Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
ЖЕТІ МОДУЛЬ ИДЕЯСЫ КІРІКТІРІЛГЕН «АДАМ ТІРШІЛІГІ ҮШІН СУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЖӘНЕ ОНЫ ҚОРҒАУ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ САБАҚҚА РЕФЛЕКСИЯЛЫҚ ТАЛДАУ -

ЖЕТІ МОДУЛЬ ИДЕЯСЫ КІРІКТІРІЛГЕН «АДАМ ТІРШІЛІГІ ҮШІН СУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЖӘНЕ ОНЫ ҚОРҒАУ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ САБАҚҚА РЕФЛЕКСИЯЛЫҚ ТАЛДАУ

Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 1498 | Размер: | Автор: ggggggggggggggggdfsf
. Нарбаева Айгуль Сагындыковна
Сарыағаш ауданы, Оразата елдімекені, Т.Бигельдинов атындағы ЖОМ, бастауыш сынып мұғалімі

ЖЕТІ МОДУЛЬ ИДЕЯСЫ КІРІКТІРІЛГЕН «АДАМ ТІРШІЛІГІ ҮШІН СУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЖӘНЕ ОНЫ ҚОРҒАУ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ САБАҚҚА РЕФЛЕКСИЯЛЫҚ ТАЛДАУ

«Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға-мұғалім» деп Стронг \нұсқаулық 6-бет\ айтқандай, оқушылардың сапалы білім алуы- мұғалімдердің білімділік және кәсіби шеберілігін қажет етеді. Үлгілі ұстаз ғана қабілетті, жан - жақты шәкірт тәрбиелей алады. Әрбір мұғалім оқушысын қарапайым бала деп емес, жеке тұлға ретінде дамыту қажет. Әр ұстаз жаңалыққа жаны құмар, шығармашыл, жаңа заман талабына сай, осы бағдарлама мазмұнына сай, сабақты түрлендіру мақсатында оқытудың түрлі әдістерін пайдаланса, үлкен жетістіктерге жететіні сөзсіз. Осы мақсатқа жету үшін мұғалімдердің біліктілігін көтерудің ІІІ деңгейлі курсына келдім. Курс бағдарламасында бұрынғы әдіс-тәсілдерден өзгеше, жаңалыққа толы түрлі іс-әрекеттер жоспарланған.
Сындарлы оқыту бағдарламасының негізгі мазмұны жеті модуль түрінде берілген. Осы жеті модульді сабақтарыма кіріктірген себебім, жас ұрпаққа білім беруде, оларды болашақ еліміздің тұтқасы және өзіндік көзқарасы бар саналы тұлға етіп тәрбиелеу - әр ұстаздың, әрбір мектептің аса маңызды міндеті. Осы міндеттерді іске асыру үшін біздің мемлекетіміз білім сапасын арттыру мақсатында Сындарлы оқыту тәсілінің теориялық негіздерін, яғни сындарлы оқытуды қолға алып отыр.
Мектептегі тәжірибе кезеңінде тізбектелген сабақтар топтамасынан алынған «Адам тіршілігі үшін судың маңызы және оны қорғау» тақырыбы бойынша өтілген сабағымда мен Назарбаев зияткерлік мектебі негізгі жеті модулін барынша кіріктіруді мақсат еттім. Сабағымның кіріспе кезеңінде сыныпта ынтымақтастық атмосферасын қалыптастырудан бастадым. «Білім кемесі» әдісі бойынша әр топ мүшелері бір-біріне білімге, оқуға байланысты тілектер айтудан бастады. Мақсатым – оқушылардың адамдардың өзара қарым-қатынасындағы ынта-ықылас, жан жылуы мен жақсылықты сезініп, бағалай алуға үйрету және оқушыларды білімді болуға шақыру. Адамды жақсылыққа жетелейтін жақсы қасиеттері мен әрбір жақсы істерінің шапағаты екенін ұғындыру. Оқушылар бір-бірінің алақандарын ұстап, бір-бірінің жылулықтарын сезініп, бір-біріне ыстық ықыластарын білдірді. Жүзінде нұр ойнаған, пейілі кең, жылы жүректі адам әрқашан жақсылыққа жол таба біледі. Кешірімділік, сыпайылық, сезімталдық жақсы адамға ғана жолдас бола алады. Ізеттілік пен инабаттылық та жақсы адамға тән қасиет. Жақсы ниетпен айтылған бір ауыз сөздің өзі жүрегіңді тебірентіп, жаныңды жадыратады. Мен не үшін бұлай жасадым? Себебі, мен өз сыныбымдағы оқушылардың барлығында жақсы қасиеттері бар екенін, айналаңдағы адамдардың жақсы қасиеттерін бағалай білуге тырысу керектігін, қазіргі тыныш, бейбіт заманда нағыз білімді адамдардың көп болу керектігін ұғындырғым келді.
