Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
Қиын балалардың мінез-құлқын анықтау және түзету жолдары -

Қиын балалардың мінез-құлқын анықтау және түзету жолдары

Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 3598 | Размер: | Автор: гость
. Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінің Оқушылар Үйінің
педагог-психологі Матай Сарқыт Құрманғалиқызы

Қиын балалардың мінез-құлқын анықтау және түзету жолдары

«Тәрбиесіз берілген білім -
адамзаттың қас жауы
(Әбу Насыр Әл – Фараби)

Тәрбие ана сүтінен басталып, тұлғаның бір-біріне ықпалы арқылы өмір бойы қалыптасатын күрделі құбылыс. Бала тәрбиесі - салғырттыққа, себеп
сылтау іздеуге көнбейді, ол күрделі де, жауапты міндет. Ендеше , әрбір баланың психологиясын білу көп ойлануды, көп ізденуді қажет етеді. Қарапайым сөзбен түсіндірсек баланы оқылмаған кітапқа теңеуге болады, себебі кітаптың әр парағын оқыған сайын оны түсінесің, оған жақындай түсесің, оны танисың, жаңадан жаңалықтарға тәнті боласың.
Болашақ жас ұрпақтың қолында десек, осы жетістіктерге жету үшін мұғалім оқушының мінез-құлқын, сана-сезімінің жетілу дәрежесін, таным
процестерінің (түйсіну, қабылдау, ес, ойлау, сөйлеу, қиял) дұрыс қалыптасуын қадағалап, әрі дамытып отыруы қажет.
Алдымен мінез-құлықында қиындығы бар оқушылардың дара ерекшеліктерін жан-жақты қарастыруымыз керек. Мысалы , белгілі психолог К.К Платоновтың көзқарасы бойынша «жеке адамның психологиялық құрылымын» төрт бөлікке бөліп қарастырған:
Біріншіден оның темперамент, жыныс, жас өзгешеліктері, яғни биологиялық қасиеттері;
Екіншіден , оның даму барысының дербес ерекшеліктері, яғни ес, ерік,
Түйсіну, эмоция, қабылдау және ойлау қасиеттері;
Үшінші, баланың әлеуметтік тәжірибесі,білімі, әдет-дағдысы, іскерлігі мен ептілігі;
Төртінші, оның жалпы адамгершілік қасиеттері.
Мұғалімнің негізгі міндеті – бала бойындағы қиындықтарды анықтап, оларды түзету жолдарын дұрыс ұйымдастыра білу. Егер де, мұғалім өз жұмысына немқұрайлы қараса, оқушылардан келесі қиындықтарды байқауға болады:
1.Оқушының қоршаған ортамен қарым-қатынасының бұзылуы;
2.Ерке балалар. Бұндай оқушылар – көбінесе барлық жағдайды жасалған, үйдің жалғыз балалары;
3.Жағдай толық жасалмаған.Психикасының дамуында ауытқулары бар балалар. Осының салдарынан сабаққа үлгермеушілік пайда болады;
4.Отбасы жағдайы мүлдем нашар, яғни бала тәрбиесіне кері әсер етушілік маскүнемдік, бала тәрбиесіне көңіл бөлмейтін.
Е. Волкова, Гаспаровалар мінез құлқында қиындығы бар
оқушыларды мынадай топтарға бөледі: а) сезім әрекетіне бой алдырғыш оқушылар (жылауық, кекшіл т.б); б) агрессивті; в) қыңыр, қырсық; г)ұялшақ; е) тынымсыз, белсенді бала.
Соңғы кезде жасөспірімдер, жеткіншектер арасында мектеп қабырғасында жүріп –ақ кейбір келеңсіз оқиғаларға оқушыларымыздың көп ұрынуы, «қиын» бала есебін толықтыруы, сөз жоқ, педегогтар мен психологтарды ойландырады. Осының себебіне,немесе тәрбие ықпалынан тыс қалған, «қиын» бала туралы ойланып, зейін қойсақ әр түрлі пікірлер айтуға болады.
Тәрбиені жас ерекшеліктеріне қарай жүргізіп, баланың ынтасын дамытатын әдіс-тәсілдер жаңартып отырса нәтижелі болады. «Егер бала бұзақы бала бола бастаса, онда оған бала кінәлі емес, педагогикалық әдістер кінәлі»,- деген А.С. Макаренконың пікірі өте орынды. Пайдасыз әрекеттердің зиянды салдарын түзеу үшін, жан-жақты ойластырылған, ғылыми негізделген психологиялық- педагогикалық жүйе болуы қажет. Бұл жүйенің ерекшелігі – «қиындардың» түзелу мүмкіндігіне ғана емес, сонымен бірге олардың рухани жағынан да бүтіндей қайта өзгеретіндігіне сену қажеттілігінде.
