Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
ОРЫС ТІЛДІ МЕКТЕПТЕРДІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҚТАРЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҚТАРЫН ДАМЫТУ -

ОРЫС ТІЛДІ МЕКТЕПТЕРДІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҚТАРЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҚТАРЫН ДАМЫТУ

Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 4366 | Размер: | Автор: гость
. Назигуль Мугалымовна Шоматова
«Зырян қаласының мектеп-лицейі»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Зырян қаласы, Шығыс Қазақстан облысы

ОРЫС ТІЛДІ МЕКТЕПТЕРДІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҚТАРЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҚТАРЫН ДАМЫТУ

Баяндамада орыс тілді мектептердегі қазақ тілі сабақтарында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың өз тәжірибемдегі қолданылып жүрген жаңа тәсілдер мен әдістер туралы айтылған. Мұнда оқушылардың сөйлесім әрекетінің түрлерін (айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым, тілдесім) меңгерту жолдары; алған білімдерін өмірде қолдана алуға үйрету тәсілдері; мемлекеттік тілде ауызша, жазбаша қарым-қатынас жасауға дағдылануы; әлеуметтік талаптарына сай келу үшін ақпараттық технологияларды қолдануы; өз-өзіне сыни қарау, өз-өзін бағалау, өзгелерді бағалау дағдыларын дамытуы арқылы өзгермелі өмірге бейімделуіне үйренуіне жасалған әдіс-тәсілдерім туралы тәжірибемнен ұсынып отырмын.

«Білім беру тек қана оқытумен ғана шектелмей, оны керiсiнше, әлеуметтiк адаптация процесіне бейiмдеу қажет».
Н. Ә. Назарбаев.

Функционалдық сауаттылық дегеніміз не?

Функционалдық сауаттылығы дегеніміз-адамдардың әлеуметтік , мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарамай ілесіп отыруы, адамның маман-дығына , жасына қарамай үнемі білімін жетілдіріп отыруы. Ондағы басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның әлемде әлеуметтік бейімделуі болып табылады.
Мұндағы басшылыққа алынатын сапалар:
-белсенділік
-шығармашылық тұрғыда ойлау
-шешім қабылдай алу
-өз кәсібін дұрыс таңдай алу
-өмір бойы білім алуға дайын тұруы болып табылады.
Бұл функционалдық дағдылар мектеп қабырғасында қалыптасады.
Функционалдық сауаттылықты дамытудың жалпы бағдары 2011-2020 жылының мемлекеттік бағдарламасында айқын көрсетілген.
Және де Елбасы 2012 жылғы 27 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдау -ында мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту мақса-тында бес жылдық ұлттық жоспар қабылданғаны баршамызға белгілі. Ұлт-тық жоспардың мақсаты - Қазақстанда білім сапасын жетілдірудегі, оқушы-лардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі атқарылатын іс-шаралардың жүйелілігі мен тұтастығын қамтамассыз ету болып табылады.
Осыған орай, Ұлттық жоспарда функционалдық сауаттылықтың төрт негізгі механизмін бөліп көрсетеді.

Оның бірінші механизмі-оқыту әдіснамасы мен мазмұнын түбегейлі жаңарту / МЖБС -мемлекеттік стандарт/ . Ол үшін мұғалім оқушының бойына әлеуметтік ортаға бейімделуіне, алған білімін практиакалық жағ-дайда тиімді пайдалана алатындай негізгі құзыреттіліктерді сіңіруі керек.
Олар:
-басқарушылық /проблеманы шешу қабілеті/;
-ақпараттық /өз бетінше ақпараттар көздері арқылы үнемі білімін көтеріп отыруы, сол арқылы танымдық қабілетін ұштау/;
-коммуникативтік /қазақ ,орыс ,ағылшын тілінде ауызша ,жазбаша қарым-қатынас жасау;
-әлеуметтік /қоғамда, өз өмір сүрген ортада іс-әрекет жасай алу қабілеті/;
-тұлғалық / өзін жеке тұлға ретінде қалыптастыруға, , қажетті білім, білік, дағдыларды игеру, болашақта өзі таңдаған кәсібін өзі анықтау, оның қиын-шылығы мен күрделілігіне төзімді болу/;
-азаматтық /қазақ халқының салт-дәстүрі,тарихы, мәдениеті, діні мен тілін терең меңгеріп, Қазақстанның өсіп өркендеуі жолындағы азаматтық парызын түсінуі/
-технологиялық / ақпараттық технологияларды, білім беру технологияларды сауатты пайдалану/;
Оқушы осы аталған негізгі құзыреттіліктермен қатар пәндік құзырет-тіліктерді /әр пәннің мазмұны арқылы/ меңгеруі тиіс.
Елбасы Н. Назарбаев оқулық мәселесіне де ерекше тоқталған болатын. Оқулықтың мақсаты, міндеті, мазмұны ,құрылымы функционалдық сауатты-лықтың құзыреттілігіне сай жазылуы тиіс.

