Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
Әліппемен қоштасу» ертеңгілігі -

Әліппемен қоштасу» ертеңгілігі

Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 1235 | Размер: | Автор: гость
. Қасенова Бағилаш Балкенқызы,
№76 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі.
Астана қаласы

Тақырыбы: Әліппемен қоштасу» ертеңгілігі

Мақсаты: Оқушылардың білімнің бастауы болған «Әліппеден» үйренгендерін, алған білімдерін тиянақтау. Әр оқушының іс-әрекеттері арқылы икемділігін, қабілеттерін көрсету, шығармашылық мүмкіндіктерін ашу. Жаңа оқулықпен таныстыру.
Дамытушылығы: Өнерлерін тамашалау әліппе оқулығына оқушылардың ерекше құрметі,бағасы,мектеп өміріндегі оқулықтың орнын түсінуге,Тәуелсіздігіміздің ұландары екендерін ұғындыру. Білімдерінің артып,сөз байлығының молайып, саналарының өскендерін көрсету.
Тәрбиелеу: Елін, Отанын, табиғатты сүюге, ұстаздарды, достарын құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Қазақ әліпбиі, суреттер, нақыл сөздер, «Әліппе», «Ана тілі», «Математика» оқулықтарының мұқабасы, шарлар, интерактивті тақта, әріптер макеті, көрініске қажетті заттар.
Сабақ барысы:
Мұғалімнің кіріспе сөзі: Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар!
Күні кешегі ойын баласы болған сіздердің балаларыңыз, бүгінде бойларына үлкен міндет, жауапкершілік арқалап отыр. Сауат ашу мақсатында қолға алғаш ұстаған кітабы - Әліппе оқулығы. Міне, 4 айдан соң бүгін біздің бүлдіршіндер өміріне өшпес із қалдырған Әліппемен қоштасқалы отыр. Ендеше қызықты да ғаламат өзгерістер сыйлаған, білім нәрімен сусындатқан, өмірде өз жолдарын табуға жол сілтеген ұстаздарына, ата-аналарына өз өнерлерін көрсетуге дайын. Олай болса жүргізушілерімізді ортаға шақырайық!
Әділ. Ассалаумағалейкум, уа халайық!
Алима. Армысыздар құрметті ұстаздар, ардақты әкелер мен аруана аналар!
Әділ: Ізгілікті ойға тоқитын,
Шәкірт боп үздік оқитын.
Алима: Әліппе атты кемемен,
Екеуі: Кеземіз Білім теңізін.
«Мектеп вальсі»
Дауыс: Құрметті жолаушылар! Дайындалыңыздар! Жас теңізшілер кемесі Білім теңізіне саяхатқа аттанғалы тұр. Бұл саяхатқа тек білімді, тәртіпті, ақылды, еңбекқор, талантты, өнерлі балалар ғана шыға алады.
Музыка ойналады. Теңізшілер киімін киген оқушылар музыка ырғағымен адымдап келіп кеменің екі жағына тұрады. (ортада екі жүргізуші. )
Капитан: Жас теңізшілер! Саяхатқа дайынсыңдар ма?!
Барлығы: Дайынбыз!
Капитан: Біздің ұранымыз
Барлығы: «Мектеп –кеме, білім теңіз,
Білім нәрін тереміз»
Капитан: Мектеп – кеме, білім теңіз болса, біз- білімге құмар, жас ұландар, саяхатымызды бастаймыз.
1-жүргізуші: Әділ. Құрметті капитан! Менің рұқсатымсыз неге «Білім теңізіне» саяхатқа шыққалы тұрсыз?