Оқушылардың мінез-құлықындағы қиындықтардың пайда болу себептерін көптеген психологтар отбасында дұрыс тәрбие бермеудің салдарынан болатындығын анықтап, оларды бірнеше түрге бөліп қарастырады:
- Отбасының әлеуметтік, экономикалық жағдайы;
- Баланың рухани дамуына ата-ананың немқұрайлы қарауы;
- Қараусыз бала, қамқорлықтың жеткіліксіздігі, ана баланың тек қана материалдық жағдайын қамтамасыз етеді. Бала өзінің үлкендерге керексіз екенін сезінеді.
- Шектен тыс қамқорлық, бақылау кезінде бала өз бетінше жұмыс істеуін, жауапкершілігін сезінеді.
Ата –анасының мейірімін көрмеген бала көбінесе мейірімсіз, ызалы, құрбыларымен дұрыс қарым-қатынас жасай алмайды, кейде тұйық, шектен тыс ұялшақ болады. Ата –анасының шектен тыс мейірімінде өскен бала өзімшіл, нәзік, тым төзімсіз, екі жүзді болуы мүмкін. Яғни, отбасы тәрбиесі адам өмірінде өте маңызды рөл атқарады.
Бала тәрбиесінде отбасында дұрыс тәрбие бермеудің төрт жолы бар:
1.Қабылдамау; 2. Гиперсоциалды; 3. Қорқақ-секемшіл; 4. Эгоорталықты.
Қабылдамау – егер ата-анада балаға деген сүйіспеншілік,жылу болмаса, бала мұндай әсерді қабылдай алмайды. Қабылдамау әйел жүкті болған кезде баланың дүниеге келуіне қарсы болғаннан пайда болады. Қабылдамаудан бала кез келген нәрсеге тітіркенгіш болып келеді.
Гиперсоциалды – мұндай ата-аналар «дұрыс» ата-аналар. Мұндай ата-анаға мектепте баласын мақтағанды ұнатады, ал баласы туралы кемшілік айтса, намыстанып кетеді. Олар талапты орындағыш келеді. Гиперсоциалды бала «робот», «атомат» сияқты өмір сүреді.
Қорқақ-секемшіл – бұл жолмен тәрбиелейтін ата-аналардың баласы кішкене ауырса, оны үйден шығармай,жанұясымен соның бетіне қарап,жағдайын жасап,баланың ойын алдын – ала ауруға дайындайды.Бұлай баланы тым қадағалау нәтижесінен, талапты шамадан тыс қоюдан, балада, керсінше, қорқақ-секемшіл мінез қалыптасып, кез келген нәрсеге қорқышпен қарайды. Құрдастарының арасында өкпелегіш, өзіне сенімсіз болады.
Эгоорталық – бұлай тәрбиеленген балалардың болашақ қарым-қатынасында отбасының жауапкершілік деңгейі жоғары болады. Баланың ортаға деген көзқарасы төмен болатындығы байқалады. Ата-анасы барлық уақытта оның айтқанын істеу керек, үнемі көңіл бөліп отыру керек, «болмайды», «жоқ» дегенді түсінбейді. Күтуге шыдамы жоқ, тез ашуланшақ. Мұндай балдар қыңыр, қырсық, тіл алмайтын болып тәрбиеленеді.
Міне, осылай дұрыс тәрбиелемеуден баланың мінез - құлқы қиын болып қалыптасады. Бұзақылыққа бейім тұратын жасөспірімдерді тәрбиелеудегі ата-аналардың жіберетін қателіктерінің әр түрлі екен белгілі. Олар:
1.Әлеуметтік жағдай:
- Бақылаусыздық;
- Назардан тыс қалуы;
- Бос уақытының көп болуы;
- Отбасының толық болмауы.
2.Псиологиялық жағдай:
- Балалардың жас кезінде педагогикалық тәрбиемен жете қамтылмауы;
- Балаға балдырған кезінде қатал болып, есейгесін айтқанын орындата алмау;
- Балаға жасынан толық еркіндік беру.
Осылармен қатар, ата-аналардың отбасындағы келіспеушілігі, өз жауапкершілігін терең сезінбеуі, бала қабілетімен санаспау, сенім білдірмеу, мінез-құлық ерекшелігін ескермеу, ұлттық тәрбиенің болмауы сияқты себептер де баланың бұзылуына әкеп соқтырады. Айта кететін тағы бір жағдай, мектеп пен ата-ана арасындағы байланыстың әлсідігі, мектепте сынып жетекшісінің баланың педагогикалық-психологиялық даму заңдылығын ескермеуі, құр уағыз айту, баламен санаспау (кейде жанын жаралау), сенімсіздік тудыру сияқты себептер де кездеседі. Қазақ даналығында «Баланы бес жасқа дейін патшадай сыйла, бес жастан он бес жасқа дейін құлындай жұмса, он бес жастан кейін досыңдай сыйла» деген нақыл сөз өте орынды айтылған.
Қазақ психолгиясында баланың 11-12; 15-16 жас аралығын «жетіліп келе жатқан кезеңі» дейді. Олар әрекет жасау жағынан әлі бала, ал талап қою жағынан өзін ересек сезінеді.
