Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
Әліппе, саған мың алғыс -

Әліппе, саған мың алғыс

Сабақ жоспары | Предметы | Бастауыш сыныпқа арналған ашық сабақтар Загрузок: 0 | Просмотров: 1457 | Размер: | Автор: Нартай4540
. Ақтөбе облысы Байғанин ауданы
Қарауылкелді орта мектебі
Бастауыш сынып мұғалімі Тулегенова Мейрамгул Назаровна
Тақырыбы: Әліппе, саған мың алғыс
Мақсаты: Оқушылардың сауат ашу пәнін оқу барысында алған білімдерін тиянақтау; өз өнерлерін ата — аналарға көрсету, эстетикалық талғамдарын тереңдете түсу, өзін өзі басқаруы мен ана тілін сүйіп, қастерлеуге тәрбиелеу
Көрнекілігі: Қазақ әліпбиі,суреттер, нақыл сөздер, «Әліппе», «Ана тілі», «Матем» оқулықтарының мұқабасы, ауызша есепке көрнекілік, шарлар.
(Патша сарайының уәзірлері мен ханшайымдары ертегілер әлемінің табиғатын тамашалап келеді.)
1-уәзір: Арнат: Уа. Уәзірлер, қараңдаршы! Үлкен мереке болғалы жатыр ғой деймін, көп қонақтар отыр.
2- уәзір Айдос: 1-сыныпта үлкен қуаныш екен, «Әліппемен қоштасу ертеңгілігі бола ды» деп естідім.
3- уәзір Мерей: Ой, неге тұрмыз, патшамызға хабарлайық!
Ханша Әсима: Уәзірлер, қараңдаршы! Осында патшамыз да келе жатыр.
Уәзірлер: Патшамыз, төрлетіңіз, отырыңыз.
Патша Ернұр: Уа, уәзірлерім, ертегі әлемінде не болғалы жатыр?
1-уәзір Арнат:Қымбатты патшамыз, бүгін 1-сыныптың ертегілер еліне келіп ән айтып, би билейтінін, Әліппемен қоштасатынын, сауаттарын ашып, әріп танып алғандарын ұзынқұлақтан естідік.
Патша Ернұр: Не дейді? (Ашуланып қолындағы алтын таяғын 2-3 рет қатты ұрып) -Осыны ұйымдастырған кім екен, шақырыңыз!
Уәзірлер: Құп, тақсыр! (Екі уәзір ұйымдастырушыны қолдарынан жетектеп ортаға патшаға әкеледі)
Патша Ернұр: -Менің рұқсатымсыз неге Әліппемен қоштасқалы жатырсыздар ?

1- жүргізуші Жаннұр:Иә, білім патшасы, кешіріңіз. Сіз бүгін бізді тоқтата алмайсыз. Менің достарым сіздің еліңіздің барлық әріптерін танып, біліп, үйреніп, жазып оқу алатын жағдайға жетті. Осы қуанышымызды мына жұрттың алдында паш етеміз. Одан да ашуыңызды басып 1 «б» сынып оқушыларының өнерлерін тамашалаңыздар. Мерекемізді бастауға рұқсат етіңіздер.
Патша Ернұр: -Жарайды , онда рұқсат берейін, өнерлеріңді көрейін.

2- жүргізуші Ақарыс: Рахмет, білім патшасы!
Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар!
Естімеген естіңіздер,
Тыңдамаған тыңдаңыздар.
Қазір бізде «Әліппе тойы» басталады.

