Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
Үкілі үміт таймасын халқым басыңнан,  Мол бақыт күтем жас ұрпақ сенен жасырман... -

Үкілі үміт таймасын халқым басыңнан, Мол бақыт күтем жас ұрпақ сенен жасырман...

Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 1820 | Размер: | Автор: гость
. БҮГІНГІ ҰРПАҚ – ЕЛІМІЗДІҢ ЕРТЕҢІ
Истлеева Айжан Камалбековна, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Шымкент қаласы, №2 Ә.Бөкейханов атындағы жалпы орта мектебі

Үкілі үміт таймасын халқым басыңнан,
Мол бақыт күтем жас ұрпақ сенен жасырман...

Әрбір адам алдына мақсат қояды. Ол мақсатқа жету үшін әр түрлі жолдарды іздейді, көп еңбектенеді. Сол мақсатын үлкен бір асу көріп, сол шыңнан асып өту үшін көп еңбектенеді.Ал іздегенін тапқанда одан рахат алады.
«Бастауы бар өзеннің болашағы мықты» дегендей мектепте алған білімнің берері күшті.Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов те «Адам мен адамды теңестіретін білім» ғана демеп пе еді?! Аузымыздан тастамай, таңның атысы мен күннің батысы бұл өмірде күнде сөзін ұрпағымызға мысал етіп отырғанымыз да осы білімді кісілердің өзі мен сөзі емес пе?! Олай болса, білімді ұрпақ тәрбиелеу - әрбіріміздің басты міндетіміз болмақ. Ертеңгі күннің бүгінгіден нұрлы болуына ықпал етіп,адамзат қоғамын алға апаратын - білім. Тек білімді ұрпақ қана қоғамға қозғаушы болатыны сөзсіз.
«Күрмеуі қиын күрделі тірліктің сарыжанбас мың-сан сауалдары қажытып,әлдебір қимыл денеңді құрыстап,көңілің «көсеудің ұшында» тұрғанда, аудиторияңа кіріп,оқушыларыңды,студенттеріңді,тыңдаушыларыңды көріп,солардың иісімен демалып, сабақ жүргізген сәттерде әлгі «алқымыңнан алған» төңірегіңді қоршаған қою қара бұлт сейіліп, денеңдегі темір жіп шандыған құрсаулар ұшты-күйлі пырт-пырт үзіліп жоғалады, пейіштің төрінен шыққандай рахатқа бөленесің »-дейді ғой.Өз шәкірттерін мейірім-шапағатқа бөлеп,өлмейтін өнер «ұстаздықтың» құдірет қасиетіне бас идіруді мұрат санайтын, ұстаздықтың «рахатын»осылай түсінетін жандар бұл ойыма келісетін шығар деп ойлаймын.
Бала- періште десек, ал сол періштелерді өмірдің өзі біздің алақанға салып отырған жоқ па?! Өзен қалай үлкейеді?.. Өзіне келіп құйған бұлақтардың бәрін қабылдай берсе... Білімділік те солай.
«Білген адам - өкінбейді, мейірбан адам – мазасызданбайды, батыр адам – қорықпайтыны секілді» білім, ғылым тоғышарлыққа ем болатын, өзгенің демеуінсіз өз қанатымен ұша алатын болашақ тұлға тәрбиелеуді жөн санаймын.Осы жолда біз тәрбие мен білімді дұрыс беріп жатырмыз ба?-деген сауал көкейге келеді.
Елбасымыз «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» деген мақаласында балалар білім беру жүйесінде өсетіні, қалыптасатыны, есейетіні, сондықтан тәрбие беруге баса көңіл бөлу қажеттігін де атап көрсетті. Қазіргі кезде мектеп басшылары да, оқушы мен ата-ана да тек грантқа оқуға түсуді алдына мақсат етіп алған секілді. Ең бастысы « грант саны мен грант иегерімін»-деген сөздер маңыздырақ секілді. Ертеректе алдымен мамандық таңдап, одан соң сол мамандыққа емтихан тапсырушы еді, Ал қазір тест барлық мәселені шешіп отыр. Бала жинаған балына қарай оқу мен мамандықты таңдайды. Осы тұрғыда ұстаздар қауымы мен оқу меңгерушілері ата-аналармен де тереңірек жұмыс жүргізуі қажет секілді. Оқушылармен психолог мамандары әртүрлі тренинг жүргізгені сияқты ата-аналармен де әртүрлі тренингтер жүргізілуі керек:
- Бала жүрегі нені қалайды?
- Баланың қай мамандыққа ебі бар?
- Ол мамандықтың сұранысы қандай?
- Ертең бұл дипломмен жұмыс істей алады ма?-деген сұрақтар тереңірек ойландыруы керек секілді.
