.
.
Ерлік пен елдік - Махамбет ұраны Ерлік пен елдік - Махамбет ұраны
Сабақ жоспары | Предметы | Әдебиеттен ашық сабақтар Загрузок: 0 | Просмотров: 1604 | Размер: | Автор: ТәрбиеҚиын да сұлу тағдыр десек те болмай ма, Махамбеттің тағдырын!? Оның есімін атағаннан - ақ жүзі жалпылдаған, көз жанары өңменнен өтетін, сөйлеген сөзі өткір, өлең мен оттан өрілген іспетті жарқын бейне көз алдымызға келмей ме?
Үстінде бадана көзді сауыты, басында батырлар киер дулығасы, "ер қаруы - бес қару" түгел батыр сар даламен арғымығын құйғыта келе жатқандай! Батыр боп шынықтырған да осы сар даласы!
Еділ мен Жайық арасын мекендеген Бөкей хандығында Нарын құмында Бекетай деген жерде дуниеге келген болашақ көтерілісші, жалынды ақынның атасы Құлмәлінің батырлық, билігі, шешендігі шартарапқа тараса керек. Дауылды жылдардың жалынды жыршысы Махамбет Құлмәлінің Өтемісінен туған.
Өзі бір өлеңінде:
Өтемістен туған он едік,
Онымыз атқа мінгенде,
Жер қайысқан қол едік, - дейді.
Хан тұқымын қараға теңестірген от ауызды, орақ тілді Махамбет тумысынан батыл болатын. Өзін мақтап өлең айтқызуға тырысқан хан беделін "Хан емессің, қасқырсың" өлеңінде төмендетуге жігері жеткен батыл азамат еді.
Махамбет Исатай ағасына қосшы бола жүріп, үстем тап өкілдерінің бұқараға жасаған қиянатын беттеріне басты. Жәңгір ханмен араздық қарулы көтеріліске ұласып, тарихтың парақтарын толтырды.
Махамбет жылаулар мұрасын мол білген екен. Өз өлеңдері де телегей - теңіз көп болған деседі. Ата жыраудан бала жырауға жетіп, халық санасында сақталып бізге жеткендері ақынның көтеріліс туралы өлендері. Ерлік пен елдікті ту еткен ақын - көтерілістің жалынды жыршысы бола білді. Ол әр уақытта жалтармады, тайқымады, үрейленбеді, өйткені онда өлім мен бейнеттен сескенбейтін жалынды жүрек бар еді.
Жайықтың бойы көк шалғын-
Күзерміз де жайлармыз.
Күлесті сынды күреңді,
Күдірейтіп күнде байлармыз.
Құдай істі оңдаса,
Ісім жөнге келгенде,
Қамалаған көп дұшпан
Әлі де болса қойдай қылып айдармыз, - деп
шалқаюы, оның Шалкиіз, Асан, Сыпыра, Доспанбет сынды батыр жыраулр мұрасын, олар негізін салған ерлік жырларды жақсы білгендігінен туған емес пе екен?!
Махамбет - аталы сөз айтар айтулы шешен, алдағыны болжап толғанар абыз, ел басына күн туғанда ақыл берер ел ағасы, қол бастар батыр, жұртты ерлікке үндер соғыс жаршысы, қолма - қол ақтарылар ақпа ақын.
Еңселігім екі елі,
Егіз қоян шекелі.
Жаралаған теке мүшелі,
Жауырыны жазық, мойны ұзын,
Оқ тартарға қолы ұзын,
Дұшпанына келгенде,
Тартынбай сөйлер асылмын,
Мен Өтемістің баласы,
Махамбет атты батырмын, - деуінде ерлік пен елдікке жол көрсеткен батыр бейнесі көрінбей ме?!
Немесе:
Түзге аттанып шығарда,
Дұшпанының қарсы келегнде,
Ер дініне берік болсын! - деген өлең жолдары ер -азамат мұз жастанып, қар төсеніп ел үшін үлгі, қорған болар қылығымен меңземей ме?
Иә, Махамбет қуғын - сүргінмен өткен 8 жылында ел үшін, туған жері үшін зарланбады ма, еткен ісі далаға кетті ме деп уайым шекпеді ме?! Шекті, зардап көрді, бірақ жасымады.
"Ақсүйектің баласын,
Қара ұлына теңгеріп, қоңыраулы найза өңгеріп" ерлік өнегесі болғанын айдан анық жеткізе білген.
Махамбет ұраны - елдік пен ерліктің ұраны. Оның жырларының жауынгерлік рухы өзге халықтардың еркіндік үшін күрескен ақын - перзенттерімен үндес келеді. Шандар Петефи, Тарас Шевченко, Салауат Юлаев және Махамбет Өтемісұлы! Осындай күрескер ақындардың арман - мұраттары қандай асқан еді!
Бостандық пен махаббат,
Керегі маған екеуі - ақ.
Махаббат үшін өмірде,
Қарсы барам өлімге, - дейді Шандар Петеори, ал Тарас Шевченконың аңсап өткен асыр арманы былайша жырланады:
Туысқандық, махаббат,
Деген сөздер қосылмай,
Ғасырларға болып жат,
Кеткені ме осылай?
Біздің Махамбет елі үшін, жері үшін атқа мінді:
Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге,
Мал таптырсам деп едім...
Ханнан қырық туғанша,
Қарадан бір - ақ тусайшы,
Халықтың кегін қусайшы!
Махамбет жырлары - қазақтың мол қазынасында тек сұлулығымен ғана емес, қиып түсер өткірлігімен ерекше тұрған дүние. Ол жаудың қара бұлттай қатер төндіре, дауыл алдында саңқылдаған дауылпаздай, дауылды жарқ - жұрқ етіп тілгілеген найзағайдай әсер етеді.
Халықтың азаттығы, теңдігі жолында ақ найзамен де азаткер асқақ жырымен де нағыз азаматша орасан үлкен қызмет еткен, осы жолда қасық қанын көз тіккен Қазақ Еліне көз қиығын салып сүйсіне қарап тұрғандай... Ол халық көңілінің ең асылы - еркіндікті, аңсаған арманды, ата жауға деген қаны қатқан өшпенділікті, антқа берік, атқа мықты азаматтың ісімен, жүрегімен жырлады.
Қаһарман ақынның қызыл оттай қызулы, қылыштай өткір, селдей серпінді сөздері қараңғыны қармаған қалың қазақтың ақ журегіне асау толқу салды, көңіліне жел берді. Тәуелсіздік жылдарындағы ерен еңбек, қайсар рух, өршіл ұлтжандылық бізге Махамбет жырының күшімен берілгендей. Нарында кіндік қаны тамып, Қараойда мәңгілік мекеніне тапсырылған ақын Атыраудың орталығынан Исатай ағасымен ат үстінде ерлік пен елдікке шақырып, түсін аянды, өңін баянды еткендей қазақты бүкіл әлемге мақтанышпен паш етіп тұрғандай...
Ақынның құдіретті сөзінің күні бүгінге дейін сыры кеткен жоқ, сыны түскен жоқ. Ол - халқымыздың рухани қазынасының ең асылы. Осыған сеніңіздер! Оның есімі мен ерлігін, ұран сөздерін қастерлеп мәңгі сақтаныздар!
ЕЛДІК ПЕН ЕРЛІК - МАХАМБЕТ ҰРАНЫ
Төлеуова Анар Қаражігітқызы
Қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі
Маңғыстау облысы
Түпқараған ауданы
Жалау Мыңбаев
мектеп - гимназиясы
2013 жыл
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.