Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
ОҚУШЫЛАРДЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ АРҚЫЛЫ  ҚҰЗІРЕТТІЛІККЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ -

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ АРҚЫЛЫ ҚҰЗІРЕТТІЛІККЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ

Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 2624 | Размер: | Автор: гость
. ОҚУШЫЛАРДЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ АРҚЫЛЫ ҚҰЗІРЕТТІЛІККЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ
Камытбекова Камшат Орыналдықызы, қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі,
Төлеби ауданы, Көксәйек арнайы негізгі орта мектеп

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «функционалдық сауаттылықты арттыруды» Үкіметке негізгі тапсырма етіп жүктеген болатын.
Осы мақсатта, аталмыш тапсырманы орындау үшін Білім және ғылым министрінің басшылығымен оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға бағытталған 2012-2016 жылдарға арналған Ұлттық әрекет жоспары құрылды. Оның мақсаты – оқушылардың салалық сауаттылығын дамыту арқылы, тиiмдi қызмет түрлеріне бейімдеу. Ұлттық жоспардың мақсаты – мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін жағдай жасау[1]..
Алдымен, функционалдық сауаттылық дегеніміз не дегенге тоқталайық...
Бұл сұраққа мынандай деректер келтіруге болады. Ресми дерек бойынша, мектеп жасындағы балалардың 40 пайызы әдеби мәтінді түсінуге қиналатындығы дәлелденген. Бұлар мектептен білім алса да, қызмет жасауға келгенде қарапайым жазу үлгісін білмейтіндігін көрсеткен. Тіпті олар әр түрлі жағдайда кездескен бланкіні толтыра алмай, ондағы ақпараттың мәнісін түсіне алмапты. Бір қызығы, олар теледидарда не айтылып жатқанын, жалпы айтқанда, күнделікті өмірдің есебін білмейтін болып шыққан. Соның салдарынан жұмыссыздық, өндірістегі апат, жазатайым оқиғалар, жарақат алулар көбейіп кеткен. Жалпы, барлық зерттеушілердің болжамы бойынша адамдардың сауатсыздық деңгейінің төмендеуі, оларға дұрыс білім беріп, тиянақты оқытпаудан, оқырман болуға үйретпеуден болған көрінеді. Сақтанбау, ұқыпсыздық, байқаусыздық, апаттар: мұның бәрі ережені дұрыс оқымағандықтан, түсінбегендіктен, санаға сіңірмегендіктен орын алып отыр.
Қазақ маманы С.Раевтың ойынша, сауатсыздық дерті адамға кішкентай кезінен бастап жұғады екен. Әсіресе бүлдіршінді жазу мен оқуға баули бастаған 1-ден 3-сыныпқа дейінгі аралықта пайда болады. Яғни, үшінші сынып оқушысы ешқашан кітапханаға бармаса, оқулықтан басқа ешқандай кітап оқымаса тағы бір ертеңгі сауатсыздың дүниеге келгені. Ғалымдардың айтуынша, 8-сыныптан бастап оқушылардың 60 пайызының өз бетімен жазып-оқуға деген ынтасы жоғалады екен. Тіпті түлектердің үштен бірінің оқуға мүлдем құлқы болмайтын көрінеді[2]..
Содан болар мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың өзінің Жолдауында «Функционалдық сауаттылықты арттыруды» негізгі тапсырма етіп жүктеуі бекер емес. Елбасы «білім беру тек оқытумен ғана шектелмей, оны керісінше, әлеуметтік бейімдеу процесіне қажеттеу» деген болатын.
Сонымен, функционалдық сауаттылық дегеніміз не?
Функционалдық сауаттылық дегеніміз – адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарамай ілесіп отыруы, адамның мамандығын үнемі білімін жетілдіріп отыруы. Ондағы басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның әлемде әлеуметтік бейімделуі болып табылады.
Сонымен қатар оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі Ұлттық жоспардың қабылдануы – оқыту әдіснамасы мен мазмұнын түбегейлі жаңарту.
Функционалдық сауаттылықты дамытудағы білім мазмұнының жаңғыруы – сындарлы оқыту теориясына негізделгендігі. Сындарлы оқытудың мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету.
