.
.
Пәні: Қазақ әдебиеті Жыраулар поэзиясы
Сабақ жоспары | Предметы | Әдебиеттен ашық сабақтар Загрузок: 0 | Просмотров: 3236 | Размер: | Автор: ТәрбиеСыныбы: 10
Күні, айы,жылы:
Сабақтың тақырыбы: Жыраулар поэзиясы
Сабақтың мақсаты:
а) Білімділік. Оқушыларға жыраулар поэзиясынан білімді қалыптастыру, жыраулар әлемін меңгерту, сөз өнерінің ғылыми негізін аңғарту;
ә) Дамытушылық.Танымдық қабілетті ояту, аманат жайлы өзекті ой дамыту, дана, дара тұлғаны қалыптастыру;
б) Тәрбиелік. Ұлттық құндылықтарды бағалау
Сабақтың түрі: дәстүрлі емес, семинар сабақ.
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, баяндау, топтық жұмыс, СТО элементтері
Сабақтың көрнекілігі: «Қазақтың ақын-жыраулары» буклет, сызба кестелер, жыраулар туралы суреттер, интерактивті тақта, плакаттар, жұлдызшалар,қима қағаздар т.б
Сабақтың барысы:
І.Ұйымдастыру кезеңі.
Мұғалім сөзі: Оқушылармен сәлемдесу, жаңа сабаққа дайындау, сәттілік тілеу. Құрметті оқушылар, мен бүгінгі сабақты Асанқайғының бір ауыз өлеңімен бастағым келіп отыр.
Арғымаққа міндім деп
Артқы топтан адаспа!
Күнінде өзім болдым деп
Кеңпейілге таласпа!
Артық үшін айтысып,
Достарыңмен санаспа!
Ғылымым жұрттан асты деп
Кеңессіз сөз бастама!
Жеңемін деп біреуді
Өтірік сөзбен қостама!.- өмір тәжірибесінен түйген парасатты толғам-танымы терең ойлары сіздерге үлгі-өнеге.
Жыраулар әлемі- ұлттың уызы, биік санасы мен көркем ойдың, елдігіміздің көрінісі. Оқушылар біздер өткен сабақта ежелгі дәуір әдебиетін қорытындыладық, үйден жыраулар поэзиясы туралы ізденіп келуге тапсырма берілді. Ендеше бүгін жыраулардың өмірі мен шығармашылығына толығымен тоқталамыз.
Бүгінгі сабақтың жоспарымен таныстырып өтейін:
I «Кім көп білді» сұрақ-жауап кезеңі
II Үй тапсырмасын тексеру (Оқушылар өздік жұмыстарын қорғау)
III «Жыраулар поэзиясындағы ұлттық идея, рухани үндестік» баяндама оқу
IV «Үн таспадан жырау толғауларын тыңдау»
V Сабақты бекіту тапсырмалары
VI Үйге тапсырма, әсерлерін жеткізу.
VII Бағалау
І кезең. Ой қозғау. «Кім көп білді?» ойыны.
ХҮ-ХҮІІІ ғасыр дүниесіне көз шалмас бұрын өткенімізді еске алып, бір түгендеп алайық.
Сұрақтар беріледі:
1.Ежелгі дәуір әдебиеті өкілдеріне тоқталайық.
2.Күлтегін жырлары туралы не білеміз?
3.Орхон ескерткішін не себепті ерлік жыры дейміз?
4.«Қорқыт ата кітабының» тәрбиелік мәні туралы не білеміз?
5.Шығармаларында имандылық тақырыбына көп тоқталған кім?
Әр оқушыдан өз ойларын тыңдау.
II Үй тапсырмасын тексеру
Өздік жұмыстар. Оқушылар өздері дайындалып келген жырау туралы қосымша материалдармен айтып шығады. Әр оқушы жыраулардың өмірі мен шығармашылығы туралы, әр жыраудан өлеңдерінен үзіндіні жатқа оқу.
ІІІ Жаңа сабақ кезеңі
1.«Жыраулар поэзиясы» тақырыбында баяндама тыңдау.
