Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
Мен – Қазақстандықпын! -

Мен – Қазақстандықпын!

Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 1454 | Размер: | Автор: гость
. Жамашева Дилинур
Тиірмен ұйғыр орта мектебінің 11ә сынып оқушысы

Мен – Қазақстандықпын!
Уа, Туған жер, топырағыңнан жаралдым,
Алабыңнан арманыма нәр алдым.
Тұнығыңнан сүзіп іштім сендегі
Алтын арай таңғы жұпар самалдың.
Ә.Сәрсенбаев
Аумалы-төкпелі аласапыран заманда, арпалысып өткен адамзат ғұмырында бір-бірімен қанаттаса жүрген халықтардың арасында Жер-анадан қоныс тауып, құт мекенге айналдырған шекаралы, шекті аймағы қалыптасқаны мәлім. Бір адамдар шөлді жерде, бір адамдар көлді жерде өмір сүреді, бірақ әр адамның кіндік кескен туған жері әрқашан ыстық болады.
Менің де осындай бәрінен артық, өте жақсы көретін туған жерім, атамекенім бар.
Ол-Қазақстан.
Қазақстан, ұлан-байтақ, ұшы-қиыры жоқ неткен байтақ, неткен көркем жер едің сен! Сенің айдын шалқар көлдерің мен мөлдір қайнарларыңнан, сарқырай аққан тасқынды өзендеріңнен, алып тауларың мен жасыл желек жамылған сыңсыған орман-тоғайларыңнан менің армандарым бастау алады.
Отан! Қандай құдіретті сөз! Өмірімнің бар мақсаты осы сөздің ауқымына сыйып кетердей. Бұл «елім», «жерім», «ұям», «Қазақстан Республикасы» деген сөз.
Ата жұрт, атамекен- өте кең ұғым. Атамекен- адамның ата-бабаларынан бері қарай кіндік қаны тамып, өсіп-өніп келе жатқан жері. Өмірден көретін қызығы мен бақытының тұрағы.
Туған Отанға деген сезім сана төріне сан түрлі ой, неше оралымды суреттерді көз алдыңа әкеледі. Көз қуанышы, көңіл шуағы етіп жаратқан жер жаннаты Жетісу мен көгілдір Көкше, Баянауыл мен Қарқаралы, Алтай мен Атырау, Сарыарқа сынды алып аймақты бауырына басып, Сыры мен Ілесін, Шуы мен Жайығын, Ертісі мен Есілін ағызған алып қазақ даласы-ержүрек ата-бабаларымыздың бізге аманат етіп қалдырған Ұлы Отаны.
Туған жеріміз қазіргідей қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға жеткенше қаншама нәубетті басынан өткерді.
ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда жоңғарлар қаһарына іліккен халық ақ табан шұбырынды, алқа көл сұламаға ұшырады. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би ұйытқысы болған, Қабанбай, Қарасай, Жәнібек, Райымбек сынды батыр бабаларымыз қорған болған өлке халқы Абылайдың ақ туының астында күш біріктіріп, осынау қырғында Отан үшін жандарын құрбандыққа шалды.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Шоқан, Ыбырай, Абай сынды даналарымыз халықты озық елдер қатарынан қалыспауға, өнер-білімге шақырса, ХХ ғасырдың бірінші ширегінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Мұхамеджан Сералин сияқты халық ұлдары елінің санасын оятып, елінің ертеңі үшін қабырғалары қайысты. Бұдан кейінгі тәуелсіздікті аңсаған Желтоқсан оқиғасының өзі қаншама тағдырлардың мезгілсіз жұлынуына себеп болғаны тарих парақтарынан белгілі. Тарихта алтын әріптермен жазылатын Желтоқсан оқиғасы кеңестік империяның шаңырағын шайқалтып, ер түріктің ерлік дәстүрін әлемге тағы бір мәрте паш етті. Бүгінгі таңда қолымыз жетіп, елдігімізді асқақтатқан Тәуелсіздік осы желтоқсаннан бастау алады.
Тәуелсіздік! Қасиетті де құдіретті осы бір ұғымның тереңіне зер салып, ой жіберейік. Тәуелсіздік атты бұл тәтті сөздің тұңғиығында ата-бабамыздың ғасырлар бойғы асыл арманы, азаттық жолында құрбан болған талай-талай боздақтардың ұрпаққа қалдырған аманаты жатыр.
Тәуелсіздігіміздің айғағындай, елдігіміздің белгісіндей, алтын күндей Елтаңбамызды, желбіреген көк туымызды көргенде, асқақтай әуелеген Гимнімізді естігенде, бойыңды ерекше бір сезім баурап алады. Бұны көру де, сезіну де бір бақыт емес пе!?
Мен осындай Қазақстан деген мемлекетте өмір сүріп жатқаныма мақтанамын.
Ұлы Абай атамыз: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан»,- деп айтқандай, біз жастар, еліміздің кірпіші болып қаланып, ата-баба ерлігі мен рухынан нәр алып, дәстүріне берік болып, Отанымыздың өркендеп-өсуіне бар күш-жігерімізді аямауымыз керек.
Ол үшін кемел де терең білімммен қаруланып, ғылым мен техниканың сан қырлы тетігін меңгеріп, бүкіл әлемдік деңгейде өзін таныта алатын ұрпақ болсақ деп армандаймын.
Ту тігілді халқымның бүгін бағына,
Жас өрендер, желбіретіп, нық ұста!
Ғасырларға жалғастырып елдікті,
Дақ түсірме ата-баба арына!
Үлгі бізге аталардың ерлігі,
Ұлағаты, өнегесі, еңбегі,
Тәуелсіздік туын ұстап жоғары
Бүгінгі ұрпақ-болар елдің ертеңі!
Елімнің ертеңі үшін аянбай еңбек ету, оқу оқып, білім игеру, ұлттар арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайту ең басты парызымыз деп түсінемін.
Ғасырдан ғасырға жібек желі болып жалғасып келе жатқан бабалар аманатын орындап жалғастыру біздің еншімізге тиген ардақты іс екенін жүрегіммен сезініп, мақтан етемін.
Мен Қазақстан деген елдің ұланымын, мен Қазақстандықпын, мұны көкірегімді керіп тұрып мақтаныш сезімімен айта аламын!
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.