Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
Тарих тағылымы -

Тарих тағылымы

Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 2043 | Размер: | Автор: гость
. ГКС-12 орта мектебі

Сыныптан тыс жұмыс
Тақырыбы: Тарих тағылымы

Тарих пәнінің мұғалімі: Тажибаева С.Ж

2015-2016 оқу жылы
Мақсаты: Оқушылардың тарих пәнінен алған білімдерін толықтыру, кеңейту, өмірде қолдана білуі. Оқушылардың ой - өрісін кеңейту, ойлау, сөйлеу қабілетін дамыту. Оқушылардың тарих пәнінен деген қызығушылығын ояту.

Мұғалім: Тарих түпкірінен сыр іздейміз
Ғажайып, сырлы әлемге кіргендейміз
Бабалардың жүріп өткен сансыз жолын
Тарихтың әр бетінен көргендейміз
- Қымбатты ұстаздар, оқушылар, бүгінгі өткелі отырған «Тарих тағылымы» атты топаралық сайысқа қош келдіңіздер! Сайысқа «сақ» және «ғұн» атты 2 топ қатыспақшы.
- Құрметті сайыскерлер! Біз тәуелсіз елдің ұрпағымыз. Біздің еліміз елтаңбасымен еңселі, туымен тұғырлы, әнұранымен айбынды! Ендеше сайысымызды Гимнмен бастаймыз!(Гимн айтылады)
Енді сайысымызға әділ баға берер әділқазылар алқасымен таныстырайық.
Сайысымыз 5 бөлімнен тұрады:
1. Қарақшылар
2. Терминдер әлемі
3. Тұлғаны таны
4. Тарих тереңіне үңілсек...
5. Супер ойын

1-кезең: Қарақшылар
1) Тиындар, құйма ақша кесектер, тиын соғу, ақша айналымы тарихын зерттейтін көмекші тарихи пән – нумизматика
2) Тасқа, қышқа жазылған сурет жазулар қалай аталады?- пиктография
3) Ең алғаш қағазды ойлап тапқандар? – қытайлықтар
4) Ніл өзенінде өсетін қамыс тәрізді өсімдік, Ежелгі Египетте қағаз ретінде пайдаланды? – папирус
5) Дүниежүзінде қанша этнос бар? – 3000
6) 1927 жылы Қытайдан табылған бұдан 500-200 мың жыл бұрын өмір сүрген адам қалай аталады? – синантроп
7) Тас дәуірі нешеге бөлінеді? – 3-ке, палеолит, мезолит, неолит
8) Имек ағаш сияқты аңға лақтыратын қару – бумеранг
9) Мысты қолдана бастаған дәуір қалай аталады? – энеолит
10) Қола қандай металдардың қосындысы – мыс пен қалайы
11) Тарихтың атасы кім? – Геродот
12) Қытайлар кімді «хунну» деп атады? – ғұндарды

2-кезең: Терминдер әлемі
Өмір өзі мінбесінен сөз берді,
Тебіреніп толғанатын кез келді
Тарихты көрмесек те кешегі
Айтамыз біз естігенді, сезгенді.
Келесі бөліміміз. «терминдер әлемі» атты бөлімі.
1. Сұлтан - Орта ғасырда ханның мұрагерін осылай атаған
2. Шахристан – кіші топ иелері, кәсіп иелері тұратын қаланың екінші бөлігі
3. «Қазақ» атауы қандай мағына береді? - Бостандық сүйгіш, ер жүрек, еркін адам
4. Хан - Орта ғасырдағы Қазақ мемлекетінің билеушісі
5. Шаньюй - Ғұндардың билеушісінің лауазымы
6. Сақ хаумаварга – хаома сусынын дайындайтын сақтар
7. Түріктер өздеріне бағынышты соғдылықтарды тат деп атады. Тат деген кім? – құл
8. «Ашина» қандай мағына береді? – қасқыр
9. Цитадель - Ортағасырлық қалалардың патша сарайы мен әкімшілік басқару орны орналасқан орталық бөлігі
10. Рабат - Еңбекші халық қала дуалының сыртында тұрды

3-кезең: Тұлғаны таны
Ұмыт болған, ұмыт қалған жоқ ешкім.
Ешбір адам ұмытпайтын елесін
Сырға толы әрбір саны қарасаң
Сол жылдардан қандай құпия білесің?
3 - кезеңіміз Тұлғаны таны деп аталады.
1. 1663 – 1756 өмір сүрген. Қазақтың қоғам қайраткері, шешен, Ұлы жүздің бас биі, "Жеті жарғыны" жасаушылардың бірі: атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі, -деген дана сөздерін қалдырған. – Төле би
2. Бүкіл Орта Азия халықтарының Аристотельден кейін екінші ұстазы, ойшылы, ғалымы – Әл Фараби
3. Қазақ хандығы 1466 жылы құрылды. Хандықтың іргесін қалаған қазақтың алғашқы хандары? – Керей мен Жәнібек
4. Шын есімі Ерасыл, жеңгелері Нарбала деп атаған, ал 1750 жылы қалмақтармен соғыста ерлігі үшін Абылай хан оны «дарабоз батыр» атаған қай батыр? – Қабанбай батыр
5. 1693-1748 жж өмір сүрген, 1718ж өз күшімен, айласымен, батылдығымен хан атағын алған, Бұланты, қалмақ қырылған қазақ-жоңғар шайқасын бастаған хан? – Әбілқайыр хан.