Ұлттық жоспарда көрсетілген функционалдық сауаттылықтың екінші механизмі-оқу нәтижелерінің бағалау жүйесін өзгерту. /Қазіргі біз қолданып отырған жүйеде 5, 4 және 3 деген бағаларды не үшін қоюға бола-тыны нақты анықталмаған / Бағалау жүйесі функционалдық сауаттылықта сырттай бағалау және іштей бағалау болып бөлінеді. Іштей бағалау- оқу пәні бойынша оқыту сапасын диагностикалау. Ал сырттай бағалау- әрбір деңгейді аяқтау бойынша білім алушының оқу жетістіктерінің нәтижелері /ҰБТ,ОЖСБ-ВОУД/. Сондай-ақ халықаралық /TIMSS , PISA және PIRLS/ зерттеулерге қатысуы . Білім алушылардың өзін-өзі бағалауы өзін-өзі ұйымдастыру және өзін-өзі жетілдіру үшін жеке жетістіктерін бағалау арқылы жүзеге асырылады.Критериялық бағалау жүйесі енгізілетін болады.
Функционалдық сауаттылықтың үшінші механизмі-ата-аналардың балаларды оқыту мен тәрбиелеуге белсенді қатысуын қамтамасыз ету.Ата-ананың борышы бала бойына жас кезінен адами құндылықтарын дарытып, саналы өмір сүруге баулу. Ата-ана баласының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін мұғалімдерімен тығыз байланыс жасау керек. Ата-ана баласының ерекше қасиетін тану, түсініп қол үшін беру, олардың қабілетін дамыту, бойына рухани құндылықтарды қалыптастыру, жағымсыз мінез-құлық, әдеттрден арылтуға көмек беруі керек. Ата-ананың бойында да фукционалдық сауаттылық болуы тиіс.
Бұл үшін мемлекет жаңа әдістемені әзірлеуге кірісті. Осы әдістеменің негізінде ата-аналарға арналған семинарлар мен тренингтер өткізіледі. Аталған жұмысқа Үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) және азаматтық қауымдастықтың басқа да секторлары белсенді тартылады.

Төртінші механизм-қосымша білім беру жүйесін дамыту. Ұлттық жоспарда оқушылар сарайы,музыка мектептері,жас техниктер мен натура-листер станциялары жұмыстарын түбегейлі өзгерту қарастырылған. Қазақстанның тарихында алғаш рет аталған ұйымдардың материалдық техникалық базасы жаңартылатын болады.Оқытудың жаңа технологиялары мен интерактивтік, инновациялық формалары енгізілетін болады. Олар: балалар интерактивті парктері (ғылыми қалалар), технопарктер, балалар мұражайлары, ғылыми үйірмелер және т.б Бұл – шығармашылық пен инновацияға деген қызығушылықты арттырады. Мұндай оқыту жүйесі баланың санасына әлеуметтік тұрмысына, төңіректегі әлемге терең көзбен қарап үйреніп, жолығатын қиын мәселелерді оңай шешетін болады. Бұрынғыдай мектептен шыққан соң бала үйренген білімін ұмытып қалмайды, қайта өмірде пайдаланатын болады.

Ұлттық жоспарды іске асырудың күтілетін нәтижелері:
Ұлттық жоспарды орындаудың нәтижесінде 2017 жылға қарай қазақстандық мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін мынадай жағдайлар жасалатын болады:
1. Ғылыми-зерттеу жағынан қамтамасыз етеді.
2. Білім беру мазмұнын жаңартады.
3. Оқу-әдістемелікпен қамтамасыз етеді.
4. Мектеп оқушыларының білім сапасын бағалау және оған мониторинг жүргізу
жүйесі енгізіледі.
5. Материалдық-техникалық базасы жаңартылып, нығайтылады.
Жалпы алғанда, Ұлттық жоспарды жүйелі және одан әрі іске асыру Қазақстанның ұлттық білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін және функциялық сауаттылығын дамуына мүмкіндік береді. Жалпы білім беретін орта мектептердегі құзіретті тұлғаны қалыптастыруда тіл пәндерінің орны ерекше болып келеді. Бұл орыс мектептердегі «Қазақ тілі» пәніне де тікелей қатысты. Өйткені мемлекеттік тіл ретінде оқытылатын оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру ҚР «Білім туралы», «Тіл туралы» Заңдарының жүзеге асуының басты шарты болып саналады. Фукционалдық сауаттылықты қалыптастыру үшін өзге тілді мектептердегі «Қазақ тілі» пәнін оқытудың әдістеме негіздерді қайта қарастырып, білім беру жүйесіне өзгерістер енгізіледі.

