Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
МАТЕМАТИКА ПӘНДЕРІН ОҚЫТУДА АҚПАРАТТЫҚ-ТЕЛЕКОММУНИКАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫ ҚОЛДАНУ -

МАТЕМАТИКА ПӘНДЕРІН ОҚЫТУДА АҚПАРАТТЫҚ-ТЕЛЕКОММУНИКАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫ ҚОЛДАНУ

Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 1315 | Размер: | Автор: гость
. Оңтүстік Қазақстан облысы
Сарыағаш ауданы
№137 жалпы орта мектебінің
математика пән мұғалімі
Кансеитова Айгерім Нуржановна

МАТЕМАТИКА ПӘНДЕРІН ОҚЫТУДА АҚПАРАТТЫҚ-ТЕЛЕКОММУНИКАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫ ҚОЛДАНУ

Жаратылыстану-математика пәндерін оқытуда ақпараттық-телекоммуникациялық технология құралдарын қолданудың қазіргі заман және педагогика ғылымы талап етіп отырған дәрежедегі әдістемесін жасау бүгінгі күннің өзекті мәселесі болғандықтан, математика пәнін оқытуда компьютердің көрнекілік мүмкіндіктерін толық, әрі тиімді пайдаланудың маңызы зор. Өйткені, математика пәні мұғалімі, жалпы орта мектепте математика пәнін оқытуда шәкірттердің математикалық білім негіздерін, математикалық мәдениетін, сауаттылығын көтеруді мақсат ететінін ескерсек, онда дәстүрлі оқыту үдерісіне, оның мазмұны мен формасына оқушының жас ерекшеліктерін ескере отырып, оқытуда компьютерлік технологияны қолданудың әдіс-тәсілдерін енгізу, дәстүрлі және дәстүрлі емес оқыту технологияларын үйлестіре пайдаланып, оқу материалын дұрыс түсіндіре алуы, кесте т.с.с. көрнекі құралдарды тақырыпқа сай орнымен қолдана білуі, өзіндік жұмысты ұйымдастыруы мен бақылауы т.б. функциялар арқылы жүзеге асады. Оқу үдерісінде ақпараттық-коммуникациялық технология құралдары, компьютер және техникалық оқыту құралдары мұғалімді кейбір жұмыстардан босатады және басқару тиімділігін арттырады. Өйткені өтілген материалды толық, тез меңгеру үшін әр алуан оқу құралдары қажет, яғни бор, тақтадан бастап, күрделі құрылғыларды айтуға болады. Оқу құрал жабдықтары мұғалімге оқу үрдісін ұйымдастыру, оқу материалын терең меңгеруін қамтамасыз ету, оқушылардың өзіндік жұмыс істеуіне, жаңа білімді өз бетінше алуына және оны практикада қолдана білу дағдыларын қалыптастыруға жәрдем етуі тиіс.
К.Өстеміров қазіргі педагогикалық технологиялар мен оқыту құралдарын былайша жіктейді: заттарды және объективтік шындықтың құбылыстарын шартты құралдармен (сөз, белгі, графика) көрсететін оқу құралдары текстік кестелерді, схемаларды, графикаларды, диаграммаларды, жоспарларды, карталарды, оқу кітаптарын: оқулықтар мен оқу құралдарын, есептер жинақтарын, өзіндік жұмысқа арналған нұсқауларды, дидактикалық материалдарды және т.б. қамтиды. Өз кезегінде білім берудің техникалық құралдары ерекше топты құрайды. Бұл оқу құралдары оқу процесі барысындағы хабарларды тарату құралы болып табылады және ол үшін арнайы техникалық жабдықтар қажет болады. Оларға жататындар: транспаранттар, диафильмдер және кинофильмдер, видеофильмдер, дыбыстық таспа жазбалары, компьютерлік бағдарламалар және т .б. Техникалық құралдар тобына сонымен қатар түрлі проекциялық және дыбыстық аппаратуралар (кинопроекторлар, диапроекторлар, графопроекторлар, магнитофондар, бейнемагнитофондар); тренажёрлар, әмбебап техникалық құралдар, лингафондық құралдар, электрондық есептеу техникасы жатады [1]. Оқытудың техникалық құралдарының ішінде қабылдауға арналғандары жиі қолданылады. Олар: 1. Оқытудың экрандық құралдары; 2. Оқытудың дыбыстық құралдары; 3. Оқытудың экрандық – дыбыстық құралдары.
Ал, компьютерлік техниканың (ақпараттық және коммуникациялық технологиялар құралдары) оқытудың басқа құралдарына қарағанда өзіндік ерекшеліктері мен артықшылықтары бар, қолдану мүмкіндігі де кеңірек.
Экрандық оқу құралдарына диапозитив, транспаранттар, диафильмдер, эпиобъектілер, сондай-ақ үнсіз көрсетілетін киноүзінділер мен кинофильмдер жатады.
Оқу диапозитивтері – оқу және тәрбие мақсатына қолдануға арналған бейнелер топтамасы. Оларды фотографиялық тәсілмен түссіз материалға (шыны немесе таспаға) түсіреді. Сөйтіп, диапроектор көмегімен бейнені жазықтыққа (экранға) түсіріп көрсетеді.
Транспаранттар - полиграфиялық және фотографиялық жолмен түсірілген түссіз таспадағы бейнелер. Транспоранттарды графопроектор көмегімен демонстрациялап көрсетеді.
Эпиобъекті – экранға жарық көмегімен проекцияланатын жазық объектілердегі бейнелер (сызбалар, суреттер, фотографиялар, мәтіндер және т.б).
