Меню
Назад » » »
ШАҒЫН ЖИНАҚТЫ МЕКТЕПТІҢ БІРІКТІРІЛГЕН СЫНЫПТАРЫНДА ПӘНДЕРДІ КІРІКТІРЕ ОҚЫТУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ
загрузка...

загрузка...
ШАҒЫН ЖИНАҚТЫ МЕКТЕПТІҢ БІРІКТІРІЛГЕН СЫНЫПТАРЫНДА ПӘНДЕРДІ КІРІКТІРЕ ОҚЫТУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ
Батыс Қазақстан облысы
Теректі ауданы
Новопавлов ЖОББМ-нің
оқу ісі меңгерушісі және
қазақ тілі мен әдебиеті
мұғалімі Кульниязов Е.С.

Қазіргі таңда түрлі жастағы топтардағы білім беру үрдісін ұйымдастыру шағын жинақты мектептердегі оқыту жүйесін ізгілендірудің басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Шағын жинақты мектеп – бұл оқушылардың саны аз, біріктірілген сыныптардан тұратын, оқу сабақтарын ұйымдастырудың өзіндік ерекшелігі бар жалпы білім беретін мектеп. Нақты айтқанда, 2007 жылғы шілденің 27-сінде (№319-ІІІ ҚРЗ) бекітілген Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында (24.10. 2011 ж. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен) ШЖМ-ке мынадай анықтама беріледі: шағын жинақты мектеп - білім алушылар контингенті шағын, сынып-жинақтары біріктірілген және оқу сабақтарын ұйымдастырудың өзіндік нысаны бар жалпы білім беретін мектеп. ШЖМ-те мұғалім бір уақытта бірнеше сыныппен сабақ жүргізеді: екі комплектілі мектепте – екі сынып, ал бір комплектілі мектепте – үш немесе төрт сынып біріктіріліп, бір сыныпты құрайды. Сыныптарды комплектіге біріктіру, оның негізінде сабақ кестесін құру, соған байланысты сабақтың күнтізбелік жоспарын жасау, сабақтың жоспарын жасау, сабақтың уақытын дұрыс, тиімді пайдалану мәселелері бұндай мектептердің мәнді белгісі болып табылады.
Шағын жинақты мектептің тарихы ерте кезден, сонау Л.Толстой, К.Д.Ушинский өмір сүрген кезеңнен бастау алады. Қазақстан топырағында ондай мектептің пайда болуы Ы.Алтынсариннің ағартушылық қызметімен тікелей байланысты XVIII ғасырдың 60 жылдарында дүниеге келді. Содан бері мұндай үлгідегі мектептің өзекті мәселесі күн тәртібінен түспей келеді.
Елімізде ШЖМ-ді оңтайландыру мәселесі соңғы кезде көп айтылып келеді. Басты себеп – ШЖМ-те білім беру үрдісін ұйымдастырудың әдіснамалық, мазмұндық, әдістемелік, технологиялық компонентерінің нашар әзірленуі. Осы мәселенің шешімі ретінде Қазақстан Республикасында шағын жинақты мектептерді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжат шағын жинақты мектептерді дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың жалпы стратегиясын, мақсаты мен міндеттерін, білім беру процесінің мазмұны мен технологияларын, оларды іске асыруды дамыту мен шарттарының негізгі бағыттарын айқындайтын құжат болып табылады.
“Қазақстанның болашағы – білімді ұрпақ”, - деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, оқу – тәрбие жұмысында жастардың білімі мен дарынын ұштастыра отырып, Қазақстанның мүддесін қорғайтын, экономикалық бәсекелестікке қабілетті , жан – жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру бүгінгі мектеп пен ондағы еңбек етіп жатқан ұстаздардың міндеті.
Біздің Новопавлов жалпы орта білім беретін мектебі де шағын жинақты мектептердің қатарында.
Мектебімізде 1 – 11 сыныптар арасында оқушылар қазақ, орыс тілдерінде білім алуда. Барлық оқушылар саны 105. Бастауыш буында – 40 оқушы, негізгі буында – 54 оқушы, орта буында-11оқушы. Мектепте 15 класс комплект бар, оның ішінде біріктірілген сыныптар 2-3,7-8 қазақ сыныптары Кластардағы оқушылар саны 2 – 10 баладан құралады.
Шағын жинақты мектептің біріктірілген 7,8-сыныптарында қазақ тілін кіріктіре оқытудың өзектілігі: қазіргі республикадағы шағын жинақты мектептерде орын алып отырған бірқатар мәселелерді шешу мақсатында және мемлекеттік тілді – қазақ тілінің маңыздылығын айқындау үшін 7, 8-сыныптарда қазақ тілін кіріктіре оқытудың тиімді әдістемесін әзірлеу қажет.