Баяндамамның соңында қазақ тілі пәнінен оқушының функционалдық сауаттылығын дамыту мәселесіне мынандай тұжырымдарманы ұсынуға болады:
1.Оқушыларды бірінші сабақтан бастап сөйлесім әрекетінің түрлерін (айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым, тілдесім) меңгерте білу
2. Оқушылардың алған білімдерін өмірде, кез-келген жағдайда, әлеуметтік ортада қолдана алуға үйрету;
3.Мемлекеттік тілде ауызша,жазбаша қарым-қатынас жасау;
4.Әлеуметтік талаптарына сай келу үшін оқушының ақпараттық технологияларды қолдану және проблемалардың шешімін таба алуға үйрету;
5. Оқушылардың өзгермелі өмірге бейімделуіне үйрету ;
6. Оқушылардың жеке бас қабілеттерін дамытуы;
7.Оқушылардың әлеуметтік-мәдени дағдыларын дамытуы ;
8. Қазақ халқының салт –дәстүрі, мәдениеті, тарихын түсіну және құрметтеге баулу;

Тыңдаушы мұғалімдер арасында мына төмендегі тақырыптар бойынша қорғау жұмыстары жүргізілді:
1. Бағалау сауаттылығының PISA зерттеулеріне сәйкес оқу сауаттылығының деңгейіне салыстырмалы анализ жасау.
2. Тест тапсырмаларын PISA зерттеулері әдісімен құрастыру тест тапсырмаларын құрастыру.
3. Қазақстанда оқу сауаттылығының нәтижесінің тенденциясына берілген халықаралық база бойынша салыстырмалы анализ жасау.
4. Функционалдық сауаттылыққа оқытуды зерттеуді бағалау технологиясы.
5. «Оқушының функционалдық оқу сауаттылығы» бағытындағы зерттеу жабдықтары.
6. Оқу мен мәтінді түсінудегі фунционалдық сауаттылықты бағалау.
7. Мәтінмен жұмыс фунционалдық сауаттылыққа оқуға дамытудың негізгі тәсілі.
8. Мұғалімнің тәжірибелік қызметіндегі оқытудың белсенді стратегиялары.
Республикамыздың білім беру жүйесінің ең басты мәселесі – қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне тек сөйлесу тілі, мемлекеттік тіл деген ұғымда ғана қалдырмай, ғылым тіліне дейін жеткізу болып отыр. Қазіргі заман талабы – өз елінің нағыз патриоттарын тәрбиелеу заманы, өз тілін, өз Отанын жанымен сүйе білетін азамат тәрбиелеу – әр ұстаздың міндеті.
Қазақ тілі сабақтары – баланы тілге үйрету мен тәрбиелеуде оның патриот тұлға ретінде өзін-өзі ашуына, дамуына жағдай жасайтын негізгі сала. Қазіргі таңдағы мұғалім оқушы үшін «дайын» білім көзі болмай, керісінше мектеп оқушыларының танымдық іс-әрекетінің ұйымдастырушысы және үйлестірушісі бола білуі қажет. Сондықтан құрастырылып отырған әдістеме қазақ тіліміздің мемлекеттік мәртебе дәрежесінде үйретілуіне, өзге тілді мектептерде қазақ тілінің еркін сөйлесу тілі деңгейіне жеткізілуіне бағытталып отыр.
Ұстаз үшін ең негізгі мақсат – әр сабағының түсінікті, тартымды, тиімді, оқушының өздігінен білім алуына, оқушының өз жұмысына сыни қарай алуына, оны түсініп, талдай алуына мүмкіндік беретін тәсілдерді ұтымды ойластыруы.
Сондықтан, мен «Қалай оқу керектігін үйрету» бағдарламасы бойынша негізгі жеті модуль көлемінде оқушының өзін - өзі іске асыруына және дамытуына арналған жаттығуларды қолдануды қарастырдым.
Диалогтық оқыту бойынша оқушылардың
өзін-өзі іске асыруы және дамытуы
Ғылыми зерттеу нәтижелері сабақта диалогтің маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Мерсер мен Литлтон (2007) өз еңбектерінде диалог сабақта оқшылардың қызығушылығын арттырумен қатар олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосатынын атап көрсетеді [1].
Орыс тілді мектептердегі қазақ тілі сабақтарында Барнстың «Сыныпта тіл қаншалықты қолданылса, оқушылардың білім алуына соншалықты әсер етеді»,-деген пікірін басшылыққа алдым [2]. Қазақ тілі сабақтарында диалогтық оқыту арқылы оқушы өзін-өзі іске асыру үшін «Жеңіл-қиын сұрақтар» тәсілді қолдандым. Оқушылардың сұрақтарға жауап берудегі байланыстыра сөйлеу дағдыларын бақылау арқылы олардың сұрақтарды құрастыра білу, оларға жауап бере білу техникасын тексердім. Деңгейлі сұрақтар арқылы оқушылар білімдерін көрсетуге, өзара диалогқа түсуге, сұрақтарды дұрыс құрау, ойды жүйелеп жеткізуге үйренеді. «Жеңіл-қиын» сұрақтар тәсілін оқушылардың топта орналасуына, күтілетін жауаптардың әртүрлілігіне бағыттап, сұрақтардың мөлшерін, құрылымын оқушының білім деңгейіне, жас ерекшелігіне бағыттап құруға болатындығын байқадым.
