.
.
Пәні: әдебиет. 8-сынып. Тіл ұстарту «Қырық қарлығаш»
Сабақ жоспары | Предметы | Әдебиеттен ашық сабақтар Загрузок: 264 | Просмотров: 1878 | Размер: 45.0 Kb | Автор: ТәрбиеТақырыбы: Тіл ұстарту «Қырық қарлығаш»
Мақсаты: «Қырық қарлығаш» әңгімесінің мазмұны мен идеясын меңгерте отырып, адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынастарға рухани биіктен көз жібертіп, баға беру.
Міндеттері: 1. Мәтіннің мазмұнын болжата отырып, өз ой-пікірін айтқызу.
2. Ойұшқырлылығын, шығармашылық қабілеттерін арттыру.
Күтілетін нәтиже: 1. Оқушылар өмірде кездесетін жағдаяттарға өз көзқарасын білдіріп, баға бере алады.
2. Өзгенің пікірін тыңдап, санаса алады.
Сабақ түрі: сын тұрғысынан ойлау
әдіс-тәсілдер: тірек сөздермен болжау, кейіпкерге хат.
Қажетті материалдар: кеспе парақшалар, техникалық құрал-жабдықтар.
Сабақ барысы: 1. Ұйымдастыру. 2. Сабақ мақсаты хабарланады.
І Қызығушылықты ояту сатысы.
Тірек сөздермен болжау:
Мына сөздердің болатын оқиғаға қандай қатысы бар.
жұт
Сатай отбасы
көмек
көктемнен күткен үміт
қырық қарлығаш
(жеке, жұпта, топта, жариялау)
ІІ саты. Мағынаны ажырату.
№ Шын мәнінде не болады деп ойлайсың? Оған қандай дәлеліңіз бар? Не болды?
1
2
3
Мәтіннің І бөлімімен таныстырылады.
Қырық қарлығаш
І Бұл оқиға бағзы заманда өтсе керек-ті. Қаһарлы қыстың арты жұтқа айналып, көшпелі жұрттың малы қырылып қалады. Көктемнің өкпек қара суығынан өкпелерін сүйрете түстікке қашқан кейбір байлардың бірен-сараң үйірлері мен отарлары ғана жұттан аман қалыпты. Көшерге көлігі жоқ қыстан сілесі қатып шыққан кедейлер қыстаудан ұзап кете алмай, көктемнің мейірімін күтіп, шала-жансар тіршілігін күйттей береді.
Көп кешіктірмей көктем де келді. Көктеммен бірге мейірімділіктің орнына қатыгездік, жылылықтың орнына ызғар тарады шартарапқа. Шуақ күннің кеші қарлы-жаңбырға айналып, ақыры «бес қонақ» бораны да жетті. Қыстауларынан көше алмай отырған көп жатаққа «бес қонақтың» қахары қатты тиді. Қара құрым лашықтарынан көше алмай, аштықтан, суықтан жан тапсырды.
Тоқсан үйлі үлкен ауылдан жалғыз-жалқы шаңырақ қалды. Обыр-опаттан аман қалған Сатай деген сіңірі шыққан кедейдің отбасы ғана. Сатай, өзін қоса санағанда, үшеу еді. Сіңірі шығып, буыны дірілдеп жүрсе де Сатай біраз ауылдастарының жаудырап жатқан жансыз жанарын жауып, оншама терең болмаса да көр қазып, соларды қара жерге көмуге халі келді.
І бөлім оқылғаннан кейін:
1. Сіздердің ойларыңызбен ұштасты ма?
2. Әрі қарай шын мәнінде не болады деп ойлайсың?
ІІ Күн өте табиғат та тамылжи маужырап, көктемнің құлпырған шуақты шағына ілікті. Қабағы қатыңқы Сатай жерден бусанған топырақтың бір уысын алып, мұрнына әкелді, жасаураған көзіне жақындатады. Әлем оянып, серги бастаған шақта мұның отбасы аштықтан ажал құшағына еніп барады. Шіркін, жер жыртып, тұқым себудің де уақыты өтіп барады! Осыны ойлаған кезде Сатайдың көзі қарауытып, шалқасынан жатты. Аспаннан көз алмай, мелшиді де қалды. Бірін-бірі қуалай ұшып, бір топ қарлығаш өтті.