Оқушыларды алдағы сабақтың не туралы болатынын пайымдату, назарларын жаңа сабаққа қарай бағыттау мақсатында «А,В,С» әріптері арқылы үш топқа бөлдім.
Себебі, оқыту мен оқудағы өзгеріске жетелейтін, оқушыларға қалай оқу керектігін үйрететін бірден - бір тәсіл ол - топтық жұмыстарды ұйымдастыру екендігі белгілі болды.
Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер модулі сабағымның барысында толық кіріктірілген. Себебі топтық жұмысты диалогсіз елестету мүмкін емес. Бұл модульде оқушыларға білім беруде жаңа тәсілдерді «Диалогты оқыту әдісі» және «Қалай оқу керектігін үйрету» туралы түсінік берілген. Бірінші «бетпе-бет» кезеңінде біздер топтық жұмыстар жасадық, топ мүшелерін күнде ауыстырып отырдық. Топтағы талқылаулар, топтағы пікірлер, әріптестердің ойлары және бір-біріне сұрақ қою арқылы пікір алысу, сонымен қатар топтағы тыңдаушылардың келісімге жетуге тырысуы, осының барлығы маған үлкен сабақ болды.. Ал Мерсер мен Литлтон (2007) зерттеулеріне сүйенсек, сабақта диалогтің маңызы зор екенін, диалог сыныптағы барлық оқушылардың өзара сұхбаттасуы, өзіндік ой-пікірлерін жүйелеуі,бірлесіп жүргізілген жұмыстың оқушылардың түрлі идеяларды білуіне мүмкіндік береді және басқа адамдардың түрлі идеялар тастайтынын, мұғалімдердің оқушыларды оқыту барысында оқушыларының қандай деңгейде екенін түсінуге көмектеседі. Сондықтан да топқа бөлу арқылы оқушыларға бірігіп істеген жұмыстың құндылығын түсінулеріне ықпал жасаймын.
Содан кейін бүгінгі сабақтың критерийлерімен таныстырып өттім, бұл оқушылардың білімге деген талпынысын арттырды. Себебі, оқушы бағалау критерийлерінде көрсетілген тапсырмаларды орындау арқылы ұпайлар жинап, жетістікке жетуге ұмтылды.Бұл бағалау критерийлерін мен оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау модуліне сүйеніп жасадым. Себебі Александер (2001) айтқандай сыныптағы бағалау тек қана техникалық тәсіл емес. Мұғалім жазбаша да, ауызша да баға қою жолымен бағалайды. Олар қолданатын кез келген нысанның артында баланың дамуы, оқуы және ынтасы туралы түсінік, сонымен қатар өзін-өзі бағалау, қабілеттілік және күш-жігер сияқты ұғымдарға қатысты құндылықтар жататынын айтқан.(нұсқаулық, 56 бет) Сабақтың бағалау критерийлерін тақырыптың мағынасын аша түсу үшін суреттер арқылы, «Екі жұлдыз, бір тілек» әдісі бойынша бағалауды жөн санадым.
«Ой қозғау» әдісі бойынша оқушылардың жеке көзқарастарын білу мақсатында «Адам өміріне не қажет? Судың қандай қасиеті бар? Судың маңызы қандай?» деген сұрақтар қойдым. Себебі сұрақ қою маңызды дағдылардың бірі. Сұрақ дұрыс қойылған жағдайда сабақ берудің тиімді құралына айналады және оқушылардың оқуына қолдау көрсетіп, оны жақсарта және кеңейте алады. (нұсқаулық, 41 бет) Оқушылар жалпы су, өзен, көл туралы өз көзқарастарын ортаға салды. Сабағымның негізгі бөлімінде «Кемпірқосақ» әдісі бойынша жаңа тақырыпты талқыладық. Мұнда:
Әр оқушы (бастапқы топта) тыңдады және (Түрлі-түсті топта) сөйледі. Топты қимылдауға және талқылауға орын қалдыра отырып, стандартты орналастырдым.
Оқушыларды талқылау үшін (бұл «бастапқы топ») тақырып бойынша ( әр топқа бөлек тақырып) топтарға бөліп отырғыздым. Талқылаудан кейін оқушыларға түстер беріп, тиісінше қайтадан топқа бөлдім. Жаңа топтар «бастапқы топ» қатысушыларынан тұрады. Кейін оқушылар жаңа топта не талқылағандарын айту үшін «бастапқы топқа» қайта оралды. Бұл одан әрі талқылауға түрткі болды.
Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту мен оқуда когнитивтік даму- оқуға деген қабілеттілік, зейін, сөз сөйлеу дағдылары, ойлау немесе шығармашылық зияткерлік сияқты қабілеттерді дамытуға қатысты екенін айтады. Мен бұл өлең жолдарын балалардың жас шамасына бейімдеп, оларға сәйкес келетіндей етіп жасау арқылы зейіндерін бақыладым. Яғни оқушылар өлең жолдарын оқығанда әр сөздің мағынасына зейін қойып тыңдау арқылы ауаның қандай қасиеттері бар екенін айтты. Сыни тұрғыдан ойлаудың негіздерін кішкентай балалармен жұмыс барысында , қажетті дағдыларды дамыту мақсатында білім берудің ерте кезеңінен дамытуға болады. Бұл жолдағы ең оңтайлы тәсіл- балалардың жеке басының тәжірибесіндегі дәлелдерге мән беруге ынталандыру.\нұсқаулық,49-бет\
Нұсқаулықтағы осы теорияны негізге ала отырып, мен оқушылардың диалог арқылы сыни тұрғыдан ойлауын дамыту мақсатында сабағымның қорытынды кезеңінде «Ғажайып ұяшықтар» әдісін қолдандым. Мұнда әр топ арасында интеллектуалды сайыс ұйымдастырылды. Әр топ басшылары ғажайып ұяшықтағы сұрақтарды таңдады. Берілген сұрақ бойынша әр топ ақылдаса отырып жауап берді. Белгілі бір уақыт ішінде топ мүшелері берілген сұрақтар бойынша өз ойларын ортаға салып отырды. Басқа топ мүшелері де қарсылас топтың жауаптарын тыңдап, өз пікірлерін қосты.
Бұл тапсырманы орындау оқушылардың қызығушылығын арттырды. Себебі, оқушылар арасында пікірталас орнады. А есімді «Желдің кесірінен жер сілкінісі болады» деген пікір айтты. Ал С есімді «Мен бұған келіспеймін, жер сілкінісі табиғи апатқа жатады, желдің кесірінен жер сілкінісі болмайды, жел аспандағы бұлттардың көшуіне ықпал жасайды. Құйып жауған жаңбырдан кейін көшеде қақ тұрып қалады. Үйдің шатыры, ағаштың жапырағы, шалғын –бәрі суға малшынады. Күн шыққаннан кейін су тиген заттардың бәрі құрғайды. Жаңбыр суы жоғалып кетеді. Олар буланып ауаға тарайды» деп айтты. Бұл пікірді барлығы қолдады. Оқушылардың жас ерекшеліктерінің кіші екеніне қарамастан өмірдегі жақсы жақтар мен зиянды жақтарды ажырата білетініне қатты қуандым. Сыни тұрғыдан ойлау қалыптасқан ортада оқушы: нақты мақсат қоюға дағдыланады. Өзіне сенімі артады, оқу процесіне белсенді қатысады, жолдастарының пікірін сыйлайды. Өзін толғандыратын проблемалық сұрақтар қоя біледі. Сараптауға, бағалауға дағдыланады. Пәнге деген қызығушылығы артады. Сабағымның қай құрылымында болмасын оқушыларға тапсырмалар бергенде, «Мен не ұтам?», «Оқушы не ұтады?» деген сұрақтарды негізге аламын. Мысалы, оқушыларға «Суды қалай қорғаймыз?» деген сұрақты қою арқылы олардың ерекше көзқарастарын білгім келді. Баланың айтқан пікірі оның санамен ойлауының нәтижесі болып табылатынын, оны логикалық қорытынды немесе интерпретация деп атайтынын осы бағдарламада қарастырылған теориялық негіздерден білдім.