Капитан: Иә,бауырым, кешіріңіз. Сіз бүгін бізді тоқтата алмайсыз. Менің достарым сіздің еліңіздің барлық әріптерін танып, біліп, үйреніп, жазып, оқи алатын дәрежеге жетті. Осы қуанышымызды мына жұрттың алдында, саяхатқа шығып, паш етеміз. Одан да ашуыңызды басып 1 «Ә» сынып оқушыларының өнерлерін бізбен бірге тамашалаңыздар.
2-жүргізуші: Алима. Қойсаңшы, Әділ. Одан да рұқсат берейік те, балалардың өнерлерін, білімдерін бірге тамашалап, бізде саяхатқы шығып, бір демалып қайтайық.
1-жүргізуші: Әділ. Жарайды, Алима. Келістім. Айтқаныңды істетпей қоймайсың ғой!
Капитан: Дайындалыңдар. Саяхатымызды бастайық.
Әділ: «Білім» аралына жеткенше «Қуыршақ» әнін Махаббат, Аида, Айсара, Камиланың орындауында қабыл алыңыздар.
Қымбатты, балалар, «БІЛІМ» аралына келдік.
Әділ.
Қыр гүліндей жайнаймыз,
Ән сап,билеп ойнаймыз.
Бүгін бізде мереке,
Әліппе тойын тойлаймыз.
Алима.
Бар білімнің бастауы
Бар ғылымның бастауы
Жас балаға нұр шашқан
Қандай кітап тіл ашқан?
Оқушылар хормен : Әліппе!
Ендеше ортаға Әліппені шақырайық! Оқушылар хормен: Әліппе³!
(Ортаға әліппе шығады)
Әліппе: Сәлематсыңдар ма, білімді менің достарым!
Әліппе – білім анасы
Әліппе –кітап данасы,
Әліппе бетін ашпаған,
Адамның бар ма баласы?!
Жақсы білім көрімдік,
Болсын сізге халайық,
Не үйреніп, не білдік?
Қане, ортаға салайық!
Әділ:
- Балалар, олай болса, сүйікті Әліппемізді ренжітпей, рахметімізді айтып, өзімізден кейінгі кішкентай бауырларымыз бен қарындастарымызға табыс ету - біздің міндетіміз. Сондықтан біз осы уақытқа дейін алған білімімізді көрсетіп, ән-күймен, өлеңдермен өрнектеп, өнерімізді ортаға салайық. Әліппе, бүгін кешіміздің ең қадірлі қонағысыз. Сондықтан құрмет тағына жайғасыңыз.
Әліппе:
Ал жыбырды тастайық,
Аузымызды ашпайық.
Тұрған мына қасқайып,
Басқы әріптен бастайық.
Амира:
А дегенім – ақыл, алғыс, адалдық
Аналардан алған ақыл – адамдық
Бейбарыс:
Ә дегенім – әдеп, әсем, әділет
Ержеткенде Отаныңа қызмет ет!
Айару:
Б дегенім – бақыт, білім, балалық
Болашаққа нық сеніммен қаралық
Камила:
Ғ дегенім – ғибрат, ғылым, ғанибет,
Ата-анаңа қартайғанда қызмет ет!
Шакира:
Д- дегенім – достық, дарын, даналық,
Мектеп бізді шығарады дана ғып.
Санжар:
«Ж» әрпі
Сырт көрінісім қара қоңызға ұқсайды. Түрім жаман болғанымен, өзім жақсымын.
Жалған сөзді айтпаймын.
Жолдас, досты жақтаймын.
Жаман ісін бетке айтып,
Жақсылығын мақтаймын.
Әли:
"Н"-"Ң" әріптері. (қол ұстасып шығады.)
Н дегенің –нағашым,
Бұған болмас таласың.
Келгенде үйге нағашым,
Қуанада анашым.
Назерке:
Менің атым - Ң. Екінші жақпен сөйлегенді ұнатамын. Мәселен, сенің әкең, сенің шешең, сенің көзің т.б. Демек, екінші жақ менсіз болуы мүмкін емес. Ол да көңілге демеу. Арманым - келешекте бас әріп болу.