Диалогтық оқыту арқылы оқушының өзін-өзі жетілдіруге, дамытуға «Парасат картасын» толтыру арқылы қол жеткізуге болады [4]. Бұл тәсіл оқушылардың ізденімпаздықтарын, өз бетімен жұмыс жасау дағдысын, топ ішіндегі еркін диалогтың мазмұнын дұрыс құра білуіне үйретеді. Оқушылар картаны құру барысында бұрынғы білімдерін тереңдете отырып, өздіктерінен жаңа ұғымдарды таба білді. Тақырып бойынша біртіндеп ойды тереңдетуге үйренеді. Табылған жаңа сөздер арқылы табиғат туралы ауқымды материалды модельдеуді, оны пайдаланып байланыстыра сөйлеуді үйренеді.
Оқушы жаңа заман талабына сай өзіндік пікірі қалыптасқан, өзіндік ойын жеткізе алатын, өз пікірін дәлелдей алатын тұлға болып қалыптасуда «Даулы сұрақ» тәсілін қолдануға болады. Оқушыларға «Табиғатсыз ауыл болады - болмайды» деген сұрақ бойынша пікірді қорғауды тапсырдым. Оқушылардың «болады» деген пікір бойынша белсенділіктері жоғары болды, ал «болмайды» деген пікірде отырғандар өз пікірлерін толық дәлелдей алмады. Бұл тәсілді топтық, жұптық тәсілмен ұйымдастыруға болады.
«Диалог және шығармашылық» тәсілінде оқушылар тақырып бойынша өзіндік идеяларын қорғауға, диалогтық үлгіде қорғауға үйренеді. Оқушылар тақырып бойынша топтың қалауымен жобаның тақырыбын таңдауға мүмкіндік алды. Тапсырманы орындау барысында өзара сұрақтар қойып, соның жауаптарын өздері тауып отырды. Топтар «Демалыс күнгі мәзір», «Демалыста атқарылатын жұмыстар», «Демалыстағы саяхаттың бағдарламасы» тақырыптарында шағын жобалар қорғады. Жоба қорғау диалог үлгісінде өтеді. Қолданылған тәсіл - оқушының өздігінен сабақта белсенділік көрсетуіне, қызыға орындауына тиімді тәсіл.
Оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға жұмылдыру арқылы
өзін-өзі іске асыру және дамыту
Қазіргі жастар дайын ақпаратпен жұмыс істеуге дағдыланған. Өздіктерінен ойлау, өзіндік пікірін ортаға салуға тілдік қорлары аз. Орыс тілді мектептерде оқушылар мәтінмен жұмыстарға, теориялық тестерге жақсы қалыптасқан, ал еркін сөйлесуге, өзіндік пікірін қазақ тілінде жеткізуге ұмтылыстары аз.
Сыни тұрғыдан ойлау бақылаудың, тәжірибенің, ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты ойлауға, бағалауға, талдауға және синтездеуге бағытталады. [1]
Сабағымда сыни тұрғыдан ойлауды іске асыру үшін «ой шақыру», «мағынаны ашу», «ой қорыту» сатыларында «Талдау», «Синтездеу», «Бағалау», «Модельдеу», «Салыстыру», «Дамыту» сияқты оқушының өзін-өзі іске асыруына, дамытуына түрлі әдістер мен тәсілдер ойластырылды.
«Диалог-ертегі» Ойынның шарты: мұғалім не бір оқушы кез-келген әңгіме немесе ертегіні бастап кетеді. Ал қалған оқушылар бір-бір сөйлемнен әрі қарай жалғастырады. Оқушылар бұл қай ертегі екендігін анықтаулары керек және ертегіні өздерінше аяқтайды. Бұндай тапсырма оқушының тілдік байланыс дағдысын дамытады, қызыға отырып, өз-өзін жетілдіреді, сенімділік пайда болады.
«Мен-саған, сен-маған» деген тапсырманы әсіресе оқушылар тест жазғаннан кейін орындатамын. Оқушылар топтарында тестен кеткен қателер бойынша ойларын ортаға салады да, ең қажетті негізгі үш сұрақты топтың атынан шығарады. Сол сұрақтарды жалпы сыныпқа қоямыз. Сыныптан білетін топтар сұрақ қоюшыларға жауап береді, түсіндіреді. Егер ешкім жауап бере алмаса, онда түсінік парағын беремін, оқушылар сол парақтан ақпаратты алады, бір-бірін оқытады, түсіндіреді, бір-біріне айтады, консультант оқушы олардың жұмысын бақылап тұрып, жұмыстарын талдайды, өзіндік бағасын береді. Мен консультанттың жұмысын қадағалаймын да, оның жауапкершілігіне, біліміне өзіндік пікірімді айтамын.
Оқушыларға «Оқушы мұғалім ретінде» деген тапсырма ойластыру арқылы оның сабақ бойынша алған білімін көрсете білуіне, өзіне деген сенімділіктің артуына, өзін жетілдіре білуіне мүмкіндік туды. Оқушыларға сабақты қорытындылауға тапсырма ойластыру тапсырылады. Олардың өздері ойластырған тапсырманы өздеріне орындатамын, сол арқылы оқушының өзіндік сенімі артады, өзін-өзі көрсете алады.
