Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
О, менің қасиетті ана тілім – Абыройым, намысым, ар, ақылым ! -

О, менің қасиетті ана тілім – Абыройым, намысым, ар, ақылым !

Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 1397 | Размер: | Автор: гость
. Оңтүстік Қазақстан облысы
Мақтарал ауданы
Жетісай қаласы
«Мақтарал ауданының мамандандырылған «Дарын» мектеп- интернаты» КММ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Мандибаева Нурсауле Каналхуловна
Сабақтың тақырыбы: «О, менің қасиетті ана тілім – Абыройым, намысым, ар, ақылым» атты әдеби-сазды кеші
Сыныбы: 8-сынып



Сайыстың тақырыбы : О, менің қасиетті ана тілім –
Абыройым, намысым, ар, ақылым !
Сайыстың мақсаты : оқушыларға ана тілін білудің маңызын түсіндіру,тіл жайлы білімдерін айқындау және толықтыру,ана тілінің қадір-қасиетін ұға білуге , оны өшпес мұра етіп сақтап , ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу, оқушылардың сөздік қорын молайту, мемлекеттік тілге құрмет сезімін ояту.

Сайыстың көрнекілігі : Тіл туралы ұлы адамдардың айтқан сөздері

Тәуелсізбіз , бүгін ғұмыр еркін,
Біз емеспіз иіліп, бүгілетін.
Сақтап қалған халқымды сан апаттан.
Ана тілім,
Бұл сенің құдіретің !

Киелімсің , тірегім, тілім менің,
Сен арқылы шертілер сырым менің.
Перзенттік пәк сезіммен аялайын,
Шықпайды сенсіз жарқын үнім менің.

Сайыстың әдісі: топтық ойын
Сайыстың барысы: Жүргізуші: - Құрметті ұстаздар мен оқушылар ! Бүгінгі тіл білгірлерінің «О, менің қасиетті ана тілім –
Абыройым, намысым, ар, ақылым ! » атты 8-сынып оқушыларының арасында өтетін топтық сайысына қош келіпсіздер !
Ей,туған тіл,
Ата-анамның бай тілі!
Көп нәрсе ұқтым дүниеден туған тілім арқылы.
Анам алғаш осы тілде бесік жырын жырлаған,
Ұзақ түндер анам айтқан ертегілер тыңдағам.
Ей, туған тіл ! Ертелі-кеш қуатыңмен өзіңнің
Қаршадайдан шаттығымды,қайғымды да сезіндім.
Ей, туған тіл! Туған тілде тілек айттым мың рет,
Ата-анамды мен пақырды жарылқа деп, құдірет!

Сондықтан «О, менің қасиетті ана тілім –
Абыройым, намысым, ар, ақылым !» деген атпен өткізілетін сайысымызды бастаймыз.
- Олай болса, зор құрмет көрсете, бүгінгі білім бәйгесіне қатысушы екі топ мүшелерін ортаға шақырайық. (Топтағылар екі жаққа тұрады) .
Сайысты бастамастан бұрын бүгінгі бәйгеге қазылық ететін алқа мүшелерімен таныс болайық ...
- Енді ойын шартымен таныстырып өтейін.
1. Топтың өздерін таныстыруы. (Топтың атымен, ұранымен, топ мүшелерімен таныстыру)
2.Кім тапқыр? (Тіл ,әдебиет саласы бойынша сұрақтарға кідіріссіз жауап беру)
3.Мақалшылар сайысы.
4. «Сөз тапқанға...»(Әр топ әріптер таңдап, сол әріп бойынша сұрақтарға жауап береді: О, Ж,Қ,А,Т,М)
5. Үй тапсырмасы. (көрініс)
6. Өнер сайысы.
Жүргізуші : Сайыстың тәртібі, барысымен таныс болдық , ойынымызды бастайық . Қазылар алқасы әр топтың орындауынан кейін, бағасын көтерулеріңізді сұраймыз.
І. Топтардың өздерін таныстыру сәті.
1-топ
Біздің топ: Мұрагер
Біздің ұран: Тіл бар жерде –өмір бар
Біздің өлеңіміз : Ана тілің арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте,
Өзге тілдің бәрін біл
Өз тіліңді құрметте!
- Армысыздар , ардақты халқым менің,
Бөлісейік бұл күннің алтын кенін.
Тілді сүйер қауымға басымды иіп,
Сәлемдесіп,жүздесу – салтым менің.
Ұшырмай көкіректен жыр кептерін,
Өлеңсіз аша алам ба сыр беттерін ?!
Жаңға күш, жаңа қуат тілеуменен
Өзіңе дем беремін сайыскерім.
Бар өнерді енді ортаға салайық,
Бұл сайыстан үлкен сабақ алайық.
«Мұрагер» қабыл алғай сәлемді.