Мен әрбір сабағымда АКТ-ны пайдаланамын. Себебі, АКТ-мұғалімдерге сабақ беруде көмектесетін маңызды құрал. Соңғы кезде ақпараттық-коммуникативтік әдістерді, соның ішінде презентацияларды пайдалану қажеттілігі артып келеді. Бұл оқушылардың мотивациялық іс-әрекетін күшейтіп, олардың сабақтағы белсенділігін жоғарылатады. Осының нәтижесінде оқу процесінің тиімділігі артады. «Презентация» ұғымы таныстырып көрсету деген латын сөзінен шыққан. Кейде презентацияда ауызша баяндауға келмейтін ақпараттарды беруге болады. Мысалы, музыка, бейнероликтер, сызбалар, диаграммалар т.б. Мен сабақ барысында оқушылардың көңіл күйлерін көтеріп, сергіту мақсатында бейнеролик арқылы «Жұмыр қылыш» әуеніне билеттім. Мұндай сергіту сәті әсіресе, бастауыш сынып оқушылары үшін өте тиімді. Себебі, олар билегенді, ән айтып, сурет салғанды ұнатады. Сонымен қатар, АКТ-ның көмегімен «Суды қорғау» бейнеролигін көрсеттім. Оқушылар осы бейнероликті көре отырып, өз ойларын топ арасында талқылады.
Барлық мұғалімдер балаларға білім беруде барынша жоғары жетістіктерге қол жеткізу үшін еңбектенеді. Дарынды және талантты балаларға қатысты едәуір күрделі мәселе ойлауды, талқылауды және мұқият жоспарлауды талап еттім. Қазақстанның көркеюі үшін оқушылардың таланты мен қабілетін ашып, оларды оқыту барысында дамыту өте маңызды. Талантты немесе қабілетті үнемі айқындай отырып бастауыш мектептердің мұғалімдері өздерін «дарынды бақылаушы» ретінде көрсетуі тиіс (Eyre and Lowe, 2002). Фриманның ең үздік оқушыларды анықтайтын сенімді өлшемдеріне сүйене отырып, балаларға тақырыпты қорытындылау үшін «Су-тіршілік көзі» тақырыбы эссе жазуды тапсырдым. Әр топтан бір оқушы шығып, жазған эсселерін оқып шықты. Оқушылар жазған эсселер туралы өз пікірлерін айтты.
Топтық жұмыста талқылау барысында оқушылардың ойларын, пікірлерін тыңдадым және эссе жазғанда бүгінгі тақырыппен байланыстыру керектігін түсіндірдім. Мұнда Н-нің жазған эссесі ұтымды шықты. Себебі Н эссені бүгінгі сабақтың тақырыбымен байланыстыра отырып, дәлелдеп берді. Н-нің жазған эссесінен үзінді келтіре кетейін. «Дана халқымыз тіршіліктің көзіне суды балап, қалт айтпаған. Сусыз бір күн де өмір сүре алмасымыз анық. Мына өркениетіміз дамыған кезеңде ауылдық жерлерде де су үйге дейін келетіндей құбыр тартылған. Ал, қала тұрғындары үйде отырып-ақ бір тетікті бұрап ыстық су ағыза алады. Әрине, мұның бәрі адамның игілігі үшін жасалынған дүниелер. «Судың да сұрауы бар» дегендей, су сарқылмасын, тоқтамасын, азаймасын, солмасын десек, суды тиімді пайдаланып, ысырап етпей, шашып-төкпеуіміз керек. Көзіңізге өзен-көлдердің азайған, солғанын елестетіп көріңізші! Сусыз қалған қала мен дала! Сұмдық, мұндай жағдайға жете көрмейік! Суды есепсіз құрта берсек, осыған жетуіміз де әбден мүмкін-ау!» Мен Н-нің жауабына қарап, Фриманның зерттеулеріндегі сенімді өлшемдерін байқадым. Мысалы, Назеркенің қабілеті өте жоғары; ол ақпаратты біліп қана қоймайды, оны пайдалана алатынын байқадым. Басқаларға қарағанда Н-нің ойлау қабілеттері жақсы ұйымдастырылған, оқуда және проблемаларды шешуде балама шешімдерді көріп, қабылдай алатынын білдім.
Дарын дегеніміз адам бойында ана сүтімен, ата тегімен даритын құбылыс екенін өмір тәжірибелері дәлелдеп отыр. Дарын- адамның белгілі бір дүниеге психологиялық қабілеттілігі. Осы қабілетті дер кезінде анықтап, оны одан ары дамыта білу қажет. Жалпы адам баласы қабілетсіз болмайды. Біреулердің қабілеті жоғары, екінші біреулердің қабілеті орташа, төмен болады. Өз қабілетіне сай маман иелері өмірде көздеген мақсатына жетеді. Ешбір адам данышпан болып тумайды, тек қабілет иесі болып дүниеге келеді.Демек, осы дарын иесін шеберлікке жеткізу білікті ұстаздың міндеті. Дарынды балаларда пәнге деген қызығушылық өте жоғары болады, жақсы есте сақтайды, сөздік қоры мол және дайын шешімді қабылдамайды. Мен мектептегі іс-тәжірибе кезеңінде сыныбымда осындай қабілеттерге ие оқушыларды байқадым. Олардың сабақ барысында күрделенген тапсырмаларды аса қызығушылықпен орындайтынына көзім жетті. Сабағымның соңында әр топ басшылары өздерінің топ мүшелерін суреттер арқылы бағалап шықты. Яғни, «5»-күн, «4»- бұлт, «3»-тамшы суреттері арқылы топтың лидерлері сабақтың барысында өздері бағалап отырған ұпай сандарын есептеп, орта баллдық жүйемен жиынтық бағаны шығарды.