Жалпы жаңа жүйе бойынша оқыту жұмысын ұйымдастыру шарттары:
- сабақтың оқу бағдарламасына сәйкес жоспарлануы;
- бірнеше сыныптың оқу материалының бір тақырыптық жүйеге ыңғайластырылуы;
- көрнекі дидактикалық құралдардың алдын ала дайындалуы;
- оқушылардың оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етілуі;
- сабақ тақырыбының өзара байланысы;
- пәнаралық байланыстың дұрыс айқындалуы;
- сыныптарды комплектіге дұрыс біріктіру;
- сабақтардың кестесін дұрыс жасау;
- тиімді оқыту әдістерін таңдау;
- сабақтың мақсатқа сай келетін құрылымын анықтау;
- оқушылардың өздік жұмыстарын мұғалім басшылығымен істелетін жұмыстармен ауыстырып отыру;
- мұғалімнің 4-5 рет жұмыс түрін ауыстыруы;
- барлық сыныптарда тәрбие процесін жүргізу.
Шағын жинақты мектептерде толық кешенді мектептерге қарағанда оқу шарттары ерекше. Сондықтан да ондай мектептерде «үлкен» сабақтың құрамындағы «кіші» сабақтарды дұрыс ұйымдастыру керек, оқушының осындай «кіші» сабақтарында алған білімі, тәрбиесі толық мектептегі оқушының біліміне сәйкес болуы шарт.
Шағын жинақты мектеп жұмысын қиындататын, оқушылардың білім дәрежесін төмендететін бірқатар объективтік ерекшеліктер бар:
- сыныптағы оқушылар санының аздығынан мұғалімнің оқытудың түрлі технологиялары мен әдіс-тәсілдерін (жаппай оқыту, топтық оқыту, ұжымдық оқыту әдістері) қолдана алмауы;
- ағымдық бақылаудың дұрыс ұйымдастырылмауы: мұғалімнің жұмысының тығыздығынан оқушылар мұғалім тарапынан көмек ала алмайды, яғни мұғалімнің оқушы білімін тексеруге және қорытындылауға уақыты жоқ;
- шағын жинақты мектепке арналған кіріктірілген пәндерді оқыту әдістемесінің жасалмауы;
- өздігінше жұмыс істеу әдісінің кең тарамағандығы;
- шағын жинақты мектеп мұғаліміне арнап жазылып, баспадан шыққан әдістемелік және көрнекілік құралдарының аздығы;
- шағын жинақты мектептердің кітапханалық қорының нашарлығы;
- шағын жинақты мектептердің коммуникация құралдарымен (компьютер, интерактивті тақта, аудио-, видеоқұралдар, ғаламтор) толық қамтамасыз етілмеуі;
- шағын жинақты мектептер мен тірек мектептер (ресурстық орталықтар) жағдайында дайындық пен қайта даярлаудан өткен білікті педагог кадрлардың жетіспеушілігі;
- өңірлік орталықтар, шағын жинақты мектептер мен тірек мектептері (ресурстық орталықтар) басшылары мен мұғалімдеріне арнаулы курстар, семинарлар, online-конференциялар, дөңгелек үстелдердің ұйымдастырылмауы.
Мұндай мектепте бір мұғалім бір мезгілде екі сыныппен қатар жұмыс істейді. Сабақтың өзіндік ерекшелігі: оқу үрдісінің бір мезгілде екі сыныпта бірдей ұйымдастырылуы. Мұның өзі мұғалімнің әр сыныпқа сабақ уақытының жартысын ғана жұмсауына мүмкіндік береді. Яғни, мұғалім бір сыныпқа жаңа материалдарды түсіндіріп жатқан кезде басқа сыныптың оқушылары өз бетінше жұмыс жүргізеді. Бұл, көбінесе 5-8 және 7-9 сыныптарға қиынға соғады. Өйткені берілген тақырыптар аумақты, сондықтан уақыт жетіңкіремейді.Бастауыш сыныптарда көбінесе әдебиеттік оқу , математика, дүниетану, қазақ тілі пәндерінде қиындық туғызады. Ендеше күнтізбелік жоспарды аумақты , қайта құруға тура келеді. Сабақ түрлерін өзгерту арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға тырысқан жөн.
Осыған орай дуэт сабақ, жарыс сабақ түрлерін ұйымдастырған тиімді.
