Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
Шыңғырлау аудандық «Серпін» қоғамдық - саяси газетінің шығу тарихы -

Шыңғырлау аудандық «Серпін» қоғамдық - саяси газетінің шығу тарихы

Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 2024 | Размер: | Автор: гость
. Батыс Қазақстан облысы
Шыңғырлау ауданы
Л.Қылышев атындағы Шилі жалпы орта білім беретін мектебі

Ғылыми жоба
Тақырыбы:
Шыңғырлау аудандық «Серпін» қоғамдық - саяси
газетінің шығу тарихы

Орындаған: 7б-сынып оқушысы
Аюпова Аэлита
Жетекшісі: Буранбаева Ш.Х.

2015-2016 оқу жылы
Шыңғырлау аудандық «Серпін» қоғамдық - саяси газетінің шығу тарихы
«Қай елдің баспасөзі мықты болса,сол елдің өзі де мықты»
М.Дулатов .
Аңдатпа
Зерттеудің мақсаты: Бүгінгі жас ұрпақ өз елінің,жерінің тарихын,халқының,қоғамының кешегісі мен бүгінін білуі тиіс.Осы тұрғыдан келгенде ауданымызда 1938 жылдан бастап шығып келе жатқан «Серпін» қоғамдық – саяси басылымының алғаш шыққан кезеңінен бастап,бүгінгі таңға дейінгі «тар жол тайғақ кешулері,басылымның қоғамнан алған орны,онда қызмет еткен қарымды қаламгерлер мен редакторлар,олардың өмір жолы туралы іздену жұмыстарын жасап,солар туралы естеліктер жинау.
Өзектілігі: Басылымның бұрынғысы мен бүгінін салыстыра зерттеу.
Зерттеу жұмысының дереккөздері:
Зерттеудің материалы ретінде осы газетте редакторлық қызмет атқарған редакторлардың жұбайларымен кездесу,әңгімелесу,деректер мен естеліктер жинау. Қазіргі бас редакторы Шотпанов Адақ Танабайұлымен,тілшілер Гүлшат Ботанова, Айсұлу Арыстановалармен кездесіп,әңгімелесу,мұрағаттан материалдар алу.
Зерттеу әдіс-тәсілдері:
Зерттеудің барысында жинақтау,салыстыру,әгімелесу,іздену жұмыстары жүргізілді.
Зерттеудің теориялық және практикалық мәні:
Зерттеу барсында алынған дерек,естелік материалдарын мақала жазуға,кітапша шығаруға пайдалануға болады.
Зерттеудің жаңалығы:
Төл басылымымыздың бүгінгі таңға дейін қалай дамып келгендігі туралы мол мәлімет алдым.Басылым бетінде қызмет еткен азаматтардың өмірі,шығармашылық жолымен таныстым.Газет оқырманы болса ғана – газет,оның ғұмырының ұзақтығы да оқырманына байланысты екенін ұғындым.
Зерттеу жұмысының құрылымы:
Ғылыми жоба аңдатпадан,кіріспеден,негізгі бөлімнен,қорытындыдан,пайдаланылған әдебиеттер және қосымша тізімнен,жоба жетекшісінің пікірінен тұрады.



Мазмұны
1.Аңдатпа .................................................. 1 бет
2.Мазмұны .................................................. 2 бет
3.Кіріспе ..................................................... 3 бет
4. Негізгі бөлім ............................................. 4-9 бет
5.Қорытынды бөлім ..................................... 10 бет
6.Пайдаланылған әдебиет тізімі ................... 11 бет
7.Жоба жетекшісінің пікірі ............................ 12 бет




