Меню
Назад » » »
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ «ЕҢ ҮЗДІК ҒЫЛЫМИ ЖОБА» САЙЫСЫНА ҚАТЫСУҒА ӨТІНІШ
загрузка...

загрузка...
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ «ЕҢ ҮЗДІК ҒЫЛЫМИ ЖОБА» САЙЫСЫНА ҚАТЫСУҒА ӨТІНІШ

1 Сайыс атауы Ең үздік ғылыми жоба (оқушылар үшін)

2 Қатысушының аты-жөні Ермек Ақерке

3 Сыныбы 2-сынып

4 Жұмыс түрі Ғылыми жоба

5 Жұмыс атауы «Қазақтың ұлттық бағалы киімдері»

6 Білім алу мекемесінің толық атауы «Ж.Ақылбаев атындағы эксперименталдық мектеп-гимназия» КММ
7 Қатысушының толық мекенжайы 101700
Қарағанды облысы
Шет ауданы
Ақсу-Аюлы мекені
Шортанбай, 53
8 E-mail tolkinaibeg@mail.ru

9 Байланыс телефоны 8 (71031) 21820

10 Ғылыми жетекшісінің аты-жөні Бегельдиева Толкынай Олжабаевна

11 Лауазымы Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

12 Байланыс телефоны 8 7021683875

13 E-mail , tolkinaibeg@mail.ru

«Ж.Ақылбаев атындағы эксперименталдық мектеп-гимназия» КММ

ТАҚЫРЫБЫ: Қазақтың ұлттық бағалы киімдері /Этнопедагогика секциясы/

Дайындаған: Ж.Ақылбаев атындағы
мектеп-гимназияның
2-сынып оқушысы
Ермек Ақерке

Жетекшісі: Бегельдиева Толкынай Олжабаевна
Ж.Ақылбаев атындағы
мектеп-гимназияның
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі


Шет ауданы
2016

Мазмұны

І. Кіріспе ............................................................................. 1
ІІ. Негізгі бөлім. Қазақтың ұлттық киімдері ............................ 1-5
ІІІ. Қорытынды ......................................................................... 5
IV. Пайдаланған әдебиеттер тізімі ............................................ 6

