңа үлгісін ендіруде тәрбиеге баса назар аударылуда. Баланың тұлғалық дамуының негізгі параметрлері оның жалпыадамзаттық құндылықтарға бағытталуы, ізгілік, зиялылық, креативтілік, белсенділік, жеке басының намыс сезімі, ой-пікірдегі тәуелсіздік болып табылады. Осы қасиеттердің даму деңгейі тұлғаның әлеуметтік қалыптасуы мен әлеуметтік біліктілігінің көрсеткіштері деп қарастыруға болады. Білім беру жүйесінің басты міндеті – жеке тұлғаның ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде қалыптасуы мен дамуы және оның кәсіби жетілуі үшін қажетті жағдайлар жасау; баланың тәрбиелену, білім алу және жан-жақты қалыптасу, ана тілін, ұлттық салт дәстүрлерді сақтау, ақпараттану, денсаулығын нығайту сияқты құқықтарын іске асыру болып табылады. Осы қасиеттерді білім алушылардың бойында қалыптастыру мен дамыту Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің маңызды міндеті ретінде қарастырылады. Кез-келген тұлғаның ой-санасының, дүниетанымдық көзқарасының қалыптасуына, дамуына өзін қоршаған ортасы, алған білімі мен атқарған қызметі, қоғамдық-саяси ахуал міндетті түрде әсер етеді. Адам санасы тәңірлік жаратылыс қана емес, қоғамдық ақыл-ойдың да жиынтық көрінісі. Адам санасы өткені мен бүгінін қорыта отырып қалыптасады, жетіледі, өседі. Заманына қарай ұрпағы өсіп-жетіледі. Бүгін де өз елінің салт- дәстүрін, дінін, тілін жарнамалап жатқан ақпарат құралдары елімізде басымдыққа ие болып отыр. Ғаламдық ақпараттық кеңістікті қалыптастыруда ғаламтор желісі - бүкіл әлемде бірнеше миллион адамдарды қамтып, біріктіріп отырған біртұтас ақпарат кеңістігі десек, ғаламтордағы жақсы мен жаманның парқын біздің ұрпақ қаншалықты ажырата алды? Жоқ, ажырата алмай дамыған елдер ақпаратының ықпалында кетіп отыр ма? Себебі дамушы елдер үшін жаһандану үрдісі тудыратын мәселелер мен қауіп-қатерлер көп. Жаһандану үрдістері әртүрлі әлеуметтік және экономикалық даму деңгейдегі дамушы елдерге және халықтарға алуан түрлі әсер етеді. Дамушы елдердің дамуына жаһандану үдерісі жаңа мүмкіндіктер жасайды. Сонымен қатар, осы елдер үшін аса үлкен қиындықтар да туғызады. Даму жолына түскен елдердің көбі өркениетті елдердің салт-дәстүрі, әдет-ғұрпына бойұсынып, ұлттық болмысынан айырылады. Абай айтқан «Әркімді заман сүйремек, заманға жаман күйлемек, замана оны илемек» болып тұрған уақытта Президенттің «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауындағы Мәңгілік ел ұғымы ұлтымыздың ұлы бағдары «Қазақстан-2050» стратегиясының түп қазығы етіп алынғаны көңілімізге қуаныш ұялатты. «... Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – «Мәңгілік Ел» идеясы. Ендігі ұрпақ - Мәңгілік қазақтың перзенті. Қазақ елінің Ұлттық Идеясы – «Мәңгілік Ел» [1]- деп, қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген жиі талқыға түсіп жүрген сауалға нақты жауап берді. Сондықтан бүгінгі ұрпақ үшін ұлттық идея айқын, ендігі міндет болашағымызға бағдар ететін – «Мәңгілік Ел» идеясын қалыптастыру жолында қызмет ету. Бұл идеяны жүзеге асыру үшін мектептерде мақсатты түрде тәрбие жұмыстарын жүргізу, сонымен қатар барлық оқу пәндерінің тәрбиелік мәнін күшейту