Бекарыс:
Көрпеге оралып,
Көсіліп жатпаймын.
Кітапты қолға алып,
Көп өлең жаттаймын.
Адия:
"Қ"әрпі.Ал менің атым-Қ.Бір аяғым ұзын болғандықтан, аздап қисайып тұратыным бар.
Қиындықтан қорықпа,
Қаймығып еш торықпа
Қайратың мен жігерің
Қолғанат болсын жорықта.
Батырхан:
Р дегенім – рақымдылық, разы ет
Рухы биік Республикама рахмет!
Махаббат:
Ү әрпі – үкідей,
Үлпілдеген үмітің.
Аймира:
І дегенің - інідей,
Ізбасардың бірі-тін.
Томирис:
Ш- дегенің шапағат,
Тие берсін баршаға.
Сағындық:
Х дегенің сәлем хат,
Қуанышы қаншама!
Исатай: Я
Қос дыбыстың бір өзім,
Атқарамын қызметін.
Й мен а қатар жазбасаң,
Я-ны дұрыс білгенің.
Нұрсұлтан:
Әсем ою өрнекпен,
Көмкерілген Әліппем!
Сен болмасаң білімге,
Бастайтын жолды біліп пе ем!
Мадина:
Енді жаза білеміз,
Әріпті қосып әріпке.
Риза боп саған жұреміз,
Сүйікті біздің Әліппе!
Хор: «Әліппе»
1-жүргізуші: Әділ. Біздің білім алатын ордамыз- мектеп. Мектеп- екінші үйіміз. Оқумен қоса ән-би үйренеміз. «Мектеп» сөзіне арналған тақпақтарымызды айтайық.
Сәния:
Мектеп – білім бұлағы,
Мейіріңді қандырар.
Мектеп – ойдың шырағы,
Ақыл-санаң жаңғырар.
Алтынай:
Мұғалім ғазиз мұғалім
Сарқылмас мәңгі бұлағым
Ұланның бүгін тойыңда
Арнайды саған бұл әнін.
Дильназ:
Мен әдепті баламын
Күнде мектепке барамын
Сабақтан еш қалмаймын
Бестік алмай қоймаймын.
Хормен:
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мектебіме арналады бұл әнім!
Ән: «Сәлем саған, мектебім»
2-жүргізуші: Алима.
-Міне, біз белгілі білім еліне саяхат жасап, білімімізді көрсеттік. Әліппені оқу барысында, сендерді осындай күнге жеткізіп, бірге қуанып жүрген ата-аналарыңның қосқан үлесі өте мол. Бақытты балалық шағы үшін, ата-аналар сіздерге көп рахмет! Ендігі ән- шашуымыз сіздерге арналады.
Аяулым:
Адам етіп баптаған
Ардақтап бізді мақтаған
Ата-ана сіздерге
Мың алғыс!
Балалар хормен: Ата-анаға мың рахмет!
Хор: «Әрқашан күн сөнбесін!»
1-жүргізуші: Әділ. Ал , балалар, сендерге алғаш рет қолдарыңа қалам ұстатып, ең алғаш әріп танытып, осындай зор дәрежеге жеткізген кім деп ойлайсыңдар?
Айару:
Әліппе оқуға,
Үйреткен әр күні
Үйретіп санауды,
Көп еңбек сіңірген
Мұғалім апай ғой!
Сағындық:
Жағдайыңмен санасып,
Жақсы ісіңді құптаған.
Даналардың данасы,
Дүниедегі мықты адам
Оқушылар: Тәрбиелі, білікті,
Ол – ұстазым сүйікті.
"Мұғалім- ол біздің " әні
1-жүргізуші: Әділ. Жарайсыңдар, балалар! Сендер өздеріңнің ойларыңның ұшқыр екендігін көрсеттіңдер! Сендерге сәт сапар тілейміз.
II – арал. «ОҚИҒАЛАР» аралы.
Капитан: Теңізшілер! Біз екінші аралға жақындадық! Дайын болыңдар!
(Музыка ойнайды, сахнаға теңіз қарақшылары шығады)