-Ей, қайырымды қарлығаштар! Сендер ғой көктем келгенде қуанып, самғай ұшып жүрсіңдер.бір-біріңді шықылықтай қуалап, шарықтайсыңдар! Ал біз болсақ аштан өлуге тақаумыз-деп ернін қимылдатқан Диқан ұшып жүрген қарлығаштарды санай бастады. Бір... екі... үш, он... жиырма, отыз... қырық! Қырық екенсіңдер-ау. Ажалдан бізді адам арашалап қала алмады. Ең болмаса сендерден көмек болар ма екен!
Қарлығаштар әлсіреген адамның о жағынан бір, бұ жағынан бір шығып, қоштасқандай ізет аңғартып, көзден ғайып болды. Сатай басын көтеріп, лашығына көз тастады. Лашық жақтан әйелінің ыңырсыған даусы келеді. Сатай айы-күні тақау әйелін толғақ қыса бастағанын сезіп, үйіне қарай жылжыды. Жеті жасар ұлы Омаштың нәр татпағанына екінші күн. Ол бала да әкесінің әр қадамын аңдып, есік алдында кездігімен жер шұқып отырған шығар...
ІІ бөлім оқылғаннан кейін:
1. Әрі қарай не болады деп ойлайсың?
ІІІ Үйінен арқан бойы аулақтағы шоқ қарағанның қабығын жасылданып қалғанын Сатай осы жолы ғана аңғарды. Лашық алдында отырған Омашты қол бұлғап шақырып алып, қарағанның қабығын сыдырып баласын қоректендіре бастады. Бүгін-ертең шөп бастанып, көк шығады. Содан соң біз де жетіліп кетеміз,-деп Сатай баласына қарап күлмек болды. Омаш та езу тартпақ еді, ерні қисайып, көзі шүңірейе түсті.
... Бұл күні Омаш таң сыз бере оянған еді. Баланың ұйқысын шайдай ашқан –анасының ауыр халі. Омаш далаға шықты. Көз жетер жердің бәрін шола қарады. Ештеңе көрінбейді. Бала аспанға көз тікті. Қос-қостан бірін-бірі қуалай ұшқан қарлығаштар көрінді. Құстар ұшып өткен сайын көзге ілінер-ілінбес моншақтай заттар жерге түсіп жатты. Омаш лашыққа кіріп, әкесін оятты. Сатай тысқа шығып, кешелер өз мұңын шаққан қырық қарлығашты таныды. Расында құстар ұшып өткен сайын аспаннан сарғыш моншақтар түседі. «Асыл тас немесе маржан ба! деп ойлаған Сатай қарлығаштар тастап жүрген заттардың бірін жерден тауып алды. Бидай дәні! Сатай баласын шақырып, қарлығаштар тастап жүрген дәндерді жалма-жан жинай бастады.
Күн ұясына кіре Сатайдың әйелі босанып, егіз бала бір ұл, бір қыз дүниеге келді. Қуанышы қойнына сыймаған отағасы қызын-Қарлығаш, ұлын-Бидайбек атады. Осылайша қарлығаштар қарапайым Сатайға бидай дәнін, сонымен бірге молшылық жеткізді. Сонан бері талай ғасыр, жүздеген жылдар өтті. Қазақ даласы дән дариясына айналды.
ІІІ бөлім оқылғаннан кейін:
1. Сатай отбасының алдағы уақыттағы тірлігін қалай елестетесің?
2. Қырық қарлығаштан үміт күтуге бола ма?
Мәтін толық таныс болған соң өтілген тақырыптармен байланыстыру.
(Рабғузи Қиссалары. Қарлығаштың адамға достығы)
ІІІ саты Кейіпкерге хат (жеке, жұпта, топта, жариялау)
Сатай
Омаш
Қарлығаш
Байлар
Қорытынды.
Үйге тапсырма: «Қарлығаш - адамның досы» атты тақырыпта әңгіме немесе эссе жазып келу.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.