Сабақтарда оқушының қиялын кеңейтуге, өмірмен байланыстыруға, айналаға деген көзқарасын жаңа заман талабына сай қалыптастыруға «Егер ... болмаса, онда ...» деген шығармашылық болжам жасауға тапсырма беремін. Олар аяқталмаған ойды жалғастыру арқылы ойлауға, керектіні табуға, жүйелеуге үйренді.
«Терезедегі көрініс» тәсілін қолдануда тапсырманы үйде орындау жолы түсіндіріледі. Оқушылардың жауаптарын көз алдындағысын көру, оны біртіндеп нақтылау әдісімен тексеремін. Оқушылар жалпыдан жекеге қарай сипаттауға үйренді, детальдау, суреттеу, нақтылауға қажет сөздерді таба білді. Тақырып бойынша өзіндік идеяларын қорғауға, сыни тұрғыдан ойлауға үйренеді. Бұл тәсіл мұғалім-оқушы арасындағы диалог ретінде ұйымдастырылады. Озық ойлы оқушылардың жауаптары үлгісінде орта, төмен деңгейде ойлайтын оқушылардың енжарлығын жоюдың тиімді тәсілі.
«Сұрақ-жауапқа құрылған хат». Ойынның шарты: 6 оқушыға 6 түрлі сұрақ беріледі. Сол сұрақтарға оқушылар жазбаша түрде жауап береді. Бірақ бұлар кез-келген сұрақтар емес. Белгілі бір қалыпқа түскен тұрақты сұрақтар.
1 сұрақ: «Кім?, не?» (яғни 1 оқушы зат есімнен болған кез-келген сөзді қағазға жазады).
2 сұрақ: «Қай жерде?» (яғни жатыс септігінде тұрған зат есімді екінші оқушы жалғайды).
3 сұрақ: «Не істеді?» (оны 3-оқушы жазады).
4 сұрақ «Ол не айтты?» (бұл сөйлем төл сөз түрінде берілуі қажет. Оны 4-оқушы орындайды).
5 сұрақ: «Адамдар не деді?» (Бұл сөйлемде төл сөзінде берілуі шарт. Ол 5-оқушының міндеті).
6 сұрақ: «Оқиға немен тынды?» (Бастауышы жоқ бір ақ сөйлем. Оны 6-оқушы орындайды).
Бір қызығы әр оқушы жолдастарына қандай сұрақ берілгенін білсе де, олардың қандай жауап жазғанын білмеуі тиіс. Әйтпесе ойын шарты бұзылады. Жаттығу аяқталғаннан кейін мұғалім әр оқушының жауабы біріктіріп, тұтас мәтін құрайды да балаларға оқып береді. Сол кезде әрі қызғылықты, әрі күлкілі оқиға шығуы мүмкін. Нәтижесінде оқушылардың байланыстыра сөйлеу дағдылары дамиды, ойнай отырып, өзін-өзі жетілдіреді, бір-бірін түзетеді, өз-өзін реттейді.
Оқушының өзін-өзі дамытуына өзіндік рефлексия жасатудың тәсілдері
Сабақта айнаға қарап отырған қызды байқадым. Оны сабаққа жұмылдыру үшін мына тәсілді қолдандым: «осы айнаға қарап отырып, бүгінгі оқыған сабақтың мазмұнын керісінше жазып шық». Оқушы мұндай тапсырманы орындау үшін алдымен сабақта не өткенін түгел еске түсіріп отырып, жазу керек. Содан соң оны керісінше жазу керек. Әрине ол үшін адамның ойлау логикасы дамыған, білімі бар және тыңдап отырған адам ғана орындай алады. Бұл тапсырма оқушыны сабақта өзін-өзі іске асыруға, дамытуға жетелейді.
Жоғарғы сынып оқушылары сабақта партаның үстіне ұялы телефон қойып қоятын әдеттері бар. Мұндай жағдайда оқушының бұл әрекетін пайдалы жағдайға айналдыруды ойластырамын. Оқушыға тақырып бойынша интернеттен қосымша мәлімет алып, оны аударып, сабақтың қорытынды бөлігіне қосуды ұсынамын. Немесе сабақ бойынша естіген, білгеніңді СМС арқылы нөмірге жіберуді ұсынамын. Оның бағаланатынын ескертемін. Оқушы бұндай тапсырмаға қызыға ұмтылады және бұл тапсырма арқылы мен оқушының сауаттылығын, алған білімін тексеруге мүмкіндік алсам, ауызша жауап беруге қорғанған бала өз білімін көрсете алады, сөйтіп сабаққа деген қызығушылығы, өзіне деген сенімділігі артады.
Оқушылар «Үштік» деген тапсырма арқылы сабақтан алған әсері, неге қолы жеткендігі, топтың қаншалықты жұмыс істей алғандығын, тағы да не туралы білгісі келетіндігі туралы сабақты қорытындылай алады. Яғни өз-өзіне басшылық жасауға, өз-өзін жетілдіруге мүмкіндік алады.
Бұл тәсіл «Теңдеу» деп аталады. Оқушылар сабақты қорытындылау кезінде сабақта не өткенін, қандай дағдылары дамығанын, нені білмегенін