қажет. Оқытылатын пәндер рухани-адамгершілік қасиеттері мен білім алушылардың патриоттық сезімдерін қалыптастыруға, қазақстандық отаншылдық пен азаматтық жауапкершілік, ұлттық сана-сезім мен толеранттылық, Қазақстанның этникааралық жағдайда қарым-қатынас жасай білуіне бағытталуы тиіс. Қазіргі уақытта тәрбие үдерісін кадрлармен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар жоқ емес жүргізіліп келеді. Мектептердің, кәсіптік мектептер пен колледж директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, жоғары оқу орындарының тәрбие ісі жөніндегі проректорлары, сынып жетекшілері, педагогтар-ұйымдастырушылар, аға тәлімгерлер, әлеуметтік педагогтар, педагог-психологтар, сынып тәрбиешілері, қосымша білім беру педагогтары мен әдіскерлер штат бірліктеріне енгізілді. Мектеп-интернаттардың тәрбиелік жұмыстары тәрбиеленушілердің жан-жақты дамуына қарай бағытталуда. Баланың рухани дүниесі мен өзін қоршаған ортаның өзара үйлесімді байланысын қамтамасыз етуге, балалардың өмірлік өз жолдарын тануға, олардың азаматтық көзқарастары қалыптасуына, гуманитарлық құндылықтардың негізінде жетілуіне жағдайлар жасалынуда. Әрбір жасөспірімнің тұлғалық өсуін психологиялық-педагогикалық қамтамасыз ету, өзіндік жолын табу еркіндігі болуына, табысқа жету жағдаяттарын тани алуына, өзіндік тәрбиеге ықпал етіп, жеке басының дамуына құрметпен қарауда қыруар жұмыстар атқарылып келеді. 156 Алайда, Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасында көрсетілгендей «Республика аймақтарында тәрбие беру ісінде шешімі табылмаған көптеген проблемалар бар, оларға мыналар кіреді: − тұлғаға қоғамдағы әлеуметтік жағдайлардан жаңа талаптар жүйесі туындауы; – тәрбиенің мақсатын және басым бағыттарын белгілеуге мүмкіндік беретін нақты идеологиялық бағдар жеткіліксіздігі. − қоғамның әлеуметтік жіктелуі, қоғамның кірістер бойынша күрт қарама-қайшылануы; − халықтың кейбір бөлігінің еңбек етпей табылған молшылықты дәріптеуі зияндық, әлеуметтік әділеттікке сенбеушілік сезімдерін тудыруы; − оқыту рөлінің жоғары бағаланып және қазақстандық жаңа ұрпақтың қалыптасуындағы тәрбие рөлінің толық бағаланбауы; − педагогтардың жалпы адамзаттық және жалпы мемлекеттік құндылықтарға жауапкершілікпен қарауды қалыпқа келтіру әрекеттері үнемі тиімді бола бермеуі; − әлеуметтік институт ретінде отбасының тәрбиелік рөлінің әлсіреуі; − адам өмірін аса маңызды құндылық ретінде бағаламау, салауатты өмір салтын қалыптастыру дағдыларының толық қалыптаспауы; − бұқаралық ақпараттар құралдарының жеке тұлғаны қалыптастырудағы кері ықпал етуі; − тәрбиенің жаңа парадигмасын ғылыми-әдістемелік жағынан жеткіліксіз қамтамасыз етілуі; − педагогтардың осы заманғы тәрбие технологияларын жеткіліксіз меңгеруі; – балалар мен жастардың қоғамдық ұйымдарының тәрбиелік потенциалы тиімділігінің төмендігі; − еңбек тәрбиесі мен кәсіби бағдар беру жүйесінің жоғалуы; − балалар мен жастар қызығушылықтары бірлестіктер жүйесінің шектеулілігі (клубтар,үйірмелер, секциялар т.