Қазақтың ұлттық бағалы киімдері
Ермек Ақерке
Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназияның 2–сынып оқушысы, Қарағанды облысы, Шет ауданы
І.Кіріспе
Қазақ халқының киім-кешегі – ұлттық тұрмыстық және рухани мәдениеттің бағалы ескерткіштерінің бірі. Одан қазақтардың ұлттық ерекшеліктері, мәдени дәстүрлері, эстетикалық талғамы анық байқалады. Киімдердің материалдарынан, тысталуынан және тігілуінен халық тұрмысының жай-күйі, мәдениетінің қалыптасу процесі, ғасырлар бойғы жинаған еңбек тәжірибесі көрінеді.
Халқымыздың ұлттық киімдерінің түрлері көп. Кең байтақ даламыздың табиғатына, ауа райына байланысты киім түрлерінде де өзгерістер бар. Бүгінгі киімдер әрбір адамның жеке талғамына орай тым жиі өзгертілетін болса, бұрынғы кезде олар ұлттық дәстүрге сай тігілетін еді.
Ғылыми жұмыстың мақсаты: ұлттық киім түрлерімен таныстыра отырып, оның қолданысқа ену түрлерін, өрнектеу тәсілдерін зерттеу.
Осы мақсатты орындау барысында төмендегідей міндеттер туындайды:
• Ұлттық киім түрлеріне сипаттама беру.
• Әшекейлеу түрлерін айқындау;
• Ұлттық киім түрлерімен таныстыра отырып, қазіргі кездегі қолдану түрлеріне тоқталу.
Өзектілігі: қазіргі таңда ұлттық киімдерді жиі қолданатын болып отырмыз. Ұлттық киімдердің негізгі бөлігі мереке күндері немесе сән-салтанатта киілетін киімдер екенін атап өткен жөн. Халық қарапайым маталардан тігілген күнделікті киімдерді мерекелік киімдердей ұзақ сақтай қоймағандықтан тым аз кездеседі. Оның бәрін жеке-жеке суреттеу өте қиын іс болғандықтан, мен халықтың көп тұтынатын әрі ортақ бағалы киімдеріне тоқтауды жөн көрдім.
ІІ. Қазақтың ұлттық киімдері.
Ондай киімдердің бірі – тымақ.
Тымақ – ерлердің қысқы бас киімі. Оны аңның, малдың терісінен тігеді. Осыған орай ол түлкі тымақ, елтірі тымақ, сеңсең тымақ, пұшпақ тымақ деп атала береді. Бұрын қазақ елі қай жүздің, қай рудың адамы екенін осы тымағына қарап та тани берген. Яғни Арғын тымағы, Жалайыр мен Найман тымағы немесе Торғай тымағы, Семей тымағы деген үлгілері болған. Тымақ биік төбелі, маңдайы, екі құлағы бар, желке, жотаны жауып тұратын жылы бас киім. Сыртын берік және жақсы, қымбат маталармен тыстайды. Екі құлағына ызбалы бау тағады. Етегін төбеге қайырып қою үшін тымақтың артқы жағына тобылғыдан немесе арша сияқты берік ағаштан тиек жасап қадайды. Оны құрысқақ дейді. «Ескілік киімі» деген өлеңінде данышпан Абай былай деп жазған:
Күләпара бастырған, пұшпақ тымақ,
Ішкі бауын өткізген тесік құлақ,
Тобылғыдан кесіп ап, жіппен қадап,
Артын белге қыстырған бар құрысқақ.
Тымақ –қасиетті бас киім. Оны айырбастауға болмайды, аяқ тигізбейді. Жақсы кісілердің тымағы атадан балаға мұра есебінде қалып отырған. Бұрынғы қазақтар шала туған баланы неше күні кем болса сонша күн тымаққа салып кереге басына іліп қоятын болған. Бұл да тымақтың қадыры мен қасиетін бейнелейтін көріністердің бірі деп түсінуі керек.
Бөрік. Ұлтымызға жарасатын бас киімнің бірі – бөрік. Оны ерлер де, қыздар да киеді. Бөрік сырты мақпал, пүліш, барқыт сияқты қымбат маталардан тігіледі. Жиегіне қымбат бағалы аң және мал терілері ұсталады. Көмкерілген тері түрлеріне қарай кәмшат бөрік, құндыз бөрік, жанат бөрік, сусар бөрік, түлкі бөрік, күзен бөрік деп аталады.
Бөрік төрт немесе алты (кейде үш) қиықтан құрылады да, оны төрт сай, алты сай (үш сай) дейді. Оның жазғы, қысқы түрлері де болады.