« + - » белгілерімен белгілей отырып, сабақтың формуласын құрастырып шығады. Өзіндік талдау, алдағы уақытта не істеу керектігін өздері анықтап шығады, бұл тәсіл оқушының өзін-өзі жетілдіруіне қолайлы тәсіл болып саналады.
Оқушылардың білім сапасын жақсартуда, ой-өрісін кеңейтуде, алған білімдеріндегі кейбір олқылықтарды толықтырып, бұрын өткен материалдарды бір жүйеге түсіру үшін диктанттарды пайдалану өте тиімді. Оқытудың жаңаша тәсілдерін үйреніп келгеннен кейін өз сыныптарымда диктантты жүргізудің жаңа тәсілін ойластырып көрдім. Орыс мектептеріндегі 5-11 сынып оқушыларының қазақ тілі сабақтарындағы диктантты жазудағы ең негізгі проблемалары – бұл ұқсас әріптердің жазылуы, түсінігі қиын сөздердің естілуі бойынша жазылуы, аудармасын білмеуі. Сондықтан мен диктантты барлық оқушыға жеке парақтарға басып әкелемін. Диктантты бағалаудың критерийлерін өздері құрастырады. Содан соң оқушылар мәтінді топта оқып, аударады. Қиын сөздердің астын сызып қоямын. Ол сөздерді өздеріне жазып алады. Емлеге, пунктуацияға қатысты күрделі орындарға назар аудартамын. Артынан мәтінді жинап аламын да, диктанттың талабына сай (3 рет оқу жүйесімен) жаздыртамын. Бұл тәсіл кейбір оқушылардың есту арқылы, кей оқушылардың көру арқылы өзін-өзі дамытуына өте қолайлы жағдай болып табылады. Диктант жиналып алынады. Мұғалім тексергеннен кейін, ертеңінде оқушыларға диктанттары таратылады. Олар өздері құрған критерий бойынша өздерін бағалайды. Әрине бағалары аса «жақсы» деп айтуға болмайды, өйткені олар өз жұмыстарына сыни қарайды. Кейін оқушылар критерийлерді өз мүмкіндіктеріне қарай лайықтап құруға үйрене бастайды. Осылай тәжірибеге әбден қалыптасқаннан кейін, олар стандартты өлшем деңгейіне лайықтап жазуға өздерін біртіндеп жетілдіреді. Қатемен жұмыс барысында критерийдің талаптарын бұрынғыдан да жоғары көтердік те, сол талаптарға лайықтап жазуға тырысты. Ал өздерінің жіберген қателері бойынша толық талдауды қателер классификациясы кестесіне өздері толтырады, сөйтіп өзінің нақты қай тақырыптан қателескендігін, нені қайталап, үйрену керектігін өздері анықтап, жетілдіреді. Кейбір оқушылары аз сыныптарға диктантты өздеріне тексеруге тапсырдым. Олар берілген мәтін бойынша өз қателерін өздері тексеріп, өздері бағалайды.
Орта буында сөздік диктанты, буын диктанты, есту диктанты, шығармашылық диктанты, терме диктанты, өздің диктанты, көру диктанты, бақылау диктанты сияқты түрлерін осылай түрлендіре жүргізуге болатындығына көзімді жеткіздім. Диктант жұмыстарының түрлерін магнитофон арқылы да жүргізуге болады. Магнитофон арқылы жүргізілген диктантта оқушылардың зейіні еститін сөзге ғана аударылады. Осы тәсілдерді мазмұндама жазуда да қолдануға болатынын көрдім. Тек бағалау өлшемдерін диктантқа қарағанда басқаша құру керек.
Шығарма жазуда оқушыға қойылатын талап – тақырыптан ауытқымау, қажетінше көркем сөздерді пайдалану, шығарма көлемінің болуы, өз ойын жүйелі баяндай білуі керек. Шығарма жазуға дайындық жұмыстарын жүргізгенде оқушыларға тақырып төңірегінде дамытылатын негізгі ойлар бойынша түсініктерді жинақтауды «Парасат картасы» арқылы үйреттім. Оқушылар шығарманың жоспарын өрбітуге негізгі үш ойды алды. Сол ойлар төңірегінде үш сөйлеммен өрбітеді. Сөйтіп, әрбір сөйлемді тереңдете мазмұнын аша береді. Нәтижесінде көлемді, мағынасы ашылған, тақырыптан ауытқымаған шығарма шығады.
Оқушылардың шығарма мен мазмұндамаға қойылатын әдістемелік талаптардың орындалуын мұқият бақылауға алу керек. Ол талаптарды оқушылармен талдай отырып, өздерінің критерийлерін құрастырады. Оқушыларға мазмұндама, шығарма жаздыру барысында оқушылардың өз жазғандарын өздеріне тексерту, түзеттіру жұмыстары жүргізіледі. Оқушыларға өз жазғандарын сын көзбен қарап шығып, жазу барысында түрлі себептермен жіберген қателерін түзету керектігін түсіндіремін. Олардың негізгілері мынандай:
Талаптары Ұпайлары Бағасы
Берілген тақырыпты мазмұнын ашып көрсете білу 5 «5»
Негізгі ойды анықтай білу 5
Жүйелі баяндауы 5
Бір сөздің бірнеше рет қайталанбауы 5
Орфографиялық қатесі 5