Кіріспе бөлім
Мен өзімнің ғылыми жобамда ауданымыздың төл басылымы «Серпін» қоғамдық – саяси газетінің шығу тарихы мен қазіргі кезеңге дейінгі дамуы жайлы сөз қозғамақпын. Өйткені, аудандық басылымның тарихы тереңде жатыр.Алғаш шыға бастаған күннен мұнда қаншама жандар еңбек етіп, өз қолтаңбаларын қалдырып кетті,сол жандардың өмір жолы мен шығармашылығына,елі үшін еткен ерен еңбектеріне тоқталмақпын.
Бұл тақырыпты алуыма түрткі болған жағдай 78 жылдық тарихы бар газеттің тәуелсіздікке дейінгі және тәуелсіздік алғаннан кейінгі сонымен қатар қазіргі таңдағы даму қарқыны, баспасөзде қызмет жасаған жерлес адамдардың өмір жолы мен қызметтері,басылымның тағдыры,ондағы қиыншылықтар мен қызықты жағдайлар меніің осы жұмысты бастауыма негіз болды.




Негізгі бөлім
Шыңғырлау ауданының мұрағатында сақталған құжаттар бойынша 1938 жылдан бастап баспаханадан «Социалистік жол» атты газет шыға бастаған.
Бұл газеттің бірінші редакторы Қазмағамбетов Рақымжан деген кісі болды.Ол 1910 жылы 10-тамызда Бөрлі ауданы (бұрынғы Қарашығанақ болысы) Тереңсай ауылсоветіне қарасты Күншібай ауылында шаруа отбасында дүниеге келген.1929 жылға дейін жалдамалы жұмыста болады.1929 жылы «Тұңғыш» колхозына кіреді.1931-1932 жылдары №11 ауыл советінде хатшы,1932 жылдан 1935 жылға дейін Қиыр шығыста Қызыл әскер құрамында әскери міндетін өтейді.Әскерден келген соң 1935-1937 жылдары Шыңғырлау аудандық комсомол комитетінің хатшылығына сайланады.1937-1938 жылдары аудандық «Социалистік жол» газетін басқарады.
1938 жылы 26 мамырда Р.Қазмағамбетов НКВД органымен 58 бап бойынша 20 жылға жазаланады.1939 жылы 3- желтоқсанда Қаз ССР Жоғарғы сотының қылмыстық іспен айналысатын сот комиссиясының анықтауымен үкім негізсіз деп тоқтатылып,істің қысқартылуына байланысты 1940 жылы 15-наурызда бостандыққа шығады.Шыңғырлау ауданына оралып,өзінің еңбек жолын аудандық қаржы бөлімінен бастайды.Одан соң Тайкенов Ғабдығали Хайрулла (1943-1951ж.ж.) Жұмағалиев Нығмет Жұмағалиұлы (1951-1952ж.ж.) Мұратов Қызыр (1952-1963) жылдары редактор қызметін атқарады.
1956-1963 жылдардан тың игеруге байланысты аудандық газет екі тілде шыға бастайды,олар: «Социалистік жол», «Социалистический путь». Бұл жылдары редактордың орынбасары қызметін Дегтярев Виктор Афанасьевич атқарды.1965 жылдан бұл газет орыс тілінде «Знамя труда» газеті болып басылып,аптасына үш рет жарық көрді.1966-1968 жылдары Р.П.Орлова,1969-1972 жылдары В.И.Калентьев,1972-1991 жылдары Қияс Хабиев редакторлық қызметін атқарды. «Бір кездері баспахана жабылып,төл газетіміз Ақсай қаласынан шығатын кезеңдерді де бастан өткердік.редакторымыз ол кезде Қ.Хабиев.Газет беттерін машинкаға теріп,макетін сызып,оны пойызбен Ақсайға жібереміз де,алып кетуге кезекпен барамыз.Газет шықпай қалып келер күні алып кететін күндеріміз де болды.Барған материалдарды тексеретін дұрыс «қазақ» жоқ.Сол күндердің ыстық-суығы ең алдымен Қуаныш ағаға тигені рас»- деп еске алады газет тілшісі А.Арыстанова.
Сол,Қуаныш Ілиясұлы 1942 жылдың 17 ақпанында Шыңғырлау ауданының Қоскөл кеңшарында жылқышы отбасында дүниеге келген.1960 жылы Шилі орта мектебін,соңынан №18 кәсіптік мектепті аяқтайды.