Қыздар киетін бөрік дөңгелек төбелі немесе конус тәрізді биіктеу болыпкеледі. Сәндік үшін төбесіне үкі, жиегіне моншақ, шашақ, түрлі асыл тастар, түйме, оқа, зер, күміс тағылады.
Жас жігіттер мен сал-серілер, ақындар бөркіне үкі тағып, зерлеп, өрнектеп киген. Мысалы, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай ақын, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бөріктерінің төбесіне үкі тағып жүрген. Бұрын жігіттер мен ересек адамдар бас киімсіз жүрмеген, көбіне бөрік киген.
Сәукеле - ұзатылатын қыз киетін аса қымбат бағалы, кәделі әрі әсем бас киім. Сәукеле 2-3 қарыстай биік, дөңгелек төбе жағына қарай жіңішкере береді. Жоғарғы жағына үкі тағады. Сәукеленің өн бойы қымбат маталармен қапталып оның сыртына алтын, күміс, інжу, маржан, меруерт, ақық, лағыл тағы сол сияқты асыл тастардан жасалған моншақ, тағымдар түрлі-түсті қымбат жіптермен тігіледі, безендіріледі. Матасына әшекей, шашқа оқа тағылады. Сәукеленің артқы жағына ұзындығы жерге жететіндей ақ желең тағылады.
Сәукелені өте шебер әйелдер ғана тігеді. Ұзатылған қыздың дәрежесі осы сәукелесіне қарап бағаланады. Әрине, мұндай бағалы бас киімді байлар мен өте қуатты адамдардың қыздары ғана киген.
ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында Кіші жүздің Байсақал атты байы мен Орта жүз Сапақбай құда болыпты. Байсақал құдаларына қызының сәукелесін жіберіп, «басқа ештеңе сұрамаймын, тек осы бір сәукеленің бағасын өздері есептеп берсе болды» депті. Сонда Кенесарының ағасы Саржан төре әлгі сәукеленің бағасы «бес жүз байтал болады екен, сондықтан қызының қалың малы бес жүз жылқы болсын» деп кескен екен. (Бұл дерек Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еңбегінен алынып отыр.) Міне сәнді сәукелелердің құны осындай болған.
Сәукеле – тек бас киім емес, ол қазақ халқының байлығы мен сән-салтанатының, мәдениеті мен өнерінің озық үлгісі, өнер туындысы ретінде бағаланатын өте қымбат этнографиялық мүлік. Сонымен бірге ол қазақтың қыздарына деген өз көзқарасының да бір белгісі. Дәстүр бойынша сәукеле тек ұзатылатын қыздарға ғана кигізіледі, оны айырбастамайды, әзірше кие тұруға бермейді.
Әйелдердің сәукеледен кейінгі бағалы бас киімдерін қарқара, қасаба, тақия деп атайды.
Тон – қойдың терісінентігілетін қыстық жылы киім. Ол үшін теріні шелінен артылып, әбден илеп, оны қынамен, талдың қабығымен, томар бояумен бояйды. Бояудан кейін тері қоңыр, сұр немесе сарғыш, күлгін түсті болады. Осы теріден жүні ішіне қаратылып тон тігіледі. Жағасына кейде ижеңаузына сеңсең елтірі немесе бағалы аң терілері салынады Тонның ұзын, қысқа түрлері де болады. Әйелдер тонының иығына, жең ұшына, өңірі мен етегіне кесте жіппен ою - өрнектер салынады. Қазақтың «тоғыз тон әрі берік, әрі жылы, әрі сәнді де болады. «Ас – аттынікі, той тондынікі» демеуімізге қарағанда тон сәндік киімге де жатады. Тон тігісіне, үлгісіне қарай қималы, бүрмелі деп аталады.
Жоғарыда аталған тон түрлері күні бүгінге дейін сәнді, жарасты киімдер қатарында зор бағаланып жүр.
