Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
МҰҚАҒАЛИ ӘЛЕМІ -

МҰҚАҒАЛИ ӘЛЕМІ

Сабақ жоспары | Предметы | Әдебиеттен ашық сабақтар Загрузок: 0 | Просмотров: 5495 | Размер: | Автор: Тәрбие
. Утетилеуова Бақыт Жансариновна,
Қарағанды облысы
Сәтбаев қаласы
Сәкен Сейфуллин атындағы гимназияның
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

МҰҚАҒАЛИ ӘЛЕМІ
(қазақ әдебиеті, оқу орыс тіліндегі 11-сынып)

Сабақтың мақсаты: Оқушыларды қазақ халқының біртуар ақыны Мұқағали Мақатаевтың өмірі, шығармашылығымен таныстыру, ақын өлеңдерінің тақырыбы мен идеясы, мазмұны туралы түсінік беру.
Мәнерлеп оқу дағдыларын, оқушылардың тілін дамыту, сөз байлықтарын толықтыру.
Ақынға, тілге деген құрмет, Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілікті және поэзияны, сөз құдіретін қастерлеуге, бағалауға тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: жаңа білімді меңгеру
Сабақтың әдісі-тәсілдері: мәнерлеп оқу, талдау, баяндау, сыни тұрғыдан оқу және жазу технологиясы, жобалау технологиясы
Сабақтың көрнекілігі, құрал-жабдықтар: ақынның портреті, сабақтың эпиграфы, «Даналық ойдан дән ізде...» айдарымен Мұқағали туралы айтылған пікірлер, слайдтар, «Білемін. Білгім келеді. Білдім» стратегиясын орындау үшін тақта, Мұқағалидың шығармалары, «Аңыз адам» журналы, интеративті тақта
Пәнаралық байланыс: қазақ тілі, музыка, тарих, орыс әдебиеті
Сабақтың барысы.
I.Ұйымдастыру кезеңі.
Оқушылармен амандасу,түгендеу
III. Сабақты меңгерту.
Сабақтың жоспары:
I. Кіріспе
Оқушылар Мұқағалидың «Пай, пай, өмір!» өлеңін тыңдайды.
(Ақынның өз даусы және слайдтар көрсетіледі)
Мұғалімнің кіріспе сөзі:
Құрметті оқушылар және қонақтар! Бүгінгі «Мұқағали әлемі» атты сабағымызды ақын өзі бастап берді. Мұқағали Мақатаев бір күндік сәуледей ағып өткен ғұмырында ұланғайыр мұра қалдырып кетті. «Өшеді өлең немесе көшеді өлең» дегендей, ақынның туындылары бүгінгі егемен еліміздің аспанында, асқар тауларында қырандай самғап, керуеніміздің көшбасында келеді.
Сабақтың эпиграфы
Ақ қырау тұрған ақпанда,
Ағаштар сырға таққанда,
Бозарып тұрып ақ таңда,
Есіңе мені алғайсың,
Есіңе мені алғайсың!
Стартегия «Білемін. Білгім келеді. Білдім»
Мұқағали Мақатаев туралы не білетіндеріңді және не білгілерің келетінін алдарыңдағы қағазға жазып, оқып беріңдер.
(Оқушылардың жауаптарын тақтаға ілінеді)
Мұғалімнің сөзі: Бүгінгі өмірін өлеңге, өлеңін мәңгілік өмірге айналдырған Хан Тәңірдің мұзбалағы, дара талант Мұқағали Мақатаевқа арналған сабаққа әрқайсың өздеріңе ұнаған өлеңдерді жаттап келу тапсырылған. Сендерге бір ғана шарт қойылды: жаттаған өлеңнің аудармасын (жол бойынша аударма немесе кәсіби аударма) білу. Сабақ бары сында айтылып жатқан тақырыпқа байланысты өздерің кірісіп, өлеңдеріңді оқисыңдар.