Оқу диафильмдері - оқу ақпаратын алдын-ала тізбектей көрсету үшін кадр түрінде ені 35 мм түссіз таспаға фотографиялық жолмен әзірленген бейнелер топтамасы.
Оқытудың дыбыстық құралдары. Әртүрлі радиоқабылдағыштар мен дыбыстық жазбалар (магниттік жазбалар, грампластиналар). Оқытудың экрандық - дыбыстық құралдары оқу кинооқулықтар, оқу теледидар хабарлары, бейнежазбалар, дыбыстық диафильмдерін біріктіреді. Кинооқулық - бұл кинотаспадағы дыбыстық түрде берілетін жылжымалы объектілердің позитивтік фотографиялық бейнесі. Оқу кинооқулық қорына кинофильмдер, киноүзінділер жатады. Бейнежазбалар - бұл арнайы магниттік таспа бейнемагнитофон мен теледидар камерасы көмегімен жазылған бейне және дыбыс. Теледидар экранда бейнелеу үшін қолданылады.
Оқыту құралдарын қолдану үшін оларды таңдаған кезде ең алдымен ескеретін жәйт олардың дидактикалық мүмкіндігі, сабақ тапсырмалары мен нақты шарттарын ескеру керек.
Оқытудың техникалық құралдарын кешенді қолдануда мына төмендегі мәселеге басты назар аударылады:
1.Өтілетін тақырыпқа қатысты оқыту мен тәрбиелеу мәселелерін анықтап алу;
2.Оқушылардың оқулықтағы игеретін материал көлемін анықтап алу;
3. Оқушылардың танымдық тәжірибелерін есепке алу;
4.Білім мазмұнына элементарлық талдау жасау (оқулық қолданылады);
5.Білімнің тізбектей берілуін анықтаумен қатар, дағдылары мен ебдейліктерін де біртіндеп қалыптастыру;
6.Білуге қарай біртіндеп қадам жасау;
7. Әрбір қадамның әдістемелік жүйесін жасау:
- оқушылардің танымдық қызметін модельдеу;
- оқыту әдістерін жобалау;
- кері байланыс жасау тәсілдерін жобалау;
- оқыту құралдарының құрамы мен қолданылу мүмкіндігін анықтап алу.
Оқу құралдары жүйесінің қалыптасуы – білім беру құралдарының түріне өзіндік белгілері бойынша классификациялау ғана емес, сонымен қатар дидактикалық қасиеттері мен қызметтерін білуді де қажет етеді.
Дидактикалық қасиеттер дегеніміз – оқу құралдарының басқалардан айырмашылықтары көрсетілетін белгілері мен дидактикалық қызметінде көрініс табатын өзіндік ерекшеліктері. Дидактикалық қасиеттер тек қана оқу құралдарына тән болып келетін мүмкіншіліктерді ғана қамтиды. Оқу-тәрбие жұмысында түрлі әдістерді қолданудың объективтік бағыттары ретінде қарастырылатын дидактикалық қызметтердің мен дидактикалық қасиеттердің өзара байланыстары болып отырады. «Дидактикалық қасиет» пен «дидактикалық мүмкіндік» ұғымдарының өзара жақындығынан да болар, педагогикалық әдебиетте оларды бірге қарастыру дәстүрге айналған.
Оқыту құралдарының әрқайсысының дидактикалық қызметтерінің әртүрлі болып келетіндігіне қарамастан, олардың барлығына тән ортақ қызметтері бар. Атап айтқанда:
– оқушылар қабылдаған хабарларды ұғынып түсінуді, түсініктер мен ұғымдарды қалыптастыруды қамтамасыз ете алатын көрнекілік қызмет;
– хабарлау қызметі, өйткені оқу құралдары білімнің нақты көздерінің бірі болып саналады, яғни белгілі бір хабарларды жеткізушінің рөлін де атқара береді;
– орнын толтырушылық қызмет оқу процесін жеңілдетеді, көздеген мақсатқа көп күш, денсаулық , уақыт жұмсамай жетуге бағытталған;
– бейімдеушілік қызмет оқу процесіндегі қолайлы жағдайлар туғызуға, демонстрацияларды, өзіндік жұмыстарды ұйымдастыруға, оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты ұғымдар мазмұнының бірдей болуына, білімнің бір қалыпты сабақтастығына бағдар алған;
– интегративтік қызмет, белгілі бір объектіні немесе құбылысты тұтастай да және оның бір бөлшегі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Бұл қызмет оқу құралдарын кешенді түрде қолдану мен жаңа ақпараттық технологияның құралдарын қолдану арқылы жүзеге асырылады. Оқытудың негізіне бақыланушы обьектілерді қабылдау жатады. Не нәрсені қандай тәсілмен білгіміз келсе де, біз барлығынан бұрын сезім мүшелерімізге жүгінеміз. Адам тыңдаса, оқыса, бақыласа - барлығынан бұрын жұмысқа оның сезімі мен қабылдауы қосылады, содан соң - есте сақтау, біріктіру, пайымдау, ақпаратты шығармашылық өңдеу жүзеге асады. Егер мұғалім оқушының танымдық іс-әрекетіне әсер еткісі келсе, онда ол алдымен оның сезім мүшелеріне әсер етеді, осы талдағыштар арқылы адам ақпарат алады. Ендеше жаңа қоғамға, жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияға, техникаға тез бейімделгіш кәсіби маманды даярлау, математиканы оқыту әдісін жетілдіру және оның тиімділігін арттыру болып табылады.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.