Қамқа тон. Тонның ең әдемі, жылы, қымбат бағалы түрі қамқа тон деп аталады. Оны бұрын хан, би, бай, мырза, ханша сияқты ауқатты, белгілі адамдар мен әйелдер ғана киген. Киімнің бұл түрі ондатр, құндыз, бұлғын, манат тағы басқа бағалы аң терілерінен түгі сыртына қаратылып, астарланып тігіледі. Иін әбден қандырып, қынаға бояп, аң терілерімен жиектеп қой терісінен де тігетін үлгілері болады. Абылай ханның ұрпақтары ХІХ ғасыр басында аққу терісінен қамқа тон тіккізген. Уәли хан 1741-1821 өлгенде оның қамқа тонын Айғаным ханша 1783-1853 ханның сыйлас замандасы Байдалы биге кигізген.
Жақы. Ертеректе ауқатты адамдар киген, бұл күндері өте сирек кездесетін жағалы әрі асыл киімдердің бірі – жақы. Ол тек жылқы терісінен тігілетіндіктен құлын жақы, тай жақы, құнан жақы деп бөледі.
Жақы тіктіру үшін жылқы ішінен қара, қоңыр жылқы атауында торы түсті мал таңдап алынады да арнаулы күтімде ұсталып, түгі әбден жетіліп, жылтырағаннан кейін сойып, терісін еппен сыдырып алып, илейді.
Жақы тігу үшін құлыншақ жалын арқасына, екі иығына келтіріп пішеді. Жылы болу үшін оған арасына жұқа мақта салып, астарлайды. Жақыға басқа тері немесе мата қосылмайды тек өз терісінен құрастырылып, тігіледі.
Жақы сәндікке де, жылылыққа да киіледі. Ол қазір ел арасынан кездесе бермейді. Алаш көсемі ардагер ақын, қайраткер Міржақып Дулатов киген тайжақы қазір Торғай қаласында А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатов атындағы әдебиет музейінде сақтаулы тұр.
Шапан. Қазақтың ежелгі әрі кәделі – шапан. Шапан – арасына жүн немесе мақта салынып, сыртын шұға, барқыт сияқты әдемі әрі мықты матадан қапталып, іші астарланған жылы киім. Ол тік немесе қайырма жағалы болады. Жағасы, өңірі, жеңі әсем ұлттық өрнектермен безендіріліп тігіледі. Кейде жиегіне әдемі болу үшін бағалы аң терілерінен, басқа қымбат матадан зер, бұлық немесе жұрын салынады. Шапанға түйме, әйелдер ілгек, қапсырма қадайды немесе сыртынан белбеу буынады. Шапан үлгісіне қарай қаптал шапан, сырмалы шапан, қималы шапан т.б. түрлерге бөлінеді. Бұл киімді еркек, әйел, бала-шаға да киеді. Қазір үлкен кісілер шапан киіп жүреді, өйткені, ол пальтодан гөрі тез киюге, отырып, тұруға аса ыңғайлы әрі жылы. Белгілі қайраткер жазушы Ғ.Мұстафин жасы үлкейгеннен кейін шапан киіп жүрген.
Ұлт дәстүр, салтында шапан сый-сияпат есебінде де жүреді. Құрметті қонаққа, құдаларға шапан кигізу ата салтымыз. Бұл күндері мүшел жасқа толған адамдарға шапан кигізу зор құрмет белгісі ретінде қалыптасып келеді. Ежелгі «Жеті жарғы» заң ережесінде тәртіп дәстүрді бұзған адамдарға ат немесе шапан айып тарттырып жазалау да шапанның қазақ өмірі мен тұрмысында зор маңызы бар екенін дәлелдейді.
Шекпен – тек қана түйе жүнінен тоқылатын жаздық сырт киім. Шекпендік матаны иіріп, оны өрмекпен тоқып, шапан үлгісінде пішеді. Оған мақпалдан немесе басқа қалың матадан қайырма немесе тік жаға салады.
Шекпеннен суда, жел де өтпейді. Су тигенде түйе жүні ширығып, тығыздала түседі. Сондай-ақ ол матадай емес өте берік әрі жеңіл, тез тозбайды, ұзақ киіледі.
Ботаның немесе тайлақтың жүнінен тоқылған шекпен өте әдемі болады. Оны шидем шекпен, кей өңірде боз шекпен дейді. Жастар мұны сәндікке киеді. Шекпен үлгісімен тік жаға етіп, астарлап ерлердің жеңіл киімін бешпент дейді.
Қазақша шен-шекпен деген сөз бар. Оның мән-мағынасы көп. Өткен ғасырларда қазақ елін отарлаған орыс жымысқылары елді, дерді бөліп ұлықтар болыстар тағайындап, оларға шен тағайындап белгі беріп, шекпен кигізген.