Сондай-ақ оқушының жеке тұлға және әлеуметтік нысан ретіндегі келешегі басты назарға алынады. Оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас түбегейлі өзгерісті керек етеді. Яғни дәстүрлі оқулардағы оқытушы мен шәкірт арасындағы көп жағдайлар оқушы көңілін қанаттандыра бермейтін қалыптасқан заңдылықтар ұстаз бен шәкірт арасындағы серіктестік қарым-қатынасқа ауысады. Оқушы білімді өз бетімен меңгеріп, өз болжамдарына күмәнмен, сыни тұрғыдан қарайды. Әлем, тіршілік, жаратылыс туралы өзінің түсінігін тереңдетіп, кеңейтуге ұмтылу мүмкіндігі ұлғаяды. Құрбы-құрдастарымен әлеуметтік байланыс жасайды. Белсенді түрде білім жинақтайды. Осының бәріне мұғалім көшбасшылық етіп, бағыт-бағдар беріп отырады. Оқушы оқу үдерісіне мұғаліммен бірге араласып отырады. Тіпті өзінің және сыныптас достарының білімін бағалауда да өз үлесін қоса алады. Ол үшін бағалау өлшемдеріне сүйене отырып, топпен, жұппен немесе жеке жауап берген балалардың еңбегін формативті бағалау оқушының әрі қарай ынталанып оқуы үшін үлкен ықпал етеді.
Қазіргі уақытта кез келген адамның 5 қасиеті болуы керек.
1. Креативтілік
2. Сыни тұрғыдан ойлау
3. Азаматтық
4. Коммуникативтілік
5. Топта жұмыс істей білу
Мектеп тәжірибесінде табысты қолдануға ықпал ететін әдістемелік сипаттағы бірқатар жалпы ұсыныстардан тұратын бағдарламаның жеті модулі іспеттес:
 оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер;
 сыни тұрғыдан ойлауға үйрету;
 оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау;
 оқытуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану;
 оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу;
 оқытудағы басқару және көшбасшылық болып келеді.
Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер
Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер «Диалог негізінде оқыту және оқу» және метасана немесе «Қалай оқу керектігін үйретуді» қарастырады.
Білім беру әдістері ішінде ерекше орын алатыны-диалог. Диалог оқушылардың сөйлесу әрекетін, сұрақты дұрыс қоя білуде, ақпарат алмасуда, жалпы тіл үйренуде таптырмас жұмыс түрі. Әр түрлі тақырыпта диалог құрғызу мынадай нәтиже береді:
 сабақта белсенділік жоғарылайды;
 сөздерді есте сақтау қабілеті дамиды;
 дұрыс сөйлемдер құрауға дағдыланады;
 оқуға қызығушылықтары артады.
«Қалай оқу керектігін» үйретудің қозғаушы күші метатану болып табылады. Метатану индивид қалай ойлайтынын қадағалау, бағалау, бақылау және өзгерту қабілетін түсінеміз. Білім алуды үйрету өз бетімен оқуды ойластыру және ойлау нәтижелерін сабақта қолдана алу үдерісі болып табылады[3].. Бұл үрдісінде мұғалім оқушыға:
 білім міндеті қоятын талаптарды түсінуге;
 жеке ойлау үрдісін және олардың жұмыс қағидаттарын зерттеуге;
 міндеттерді орындау стратегияларын әзірлеуге және ойластыруға:
 нақты міндет үшін сәйкес келетін стратегияларды таңдауға көмектеседі.
Сын тұрғысынан ойлауға үйрету
Сыни тұрғыдан ойлау дегеніміз не?
«Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» бағдарламасы бойынша ол:
 шыңдалған ойлау, кез келген даму деңгейіне байланысты мәселелерге сын көзбен
қарау;
 күрделі мәселелерді шешуге, аса маңызды, жауапты шешімге қабылдауға
құштарлық;
 үйрету мен үйрену бірлігінен, үйренудің қызығушылығынан тұратын, үйренушінің
сеніміне негізделген құрылым.
«Сыни тұрғыдан ойлауды дамыту» бағдарламасының әдістерін қолдану төмендегідей нәтиже береді:
 білім алушының белсенділігін арттыру;
 пәнге қызығушылығын ояту;
 өзіндік көзқарасын білдіруге мүмкіндік беру;
 зерттеуге икемділігін дамыту;
 сөйлесім әрекеті белсенділігін арттыру;
 білім алушылар бір-бірімен қарым-қатынас жасай біледі;
 басқаларды тыңдауды, кез келген жауапқа сыйластық, түсіністікпен қарауға үйретеді.