Алғашқы еңбек жолын Жаңакүш кеңшарында механизатор болып бстайды.1962-1966 жылдар аралығында Орал педагогикалық институтының студенті, ал 1966-1971 жылддары Отрадный сегізжылдық мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.
Қуаныш Ілиясұлы мұғалімдік қызметімен қоса қолына қаламын алып сан түрлі тақырыптағы ойларын қағаз бетіне түсіре білді.Оның жазған еңбектерінде ауыл өмірі,еңбек адамдары,түрлі тақырыптағы ой-толғаныстары жергілікті,облыстық «Орал өңірі»,республикалық «Егемен Қазақстан» газеттерінде басылып тұрған.Сатира жазатын қабілетімен «Тайквандо» атты шығармасымен республикаға танылды.Қ.Ілиясұлы Шона Смаханұлымен үнемі шығармашылық байланыста болып,хат жазысып тұрған. Қ.Ілиясұлының бастамасымен «Серпін» газетінде «Серпін қоржыны» атты оқырмандардан түскен хаттарды оқып,реттейтін бұрыш құрылған.Сонымен қатар Шилі мектебі мұғалімдерінен жиналған «Сырлы саз» тобын құруға ат салысып,сол туралы газет бетіне жиі-жиі мақалалар беріп отырған.Ол 1987 жылы ерен еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен,1990 жылы Білім Министрлігінің құрмет грамотасымен,алғыс хаттармен талай мәрте марапатталған. «Серпін» газетінде жүрген кездерінде ауданда еңбекте табысқа жеткен адамдарды редакцияға шақырып,сұхбат алып,оқырманына жеткізіп отырған. Өз әріптестері Букина,Ботанова,Арыстановаларды өте қадір тұтып,әзілдесіп «Бір шумақ өлең – Арсекеңе» деп, (А.Арыстановаға) әзіл-шыны аралас өлең арнаса,«бұл қыздар газетімізді танымал етеді» деп үміт те артып отырған.
Содан соң аудандық газетке облыстық партия комитетінің жолдамасымен 1990 жылдан Үмбеталиев Амангелді Төрәліұлы редакторлық қызмет атқарды.Ол Батыс Қазақстан облысының Фурманов (қазіргі Казталов) ауданы Жаңажол селосында 1947 жылы 8-тамызда дүниеге келген.Білімі - жоғары.
1954 жылы Фурманов ауданындағы Карл Марс атындағы жеті жылдық мектебіне барып,1966 жылы Фурманов мектебінен 11-класты бітіреді.1966-1967 жылдар аралығында Орал педагогикалық институтында оқып,1967-1969 жылдары Кеңес әскері қатарында борышын өтеген.
1970 жылдан 1979 жылға дейін Фурманов аудандық «Коммунист» газетінде тілші, 1979 жылдан 1990 жылға дейін Батыс Қазақстан облысының Камаенка (қазіргі Тасқала) ауданында аудандық «Екпін» газетінің бөлім меңгерушісі,жауапты хатшысы қызметтерін атқарған. Ал,1990 жылдың 2-қаңтарынан жаңадан құрылған Шыңғырлау аудандық «Серпін» газетінің редакторы,1996-1998 жылдары Шыңғырлау ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі,ал 1998 жылдың қараша айынан зейнеткерлік жасқа дейін «Серпін» газетінің директор-бас редакторы болып қызмет атқарды. «Қызмет кезінде А.Төрәліұлы мақаламыз жақсы шықса балаша қуанатын,нашар болса,үнсіз ғана түзетіп отыра беретін еді»- дейді А.Арыстанова.
Амангелді Төреәліұлы зейнеткерлікке шыққан соң да қарымды қаламын тастамай,үнемі газетпен тығыз байланыста болып,өзінің ой-толғаныстары мен пікір,естелік әңгімелерді баспа бетіне ұсынып отырды. Аудан газетінің мерейін өсіріп,көзі қарақты оқырман қауымының алғысын арқалаған Амангелді Төрәліұлы 2015 жылы 68 жасына қараған шағында дүниеден өтті.