б.) және олардың іс-әрекеттерінің жеткіліксіздігі» [2]. Жоғарыда аталған шешімі табылмаған мәселелердің барлығы да өзекті. Ұлттық тәрбиенің мақсатын және басым бағыттарын белгілеуге мүмкіндік беретін нақты идеологиялық бағдар жеткіліксіздігі Елбасы Жолдауының «Мәңгілік Ел» идеясында жақсы айтылды. Тәрбие – адамзат тарихының біте қайнасқан, ажырамас бөлігі. Тәрбиенің нәтижесінде талай ғасырлардан қалыптасқан ұлттық сана, іс – тәжірибе, салт – дәстүр асыл мұра ретінде осы күнге дейін жетті. Тәрбие – қоғамдық құбылыс, оның негізгі қозғаушы күші, өркениетті елді қалыптастыратын берік «құрылыс материалы». Сондықтан адам баласы қай қоғамда болмасын ұрпақ тәрбиесін жетілдірудің тиімді үрдісін жасауды басты назарда ұстаған. «Жастай берген тәрбие−жас шыбықты игендей», «Ұлтты жою үшін ең алдымен оның жастарын аздыру керек» − деген халқымызда қанатты сөздер бар. Осы бағытта, әсіресе, оқыту қазақ тілді емес мектептердегі оқу-тәрбие үдерісінде оқушыларды ұлттық құндылықтарға бағыттаған тәрбие жұмыстарын күшейту қажеттілігі кезек күттірмес мәселе болмақ. Жас ұрпаққа ұлттық тәлім-тәрбие беруде Президент Н.Ә.Назарбаевтың: «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз» [3]−деген сөзі әрқашан жадымызда болу керек. Жә, олай болса, отаншыл тұлға қалыптастыруда ұлттық келбетімізді сақтай отырып, дамыған елдердің көшін бастауға ұмтылуымыз үшін қандай харекет жасамақ керек? Әлем құндылықтарын төл мәдениетімізді дамыта отырып қалай игереміз? Әрине, бұл тығырықтан шығарар жалғыз жол «Мәңгілік Ел» идеясының түпқазығы ұлттың тілі, діні, ділі болмақ. Біз ұлттың осы үш құндылығын сақтап, дамыту, игеру арқылы ұлтымызды сақтап қаламыз және әлем құндылықтарына қол жеткіземіз. 1) Өз елінің перзенті ретінде бірінші жастарымыздың ана тілін, мемлекеттік тілін білуі туралы насихатты күшейтуіміз керек. Ана тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Ж.Аймауытов «Ана тілін жақсы меңгеріп алмай тұрып өзге пәндерге түсіну мүмкін емес. Ана тілі халық болып жасағаннан бергі жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы мол халықтың тілі» [4] − деп, ана тілінің қоғамдық рөлін, адамзат баласы жасаған бар рухани-мәдени байлықты меңгертудің құралы екенін, оны жақсы және дұрыс берудің қажеттігін баса көрсеткен. 2) Ұлттық тәрбиенің тағы бір көрінісі – ол имандылық қасиет. Ұлы Абай: «Иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек», «Алланың, пайғамбардың жолындамыз, Ынтамызды бұзбастық иманымыз»[5]- дейді. Яғни, дінге берік болсаң ынтымағымыз бұзылмайды. Іргеміз берік болады. Басқа жат діндердің ағымына ермейміз. Пайғамбар ұсынған парыздарды орындау әрбір мұсылман адамның міндеті. Осыған байланысты ғалымдар Қ.Жарықбаев, Ә.Табылдиев былай деп жазды: «Жас адамды имандылыққа баулу үшін олардың ар-ұятын оятып, намысын қайрап, мейірімділік, қарапайымдылық, қайырымдылық, ілтипаттық, кішіпейілділік, қамқорлық, адалдық, ізеттілік сияқты әдептік-психологиялық қасиеттерді олардың бойына сіңіру отбасының, балалар бақшасы мен мектептің басты парызы» [6]. 