II. Жаңа сабақ
1. «Өмірім, сірә да, әріден басталған,
Әріден басталып, мәңгіге тасталған...»
( Ақынның өмірбаяны туралы слайдтар)
Бірінші оқушы. Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысының қазіргі Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойылған аты - Мұхаметқали. Ата-анасы оны кішкентай күнінен «Мұқағали» деп еркелете атап кеткен. Үйдің тұнғышы болғандықтан, Мұқағали Тиын әжесінің тәрбиесінде болған.
... Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өліге мен өзіңді телімегем.
Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса... нені көрем?- деп Мұқағали ер мінезді, айбынды әжесін ерекше құрметтеген. Әжесін білетін қарттар Мұқағалиды «Тиын әжесіне тартқан» дейді екен.
Екінші оқушы. Ол он жасқа келгенде әкесі Сүлеймен соғысқа аттанып, Калининград майданында болған сұрапыл шайқаста 29 жасында ерлікпен қаза табады. Анасы Нағиман балаларын өзі асырап бағады, тоқсан бес жасқа келіп қайтыс болды. Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген Мұқағали он-он бір жасынан өлең жаза бастайды. Ал он төрт-он бес жасында қазақ әдебиетінен бастап орыс әдебиетін, оның ішінде Пушкин, Есенин, Блок поэзиясын сүйсіне оқиды. Шетел әдебиетінен Гейне, Гете, Дюма, Гюго, Байрон, Драйзер, Лондон, Шекспир шығармаларын жоғары бағалайды.
Бірінші оқушы. 1948 жылы ауыл орта мектебін үздік бітіріп, Алматыға жоғары оқу орнына аттанып, зеректігінің арқасында, еш қиындықсыз Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факультетіне түседі. Үй ішінің ауыр тұрмысы оқуын әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік бермей, бір жылдан соң, оқуын тастап, жұмыс істейді.
Мұқағали үзіліп қалған оқуын жалғастыруды армандайды.
1950 жылы шет елдер институтының неміс тілі факультетіне, одан кейін Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне түсіп, оларды да тұрмыс жағдайына байланысты орта жолдан тастауға мәжбүр болады.
1973 жылы Қазақстан Жазушылар одағының жолдамасымен Мәскеудегі М.Горький атындағы халықаралық әдебиет институтына оқуға барады.
Екінші оқушы. Ақын ауыл кеңесінің хатшысы, әдебиет пәнінің мұғалімі, республикалық газеттің тілшісі, қазақ радиосының дикторы, «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкері, жазушылар одағы поэзия бөлімінің жастар жөніндегі кеңесшісі қызметтерін атқарады.
Бірінші оқушы. Мұқағалидың Жұлдыз, Айбар есімді екі ұлы және Алмагүл, Шолпан атты қыздары, немерелері бар.
Екінші оқушы. Өмірінің соңғы кезінде денсаулығы нашарлап, ауруханаға жиі түсіп жүріп,1976 жылы 27 наурызда қайтыс болады.
Бейіті Алматы іргесіндегі Кеңсай зиратында.
(Оқушылар «Менің анкетам», «Арыз жазып кетейін», «Ей, өмір» шығармаларын жатқа айтады)
Үшінші оқушы. (Мұқағалидың шығармаларына шолу жасайды. Слайд.)
Мұқағалидың жарық көрген шығармалар жинақтары:

«Ильич» (1964)
«Армысыңдар, достар» (1966)
«Қарлығашым, келдің бе?» (1968)
«Мавр» (1970)
«Дариға жүрек» (1972)
«Аққулар ұйықтағанда» (1974),
«Шуағым менің» (1975),
«Өмірдастан» (1976)
«Шолпан»(1984)
«Жырлайды жүрек»(1989)
«Жылап қайттым өмірдің базарынан»(1994)
«Аманат» (2002)
«Өмір-өзен» (2005)
«Мен, сірә, өлмейтін шығармын» (2010)
Мұқағали поэмалары:
«Мавр»
«Ильич»
«Ару-ана»
«Большевиктер»
«Чили – шуағым менің»
«Райымбек, Райымбек!»
«Алтай-Атырау»
«Бала шақтан - болашаққа»
«Аққулар ұйықтағанда»
«Жан азасы» (реквием)

Мұқағали поэзия жанрына ғана емес, проза, драма,сын саласына да қалам тартып, «Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті», «Әже» әңгімелері мен «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестерін, «Қош, махаббат» пьесасын жазды.
Аудармашылық – М.Мақатаевтың ақындық өнерінің бір қыры. Орыс тілінен қазақшаға көптеген шығармалар аударған. Жыр аудармасы саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын», Н. Тихонов, Р. Бернс, Ф. Ансари, А. Акопян, А. Исаакян, Е. Евтушенко, Ф. Моргуннің бірнеше өлеңдерін аударды.
Ал Мұқағали шығармалары орыс, өзбек, қырғыз, қытай, т.б. тілдерге аударылған.

2. «Ақын болу - Неғылған қиын едің!» (Мұқағали шығармалары)
Мұғалімнің сөзі: Мұқағали өз естелігінде (14 ақпан 1976 жыл):
«...Менің қымбатты достарым! Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды, творчествомды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем.»
М.Мақатаев поэзиясы жұмыр жердің барлық мәселесіне араласқан, кең, ауқымды тақырыптарды қамтиды. Оның туған жер, адамдар тағдыры, өмір мен өлім, ана мен бала, ақын мен ақындық, соғыс тауқыметі т.б. тақырыптағы лирикасы қайталанбас ұлттық сипатта, ұлттық зермен кестеленген.
Ақын қай тақырыпты жазса да жалған сезім, жылтырақ сөзге әуес болмады, ол туралы өзі: «... мен жырламаймын, сырласамын. Сыры бір замандаспен мұндасамын, - деген. Ақын шығармаларының тақырыптарын бір сабақта қамту мүмкін емес, сондықтан бірнешеуіне ғана тоқталамыз.
 «Қайран Қарасазым-ай, Үйрек ұшып, қаз қонған...», - деген өлең жолдарымен ақынның туған жер, Отан туралы шығармаларына кезек береміз.
(Оқушылар «Үш бақытым», «Отан, Отан», «Қазақ жері» шығармаларын жатқа оқиды)
 «Барлығы да, Поэзия, сен үшін!...»
Мұғалімнің сөзі: М. Мақатаевтың ақын ретіндегі басты тақырыбы – өлең өнері.
(«Сен үшін» өлеңін жатқа оқиды)
(Оқушылар «Поэзия, менімен егіз бе едің?», «Қара өлең» шығармаларын жатқа оқиды)