2-топ
Біздің топ: Құлагер
Біздің ұран: Ана тілі- жүрек үні
Біздің өлеңіміз: Ана тілі – біздің туған анамыз!
Анамыздай сыйлап, бағып-қағамыз.
Ана тілін бағаласақ қалай біз,
Өзіміздің сондай болмақ бағамыз.
- Армысың, асыл халқым , дана халқым,
Жанбыз ғой берік ұстар қазақ салтын.
Сол салттың бір тармағы – сәлемдесу,
Аман ба үлкен кіші, барша жалпың?
Таныстырсақ – «Құлагер» тобымыз,
Нысанаға тиер бүгін оғымыз.
Тағы да біз асыр сала кездестік
Бір арнаға түйіскендей жолымыз.
Келдік, міне, қайтадан қалыс қалмай,
Тағы да өтер бұрынғы жарыстардай.
Бұл сайысты тезірек бастайықшы,
Біздер тұрмыз тордағы арыстандай.

ІІ. «Кім тапқыр?» сайысында тіл ,әдебиет саласы бойынша сұрақтарға кідіріссіз жауап беру керек.
«Мұрагер» тобы
1-топтың сұрақтары:
1. Фонетика сөзі қандай мағынаны береді? (тіл дыбыстары)
2. Серт неше буынды сөз ? (бір)
3. Қазақтың тұңғыш педагогы кім? (Ы. Алтынсарин)
4. Сын есімге тән категория (шырай)
5. Жеңгеңнің сіңлісі саған кім болады? (құдаша)
6. Үшеу, бесеу, жетеу сан есімнің қай түрі ? (жинақтық)
7. Ақан серінің құсының аты қандай ? (Қараторғай)
8. Етістік те бола алатын құс аттарын атаңыз. ( Қаз, қарға , тырна)
9. «Желсіз түнде жарық ай» кімнің өлеңі ? (Абайдың )
10. Қап , бәлем сөзі сөз табының қайсысы ? ( одағай)
11. Түйе үстінде сирақ үйіткендей сөзінің беретін мағынасы (епетейсіз, олақ )
12. Сақалын сипап қалу сөзінің беретін мағынасы ( алдану)
13. Келер шақтың қандай түрлері бар және олар қалай жасалады ? (болжалды , мақсатты , ауыспалы келер шақ )
14.Көптік жалғау нені білдіреді ? (заттың көптігін білдіреді)
15. Тіл білімі ғылымы неше саладан тұрады ? (үш)
16. Биыл , бүгін , аппақ қандай күрделі сөз ? (біріккен )
17. Морфология мен синтаксисті біріктіретін сала ( грамматика)
18. Көмекші есімдерді айт (сырты, асты, үсті, қасы, жаны, маңы, алды)
19. Қазақ тілінде неше қатаң дауыссыз дыбыс бар ? (11)
20. Күрделі зат есімдерді ата. (Біріккен, қосарланған, тіркескен,қысқарған)

«Құлагер» тобы
2-топтың сұрақтары :
1. «Қымбат» сөзінің синонимі (бағалы )
2. «Төбе шашы тік тұрды» сөзінің мағынасы (қорықты)
3. Ақан серінің тұлпары (Құлагер)
4. Сөз таптарын қарастыратын сала (морфология)
5. Қазақ тілінде неше септік бар? (жеті)
6. Ешқашан , ешкім сөздері есімдіктің қай түрі? (болымсыздық)
7. Бес-бестен , он-оннан сан есімнің қай түрі? (топтау)
8. Сөз мағыналарын зерттейтін сала (лексика)
9. «Соқырға таяқ ұстатқандай» сөзінің беретін мағынасы (анық)
10. Мезгіл үстеуін айт. (бүгін , ертең, таңертең , түнде)
11. Өткен шақтың қандай түрлері бар және олар қалай жасалады? (бұрынғы , жедел , ауыспалы өткен шақ)
12. Көптік жалғауы жалғанбайтын сөздер бола ма? (ұсақ,майда,газ тектес заттар)
13. Зат есімнің жіктелуінде қандай ерекшелік бар? (мамандық,кәсіп иелері жіктеледі )
14. Оқы, сана, тара , сал . Салт етістік пе, сабақты етістік пе ? (сабақты)
15. «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» кімнің өлеңі ? ( Абай )
16. Қазақ тілінде неше ұяң дауыссыз дыбыс бар ? (9)
17. Жіктік жалғауына екпін түсе ме ? (жоқ)
18. Морфология сөзі терминге жата ма ? (иә)
19. Оспан Абайдың қандай туысы? (інісі)
20. Қазақта қандай киелі сандар бар? (7, 9, 40)

ІІІ. Мақалшылар сайысы.
Жүргізуші : Мақал-мәтел- бабадан қалған мұрамыз,
Ықыласымызды мәйектей сөзге бұрамыз.
Мақалбай атай сұрағын алып келіпті,
Сайыскер топтар, көңілмен тыңдап тұрамыз.
Мақалбай атайдың сұрақтары қойылады, қай топ бірінші жауап берсе , сол топ ұпай алады. Әзіл сұрақтар. Оқушылар мақалмен жауап беруі керек.