Шағын жинақталған мектептерде , бастауыш мектептерде пәндерді кіріктіріп оқыту үшін күнтізбелік жоспарларды кіріктіріп құрған тиімді. Ол үшін сыныптарды біріктіру қажет мысалы, 1-3, 2-4 сыныптарды біріктіріп алып пәндер бойынша кіріктірілген күнтізбелік жоспар негізінде сабақтың жоспарын дайындап, оқу – тәрбие жұмысын ұйымдастырған тұлғаны жан – жақты дамыта оқытуға жетелейді. Күнтізбелік жоспарды кіріктіріп құру үшін бағдарлама, оқулықтар алып тақырып бойынша топтап алған жөн. Мысалы : дүние тану пәнінен ұқсас мазмұнды , бір тақырыпты мәтіндерді кіріктіруге болады. 1- сыныптың тақырыбын сол қалпында қалдырып, 3 – сыныптың тақырыптарын көтеруге, орын ауыстыруға болады. Қазақ тілі пәнінен де бір тақырыпты сабақтарды кіріктіре оқытуға болады. Мысалы: 3 – сынып, Етістік, 4 – сынып Дара және күрделі етістік. Бір тақырыпты кіріктірілген сабақтарда шағын жинақталған сынып жағдайында мұғаліммен жұмыс, өзіндік жұмыс, ортақ тапсырмалар, ортақ сергіту , ортақ шығармашылық тапсырмалар, т.б. кезектеле ауысып отырады. Сонымен қатар бір тақырыпты кіріктірілген диктант, мазмұндама, шығарма жаздыруға да болады.
Мысалы: 2 – 4 сыныптарда қазақ тілінен кіріктірілген бақылау диктантынан тақырыбы: «Көктем» 2- сыныпта 30 сөз себебі әлі 3 тоқсан аяқталған жоқ, ал 4 – сыныпта 60 сөз (3 тоқсан әлі аяқталмаған, сондықтан 60 сөз алуға болады). Диктант жаздырмастан бұрын мұғалім 2 – сыныпқа соңғы сөйлемнен кейін грамматикалық тапсырмалар беретінін ескерту; тапсырмалар мезгілінде тақтаға алгоритм арқылы беріледі: 2-сынып тапсырмаларды орындап отырады (өзіндік жұмыс), ал мұғалім 4 – сыныппен диктантты жалғастыра береді. 4 – сыныптың соңғы сөйлемінен кейін олар тапсырмалар орындауға кіріседі. 2 – сынып та 4 – сынып тапсырмаларды орындап болған соң, мұғалім мәтінді басынан оқып, 2 – 4 сынып өздерін тексеріп отырады.
Кіріктірілген математика сабағында тақырып есеп шығарумен байланысты. Мұғалім 1 -3, екі сыныпқа да тапсырманың шартын ұсынады, есеп құрастыруды ұсынады. 1 сынып мұғалімнің басшылығымен құрастырады, ал 3 – сыныпқа есепті күрделендіру ұсынылады.
Шағын жинақталған мектептер жағдайында дидактикалық бірлікті ірілендіру тиімділігін сабақта ұйымдастырудың технологиялық механизмі – оқулықтағы жаттығулардың басқа оқулықтағы жаттығуларға қарағанда аздығы, бірақ оның әрқайсысы көп салалы.
Сол себепті сабақта жаңа технологияны қолданып, оқушылардың танымдық, шығармашылық қабілеттерін шыңдай білу керек.
Яғни айтқанда, оқушы алған әр жаңа ақпаратына кері байланыс жасап, өз деңгейінде анализ, синтез жасап, ой тұжырымын жасақтай алуы керек.
Сабақ сапасын көтеру- ол әр ұстазды алаңдатуы керек және күн тәртібінен түспейтін келелді мәселелердің бірі болуы шарт.
Қазіргі кезде оқушылар бойына сапалы да саналы білімді игерту үшін бастауыш сынып мұғалімінің бойында табылуға міндетті мынадай негізгі талаптар болуы керек:
-Оқушыны анықтау әдістерімен жұмыс жасау;
-Пән бойынша балаға берілетін білімді жетік білу;
-Материалды түсінікті жеткізу ;
-Оқушылардың білімін дұрыс бағалай білу;
-Оқушыны олимпиадалар мен сайыстарға дайындауда жетістікке жете алатындай деңгейде жұмыс жасау ;
-Оқушы шығармашылығын дамытуға қажетті зерттеу жұмыстарын жүргізу ;
Әр сабақта жаңалық болуы шарт, бала әрбір сабақты не нәрсе көрем, үйренем деп күтеді
- “Бала ұқпайды” деген пайымнан алыс болу, керісінше “Сенің қолыңнан келеді” деп рухани күш- қуат беріп отырған абзал.
