Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
Тәрбиеші болу- бақыт -

Тәрбиеші болу- бақыт

Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 1160 | Размер: | Автор: гость
. Солтүстік Қазақстан облысы
Шал ақын ауданы
«Шал ақын ауданының Еңбек бастауыш мектебі» КММ
«Еркетай» шағын орталығы тәрбиешісі
ВЕНИНГ МАРИНА ИВАНОВНА

«Тәрбиеші болу- бақыт»
Эссе


Мен бүгін
Ерекше бір сезіммен ояндым,
Сәулелі шуақты ақ таңға боядым,
Жүректе қуаныш, бойда күш тасыған,
Өмірімнің мәніне айналған,
Бүлдіршіндерді көремін тағы да қасымнан!
Мынау менің балабақшам... Мынау менің кішкентай бөбектерім... Әр күні олардың сүйкімді жүзін көргенде еріксіз күлімсіреймін. Өйткені олар мені қуана қарсы алады. Қуанышын жасыра алмай еркелей алдыма келеді. Бір үйдің үміті, шырағы, аяулысы, ардағы, еркесі, бұзығы, қызығы. Мен олармен бірге жүрсем, балаша қуанып, мына өмірге балаша қарағым келеді.
Мен тәрбиешімін... Осынау мамандықтың қызығы мен қиындығын өзі бала ортасында жүрген жан ғана түсіне алады. Жер бетінде тәрбиеші алдын көрмеген адам кем де кем, мүмкін бұл мамандық содан киелі шығар...
Дән егіп өсіруден, балапан салып ұшырудан бала тәрбиелеп, балабақшада бүлдіршіндерге өмірде не дұрыс, не бұрыстығын түсіндіріп өсіру ең қиын іс дер едім. Өйткені егінші көктемде алдағы жайма шуақ жазға арқа сүйеп егін егеді. Ал құс көктемде ұя салып,күздің суығында балапанын қатайтып ұшырады да нәтижесі бірден көзге көрінеді. Ал тәрбиеші ше? Күздің қоңыраулатқан күніне де, қыстың қаһарына да, көктемнің лайсаңына қарамай табиғат ананың жаңаруымен бірге құстарын баптайды.Бір қарағанда, тәрбиеші тірлігі диқан мен құс сияқты болғанымен, табиғат кезеңіне қарсы жүзіп өз дәнін шашатын диқан, балапанын баптаған құс сияқты.Бірақ нәтижесі бірден көзге көріне қоймайды.Көп жылдар өте, кезінде алдында бүлдіршін болған азамат асқар таудай өсіп,еліміздің мақтанышына айналса - міне,нәтиже.
Мен балаларды жанымдай жақсы көрем... Өйткені бала мен үшін тазалық пен пәктіктің, шынайылық пен туралықтың айнасы. Олар қуанса шын қуанып, ренжісе шын ренжи біледі. Олардың жаны жалғандықты, жасандылықты сүймейді, не айтсада әділ, шындықты айтады.Көздері мөлдіреген, жүздерінде күлкі ойнаған балаларға қарасаңызшы...
Адам баласы балалық шақта қандай сұлу, қандай нәзік, қандай аңғал, қандай таза еді... Әр бала өзінше бір әлем... Жаны жақсылыққа құмар, арманшыл... Тәрбиеші мамандығының киесі де, қиындығы да осы періштелерді үлкен өмірге, қалтарыс- бұлтарысы көп өмірге даярлап, қанаты қайырылмайтындай етіп тәрбиелеуде емес пе?!
Жасыратыны жоқ, осы мамандықты таңдаған жандардың кәсібіне көңілі толмай қиындығын айтатындары көп, ал мамандығын өзгертетіндер сирек... Оның себебі, сүйкімді балалардың киелі ортасы тәрбиешіні нәзік жіппен өзіне байланыстырып қоятындай.
Мен балабақшада үшінші жыл еңбек етудемін, бұл еңбектен ешбір жалыққан емеспін. Өйткені менің жас бүлдіршіндерге арнаған осы уақытымды өмірімдегі ең бір бағалы уақытым, бақытты кездерім деп айта аламын.
Күнде ертеңгісін балабақшада жас бүлдіршіндерді қарсы алып, олардың жағымды үндерін, сыңғырлаған тәтті күлкілерін, «Сәлеметсіз бе?», «Қайырлы таң!» деген сөздерін естігенде, бойым бір серпіліп қалғандай болады. Балалармен болған әрбір уақытым мені жаңа бір әлемге жетелегендей. Әрдайым балалардың маған деген ықыласын, маған ұмтылған үмітке толы көздерін, не нәрсені білуге құштар шабытты, сұраулы жанарларын байқаймын. Олардың менен күтетіндері өте көп екенін сеземін... Балабақшаға бара жатқанда басыма сол күннің жұмысы туралы неше түрлі ойлар келеді. Ойларым сан түрлі болады: менің кішкентай достарым қандай көңіл күймен келер екен? Күніміз қызықты өту үшін оқу іс-әрекетін, ойын түрлерін қалай өткізсем екен?..
Әрине әрбір оқу іс-әрекетіме жауапкершілікпен қарап, дайындалуды еш жадымнан шығарған емеспін.
Әрбір оқу әрекеттерім жас бүлдіршіндер үшін өз құпиясын ашқан сыр сандықтай болса, өзім сол тылсымы мол жұмбақ әлемнің сиқыршысындай боламын. Әр күннің сәтті шығуы, әрине өзіме байланысты.
Жас өспірімдерді тәрбиелеуде ерекше қабілет пен асқан біліктілік, балаға деген сүйіспеншілік қажет. Өз педагогикалық тәжірибемде, қандай білім беру саласында болмасын әр жұмыстың тартымды, сәтті шығуы тәрбиешінің бала назарын еріксіз оқу іс-әрекетіне аударту, баламен оқу іс-әрекеті үстіндегі әрбір қарым-қатынасты шебер ұйымдастыра білуіне байланысты екеніне көзім жетіп жүр. Көбінесе жұмысымның негізгі