 «Ғашықпын, шын ғашықпын сол адамға ...»
«Махаббат диалогі»
(Оқушылар үнтаспадан «Махаббат диалогін» тыңдайды, экраннан осы шығарманың орыс тіліндегі аудармасы көрсетіледі)
Диалог любви
- Если вдруг я птицей кану в неизвестность?
- В поисках тебя я обойду всю вечность.
- Если вдруг сгорю в огне в объятьях страха?
- Станем мы вдвоём тогда единым прахом.
- Если миражом я появляюсь небесным?
- Ветром я тебя достигну наконец-то.
- Если принесу тебе одни лишь беды?
- Хватит, светик мой, я вынесу и это.
( Оқушы «Ғашықпын, шын ғашықпын сол адамға» шығармасын жатқа айтады)

3. «АМАНАТ бір өзіңе жырым-сырым...»
Мұғалімнің сөзі: Ақын мұрасы, маржан поэзиясы – мәңгілік, болашақ ұрпақтың еншісі, қастерлеп қадірлейтін қазынасы.
Кім білсін қаншама әлі шырқарымды,
Кім білсін қай күн сенің қырқарыңды,
Мұқағали жоғалса, қайтер дейсің,
Жоғалтпаса болғаны ұрпағымды.
Төртінші оқушы. (Слайдтар)
Барлығы да сендердікі, барлығы –
Табыстаймыз жансыз бенен жандыны.
Армысыңдар, Ата ұрпақтың тағдыры!
Армысыңдар, жаңа атқан таң нұры!
 Туған жері Қарасазда мұражайы, Алматыда өз атында көше бар.
 Алматыда және көптеген елді мекендерде Мұқағали атымен мектеп, гимназиялар аталады.
 Жазушылар одағының үздік шыққан жас ақындарға берілетін сыйлығы Мұқағали атында.
 Ғасырлар тоғысында Мұқағали “Ғасыр ақыны” болып танылды.
 Қазіргі кезде “Мұқағали” атты журнал шығады.
 “Мақатаев оқулары” Республикалық деңгейде өткізіліп тұрады.
Бүгінде М.Мақатаевтың өлеңдері көпшіліктің іздеп жүріп оқитын жырына айналды.

Біздің гимназияда Мақатаевтың туған күніне арналып қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде мәнерлеп оқу жарыстары, сынып сағаттары, әдеби кештері өткізілді.
Ал жыл сайын тоғызыншы ақпанда біздің қалада және гимназияда іс-шаралар өткізіледі. Сіздерге биылғы қалалық «Мұқағали оқуларының» жүлдегері ... сынып оқушысы ... сұхбатты ұсынамын. (Оқушымен сұхбат көрсетіледі)

Мұғалімнің сөзі: Мұқағалидың туған күніне арнап біздің мектептің оқушысы Чупрасова Маргарита «Өмір сүрейік алмасып» өлеңін орыс тіліне аударды. Назарларыңа ұсынамыз. (Қазақ және орыс тілдерінде Мұқағалидың «Өмір сүрейік алмасып» өлеңі оқылады).

Мұқағали әндері.
Бесінші оқушы. (Слайдтар)
Мұқағали Мақатаевтың көптеген шығармаларына белгілі композиторлар ән жазған. Бір ғана мысал келтірейін. Композитор Нұрғиса Тілендиев:
«... Мұқағали екеуіміз тура отыз күн бірге біздің үйде жұмыс істедік. Мен отыздан аса ән шығардым. Ал ол сол өлеңдердің бәріне мөлдіретіп тұрып өлең жазып шықты. Көптеген әндер сол отыз күн ішінде әрі жедел, әрі сәтті туған дүниелер еді. Ол аса еңбекқор әрі ерекше талантты ақын еді»,- деп еске алады.
Осы сабаққа дайындық барысында мен Мұқағалидың әндерін іздедім. Маған сыныптастарым, достарым көмектесті. Өзім де ғаламтордан Мұқағалидың көптеген әндерін жазып алдым.
Қазір «Жігіттер» тобының орындауында «Күрең күз» әнін тыңдаңыздар.(Әнді тыңдайды)
Мен сіздерге «Есіңе мені алғайсың» әнін орындап беремін.

V. Қорытынды.
Кері байланыc.
Стартегия «Білемін. Білгім келеді. Білдім»
Оқушылар «Бүгін сабақта не білдім?» сұрағына жауап жазады.(Тақтаға ілінеді)


VI. Үйге тапсырма.
«Даналық ойдан дән ізде...» айдары бойынша берілген материалдармен танысу.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.