3) Салт-дәстүр халықтың нанымы, сенімі, тіршілігіне байланысты қалыптасқан ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырған қоғамдық құбылыс. Ол отбасылық тәрбиеде қалыптасады. Ұлттық салт-дәстүрді құрметтеп, ұлттық тәрбиенің тарихына, бастау бұлағына тереңірек үңіліп зерделеу заман талабы. Тек зерделеп қана қоймай халықтың өмір қажеттілігіне жарату керек. Тарихын білмеген, салт-дәстүрлермен ұлттық өнердің қадір- қасиетін терең сезінбеген адамның азаматтық, Отаншылдық намысы оянбайды. Халқымыздың бойына сіңген 157 атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбие халықтың сан ғасырлық тарихымен тығыз байланыста болып, осы уақытқа дейін дәстүрлі тәрбие құндылықтарын жоғалтпай келеді. Халқымыздың ұлттық тәрбиесі негізінен жүйелі болған. Өйткені, тәрбие әке-шеше, отбасынан бастап, ағайын-туыс, көрші-қолаң бәрі араласып, бәрі де халықтың баласына ортақ қамқорлық жасаған. Халық педагогикасы туралы ғалым-педагог С.Қалиұлы «Ұлттық табиғатымызға сай келе бермейтін сіреспелі педагогикадан халық педагогикасына ауысқан осы дәуірде оны бүгінгі күн қажетіне сай пайдаланудың практикалық маңызы зор. Ол үшін халқымыздың тәлім- тәрбиелік негіздерін отбасында, балабақшада, әртүрлі сатылы мектептерде және қоғамдық ортада қолдануымыз керек» [7] – деуі өте орынды. Ғалым оқу-тәрбие жүйесін этнопедагогикаландырудың теориялық мәселелерімен айналысып: «Әр халық өзіне тән ұлттық жүйесінсіз, қоғамдық кеңістікте жеке ұлт болып өмір сүруі мүмкін емес. Онсыз халық әлеуметтік феномен ретінде өзінің ұлттық дербестігін сақтап қала алмайды» [7]− дейді. «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген нақыл сөздің ұлылығы осында жатыр. Ұлы Абайдың «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деуінің мәні де осында. Қорыта келгенде, Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында нақты әлеуметтік-этнопедагогикалық жағдайларға басымдық беретін ата-аналар мен оқушылардың сұраныстарына бағытталған ұлттық тәрбие беру жүйесі құрылуы керек. Халық педагогикасындағы үздіксіз тәрбие мәселесінде адамгершілік, бауырмалдық, туыстық, қайырымдылық қағидаларын басшылыққа ала отырып, үлкен мен кіші, ұстаз бен шәкірт, ата-ана мен бала арасындағы ынтымақтастық педагогикасын дәріптеу қажет. Жаһандану заманында жеке тұлғаға тәрбиелік ықпал жасаудың диапозоны кеңейген уақытта этнопедагогиканың жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор болмақ.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы (2014 ж. 17.01.) Астана, 2014.
2. Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы /Білім және ғылым Министрінің 2009 жылғы 16 қарашадағы № 521 бұйрығымен бекітілген/ kzgov.docdat.com/docs/80/.
3. Шамшиева М.А. «Қазақстандық патриотизм − бүкіл қазақстандықтарға тән сезім». rusnauka.com/7_ NITSB_2013/.
4. ХХ ғасырдың басында қазақ этнопедагогикасының ғылым ретінде қалыптасуы. bigox.kz/.
5. Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Алматы. «Жазушы» 2005 ж. 55, 63-б.
6. Жарықбаев Қ., Табылдиев Ә. Қазақ этнопедагогикасының әдіснамасын жасаудың кейбір өзекті мәселелері. Этнопедагогика және этнопсихология. – 2 жинағы, Алматы, 1996-18 б.
7. Қалиев С. Қазіргі оқу-тәрбие жүйесін этнопедагогикаландырудың теориялық негіздері. – Ұлт тағылымы, №1, 2001-17 б.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.