Жыраулар поэзиясының өзекті тақырыбы – туған елі,оған деген сүйіспеншілігі, елдің бірлігі, бүтіндігі. Халқына жайлы қоныс, ырысты жер іздеген Асан Қайғының “Желмая мініп жер шалсам, тапқан жерге ел көшір” деген ақылгөй сөзі сол елінің қамын ойлаған жүрек сөзі. Сол сияқты Қазтуған жырау да “Қайран менің Еділім!” деп еңіреп өткен, “Еділдің бойын ел жайлап, шалғынына бие біз байлап” деп Доспамбет жырау армандаған, “Ауылдан топыр үзілмей, ошақтың оты өшпесе, май жемесе қонағым он кісіге жараса,бір кісіге асқан тамағым” деп Ақтамберді жырау еліне ырыс, молшылық тілеген.
Жыраулық поэзияның алғашқы өкілдері, кезінде бүкіл Дешті Қыпшаққа
даңқы кеткен Сыпыра жырау, Асан Қайғы, Қазтуған, Бұқар, Шалкиіз жыраулар жаңа әдебиеттің ізашарлары ғана емес, көне мұраны жалғастырушылар деп саналады. Елге, ер – азаматқа ақылгөй болған жыраулар қазақ поэзиясының болашақта ұмтылар бағыт – бағдарын, идеялық тұғыры мен көркемдік биігін айқындап кетті. Халқымыздың тарихи тағдырын қамтыған, оның беймаза дүрбелең кезеңдерін тек басынан өткізіп қана қоймай, бүкіл адамзаттың дұшпаны - зұлымдықпен белдесуде шыныққан ХҮ-ХҮІІІ ғғ. қазақ өлеңінің эстетикалық қуаты мәңгіліктің өзімен тіл табысқандай еді. Ол өткен ғасырларда нұрлана түсіп, жаңа кезеңде қайта түлеп, ерекше ажармен бүгінгі біздің саңлақ санамыз бен инабатты жүрегіміздің қақпасын қағады. ХҮІ ғасыр түлегі Доспамбет те, ХҮІІІ ғасырдың Ақтамбердісі де, ХІХ ғасырдың қақ ортасында кемеліне жеткен Махамбет те «өлі» дүниемен «сұхбатқа» түсіп отырады. Мәселен, осы ақындардың барлығы Жайық пен Еділ өзеніне адамша арыз айтады:
Айналайын, Ақ Жайық!
Ат салмай өтер күн қайда?
Еңісі биік боз орда
Еңкейе кірер күн қайда? (Доспамбет )
Қайран менің, Еділім,
Мен салмадым, сен салдың... (Қазтуған)
Еділді көріп емсеген,
Жайықты көріп жемсеген
Таудағы тарлан шұбар біз едік. (Махамбет).
Махамбеттің «Жалған дүние» өлеңі Шәлгездің «Қоғалы көлдер, қом сулар» толғауымен, «Тайманның ұлы Исатай» толғауының бірқатар жолдары Шәлгездің «Айырдан туған жампоз бар» шумағымен, Ақтамбердінің «Күмбір-күмбір кісінетіп» толғауымен Махамбеттің «Күн қайда» толғауларынан іштей де, сырттай да ұқсастықты байқау қиын емес.
ІҮ Сабақты бекіту
1-жұлдызша: Осы баяндамадан не алдыңдар. (Бұрынғы топтарға бөліне қалып, үлкен ақ параққа не түсіндіңдер жазып шығыңдар)
1. Жыраулар поэзиясының өкілдері кім болып табылады?
2. Жыраулар поэзиясының негізгі тақырыптары?
3. Жыраулар поэзиясының өкілдері мен кейінгі тұлғалар арасындағы байланыстар қандай?
2-жұлдызша: Қима қағаздармен жұмыс: Жыраулардың өлеңдерінен үзінді берілген. Сол берілген жырдың көркемдік ерекшелігін табыңдар.
1-Жабағылы жас тайлақ,
Жардай атан болған жер.
Жатып қалған бір тоқты,
Жайылып мың қой болған жер. (Қазтуған)
Жауабы: Жырау "ж" дыбысын тамаша сөйлете білген. Дауысты дыбыстарды да шебер қолдана отырып, жыраулар өлеңнің музыкалық сазын күшейткен. Шын көркемдік тәсіл арқылы олар оқушысын шығарманың ішкі иірімдеріне ендірумен қатар, эмоциялық әсерін үстей түскен.
2-Уа, қарт Бөгембай!
Құяр жалын аспаннан
Қара бұлт торласа,
Пәлекет елде көбейер
Жігітті жігіт қорласа.