Білім заман ағымына әрі оқушы танымына, шығармашылығына, яғни сұранысына сай болу үшін сабақты түрлендіріп өткізу дұрыс.
Қай әдісті қолдансақ та оқушылардан белгілі бір нәтиже күтетініміз анық. Ақпараттық құралдар технологиясын қолдана отырып біз оқушылардың заман көшінен қалмауларын қамтамасыз етсек, сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясын қолдануда оқушылардан күтілетін нәтиже:
- Өмірге бейімделген, алған білімін практикада қолдана алатын
- Өзі шешім қабылдайтын, жаңашыл, шығармашыл
- Өз білімін көтере алатын, өзін- өзі бағалауды меңгерген тұлға тәрбиелеу
- Алдына мақсат қоя алу, жетуге ұмтылу
Балалардың қабілеттіліктерін, біліктіліктерін, мүмкіндіктерін көрсете алулары үшін оларға жағдай туғызу керек. Осы жағдайда ғана оқушы өзіндік санасын, зейінін және жадысымен еркін жұмыстана алады. Оқушылардың игеру деңгейіне және олардың құндылықтарының сұраныстарына орай әдіс- тәсілдерді өзгертіп отырған дұрыс.
Шағын жинақты мектептердің жалпы білім беретін орта мектептерден айырмашылығы- оқушы санының аздығына байланысты бірнеше сыныптардың біріктіріліп оқытылуы. Бірнеше сынып біріктірілгендіктен мұғалімнің апталық жүктемесіне өзгерістер енгізіледі. Мұғалім бір уақытта, яғни бір 45 минутта екі немесе үш сыныппен қатар сабақты өткізуге мәжбүр болады. Осыған байланысты мұғалім әр сыныпқа сабақтың белгілі бір бөлігін ғана жұмсай алады. Сондықтан да мұндай біріктірілген сыныптардағы сабақтарды ұйымдастыру сол мектептердің мұғалімдеріне де, жас мамандарға да қиындық туғызары сөзсіз. Осы орайда шағын жинақты мектептің біріктірілген сыныптарында бір пәндік, бір тақырыптық ұстанымдарға негізделген оқытуды ұйымдастырудың тиімділігі анықталады.
Біріктірілген сыныптарда кіріктіре оқытудың тиімді жақтары төмендегідей:
оқушылар әртүрлі сыныпта оқығанымен, олардың назарын бір пәннің мазмұнындағы ұқсас тақырыптарға аударуға мүмкіндік жасалады;
• әр оқушы білім деңгейіне қарай өзіндік жұмыс түрлерін орындайды;
• өзіндік жұмыстарды оқушылардың жас ерекшелігіне қарай деңгейлеп беруге жағдай жасалады;
• оқушылардың бір- біріне көмектесіп, ұжымдық қарым- қатынасқа түсуіне мүмкіндік беріледі;

Шағын жинақталған мектептерде пәндерді кіріктіре оқыту тұлғаның жан – жақты қабілеттері: оқушылардың толық фантазиялық еркіндігі, зерттеу жұмыстарын жүргізуі, шығармашылығын дамытады.
Бүгінгі таңда шағын жинақты мектептерде әлі де біраз кемшіліктер мен жетіспеушіліктер бар. Осы қиындықтарға қарамай шағын жинақты мектептерде ауыл мұғалімдері өздерінің мемлекетке деген істерін атқаруда. Олардың бірі сіздер және біздер.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев халыққа жолдауында “Бүгінгі дағдарыстан әлде қайда күшті және өркенді мемлекет болып шығамыз”, - деген сөзін ойымызға түйіп, сол ертеңнің тұтқа ұстаушылары бүгінгі алдымыздағы жас ұрпаққа саналы тәрбие мен талапқа сай білім беру сізбен біздің басты міндетіміз. Тәлімгер.орг Полный текст материала на тему ШАҒЫН ЖИНАҚТЫ МЕКТЕПТІҢ БІРІКТІРІЛГЕН СЫНЫПТАРЫНДА ПӘНДЕРДІ КІРІКТІРЕ ОҚЫТУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ можно смотреть в скачиваемом файле. На этой странице приведен фрагмент материала

Авторы:

Бөлімі: Қосымша сабақ жоспары | Логин: гость
Көрсетілім: 929 | Жүктеулер: 0 | Рейтинг: 2.0/1
Барлық пікірлер: 0
avatar