.
.
Қарағанды облысы, Балқаш қаласы, Бесік жыры
Сабақ жоспары | Предметы | Бастауыш сыныпқа арналған ашық сабақтар Загрузок: 551 | Просмотров: 4285 | Размер: 21.3 Kb | Автор:"Абай атындағы №2 лицей" КММ
бастауыш сынып мұғалімі Ордабекова Н.Ғ.
Пәні: Әдебиеттік оқу
Сыныбы: 3сынып
Тақырыбы: Бесік жыры. («Бесік жыры» кітабынан)
Мақсаты: 1.Оқушыларға халқымыздың ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан салт – дәстүрін дәріптеу, соның бірі отбасының басты қызығы, алтын тіреу діңгегі – бала, баланы бесікке бөлеу, тұсау кесу дәстүрін атадан балаға жеткізу. Бесік жырының маңызын ұғындыру.
2. Оқушылардың өз ойларын, пікірлерін еркін айтуға, ойын тиянақтай білуге дағдыландыру; сөйлеу мәдениетін, топпен жұмыс істеу, шығармашылық, танымдық қабілеттерін дамыту. Пәнге қызығушылығын арттыру.
3. Салт – дәстүрді жалғастыра білуге, ананы қадірлеуге, сыйлауға, адамгершілікке, мейірімділікке, тазалыққа тәрбиелеу.
Сабақтың типі: жаңа сабақ
Сабақтың түрі: аралас сабақ.
Әдісі: сұрақ-жауап, талдау, мәнерлеп оқу, әңгімелеу, баяндау, ой қозғау.
Сабақтың көрнекілігі: сюжетті суреттер, «Қазақ халқының салт - дәстүрлері» фильмінен үзінді, интерактивті тақта, слайдтар.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
Психологиялық дайындық.
Оқушылардың зейінін, назарын жаттығулар орындау арқылы сабаққа аудару.
Күнге қолдарыңды созыңдар. Күннің жомарт сәулелері ананың нәзік алақанындай аялайды, сипалайды, жылытады.Сиқырлы күн барлық өкпе мен мұңды ерітіп жібереді. Жүрегімізді жылу мен махаббатқа толтырады.
Барлығы: Күн жарығын алақанға саламын,
Жүрегіме басып ұстай қаламын.
Ізгі әрі нәзік, жарық, мейірімді,
Болып кетер сонда дереу жан-жағым.
-Міне, жүрегіміздегі осындай жылумен сабағымызды бастаймыз.
ІІ. Мақсат қою кезеңі. Тақырыбы мен мақсатын хабарлау. Қазақ ауыз әдебиетіне қандай шығармалар жатады? 1,2 сыныптарда осы жайлы қандай тақырыптар өтіп едік? («Атадан қалған асыл мұра» атты бөлімнен: ертегілер,жырлар, аңыздар, мысалдар, жұмбақ, мақал-мәтелдер, шешен сөздер, асыл көркем сөздер, ...)
ІІІ. Жаңа сабақ.
1. Қызығушылығын ояту. Жұмбақ шешу.
Иесі анық - сәби,
Әрі төсек, әрі үй.
(Бесік)
2. Ой қозғау
- Бесік деген не?
- Бесік неден жасалған?
- Бесікке жатқан бала бар ма?
- Бесікке байланысты қандай салт – дәстүрлерді білесіңдер?
- Тұсау кесу рәсімін көрдіңдер ме?
(Слайдқа назар аударту, оқушылардың шілдехана, бесік той, тұсау кесу туралы ойларын тыңдау.)
Кіріспе бөлім.
Бесік – ұлттық өнеріміздің туындысы, салтымыздың жұрнағы, ұлттық тәрбие құралы. Қазақта бесікке салынған бала «бес түлейді» дегенде мәтел бар. Бұл бесікке жатқан бала дені сау, салмақты, шыдамды, бауырмал, батыл болып өсетіндіктен екен. Сондықтан да бесік қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептелген.
Бесіктің ең қарапайым түрі қайың, тал, тағы басқа оңай иілетін жеңіл ағаштан жасалған. Бесік құрамы он бес бөліктен тұрады (интерактивті тақтада көрсету).
Бір бел ағаш, екі бөген, төрт жақтау, төрт шабақ, екі сабау, екі жорғадан тұрады.