Сурет арқылы бағалау оқушылардың сабаққа деген құлшынысын арттыра түсті.
Рефлексия үшін «Екі жұлдыз, бір тілек» әдісін пайдаландым. Мұнда оқушыларға стикерлер үлестірдім, сол стикерлерге оқушылар бүгінгі сабақ туралы өз ойларын жазып шықты.
Оқушылар стикерге бүгінгі сабақтан алған әсерлері жайлы жазып шығып, тақтада ілулі тұрған табиғаттың суретіне апарып жапсырды. Мұнда оқушылар тағы да осындай бағыттағы сабақтар болса екен деген өз ұсыныстарын білдірген. Сонымен қатар, тақырыпқа сай берілген бейнероликтер мен сергіту сәтінің көңілді өткенін жазған. Топтық жұмыс кезінде біздің достығымыз артады, бұрынғы сабақтарда мұғалім бізге өзі түсіндіретін болса, ал қазір біздер өздеріміз іздене отырып, топпен ой бөлісу арқылы өзіміз оқып, өзіміз түсінеміз" дей отырып, алдағы уақыттада осындай сабақтардың көбірек өткендігін қалайтындары туралы рефлексия жазып берді.


Мен әрбір сабағымды оқытудағы басқару мен көшбасшылық модулін негізге ала отырып әрекет еттім. Ағылшын ғалымы Фрост (2011) адамгершілік мақсаттағы мұғалімдер өзінің айналасындағыларға әсер ету үшін, көшбасшылық қасиеттерін көрсетеді.Оның көңілінде үнемі талапқа сай оқыту тұрады деген. Оқыту сияқты көшбасшылық та адамның дамуына жетелейтін негізгі қасиет. Мұғалім ретінде кейде біз өзіміздің әрекет ету мүмкіндігіміз бен күш-қайратымызды жоғалтып аламыз. Бірақ лауазымсыз да айналаңдағыларға әсер ете алатынымызды білуіміз керек.
Конфуцийдің: «Маған айтып берсең – ұмытып қаламын, көрсетсең – есте сақтаймын, өзіме жасатсаң – үйренемін» деген нақыл сөзін негізге ала отырып, мен оқушыларға үйрете отырып, өзім де жоғары жетістіктерге жеттім деп ойлаймын.
Жалпы «Адам тіршілігі үшін судың маңызы және оны қорғау» тақырыбы бойынша өткен сабағым туралы ойым:
Оқушылар тақырыпты жақсы меңгерді. Сабақ барысында берілген тапсырмалар бойынша барынша қадағалап, бағыт-бағдар беріп отырдым. Күтілген нәтижем ойдағыдай болды. Оқушылар ауаның құрамы мен қасиеттері, ауаның жер бетіне таралу жолдары туралы білімдерін қалыптастырды.
Не сәтті өтті?
«Кемпірқосақ» әдісі оқушылардың қызығушылығын оятты.
Қандай күшті жақтарға сүйене аламын?
«Ғажайып ұяшықтар» әдісінде оқушылар көңілге қонымды пікірлер айтты
Не сәтсіз өтті?
Топ мүшелерін бағалау кезінде кейбір оқушылар қателіктер жіберіп алды.
Нені дамыта алар едім?
Оқушылардың жіберген қателіктерін түзету арқылы сындарлы оқыту бағдарламасында қарастырылған жеті модульді кіріктіре отырып, сабаққа деген қызығушылығын, шығармашылық қабілетін, сыни тұрғыдан ойлауын дамыта аламын. Оған сенімім мол.
Ел президенті Н.Ә.Назарбаев "Қазіргі заманда жастарға ақпаратты техникамен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет " деп атап көрсеткендей, қазіргі таңда бейнет емес, ұстаз қауымының еңбегінің зейнетін көретін уақыты жетті.


Пайдаланылған әдебиет
1. Мұғалімге арналған нұсқаулық 2015ж.
2. «Дүниетану» 4-сынып , Атамұра 2015
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.