4-кезең: Тарих тереңіне үңілсек...
Ызғарынан көкірекке толды мұң
Шын сұрапыл талай дауыл - боранның
Құрбан болып кеткенімен боздақтар
Тарих болар естелігі олардың
Тарих – дәуірлердің куәгері, шындықтың шырайы, есте қалар өмір, өткен күннің іздері деген екен
Тарих ол-уақытқа ұқсас толмайтұғын,
Қадайды қасыңа әкеп шалғай туын,
Тарих ол-бір ғаламат алтын көпір,
Ұрпақты ұрпақтарға жалғайтұғын.

1-топтың көрінісі: «Шырақтың ерлігі»
Автор (Элеонора): Сахнада І Дарий тақта отыр, қасында нөкерлері, есіктен үсті-басы жараланған Шырақ кіреді. Дарий алдында тізесін бүге отырып:
Шырақ (Дәурен):
-О, Патшам, менің түп ата-бабам парсы болатын, сол үшін сақтар мені тұтқында ұстады, парсы әскерінің келе жатқанын естіп тұтқыннан құтылып, соларға қосылу үшін түн жамылып қашамын деп қолға түсіп қалдым. Содан осындай күйге түстім. Орайын тауып, әйтеуір қашып шықтым, осы араға өліп-талып зорға жеттім.
І Дарий (Лаззат):
-Енді саған не керек?
Шырақ :
-Сізден өтініп сұрарым, сақтарда кеткен кегімді қайтаруға көмектессеңіздер екен. Менің де сіздерге көмегім тиер, сақ жерінде жылқы бағып жүргенімде жерлерінің ой-шұқырын түгел біліп алғанмын. Олардан кегімді қайтару үшін өлсем де аянбаймын!
І Дарий :
-Білсең айтшы, сақтар қазір қайда?
Шырақ:
-Мен қашатын түні сақтар бүкіл әскерін алысқа, басқа жерге әкетуді ұйғарды. Мен ол жерді жақсы білемін. Егер сіздер тура жолмен төте тартсаңыздар, ол араға олардан әлдеқайда бұрын баруларыңызға болады. Сонда ептеп тынығып алып, алыстан шаршап келген сақ жауынгерлеріне тасадан шығып, тарпа бассаласыздар, оларды ауға түскен балықтай оңай олжалайсыздар. Ол үшін жолға жетерлік жеті күндік ас-су алып, жедел жүріп кету керек.
(Шырақты нөкерлер сахна сыртына әкетеді)
І Дарий орнынан тұрып қасындағы кеңесшісіне:
-Іздегеніміз алдымыздан табылды, жеңіс қолымызда десек те болады. Атағымыз әлемге жайылатын болды.
(Барлығы шығып кетеді)
Автор: Тілегіне орай құдайдың өзі айдап келген Шырақтың арқасында сақтарды күтпеген жерден алдынан шығып, қырғын таптыратынына, сөйтіп атын әлемге жаярына берік сенген І Дарий оның соңына ері, жорыққа аттанды. Уәделі жеті күн өтіп, сегізінші күнге аяқ басты. Азық бітіп, су таусылды. Аттары мен адамдары шөлден әлсірей бастағанын көрген І Дарий Шырақтың алдап әкелгеніне көзі жете бастайды. Сонда І Дарий әскерінің қолбасшысы Ранасбат күйініп былай дейді:
Ранасбат (Ернұр):
-Не мақсатпен сен осындай ұлы патшаны алдап, ұшқан құсы, жүгірген аңы жоқ шөл далаға әкеп, оның қалың әскерін қырғынға ұшыратпақсың? Енді бізге алға да, артқа да жол жоқ қой?
Шырақ :
-Жеңіс! Жеңіске жетті деген осы. Отандастарымның басына үйілген қасіреттің қара бұлтын кері серпіп, сендерді шөл мен қалжыраған аштыққа әкеп қамадым. Енді қайда барсаңдар да табатындарың ажал!
(Барлығы сахнадан шығып кетеді, күй ойнап тұрады)
Автор:
Өзегін тілген өкінішті ызадан қаны қайнап, басына шапқан Раснарабат Шырақтың басын өз қолымен алады. Елінің тәуелсіздігі үшін басын бәйгеге тіккен есіл ер осылайша азаттық жолында құрбан болады.
Сақ жеріне атақ-даңқ іздеп келген І Дарий кездейсоқ нөсердің арқасында аман қалады, бірақ әскерінің көп бөлігін жоғалтады. І Дарийдің бұл жорығы б.з.б.518 жылдары болған еді.