Жалпы, сыни тұрғыдан ойлайтын оқушылар белсенді болады, олар сұрақтар қойып дәлелдерді талдайды.
Білім беру үшін бағалау және оқуды бағалау
Бағалау – оқыту нәтижесін анықтау үшін қолданылатын тәсіл, оқушының берілген тақырыпты меңгерудегі кемшіліктерін жоюда, оның үлгерімінің нәтижелі болуына ықпал ететін фактор. Мектеп тәжірибесіндегі бағалау баға қоюмен ғана шектелетін тәсіл емес, ол материалды меңгеру, меңгермеу фактісімен қатар оның себептерін анықтауға мүмкіндік беретін оқытудың маңызды құрамды бөлігі болып табылады. Бағалау «оқыту үшін бағалау» және «оқытуды бағалау» деп екіге бөлінеді. Формативті бағалау әр сабақта жүзеге асатын үрдіс. Формативті бағалау сабақ барысындағы барлық іс-әрекет бойынша оқушының білім, білік деңгейіне қоса дербес ойлауы, түсінігі, тіпті тәртібі т.б. бағаланады. Ал, сумативті бағалау немесе жиынтық бағалау оқушының белгілі бір кезеңдегі бақылаулар, білімді тексеру тестісі кезінде көрінетін білім деңгейінің өлшемі.
Жалпы, бағалаудың барлық түрлері төмендегілерді қамтиды:
1. Бақылау;
2. Алынған мәліметтердің интерпретациясы;
3. Бұдан арғы іс-әрекетті анықтау үшін қолданылуы мүмкін шешімдерді қорытындылау.

Білім беруде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану
Ақпараттық-коммуникациялық технологияның тиімділігі – келешек ұрпақтың жан-жақты білім алуына, іскерлігі мен шығармашылығын еркін дамытуға жол ашатын педагогикалық-психологиялық жағдай жасауында.
Сондай-ақ, интерактивті тақта арқылы әр түрлі грамматикалық тапсырмаларды орындау, мәтіндермен, жаңа сөздермен түрлі жұмыстар жүргізуде, сөздерге талдау жасауға, уақытты үнемді пайдалануға, оқушылардың ынтасын арттыруға қажетті әрі пайдалы құрал. Әр түрлі тест тапсырмаларын жүргізіп, оқушылардың білім сапасын бақылауда да компьютерлік технологияның үлесі зор.
Талантты және дарынды балаларды оқыту
Дарындылық – адамның өз бейімділігі арқылы, шығармашылықпен жұмыс істеу арқылы қалыптасатын қасиет. Көбінесе “Дарынды оқушы – бұл жақсы оқитын оқушы” деген пікір қалыптасқан. Белгілі ағылшын психологі П.Торранстың зерттеулері бұл пікірдің мұғалімдер арасында жиі кездесетінін анықтады. Оларға оқуда қиыншылық туғызбайтын, тәртіпті, ұйымшыл, білімді, тұрақты, ұғымтал, өз ойын нақты және түсінікті жеткізе алатын оқушылар көбірек ұнайды. Ал қисынсыз сұрақ қоятын, өз жұмысымен ғана айналысатын, тәуелсіз, көбіне түсініспеушілік туғызатын, қияли, әр нәрсеге көзқарасы бөлек оқушылар ұнамайды. П.Торранстың зерттеулері нақ осы қасиеттер оқушының шығармашылық дарындылығын көрсететін және оның нашар оқитын оқушылардың арасында да аз емес екендігін айқындаған [4]. Сондықтан мұғалімдер осы зерттеулердің нәтижесін есте ұстағаны жөн.
Дарынды оқушымен жұмыстың негізгі мақсаты – олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру. Ал мақсатқа жету – оқу бағдарламасын тереңдетіп оқыту және оқушылардың танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асады.
“…Көптеген табиғи талант дарынсыз ұстаздардың кесірінен жойылып кетеді. Олар дарынның табиғи құбылысына терең бойлай алмай, тұлпарды есекке айналдырып құртып тынады” (Плутарх). Міне, ұстаз осындай келеңсіздікке жол бермеуі керек.
Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес білім беру және оқыту
Еш нәрсеге бейімділігі жоқ, қабілетсіз бала болмайтыны педагогикада дәлелденген. Мысалы, төрт жасар балалар көп сұрақ қояды және «қайда», «не», «кім», «неге», «қашан» сияқты көптеген сұрақтар пайдаланады. Олар бес сөзден тұратын сөйлемді пайдалана алады және олардың 1500 сөзден тұратын сөздік қоры бар. Бес жасар балалар бағыныңқы бөліктері бар алты сөзден сөйлем құрай алады және 2000 сөз пайдаланады. Бірінші сынып оқушылары 6000 сөзге дейін пайдаланады, ал ересектер 25 000 сөз пайдаланады және 50 000 сөз біледі.
Жалпы шәкірт бойына білім нәрін сіңіруде ең бастысы оқушының жас ерекшеліктерін ескеру қажет. Топтық жұмыс немесе диалог барысында оқушының жас ерекшелігін ескере отырып жұмыстану – бұл мұғалімнің жан-жақты ойластырылған шеберлігін қажет етеді.
Білім берудегі басқару және көшбасшылық
Осы заманғы кез келген оқыту технологиясы оқу процесін ұйымдастыру кезеңінде технологияның бар мүмкіндіктерін үнемі шығармашылықпен пайдалану қажеттілігіне көңіл аударуда. Оқыту технологиясын оқыту процесін ұйымдастыру, басқару және бақылау деп түсіну керек[5]. Алайда әр мұғалімнің оң нәтижеге қол жеткізудегі мақсаты – заман талабына сай білімді, білікті, дүниетанымы кең, шығармашылық қабілеті дамыған жеке тұлға қалыптастыра алуы қажет.
Мақсат негізіндегі міндеттері:
 жас ұрпақтың қабілеті мен талантын ашу;
 шығармашылық, логикалық ойлау қабілеттерін жетілдіру;
 өз алдына мақсат қою арқылы оны жүзеге асыра білу;
 өз әрекетінің нәтижелерін бағалай білуі.
Мұғалімнің көшбасшылық қабілеті ең бірінші сабаққа даярлықтан басталады, яғни, өтілетін сабақтың жоспарын құру, оны өткізу әдістемесі, оқушылардың қабілеттерін, жас ерекшеліктерін ескере отырып, иллюстрация, техникалық құралдарды, дидактикалық материалдарды пайдалану. Мұғалімнің осы шығармашылық әрекеті арқылы оқушының шығармашылық қабілеті қалыптасады. Ал, көшбасшылық қабілеттер шығармашылық елес, шығармашылық ойлау арқылы жүзеге асады. Оқушыны шығармашылық ойлауға, жылдамдыққа, икемділікке, тапқырлыққа үйрету ол мұғалімнің әр сабағында қалыптасып отыратыны анық.
Болашақтың бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп адамзат қоғамын алға апаратын күш тек білімде ғана. Біздің еліміздің негізгі тірегі – зияткерлік ұлт мүм¬кіндігі. Сондықтан да біздің балала¬ры¬мыз¬дың сапалы білім алуы маңызды [6].Оқушылардың мектепте алған білімін қоғамдық - әлеуметтік ортада пайдалануға икемдеу, олардың функционалдық сауаттылығын арттыру арқылы еліміздегі білім мен ғылымды дамыту мәселелеріне басымдық берілуі тиіс. Мұндай жаңа міндеттерді мұғалімнің кәсіби санасының өзгеруінсіз, кәсіби құзіреттілігінің өсуінсіз ескі психологиямен, ескі әдістермен, ескі біліктілік арттыру жүйесімен шешу мүмкін емес. Олай болса қоғам - жаңалыққа жаны құмар, жаңаша ойлайтын, өзгермелі өмірге икемделіп қана қоймай, оны жағымды жаққа өзгертуге белсенді қатысатын ұстаздарға мұқтаж.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012 - 2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары. Астана. 2012 жылғы 25 маусым.
2. ҚР Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарының орындалу барысы туралы» мәселе бойынша ҚР Үкіметі отырысында сөйлеген сөзі. Астана. 2012 жылғы 11 қыркүйек.
3. Ергешбаева Ш.Н. «Мүдде мен мақсат – жарқын болашақтың кепілі».// Өрлеу – Шымкент №1 (7) 02.2014ж.
4. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары. // «Егемен Қазақстан» газеті. http//www.
5. Өмірбаева К. «Оқыту процесіндегі инновациялық ізденістер». 2001 .
6. «Қазақстан мектебі» №2, Алматы қ. 2013.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.