Бесікке керекті жабдықтар – жөргек, жастық, қолбау, аяқбау, түбек, шүмек. Бесікке бөленген нәрестенің кіші дәреті шүмек, ал үлкен дәреті бесік тесігі арқылы түбекке жиналады. Түбек түбіне күл салып, жиі – жиі ауыстырылып отырады. Шүмек өте әдемі етіліп, қойдың асық жілігінен жасалады. Кейбіреулер айрықша аппақ болу үшін сүтке қайнатып та алады. Шүмек ұлға немесе қызға арналуына қарай екі түрлі болады. (интерактивті тақтада көрсетіліп түсіндіріледі.)
Бесікке салуды көрсету. (фильмнен үзінді көрсетіле отырып түсіндіріледі.)
Қазақ бесікті қатты қадірлейтіндігі сонша, қазақ атасы жатқан бесікке баласын, немересін, шөбересін, шөпшегін бөлейді.
Әдетте сәбидің кіндігі түскен соң, жеті – сегіз күннен кейін салынады.
Сәбиді бесікке кез келген әйел салмайды. Бұған ел – жұртына аяулы, құрметті, ұрпақты бәйбіше лайықты. Әлгі бәйбіше темірді отқа қыздырып, алдымен бесіктің арқалығын бірнеше жерден қариды. Мұнысы – жын – шайтаннан, пәле – жаладан аулақ болсын дегені.
Сәбиді бөлемес бұрын жиналған көпшілікке «Тыштырма» ырымы жасалып, құрт – кәмпит, бауырсақ, тәттілер үлестіріледі. Балапанын мәпелеген ана, баласын бесік жырын айту арқылы жұбатқан.
Бесік жыры – балаға берілетін алғашқы тәрбие. Өйткені баяу ырғақпен айтылған анасының әлдиі туғаннан баланың құлағына сіңеді. Әдемі әуенмен астарында ізгі тілегі бар бесік жырын тыңдаған бала шебер болуға да, шешен болуға да ұмтылып өседі. Баланың бойына әсерлі әуен, сұлу сөзбен айтылатын ананың әлдиі ана сүтімен қосылып осылай сіңеді.
ІҮ. Оқулықпен жұмыс.
Өлеңді мәнерлеп, әндетіп оқу.
Іштей оқу.
Тізбектей оқу.
Әр шумағын талдау.
Не жайлы айтылған? деген сұраққа жауап беру..
Есіңе сақта!
Бесік жыры баланы тыныштандырып, жұбатады екен. Балаға жағымды әуенмен айтылады, әуен - сазсыз мәні де, сәні де болмайды.
Ү. Сергіту сәті.
Ендеше балалар бәріміз бірге «Ұйықта, бөпем» әнін әуенімен орындайық.
ҮІ. Жаңа материалды меңгергенін тексеру кезеңі.
- «Бесік жырын» айтып отырған кім?
-Апасы сәбиге қандай жақсы тілектер айтты?
-Анасы баласын қалай жұбатқан?
- Жақсы көру сезімін қалай жеткізген? Анасы баласына деген тілегін қай жолдарда айтады? (мәтін ішінен тауып оқу)
-Баласының үлкейіп, адам болуын армандаған шумақтардан не байқадың?
-Анасы баласының кім болғанын қалайды?
-Сенің кім болғың келеді?
-Өлеңдегі анасының баласына кім болар екенсің деп санамалап айтқан мамандық түрлерін теріп дәптеріңе жазып ал. (жылқышы, батыр, ұста, шешен, балуан, ғалым)
ҮІІ. Сабақты қорытындылап, бекіту.
- Балалар, бесікке байланысты қандай тыйым сөздер бар?
- Бесікті ашық қалдырма.
- Бесікті бір қолмен көтерме.
- Бесікті теппе.
- Бос бесікті тербетпе.
- Ұйықтап жатқан баланың бетінен сүйме.
-Бүгінгі сабақта не жайлы білдік?
- Өлең неге «Бесік жыры» деп аталған?
ҮІІІ. Үйге тапсырма: «Бесік жыры» мәнерлеп оқу, өзіңе ұнаған шумағын жаттап ал.
ІХ. Бағалау.
.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.