Ата-аналар мен мектеп бірлесе отырып оқушылардың болашағына жол салуды қарастыруы өте пайдалы. Статистикаға сүйенсек мектепті бітіріп бірден жоғары оқуды оқудан гөрі , кәсіптік училище мен техникумды бітіріп жоғары оқуда оқығандар нағыз өз ісінің шебері екені дәлелденген. Ата-ана баланың жан-жақты, дені сау, үйлесімді болып өсуіне қаржысын аямай ден қояды. Кішкентай жастан музыка, би, шет тілдер, спорттық үйірмелерге қатыстырады. Оның барлығы, әрине заман талаптарына сай, бірақ ең бастысы рухани адамгершілік тәрбие - тәрбиенің бастамасы екендігін ешқашан ұмытпағанымыз дұрыс.
Еліміздің егемендік алған уақыт ішінде қоғамда қаншама өзгерістер болды. Сол өзгерістер туғызған соңғы жаңалықтар бала өміріне тікелей әсерін тигізіп жатқаны белгілі.
Ел ертеңі, ұлт болашағы үшін этнопедагогика мен этнопсихология ілімдерінің жетістігін тәрбие құралына айналдыру – бүгінгі күннің басты сұранысы. Егемендігіміз баянды болып, ел ертеңі жарқын болсын десек, ұлт ұрпағына дұрыс тәрбие беру - парыз! Тәрбиелеп отырған жас жеткіншекке бала деп қарамай, кішкентай күнінен бастап оның елін сүйер бүлдіршін, ұлтын ұлық тұтар ұлан, мақтанышымызға айналар отаншыл азамат болып қалыптасуына еңбекпен тырысуымыз қажет. Бала бойына тәрбиенің ұрығын себетін, ең алдымен, ата-анасы болса, одан кейін, балабақша мен мектеп.
Қытай халық даналығы «Баланы еш уақытта іші бос шөлмек ыдыс ретінде көрме,ішіне толтырып су құйып қоятын»-дейді. « Ол суды ішіне өзі толтырсын»-деп үйретуді дұрыс санайды. Қазіргі білім беру де, тәрбиелеу де осындай бағытта жұмыс істеп келеді. Абай атамыз айтқандай жай құрғақ сөзбен айтпа, көздеріне көрсет, қолдарына ұстат, жүректерімен сезінсін дейді. «Ақылды ананың ішінде,алтын бесікті ұл жатады» деген халық даналығы балаға тәрбие іште жатқанның өзінде қалыптасып берілетіндігін айтады. Әйтсе де,кейбір ата-ана баланы аса әлпештеп, үлде мен бүлдерге орап киіндіріп, оның жеке басына қажетті нәрселердің бәрін өздері қамтамасыз етіп, жанын салып еңбектенуге араша түсіп, ыстықтың табын, суықтың ызғарын елемей, қамқорлық жасаумен ғана айналысады. Мұндай балада өзімшілдік, бейімсіздік сияқты жағымсыз қасиеттер қалыптасады. Бұл қасиеттер баланың мінез-құлқы мен психологиясына әсер етіп, оның еңбекке енжар, өмірге икемсіз, тәкаппар, дөрекі болып өсуіне әсер етеді. Сондықтан баланың болашақтағы дұрыс азамат болып тәрбиеленуіне бала-бақшадағы тәрбиеші мен отбасындағы ата-ана тәрбиесінің орны ерекше. Баланың бойындағы адамгершілік қасиеттердің негізгі баспалдағы -балабақша мен отбасы тәрбиесі. Әсіресе ата-ананың аялы-алақаны, туған үйдің жылуы оның көкірегінде өмір бойы сақталып мәңгі есінде қалады. Өйткені отбасындағы адамдармен қарым-қатынаста бала мәдениеттілікті үйренеді, жеке адам ретінде ар-ұят, ақыл-ой, адамгершілік қасиеттерді игереді, алғашқы еңбек дағдыларын қалыптастырады. оның бәрі балаға ата-анасының ықпалы арқылы жүзеге асырылады. Өмір ағысында отбасылық тәрбие ата-анадан балаға, баладан оның ұрпағына беріліп, тоқтаусыз жалғасын табады. Сондықтан отбасындағы ата-ананың өзара сыйласымды қарым-қатынасы, өзін-өзі ұстауы, бос уақытын дұрыс пайдалана білуі, жинақтылығы, талап -талғамы, жауапкершілігі бәрі де бала үшін үлгі-өнеге. Баланың жасы кіші кезіндегі тәрбие мен есейген уақытындағы ата-ананың қарым - қатынасының айырмашылығы туралы қазақ халқы «Сәби күнінде баланың ауыртпалығы білекке түседі, есейген соң жүрекке түседі» деп, ер жеткен баланың тәрбиесінің қиындай түсетініне назар аударады. Бала тәрбиесіндегі жас ерешеліктерінің ескерілуіне байланысты халық даналығы «Баланы бес жасқа дейін патшадай құрметте, он бес жасқа дейін құлыңдай көр, он бес жастан кейін жан досыңдай сыйла» дейді.Қазақ халқы «Балаң жаман болса төрдегі басынды көрге сүйрейді», «Ақымақ бала алдыңда жүгіріп жүрген жынмен тең» деп күйінген. Ал ата-анадан жақсы тәрбие алған бала олардың кескін-келбетін, тәлім-тәрбиесін қайталаумен қатар туған тілін, салт-дәстүрін де болашаққа жоғалтпай апарады.