бөлімдеріне ғана назар аударылып, ұйымдастыру бөлімінде өткізілетін психологиялық тренингтер, сергіту сәттерінің алар орны ерекше.Мысалы, «Әуенді шапалақ», «Банан,банан,кокос» тренингтерінде тәрбиеленушілерім ерекше көңіл күйге бөленеді. Ал мерекелік іс-шараларда « Шалқан», «Қасқыр мен жеті лақ», «Бауырсақ» ертегілерін сахналағанда түрлі рөлге енемін, бірде Ақшақар, бірде шалқан,бірде сайқымазаққа айналғанда балапандарымның қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес.Алдыма келетін балаларды үлкен жауапкершілікпен осы ғажайып әлемнің тылсымына ендіру маған үлкен ләззат сыйлайды. Педагогикалық шеберліктің мәні алдымен қызықтыру, сонан соң үйрету деген тұжырымдамасын негізге аламын. Менің негізгі мақсатым – балаларға жақсы көңіл-күй сыйлай отырып, саналы тәрбие, сапалы білім беру. Өзімді жұмыс барысында балаларға бағыт беруші, жол сілтеуші сезінемін. Бұл балалардың өзіне деген сенімін арттырып, оқу іс-әрекеттеріне деген тұрақты зейінін қалыптастыруға, қызығушылығын оятуға жағдай туғызады.
Тәрбие – отбасынан басталатындықтан қашанда тәрбиеленушінің ата-ана, жанұясымен жете танысып, үнемі қарым қатынаста болуды өзіме басты мақсат етемін.Ол біздің ортақ баламыз екендігін сезінуге үйретуге тырысамын. Бірде кезекті ата-аналар жиналысының бірінде әңгімені былай бастадым:
Бір бала анасына келіп:
-Ана, сен мені жақсы көресіңбе? –депті.
-Әрине, сен жақсы болсаң ғана жақсы көрем,–деп жауап қайтарыпты анасы.
-Ал, мен сені үнемі жақсы көрем, - деген екен сонда баласы.
Сол кезде аналарымның көздеріне жас келгенін байқадым.Енді олар балаларына басқаша қарайтынын сезіндім. Кез-келген бала –дарынды немесе дарынсыз болсын, жылдам немесе ақырын қимылдасын –бәрібір өзіне деген сүйіспеншілік пен құрметті қалайды. Сондықтан да әр баланың жанын түсініп, мақтап, қолпаштап, көмек көрсету арқылы қызметімде тек қана жақсы жетістікке қол жеткізетініме сенемін.Тәрбиеші деген сөздің мағынасына үңілсек, мақсаты тәрбие беру екенін түсінеміз.Адамның жаны мен тәні қашанда тәрбиеге мұқтаж екендігін ескерсек, тәрбиешіге артылар жүк жеңіл еместігіне көзіміз жетеді. Балабақшада дұрыс тәлім-тәрбие бере алсақ, ол ертең мектепке барып саналы түрде сапалы білім алуға тырысады.Соның нәтижесінде елін сүйген азамат болып шығады. Біз, тәрбиешілер, түрлі болашақ маман иелерін тәрбиелеп жатырмыз десем артық болмас. Болашақ заңгерлерді - әділдікке үйрету, дәрігерлерді - жауапкершілікке баулу, мейірімділікке үйрету, құрылысшыларды-нақтылыққа тәрбиелеу – барлығы тәрбиешінің қолында. Сондықтан да өз бойымызда әділдік те, мейірімділік те, жауапкершілік те болу қажет. Тәрбиеші жұмысы – оңай жұмыс емес.Бірақ абыройлы,сыйлы.Жақсы тәрбиешіні балалар ешқашан ұмытпайды.Оған мысал, көктемде ғана қимастықпен мектепке дейінгі даярлық тобына шығарып салған тәрбиеленушілерім.Олармен кездесе қалсам, маған ұмтылған сағынышқа толы жанарларын көремін. Сол кезде балабақшадағы қызықты қылықтары, бұзықтықтары есіме түседі. Бірін ұмытпайды екенсің...
«Ел есіңде бір жыл қалғын келсе - ас бер, он жыл қалғын келсе - ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғын келсе - бала тәрбиеле» дейді дана халқымыз. Баланың ой-өрісін дамытуға, олардың қиялына қанат бітіріп, тіл байлықтарының молаюына біздің тәрбиешілердің сіңірер еңбегі орасан. Сондықтан да Сөзіміз – түзу, Еңсеміз – биік, Рухымыз – мықты болсын десек бірегей тәрбиеші мамандығын ұлықтай білейік.Ұрпағымыздың тамырына нәр беретін мамандық екендігін естен шығармайық.
«Білерім - бір тоғыз, білмейтінім - тоқсан тоғыз» демекші, білген сайын білмейтінін көп екенін ұға түсесің. Сондықтан да шығар белестерім әлі алда. Білімімді кеңейтіп, тәжірибе жинау алдымда. Білімді ешқашан өзін білгіш қып көрсетуге тырыспайды.Шын білімдінің зейін-зердесі кең,алыстан қарасаң - кербез, жақыннан қарасаң - кішіпейіл.Жүзіне үңілсең - мейірімді, жанына үңілсең - шуақты көрінбек.
Міне, осындай кербез, кішіпейіл, мейірімді, шуақты тәрбиеші атансам - адами парызымның орындалғаны болар.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.