Ақбөкен келіп жығылар,
Алдын қазып орласа,
Пеңденің бағы ашылмас,
Маңдайы қалың сорласа... – (Ақтамберді)
Жауабы: Жырау табиғат пен адам тағдырын жарыстыра, салыстыра бейнелей отырып, өлеңнің мән-мазмұнын терендеткен, әсерлі еткен. Мұнан жыраулар поэзиясының көркемдік сапасын айқын аңғаруға болады.
3- Алп, алп басқан, алп басқан
Арабы торым өзіңсің”
“Ор, ор қоян, ор қоян,
Ор қоян атлы бір қоян” (Шалкиіз).
Жауабы: Көне жыраулық поэзияның өзіндік ерекшеліктерінің бірі — өлең жолдарында алғашқы сөздердің, кейде тіпті сол алғашкы сөздердің басқы буындарының қайталануы. Бұл қайталаулар — толғаудың құлақ күйі іспеттес.
3-жұлдызша: Үн таспадан толғаулар тыңдау. «Меломан» студиясы шығарған «Қазақтың жыр-термелері» тыңдата отырып екі топтан жыраулар поэзиясының өміршеңдігі туралы айтады.
4- жұлдызша: Егер сендер XXI ғасыр жыраулары болғандарыңда не жайлы жырлар едіңдер? (егемендік туралы, бірлік туралы, отансүйгіштікке шақырар едім)
5-жұлдызша: Кімнің шығармасы? Шарты: берілген толғаулардың қай жыраудың екенін табуларыңыз керек.
«Құйрығы жоқ жалы жоқ», «Еділ бол да, Жайық бол», «Ай, хан», «Таза мінсіз асыл тас», «Бұл заманда не ғаріп» (Асан қайғы)
«Мадақ жыры», «Алаң да,алаң, алаң жұрт», «Қайран менің Еділім». (Қазтуған)
«Тілек», «Жиырма деген», «Ай, Абылай,Абылай», «Кәрілік туралы», «Жар басына қонбаңыз» (Бұқар жырау)
6-жұлдызша: «Рухани жалғастық»тапсырмасы. Шарты: Жыраулар поэзиямен таныса отырып, қазіргі заман ақыны , былтыр өмірден өткен ақын апамыз Фариза Оңғарсыновамен байланыстыру.
Жауабы: Иә, біздің жырауларымыз елінің азаттығын ойлады, ұрпақтарының ештеңеден тарлық көрмей бейбітшілікте өмір сүруін тілеп өтті. Біздерге көп мұралар қалдыруымен қатар, мол өнеге өшпес іздерін салып кетті. Фариза апамыз да қазіргі заман ақыны бола тұра, жыраулардың мұңын түсінді, поэзияны жанымен сүйді, жырын ұқты, ұрпаққа насихаттады, өзі де еңбектер жазды. Соның ішінде айтар болсам, «Толғау», «Бұқар жыраудың Абылайға айтқаны», «Абылайдың Бұқарға айтқан жауабы», «Абылайдың жауабы», «Жігіттерге», «Ақкенженің өсиеті», «Өмір» т.б өлеңдерін атауға болады.
V Сабақты қорытындылау
Ұлы адамдардың стратегиясы:
● Асан қайғы Желмаясын мініп, кең байтақ қазақ жерін түгел аралаған. «Жерұйық» жерді іздеген, ну орман мен шалғынды жерге халықты қоныстандырсам деп армандаған. Сондықтан Шоқан Уәлиханов оны «Көшпенділер философы» деп атаған.
● 2.Қазтуған өз жырларында халықты ерлікке, бірлікке, адамгершілікке шақырып, ақыл айтқан, батыр, ел басқарған би болған. Адамгершілігі күшті үлкендердің айтқанын тыңдасақ, бізден батыр да, би де шығады деп сенемін.
● 3.«Ұрпақтарым, атаң мен әжеңді сыйла! Өзіңе дейінгіні құрметтесең, өзіңнен кейінгілер сені құрметтейді» деп Бұқар жырау айтқандай ата-ананы, сыйлаңдар, үлкендерді құрметтеп, кішіге қамқор болайық
ҮI. Үйге тапсырма
«Жырауларым-мәңгілік жасай бергін» тақырыбында ойтолғау жазу
VI Тақтадағы үлкен ағаштың бейнесіне сабақтан алған әсерлерін жеткізеді.
VII. Бағалау
Сабаққа қатысқан оқушылар түгел дерлік бағалау.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.