Теңіз қарақшысы - Дамир: Біз, теңіз қарақшыларымыз, бізден қорықпай, бұл аралға қалай келдіңдер? Біз сендерді өткізбейміз. Сендердің қолдарыңнан не келеді?
Барлығы: Біз бәрін білеміз.
Сәния: Біз шеберміз, ақылдымыз
Аида: Мың бұралған, бишіміз,
Бейбарыс: Күмбірлеген, күйшіміз.
Алтынай: Үлкенге ізетті
Бекарыс: Кішіге қамқоршымыз.
Айару: Талабы биік таудаймыз
Санжар: Жақсылықты ұнатамыз,
Мадина: Жамандықтан тез қашамыз.
Махаббат: Елімізді өркендететін
Аймира: Ана тілін көркемдететін
Шакира: Аналарға бас иетін
Дильназ: Елтаңбасымен еңселі
Амира: Туымен тұғырлы
Айсара: Әнұранымен айбатты
Барлығы: Біз қазақ елінің болашағымыз!
Әділ: «Алақай» тобының орындауында «Айдана» әнін қошеметпен қарсы алыңыздар.
Теңіз қарақшысы – Ақан: Білімдіміз, бәрін білеміз дейсіңдер, ә? Менің сендерге қоятын үш шартым бар. Сендер сол шартты орындап, менің көңілімнен шықсаңдар, саяхаттарыңды жалғастырасыңдар. Ал, орындай алмасаңдар, осы аралда қаласыңдар!
Капитан: Қиындықтарды бірлесе жеңуге, тапсырманы мүлтіксіз орындауға тырысайық, достар!
Дамир: Әліппеден оқыған бір көрініс көрсетіп беріңдер.
Әліппеден көрініс. «Кім кінәлі?» (Авторы - Махаббат)
- Кім сызды мына партаны? –деп Айсара
Ұстаз бізден сұрады.
Үсенбек айтты: - Мен емес. Исатай
Үміт айтты: - Мен емес. Аймира
Күміс айтты: - Мен емес. Мадина
Бұған жалғыз кінәлі –
Елемес үнсіз тұр әлі. Нұрсұлтан
Ұлдардың орындауында «Теңізшілер» биі
Дамир: Математикадан не үйрендіңдер?
Математика: Математика - ғылымдардың атасы. Математикадан санауды, есептеуді үйрендік.
Ақан: Математикалық терминдерді пайдалана отырып, жақсы тілектер айтасыңдар.
4 құбылаң тең болсын! Назерке
Бес асыл іс бойыңнан табылсын! Әли
10 мүшелге жет! Сағындық
Шаршы алаңда мүдірме! Адия
Көп ойланып кідірме! Батырхан
Өмірде түзу жолмен жүр. Камила
Жұлдызың жоғары болсын! Исатай
Тең құрбыларыңның алды бол! Аяулым
Ақан: 3-шарт: Мына суретке қарап ертеңгі ауа райының құбылысын айтып бересіңдер!
: :  - 0 º
(Аспан ала бұлтты. Жаңбыр. Жел оңтүстіктен соғып тұр. Температура - 0º салқын)
Ән. «Жау, жау, жаңбыр» Пазыл Махаббаттың орындауында.
Теңіз қарақшысы- Ақан: Жарайсыңдар, балалар! Шарттарымызды өте жақсы орындадыңдар! Сендердің білімді екендеріңе көзім әбден жетті. Мынандай білімді, өнерлі, тәрбиелі, Тәуелсіздік туын биік ұстап өсіп келе жатқан оқушылары бар №76 мектеп- лицейінің ұжымын ешқандай дау ала алмайтынына бүгін біздің көзіміз әбден жетті. Ендеше, осы білім ордасында ұлттық рухты, дарынды балалар көбейе берсін деп тілейміз. Жолдарың болсын!
2-жүргізуші: Алима. Жарайсыңдар, балалар! Қарақшылардың тапсырмаларын өте жақсы орындап, өз білімдеріңді, өнерлеріңді көрсете білгендерің
үшін рахмет! Сендерге сәт сапар тілейміз!