Бұл орыстың сый-сыяпатының бір түрі ретінде қалыптасқан.
Мұны отаршылар қазақтың құрметті кісіге шапан кигізу салтын пайдаланғанға ұқсайды. Осыдан барып «шен-шекпен» киген деген теріс ұғым пайда болған. Оған ұлы Абайдың «Мәз болады болысың, Арқаға ұлық қаққанға, Шелтірейтіп орысың, Шенді шекпен жапқанға» деген сөзі куә.
Ішік – сыпайы, әрі сәнді, әрі жылы киім. Мұның сыртын берік матадан, ішін аң, мал терілерінен құрайды. Жағасы тік сәндік үшін жағасынан бастап, өңірі, етегіне дейін теріден жұрындайды. Ішік ұзын әрі мол пішіліп тігіледі. Ішіне салынған терісіне қарай ол күзен ішік, қасқыр ішік, бұғы ішік, суыр ішік, түлкі ішік, сеңсең ішік, жанат ішік, пұшпақ ішік деп аталғанымен көбінесе бір үлгіде тігіледі. Бұлардың ішінде сирек кездесетіні бота терісінен жүні ішіне қаратылып тігілетін бота ішік. Басқа ішікке қарағанда жылы болады.
Ішікті ересектер де, әйелдер де кие береді. Әйелдерге әсіресе жастарға арналған ішіктер әшекейленіп, түрлі ою, кестелер салынып та тігіледі. «Сеңсең ішік – марқа қозының терісінен тігіледі.
Қазақтың салт – дәстүрлер мен әдеп-ғұрыптарында ішіктің алатын өзіндік тәлім-тәрбие мен құқықтық ережелері бар. Мысалы, қасқыр ішікті жиырма беске толмаған жастарға киюге болмайды. Себебі жастық жалыны мен тері қызуы жігіттің күшін қайтарады немесе ауруға ұшыратады. Сол сияқты екі адам боранды күнде адасып, қасқыр ішікті адамның жанындағы кісі үсіп өлсе, онда өлген кісінің туған – туыстары қасқыр ішікті кісіден құн даулауға қақысы бар. Өйткені бір қасқыр ішік екі адамды суыққа бермейді. Дала заңы осылай.
Күпі. Қазақтың ертеден киіп келе жатқан киімдерінің бірі - күпі. Ол ішіне қойдың, түйенің жабағы жүнін салып, бидай шүберекке сырып, сыртына берік бір түсті матадан тігілетін жылы әрі қарапайым киім. Оны ерлер, әйелдер, балалар да киеді. Күпі жеңіл әрі ыңғайлы болады. Қажетті бұйымдар мен тігілуі оңай болғандықтан мұны бұрынғы қазақтардың бәрі киген. Көбінесе бұл киім көктем мен күзде киіледі.
ІІІ. Қорытынды.
Ата-бабадан мирас болған ұлттық киімдерімізді көз қарашығымыздай сақтай біліп, өмірде қолдана білейік дегім келеді. Ұлттық өнерімізді құрметтеп, сұлулыққа бас иген дұрыс болар.
Елімізде ұлттық киімдерді көптеп тігіп, күнделікті қолданысқа енгізсе игі іс болар еді. Неліктен біз өз ұлттық киімдерімізді, ою-өрнектерімізді, әшекей бұйымдарымызды тиімді пайдаланбауымыз керек? Осы мәселеге байланысты сәл де болса үлесіміз болсын деп, ұлттық киім түрлерімен таныстыруды жөн көрдім. Зерттеу барысында:
• Ұлттық киім түрлеріне сипаттама беріп, түрлеріне тоқталдым.
• Сирек кездесетін ұлттық киімдер жайлы ақпараттар жинақтадым және қазіргі уақыттағы қолданысына шолу жасадым.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Қазақстан өнері. Алматы «Өнер», 1982
2. Р. Қосмамбетова. Қазақтың ұлттық киімдері.
3. Балалар энциклопедиясы. Ол кім. Бұл не. А:. 1985 ж.
4. Қазақстан әйелдері журналы. Тәлімгер.орг Полный текст материала на тему РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ «ЕҢ ҮЗДІК ҒЫЛЫМИ ЖОБА» САЙЫСЫНА ҚАТЫСУҒА ӨТІНІШ можно смотреть в скачиваемом файле. На этой странице приведен фрагмент материала

Авторы:

Бөлімі: Қосымша сабақ жоспары | Логин: гость
Көрсетілім: 409 | Жүктеулер: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Барлық пікірлер: 0
avatar