Шыңғырлау аудандық «Серпін» газеті 1990 жылдың қаңтарынан бастап аудан оқырмандарының сұранысына орай ашылады.Еліміздің тәуелсіздігімен бірге ілесе келген газет ана тілімізде жарық көріп, бір жыл ішінде оқырмандардың ілтипатына бөленеді.Бастапқы жылдары аптасына үш рет,3000-ға жуық данамен шығып тұрды.1990 жылы аудандық партия комитеті мен халық депутаттары аудандық кеңесінің шешімімен осыған дейін орыс тілінде шығып тұрған аудандық «Знамя труда» газеті жабылып, «Серпін» газетімен біріктіріледі. Сол кездегі аудандағы орыс тілді оқырмандардың жоғары пайыздылығы ескеріліп, газет екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде щығарылды.Қазіргі таңға дейін осы бағыт ұстануда.
Алғашында газет 3 реттен шығатындықтан және оған мақала жазатын адамдардың аздығынан тілшілер өздеріне «псевдоним» (лақап ат) беріп,газеттің бір бетіне сол кісінің 5-6 мақаласына дейін басып тұрған кездері болған.Мысалы, Амангелді Төрәліұлы өз мақалаларына «А.Дос» деп келтірсе,Қуаныш Баймұқанұлы «Жылқышиев», «Қамбаров», «Ілиясов», «Қоскөлбаев», «Далабеков» болып отырған.Ол кезде газет редакциясы қазіргі Шыңғырлаудың «төмен жақ» аталып кеткен жағында болған.Қазір ол ғимарат шағын дүкен ретінеде пайдаланылуда.(суретте) «Алғаш осы газет баспаханасына кезекшілікке келген сәтте мұндағы бет құраушылардың шапшаңдығына,көз ілеспейтін қимылдарына қарап таңданатынмын.Газет бетіне салынатын материалдар солдан оңға қарай құрылатын болғандықтан алғашында сөйлем жолдары шатасып кететіндей көріп іштей уайымдап тұратынмын.Кейін көз үйреніп,жұмысқа әбден үйренгендіктен ара-арасында тақырыптарды теру сынды майда жұмыстарды қызық көріп араласып кететінбіз.Редакцияның маңдайына біткен жалғыз машинкада біздер жазған материалдар басылатын.машинка үздіксіз жұмыс жасағандықтан ленталары шұрық-тесік болатын да,терілген материалдар парақтарға солғын түсетін.Қайсібір кеткен қателер үстінен қайта түзетілетін.Оны қайтадан машинкаға басып отыруға уақыт тығыз.Сол Қуаныш ағаның сиямен түзеткен (ол кісі жазу процесінде көк сияны пайдаланылатын) Амангелді Төрәліұлының маржандай боп тізілген әдемі қаріптері мен түзетілген парақтар қайта баспаханаға жіберілгенде «бұларың не, мынандай айқыш-ұйқыш түзетулерің қашан бітеді»деп қабақтарын шытпай қабылдап алатын еді»- деді Г.Ботанова өз естелігінде. Газет бетіне жазылатын мәтіннің әр әрпі қолмен ескі машинкаларда теріліп, май шамның көмегімен түнгі сағат 00-01-лерге дейін жұмыс жасаған кездері болған. Басылған материалдарды пошта арқылы Орал қаласына жіберіп отырған.
Газеттің алғашқы басылымдары он жылдың үстінде жергілікті баспаханадан ескі үлгідегі техникалармен шығарылып келді. Басылым сапасы ойдағыдай бола қойған жоқ. Тек 2003 жылдан бастап ақпарат құралдары компьютерлік терілім мен басылымға көшіп,газеттің сапасы әлдеқайда жақсарып,түрлі түсте безендіріле бастады.Баспахана қызметі заманның талабына сай жаңара түсті.Газеттің жазылу данасы да бұрынғыға қарағанда екі есе өсті.Бұл кездерде редакцияда Мырзахметов Герман,Темірғазиев Серік Сейтұлы т.б. жұмыс атқарды.