Білім беру үшін бағалау және оқуды бағалау арқылы
оқушының өзін-өзі іске асыру және дамыту
Жаңа курс бағдарламасы мұғалімге еш уақытта дайын тапсырманы беруге, оның шешімін дайын ұсынуға , немесе тақырыпты дайын қалпында ұсынуға болмайтындығын үйретті. Сондықтан, қазіргі сабақтарды даярлаған кезде әрбір тақырыпты «қалай оқушыны ойлантсам екен? Нені ойластырсам, оқушы білімді өздігінен алады?» деген сауал күнделікті тұрады. Қазақ тілі сабақтарында өзін-өзі жетілдіру, дамыту тапсырмаларын ойластырғанда, алдымен, тапсырманың ең биік шыңы қандай болуы керектігін критериалды бағалау өлшемдерімен құрастырамын.
Мысалы: 11 сыныпта өткен «Ұлттық тағамдар. Домбыра» тақырыптарын өткенде алдымен оқушылар өз білімдері арқылы мәтін құрастырды, содан соң берілген дайын материал арқылы өлшемдер беріліп, солған бағыттап мәтін құрастырды. Өздерінің білім олқылықтарын жетілдіруге өте қолайлы сәт болды.
Критерий бойынша бағалау:
«Өте жақсы» - Тағамдар неше түрге бөлінеді?
- Ет тағамдары қандай болады?
- Сүт тағамдары қандай болады?
- Нан тағамдары қандай болады?
- Ең сыйлы тағам не?
- Қонақтарға не беріледі?
- Күйеу балаға, келінге қандай ет береді?
- Еттен кейін не береді?
- Тамақтан соң үлкендер дастарханға не береді?
Критерий бойынша бағалау:
«Өте жақсы» - Домбыра қандай аспаптың түріне жатады?
- Домбырада неше ішегі болады?
- Домбыра арқылы нелер ойналады?
- Домбыраның қандай бөлшектері бар?
- Домбыраны неден жасайды?
- Домбыраны кімдер ойнайды?
- Домбыра қазақ отбасының несі?
- Домбыраның қандай түрлері болады?
- Қандай атақты домбырашы-күйшілерді білесің?
Қазақ тілі сабақтарын грамматикалық талдауды жаттығулар орындағанда көпшілік мамандар Н.Оразақынқызының «Сатылы кешенді талдау» технологиясы бойынша талдатуды қолданып жүр. Бұл әсіресе, оқушыларды ҰБТ – ке даярлауда септігі көп технология. Сондықтан, мен осы технологияны өзімше әдебиетте және қазақ тілінде мәтінмен жұмыс жүргізгенде, оқушыны сабақта зерттеу жұмыстарына жұмылдырғанда қолданып жүрмін. Ол үшін мәтінді зерттеудің критерийлерін ойластырдым. Мысалы: Мәтінді сатылы кешенді талдаудағы критериалды бағалау:
Ұпайлар Өлшемдер
«5»
Барлығы 61- 65 ұпай Сөйлем түрлері – 10
Сөйлем мүшелері – 5
Сөз тіркестері - 5 - Синтаксистік талдау талаптары толық: сөйлем түрлері, сөйлем мүшелері, сөз тіркестері.
Сөз құрамы – 8
Сөз таптары – 10
Күрделі сөздер - 5 - морфологиялық талдау талаптары толық: сөз құрамы, сөз таптары, күрделі сөздер туралы толық талданған.
Барлығы - 6 - лексикалық талдау талаптары толық: синонимдер, антонимдер, омонимдер, көп мағыналы сөздер, тұрақты тіркестер, мақал-мәтелдер.