Жазушы-педагог Ж. Аймауытов: «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі, бала айтып ұқтырғаннан гөрі, көргеніне көп еліктегіш келеді. Солай болған соң балаға не жақсы мінез болсын, іспен көрсету керек», - дейді. Осы бір ұлағатты ой астарында отбасында - ата-анасынан, ал мектепке ұстаздан талап етілетін тағылым жүгі жатыр. Жер бетінде мекен еткен адамзаттың бір бұтағы — бір халықтың қандай да дара қасиетке ие болып, қандай бет-бейнесімен көрінуі — сол халықтың мектебінің бет-бейнесіне, өзіндік ерекшеліктеріне тікелей байланысты.
Қазақстан Республикасының білім беру саласы бүгінгі басты міндеттерінің бірі -ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, жас бүлдіршіндерге терең білім мен тәрбие беру керек деген. Мектепке дейінгі тәрбиенің 2013 жылғы жаңа оқу стандарты бойынша «Біз мектепке барамыз» бағдарламасында ұлтжандылық пен халқымыздың мәдени –тарихи дәстүрлері кезінде тәрбиелеу арқылы бала бойына жалпы адамдық, мәдени және адамгершілік құндылықтарын дамыту міндеттері кіргізілген. Сондықтан ұстаздар қауымы, қашанда үздіксіз білім бере алатынымызды жадымыздан шығармайық.Ел болашағы-білімді жастардың қолында, сол себепті білімді ұрпақ, жеке тұлға қалыптастыру-біздің ең басты мақсатымыз болсын! Біздер рухы биік, сүйегі асыл ұрпақ өсіруде, еліміздің ертеңі нұрлы болуына бар күш-жігерімізді салайық Елімізді көркейту, оны өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізу-біздің борышымыз деп білем.
Осы мақсатта Қазақстан Республикасындағы тәрбиенің кешенді бағдарламасының негізгі бағыттарына сәйкес тәрбие жұмысын ұйымдастыру және іске асыруды жалғастыра отырып, өткенді пайымдау арқылы қазіргі заман мәдениетін жан-жақты дамыту, жас тұлғаны рухани адамгершілік бағытта тәрбиелеу - қазіргі күнгі тәрбиенің басты мақсаты болуы керек.

Қолданылған әдебиеттер:
1.ҚР Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың«Қазақстан-2050» Қазақстан халқына Жолдауы
2. «Тәрбие жұмысының әдістемесі»С.Г.Губашева, А.Ж.Отарбай. Астана.2009.
3.«Тәрбие теориясы мен әдістемесі» С.Әбенбаев. Алматы. 2010.
4. «Жанұя мен мектептегі тәрбие» Республикалық ғылыми-әдістемелік педагогикалық журнал №9, 2011.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.