Қорытынды бөлім

Бүгінгі таңда «Серпін» аудандық қоғамдық - саяси газетінің директор – бас редакторы ауданымыздың белгілі азаматы,ақын Шотпанов Адақ Танабайұлы.
Адақ Танабайұлының айтуынша, жоғарыда аталағн қиыншылықтардың бәрі де артта қалып,жыл өткен сайын газетіміздің түсі де,беттерде орналасатын мақалалар сапасы да өзгерген.Беттері де молайған. Көлемі 2 баспа табақ. (8 бет). Газет оқырмандары да көбейген. Таралымы:1825 дана.Газетте тек қана ауданның жаңалықтары ғана емес,адамгершілік,имандылық,мейірімділік,саясат тақырыптарына да жиі қалам тартылып,адамдар пікірі көптеп жариялануда.
Қазіргі таңда газет аптасына бір рет шығып тұрады.Газет материалдары бейсенбі күнге дейін электронды нұсқада теріліп,өңделіп,беттеліп,бекітілген соң «Жайық Пресс»ЖШС баспаханасында басылады. Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай газет ұжымының бастамасымен «Жеңістің 70 сәті» атты кітап жарық көріп,оқырманына жол тартты.
Қазіргі таңда газетте Ботанова Гүлшат Ибрагимқызы, Кишкина Татьяна Геннадьевна, Арыстанова Айсұлу Амангелдіқызы,т.б. қаламы қарымды қаламгерлер қызмет жасауда.газет оқырманы болса ғана – газет,оның ғұмырының ұзақтығы да оқырманының көптігіне байланысты.Олай болса,төл газетіміздің аудан халқына берері әлі де көп болып,мәнді де маңызды мақалаларын оқыр ұлағатты ұрпақ көбейе берсін деп тілеймін.



Пайдаланылған әдебиеттер:
1. «Шыңғырлау шұғыласы» кітабы
2. «Серпін» газеті,№4,2002 жыл, №26,2013жыл,
3. «Серпін» газеті,№8,2004 жыл, №50,2008 жыл
4. «Серпінге – 70 жыл» кітапшасы
5. «Орал өңірі»,№90,2007 жыл
6. А. Төреәліұлының естелік кітапшалары
7. Қ.Баймұқанұлының естелік жазбалары





Жоба жетекшісінің пікірі
Бұл тақырыпты оқушым Аюпова Аэлитамен бірлесе отырып таңдадық.Оқушым зерттеу жұмысына аса қызығушылықпен қарады.Төл басылым,оның өткені мен бүгіні,қызмет жасаған адамдар өмірі туралы мәлімет жинау үшін «Серпін» қоғамдық – саяси газетінің директор – бас редакторы Адақ Танабайұлымен,Қуаныш Ілиясұлының жұбайы Жаңылсын Қожабергенқызымен әңгімелесу барысында оқушы өзіне қажетті мол мәлімет ала білді.
Өз ауданының қоғамдық – саяси басылымы,оның қазіргі таңға дейін өз оқырманын тауып,алған бағытынан талмай жатқанының себебін іздестірген.
Сонау жылдардан қызмет жасаған редакторлардың өмірінен мәліметтер берген.
Басылымды жарыққа шығаруда қолданылған ескі техникалар мен құрал-жабдықтар,әсіресе,қорғасын қаріптер оқушының қызығушылығын арттырды.Баспахана жұмысы кезінде тілші-қызметкерлердің көрген қиыншылықтары мен ауыртпалықтары туралы айтылған әңгімелер қазіргі жаңа технологиясы қарыштап дамыған заман оқушысы үшін таңсық дүние болды.
Оқушым берілген тапсырмаларды аса жауапкершілікпен орындай білді.
Сонымен қатар алдағы уақытта осы ғылыми жұмысын одан әрмен толықтырып, кітапша жасап шығаруды мақсат етіп қойды.

Жоба жетекшісі: ---------------- Буранбаева Ш.Х.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.