Әріп, дыбыс -2
Буын – 3
Тасымал – 1
Үндестік заңы – 4
Айтылуы, жазылуы - 1 - фонетикалық талдау талаптары толық: әріп, дыбыс, буын, тасымал, үндестік заңы (ықпалдар), айтылуы мен жазылуы әр түрлі сөздер.
Грамматикалық сауаты - 5 - қатесіз жазылса, таза жазылса, 1-2 қатесі болса.
4 - 3-5 қате, 1-2 түзетуі болса
3 - 6-8 қате, 3-5 түзетулер болса.
2 - 9-11 қате, 6-8 түзетулер болса
1 - 12-15 қате, 9-10 түзету болса.
«4» 50 – 60 ұпай
«3» 39 – 49 ұпай
«2» 38-ден төмен
Мұндай тәсіл, біріншіден, мәтіннің мағынасын толық ашуға, екіншіден, үзіндіні автордың қандай тәсілдермен құрастырғанын зерттеуге, үшіншіден, грамматикалық талдауды жүйелі меңгеруге, төртіншіден, ҰБТ-ге сапалы даярлануға, бесіншіден, өзіңнің нақты еңбегің бойынша бағалануға, алтыншыдан, өзіңді-өзің жетілдіруге толық мүмкіндік береді.
Оқушының өзін-өзі дамытуға арналған жаттығулар.
Оқушының қабілет деңгейін байқауға және ойлауын дамытуға арналған мұндай жаттығулардың орны ерекше. Сабақта тек тақырыпқа байланысты жаттығуларды ғана меңгертіп қана қоймай, сонымен қатар ойлауын арттыратын жаттығуларды пайдаланған жөн. Мұндай тапсырмаларды жаңа сабақты сыныптастарынан бұрын игеріп отырған дарынды балаларға да беру өте қолайлы. Қазақ тілі дұрыс жазу, сөйлеу ережесі үшін ғана емес, сонымен бірге логикалық ойлауды дамыту үшін де қажет. Өйткені сөздердің өзара байланысуы, өрістеуі оқушының ойлау логикасына байланысты. Өз заманында «Логикалық ойлау – логикалық сөйлеудің негізі, ал мұны – логикалық сөйлеуді Отандық тіл ұстазы дамытуға тиіс»,-деп көрсеткен болатын К.Д.Ушинский.
1. Барлық сөзі бірдей әріптен басталатын мақал-мәтел, нақыл сөздер жазу тапсырмасы.
2. Сөз туынды шешу, артық сөзді алып таста.
3. Буынды тап.
4. Мағыналас сөздер.
5. Сөз тізбектерін жазу (ассоциация)
6. «Сөйлемді толықтыр» танымдық жаттығу
7. «Сөйлем ойла, тез ойла» әдістемелік жаттығу
Мұндай сабақтарда игерілген білімдерінің бала бойында 75% дейін қалатындығы, оқу белсенділігін арттыруға, білімді игеруіне, өз-өздерін жетілдіруге, дамытуға жұмыс атқаратындығы белгілі болды.

Әдебиеттер:
1. Мұғалімдерге арналған нұсқаулық, 48 бет, 2б.
2. Карта разума, [http://www.12manage.com/methods_mind_mapping_ru.html]
3. Сын тұрғысынан ойлау, детальдау, http://bcetyt.ru/house/family/home- life/tehnika-vizualizacii-kljuchik-k-ispolneniju-zhelanij.html
4. Широкова Т.В. Топтық жұмыстарды ұйымдастыру - оқытудың белсенді әдіс-тәсілдерінің бірі.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.