Капитан: Теңізшілер, келесі аралға тоқтаймыз! III – арал. ҚҰПИЯ аралы
Әділ: Қош келдіңдер, балалар! Бұл арал «Құпия арал» деп аталады. Бұл аралда
құпия жазылған сурет бар. Кәне, барлығымыз мында жазылған құпиясөзді шешіп көрейік! Ребус шешу. (АНА ТІЛІ)

Алима: Жарайсыңдар, балалар! өздерің ақылды, білімді екенсіңдер! Сендерге үнемі сәттілік тілеймін! Жолдарың болсын!
Әліппе: Балалар, мен сендерді кіші деп аямадым. Бар білімнің басы болғандықтан бойымдағы бар білімді сендер білсін деп сендерге қатал қарадым. Ендігі сендердің жаңа достарың Ана тілі оқулығы болады. Сондықтан әліппені қалай меңгерсеңдер, ана тілін солай оқитын болыңдар. «Білекті бірді, білімді мыңды жығар» деген. Білім іздеу жолында ешқашан шаршамаңдар. Енді осы білімдеріңді ары қарай жалғастырыңдар. Мен сендерге сенемін.

Алима: Сол үшін Әліппе достарыңа не айту керек?
Қыздар: Балаларға ақ тілек,
Ұлдар: Болашаққа бақ тілеп.
Хормен: Біздерге білім үйреткен,
Әліппе, саған рахмет.
«Рахмет саған, Әліппем!» әнін Нарбаева Аяулымның орындауында қабыл алыңыздар.
1 жүргізуші- Әділ:
Уа, халайық, халайық
Мұнда назар салайық.
Бәріміз қол соғып.
Ана тілін қарсы алайық, (Ортаға ана тілі шығады)
Ана тілі:

Ақыл-ойы дананың,
Ана тілі боламын.
Ана тілі ардақты,
Ақ сүтіндей ананың,
Өсірген ой білімді,
Мәнін терең білуде,
Мейірімі мол балаға.
Ана тілді құрметте!
Мен Әліппеден оқып - білгендеріңді ары қарай жалғастырамын. Бәрің өнерлі, білімді шәкірт екенсіңдер. Мені де осылай оқыңдар.

Томирис:
Ана тілін білмеген,
Ақылы жоқ желікбас,
Ана тілін сүймеген.
Халқын сүйіп жарытпас.
Аида:
Ана тілі ұраным,
Ана тілі-құралым.
Ана тілі болмаса,
Мықты болмас тұрағым.

Хормен: Әліппемен қоштастық, Ана тілмен достастық.
Әділ: Ана тілі төрлет, төрге шық! (Ана тілі Әліппенің қасына барып отырады)
Алима: Ал, балалар енді мақал –мәтелге кезек берейік.
Нұрсұлтан: Ақыл азбайды, Білім тозбайды.
Айсара: Тіліңмен жүгірме, біліміңмен жүгір.
Мадина: Білім іздеген озар, Бүлік іздеген тозар.
Аймира: Отан –оттанда ыстық
Айсара: Қазақстан –Отаным,
Туған жерім – киелім.
Арттырып даңқын, атағын,
Әрқашан бас иемін.
Ана тілі: Қымбатты балалар!
Мектептегі алғашқы жеткен жетістіктеріңмен құттықтаймын. Әліппе сендерді тек әріптермен таныстырып қойған жоқ, сендерді бір-біріңмен достыққа, мектеп ережелерін орындайтын тәртіпті оқушы болуға да үйретті. Білім баспалдағына өрлеген сапарларың сәтті болсын!
Сүйіндік Амираның орындауында «Достарым» әнін қабыл алыңыздар!
1-жүргізуші: Әділ
Балалардың білімі құтты болсын
Денсаулығы әрқашан мықты болсын.
Білімдерін әрі қарай дамытатын,
Ерінбейтін еңбекқор мықты болсын!
1-жүргізуші:Алима. Жарайсыңдар, балалар! Өздерің ақылды, білімді екенсіңдер! Сендерге үнемі сәттілік тілейміз!
Дауыс: Құрметті жолаушылар! Білім теңізіне саяхатқа аттанған жас теңізшілер кемесі жағаға жақындады. Оларды қарсы алуға дайын болыңыздар!

Тілшілер қарсы алады

Сұрақтар қояды:
1. «Білім» теңізіндегі саяхат кезінде қиындықтар кездесті ме? Айша
2. Саяхат сіздерге ұнады ма?
3. Қандай аралдарда болыңыздар? Маржан
4. Саяхаттан алған әсерлеріңіз қандай? Айша
5. Оқиғалар аралында кімдермен кездестіңдер?
6. «Құпия» аралының құпияларын шешу қиын болды ма? Маржан
7. Теңіз қарақшыларынан қалай құтылдыңыздар?
8. Келесі саяхатқа қашан аттанасыздар? Маржан

1-жүргізуші: Әділ
Ажырамай мектептен бір елі сіз,
Жақсылыққа жаралған жүрегіңіз.
Сөз береміз құрметпенен өзіңізге,
Балаларға арналған тілегіңіз - дей келе №76 мектеп-лицейінің директорын міндетін атқарушы Гүлнұр Мукамбекқызына сөз беріледі.

2-жүргізуші:Алима
Ата-анаың тілегі,
Адам болып өскенің.
Адамдықтың тірегі,
Адал болып өскенің — деп келесі сөзді ата-аналарға береміз.

1-жүргізуші: Осымен «Қош, бол құтты Әліппе!» ертеңгілігімізді аяқтаймыз! Уақыттарыңызды бөліп қунышымызға ортақтасып келгендеріңізге көп-көп рахмет!

2-жүргізуші-Алима: Ал,балалар қонақтармен қоштасатын кез келген сияқты.
Орнымыздан тұрайық.
Қонақтарға қарайық.
Жүректегі жылудан
Қонақтарға сыйлайық. Бәріміз бірге: Сау болыңыздар!
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.