Бұл «өтпелі кезең», «құбылмалы шақ» немесе акселерация кезеңі. Бұл уақытта ересектер талабына көнуі қиын, жан-дүниесінде жаңа құрылымдар пайда болып, бала ол өзгерістерге жол таба алмай қиналып, уайым шегетін кез. Ескере кететін жайыт «Аюға намаз үйреткен - таяқ» дегендей баланы ұрыпта тәрбиелеу мен түзету дұрыс емес.
Балалардың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында қосымша үйірмелерге қатыстыруға ықпал жасау керек. Себебі мектептегі қатып қалған қағидаға бағынып, күнделікті бір мұғалімнен дәріс алып, сыныптастарымен араласқанша үйірмелерге де қатысып әртүрлі мұғалімдер мен оқушылар арасында қарым қатынасқа түскені дұрыс болар еді. Бұл кезде бала өзінің сыныбынан,мектебінен алшақ кетіп жаңа достар мен жаңа бағытта жұмыс жүргізетін педагогтармен танысып, өзін еркін сезіне бастайды. Себебі үйірмеден дәріс беретін әр бір педагог мектептегі қағидамен емес түрлі-түрлі әдістерді пайдалану арқылы баланың қабілетін ашуға тырысады. Кейде тентек оқушыдан,яғни біз айтып отырған мектептегі қиын баладан, керемет жетістікке жеткен үлгілі үйірме мүшесін көре аламыз. Бұдан шығар қортынды тәртіпті болу – ортағада байланысты болмақ.
Жағымсыз іс істеу немесе заңды бұзу пайдасыз қажеттіліктерді қанағаттандырудан, мысалы: арақ – шарап ішу, шылым шегу, т.с.с. Өзін басқаның алдында ешнәрседен қорықпайтын батыр етіп көрсетуге тырысудан, тентектіктен басқа да себептерден де болады.
«Қиын» деген оқушының бұзылған бала емес екенін ескеру керек.
Сондықтан да «қиын» бала тәрбиесінде мына жайттарды ерекше ескерген жөн.
1.Баланың жас ерекшелігін ескере отырып, рухани дүниесін терең зерттеп білу, жүрегіңізбен сезініп, оған қайырымды болу;
2. Баланың ішкі дүниесі мен қылықтарын, іс-әрекеттерін білу керек, мінезін түсіну үшін оның дамуына қажетті не екенін білу;
3. Мейірім мен сүйіспеншілік – екі жақты да адамдық сипатқа жеткізетінін ұғыну;
4. Психологиялық түзету кезінде тек қана төзімділік;
5.Баланың саналы түсінгендігіне сенім көрсетіп, әділетті болу;
6. Құр уағыз айтып, мезі етіп, жанын жаралмай, қателігін үнемі бетіне
баспау;
7. Орынсыз жазаламау;
8. Бала құқығымен санасу;
9. Жеке тұлға ретінде дамуына ықпал ету жағын ескеру қажет.
Осы жағдайлардың барлығын ескере отырып, тәрбиеленуі қиындардың әрқайсысына әр түрлі қатынас жасап, оларды жеке –жеке бақылап, зерттеп, өзіне лайықты шара қолданып, тәрбие жұмысын жүргізу керек.
М.Жұмабаевтың «Педагогика» ғылыми еңбегінде: «Жас бала – жас бір шыбық, жас кезінде қай түрде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ », - деп түйін жасайды.
Осы орайда, Жүсіпбек Аймауытовтың «Тәрбие» атты еңбегіндегі тәлім-тәрбиелік ғылыми пікіріне тоқталғым келеді. Ж.Аймауытов: «Адам мінезінің, ақыл-қайратының әр түрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан... адам баласының ұрлық істеу, өтірік айту,кісі тонау сықылды бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен», - дейді. Ендеше , ата-ананың берген тәрбиесі баланың мінезіне салған ізге байланысты екен.
Данышпан Абай Құнанбаев: «Адамның адамшылдығы жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» дейді, сондықтан балаларымызға үлкен жауапкершілікпен қарап, жеке тұлғаның дамуына үлес қосайық!


Пайдаланылған әдебиеттер:
№3, 2009ж «Тәрбие құралы» республикалық журналы;
№4, 2011ж «Қызықты психология» Республикалық ғылыми-әдістемелік, танымдық – психологиялық журнал
№6, 2014ж «Мектептегі психология » Республикалық ғылыми-теориялық және қолданбалы журнал
№2, 2015 ж «Мектептегі психология» Республикалық ғылыми-теориялық және қолданбалы журнал
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.