2-топтың көрінісі: «Қазақ хандығының құрылуы»
Сахнаға Есен-бұға, ақсақалдар мен билері шығып отырады.
Уәзір : Алдияр тақсыр, сізге Әбілқайыр хандығынан Керей мен Жәнібек сұлтандар келіп тұр.
Есен-бұға (Альбина): Кірсін!
Керей мен Жәнібек: Ассалаумағалейкум! – деп бастарын иіп амандасады.
Есен-бұға: Келген шаруаларыңды айтыңдар!
Керей (Дильназ): Ойраттардан жеңілген Әбілқайыр хан ашу-ызасын қоластындағы халықтардан алып, жазалай бастады.
Жәнібек(мадина): Салықты көбейтіп, тайпамыздың берекесін алуда.
Керей: Сондықтан да біз, бауырымыз Жәнібек екеуіміз, сізге бұйымтаймен келіп отырмыз.
Есен-бұға : Бұйымтайың болса айт!
Керей: Бір аймағыңыздан бізге жер бөліп берсеңіз, сол жерде өзіміздің тайпамызбен қоныстанып, өсіп-өнсек деген ойдамыз.
Есен-бұға : Керей, Жәнібек, мен өзімнің ақсақал, сұлтандарыммен ақылдасайын. Сендер барып демалыңдар!
(Керей мен Жәнібек шығып кетеді)
Есен-бұға: Қандай ойда болып отырсыңдар?
1 Ақсақал : Жер халықтың байлығы, оны ешкімге беруге болмайды.
2 Ақсақал : Осы жолы ығысып Керей мен Жәнібекке орын берсек, ертелі-кеш сол жақсылығымыз өзімізге қайтып келер.
3 Ақсақал (Нұрзат): Әбілқайырдан өш алар кез келді! Шекарамыздың батыс аумағын қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек, мұндай ұсынысты біз өз пайдамызға пайдалануға болады.
Есен-бұға: Әбілқайыр менің жауым. Яғни менің жауымның жауы – менің досым. Шу мен Талас өзенінің бойындағы Қозыбасы жері солардың қоныстары болсын деп ұйғардым. Шақырыңдар, Керей мен Жәнібекті!
Уәзір: Керей, Жәнібек сұлтандар, кіріңіздер!
Есен-бұға : Ойлана, ақылдаса келе былай шештік: Шу мен Талас өзенінің бойындағы Қозыбас аумағы сендердің мекендерің болсын!
Керей: Алдияр, біз бұл жерді құт мекенге айналдырамыз.
(Есен-бұға, ақсақалдар мен нөкерлері шығып кетеді)
Жәнібек: Уа, Сүйінші, халқым! Көптен күткен арманымыз орындалды. Бір ту астына жиналар күн туды!
(Сахнада халық мәре-сәре болып бірін-бірін құттықтап жатады)
Керей: «Жаңбырменен жер көгерер,
Батаменен ел көгерер» демекші, ақсақал, бата беріңіз.
Ақсақал (Нұрзат): Түндеріміз тыныш болсын,
Үйлерімізге ырыс толсын!
Ұлдарымыз сесті болсын.
Қыздарымыз есті болсын,
Балаларымыз қуаныш әкелсін,
Немерелеріміз жұбаныш әкелсін.
Орындарымыз төр болсын,
Дастархандарымыз мол болсын.
Қатарларымыз көп болсын,
Уәйім- қайғымыз жоқ болсын.
Жастардың қазасын көрмейік,
Зұлымдардың жаласын көрмейік!
Елімізде бірлік болсын,
Жарасты тірлік болсын!
Әумин.

Мұғалім: Біздің тарих! Бұл дегенің шежіре,
Азап пенен бақ сыйлаған еліме.
Көп болды ғой көз алартқан пенделер,
Қазағымның ұлан-байтақ жеріне.
Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай.
Еңку-еңку жер шалмай,
Ерлердің ісі бітер ме?-
Әділқазы өз шешімін айтады
Кім тарихты қалай білді? Байқады? – дегендей, әділқазыларға сөз береміз.
Биік ұшсын бейбітшілік кептері
Нұрын шашсын алтын күнім көктегі
Тарихтың тағылымында қалатын
Өтпейді әсте ерлік кітап беттері.

5-кезең: Супер ойын

Қорытынды:
Қымбатты, оқушылар! Бүгінгі «Тарих тағылымы» атты сайыс сабағымыз аяқталды.
Сайысымыз алған білімдеріңізді жүйелеп, бекітіп, тексеріп, қорытындылап кету мақсатында өткізілген болатын. Сабақ барысында өз білімдеріңізді сарапқа салдыңыздар, біліктіліктеріңізді көрсеттіңіздер. Сіздерді өз елін шын сүйетін, оның дамуы мен көркеюі жолында қызмет ететін нағыз патриоттар болады деп сенемін.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.