1. Қар жанады ма? (Қалауын тапса қар жанар)
2. Сиырдың сүті қай жерінде ? (Сиырдың сүті тілінде )

3. Тауық түс көреді ме ? (Тауықтың түсіне тары кіреді)
4. Адамда арқау бола ма ? (Ас – адамның арқауы )
5. Тоқтығы мен жоқтығын кім білдірмейді ? (Жүйрік тоқтығын білдірмес, Жомарт жоқтығын көрсетпес)
6. Сын мен мін қайда болмайды ? (Қас жүйрікте сын болмас, қас сұлуда мін болмас)
7. Өнердің алды не деп ойлайсың ? (Өнер алды – қызыл тіл)
8. Ауырмай өлетін кім ? (Ойланбай сөйлеген ауырмай өледі )

9. Жанды семіртетін не ? (Жақсы сөз жан семіртер)

10. Сүйектен , еттен өтетін не ? (Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді)

11. Кімнің тілі ортақ ? (Шешеннің тілі ортақ)

12. Семіздікті не көтереді ? (Семіздікті қой ғана көтереді)

13. Тілдің өткірлігі қандай ? (Тіл қылыштан өткір)
14. Кімге жан жуымайды ? (Жатқанға жан жуымас)

15. Ауыз бен қолды қандай жерде тыю керек ? (Ішің ауырса, аузыңды тый. Көзің ауырса қолыңды тый)
16. Сөз атасы не, су атасы не, жол атасы не ?(Сөз атасы-құлақ,су атасы -бұлақ, жол атасы- тұяқ)
17. Қандай бас аяққа тыным бермейді ? (Ақымақ бас екі аяқтың соры)

18. Тай мен бала кімдерден озады ? (Аттан тай озады, Атадан бала озады)

ІV. «Сөз тапқанға ...» сайысы.
Жүргізуші: - Қазақ тілім -өз тілім, ана тілім,
Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім.
Қастерлейді ұл- қызың мәңгі сені,
Болашағым, бақытым, дара тілім,- деп келесі кезекті «Сөз тапқанға...» бөліміне берелік. (Әр топ әріптер таңдап, сол бойынша сұрақтарға жауап береді: О, Ж,Қ,А,Т,М)

«Мұрагер» тобына
1. Қандай ас тәтті?
2. Аспанда не бар?
3.Өмірде не қымбат?
4. Тіл не үшін керек ?
5. Жердің сәні не ?
6. Салмағың қанша ?
7. Орманда не бар?
8. Өзен көркі не?
9. Сенде құлақ бар ма?
10.Жерде не қатты ?

«Құлагер» тобына
1. Ердің атын не шығарады ?
2. Көңіл- күйің қалай ?
3. Қазақ тілі қандай тіл ?
4. Шашыңыздың түсі қандай ?
5. Қандай мақал білесіз?
6. Қолыңыздағы не?
7. Сіз кімге ұқсағансыз ?
8. Қандай ақын- жазушыны білесіз?
9. Ел бірлігі неде?
10. Сіз кімнен ұяласыз ?

V. . Үй тапсырмасы. (көрініс)
Жүргізуші : Келесі кезекте екі топтың дайындап келген қойылымын тамашалаңыздар.
«Мұрагер»: «Үш би»туралы
«Құлагер»: Құлақ естігенді көз көреді

VІ . Өнер сайысы.
«Мұрагер» тобы: Оспан Жеңістің оқуында «Қазақ тілі» өлеңі
«Құлагер» тобы : Дәулеткерейдің күйі «Қосалқа» .

Жүргізуші : Бүгінгі сайысымыз да өз мәресіне жетті.

Оқушылар, сендерге артар міндет көп,
Көтеріңдер мектептің атын құрметтеп.
Білімнің көзін аша білсең тереңнен,
Жетелейді армандарға бұл мектеп.

Сөз кезегін әділ қазылар алқасына береміз.
Қазылар алқасына, оқушыларға шексіз алғысымызды білдіреміз.
Жасай бер, қазақ тілі -ана тілім !
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.