3-жүргізуші Ақнұр:
Нұрлы үмітін арқалаған арқаға,
Жан сәулесін тарататын баршаға
Шын пейілмен құрметімізді көрсетіп,
Балаларды шақырайық ортаға..
Ұстазымыз Мейрамгүл апай мен 1 «б» сынып оқушыларын қарсы алайық.
(оқушылар кіреді)
Мұғалім:
-Құрметті ата-аналар , ұстаздар, оқушылар ! Бүгін сіздер 1 «б» сыныбы шәкірттерінің «Әліппеге рахмет !» атты ертеңгілігіне келіп отырсыздар. Балалардың ең алғаш бетін ашқан оқулығы-Әліппе. Бұл кітап білімге бастайтын алғашқы жол. Ендеше мерекемізді бастаймыз.
Оқушылар:
Армысыздар, құрметті ұстаздар!
Ардақты ата-аналар !
1-жүргізуші Жаннұр:1 «б» сыныбы оқушыларының «Әліппеге рахмет !» атты ертеңгілігін бастауға рұқсат етіңіздер !
2-жүргізуші Ақарыс:
Міне, бүгін біз барлық ғылымның атасы, біздің болашағымыздың негізі-Әліппені бітіріп отырмыз.
3-жүргізуші Ақнұр:
Бүгін біз шексіз қуаныштымыз, өйткені алғаш хат танып, сауатымызды ашқан біздің жақын досымыз Әліппемен қоштасамыз
Мұғалім:
Іші толы әріпке,
Білімдегі жарық не ?
Оқушылар:
Ол, сүйікті Әліппе !
Мұғалім :
Олай болса, бәрімізге ең қымбат «Әліппені» ортаға шақырайық !
Оқушылар: Әліппе ! Әліппе ! Әліппе !
(6 оқушы шығып кетіп Әліппені алып келеді, қолдарында Әліппе жазуы бар шар)
Әліппе Нұрайым:
Армысыздар , жас достар!
Армысыздар, ата –ана !
Болашаққа жол бастар,
Әліппең келді ортаға
Білім деген ғажаптың
Әліппесін меңгерген
Келешегі қазақтың
Басталады сендерден.
Таудай болса талабың,
Айтары көп әріптің.
Қуанышы баланың
Қуанышы ананың
Жақсы білім-көрімдік
Болсын сізге халайық!
Не үйреніп, не білдік
Қане, ортаға салайық !
Мұғалім: Балалар, осы Әліппе сөзінің әр әрпін саралап айтсақ.
Жанерке: Ә – әлемді
Жанарыс: Л – легімен
Ұлту: І – ізгілік
Нұрғизат: П – парасатпен
Дильназ: П – паш
Айнұр: Е– етеміз.
Мұғалім:
- Балалар, олай болса, сүйікті Әліппемізді ренжітпей , рахметімізді айтып, өзімізден кейінгі кішкентай бауырларымыз бен қарындастарымызға табыс ету-біздің міндетіміз. Сондықтан біз осы уақытқа дейін алған білімімізді көрсетіп, ән-күймен, өлеңдермен өрнектеп, өнерімізді ортаға салайық.
Әліппе, бүгін кешіміздің ең қадірлі қонағысыз. Сондықтан құрмет тағына жайғасыңыз.
-Балалар, білім алу үшін ең алғаш қайда келеміз ?
Оқушылар:
Мектепке келеміз
Мұғалім: Мектеп туралы қандай мақал-мәтел білесіңдер ?
Арсен: Мектеп кеме, білім теңіз.
Мейіржан.:Мектеп-білім ордасы.
Мұғалім: Ендеше , «Мектебім» әнін орындап жіберейік
1оқушы Гүлім: Біз әліппеден жұмбақ, жаңылтпаш, санамақ, өлең және ән үйрендік. Енді кез-келген кітапты оқи аламыз. Ыбырай және Абай атамызбан таныстық.
2 оқушы Камила: Ыбырай Алтынсарин- тұңғыш қазақ мұғалімі. Ол алғаш әліппені жазды.
3оқушы Дильназ М.: Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық.
Оқысаңыз балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан,
Іздемей-ақ табылар.
4оқушы Арнат: Абай- қазақ халқының ұлы ақыны. Біз Абай атамыздың «Әсемпаз болма әрнеге», «Ғылым таппай мақтанба», «Сегіз аяқ» деген өлеңдерін үйрендік.

5 оқушы Райымбек: Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан,
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан.
Мұғалім: Қане, балалар, Әліппеге арнаған қандай өлеңдерің бар, айтып берейік.
6-Оқушы Ұлпан:
Іші толы әріпке
Мынау әйбәт Әліппе.
Барлық ілім-білімнің
Әжесі осы Әліппе.
7-Оқушы Арсен :
Әліппем, менің Әліппем
Сені қолға алып мен
Есігін аштым мектептің
Ертеңі сәуле жарықпен
8-Оқушы Диас :
Ата-апа атын сен,
Бізге үйреттің Әліппе
Бізге нағыз жақынды
Сенен білдік әріпті.
9-Оқушы Ақбота:
Арта берді кітапқа
Бойымдағы құмарым.
Бірге жүрген қасымда
Кітап болды сыңарым
10-Оқушы Нұрғизат:
Әсем ою өрнекпен,
Көмкерілген Әліппем.
Сен болмасаң білімге,
Бастайтын жолды біліп пе ем.
11-Оқушы Кәдірбек:
Енді жаза білеміз,
Әріпті қосып әріпке.
Риза болып саған жүреміз,
Сүйікті біздің әліппе.
12-оқушы Мерей:
Әліппе деген алтын жол
Апарар сені алысқа.
Жеңіл емес ауыр жол
Тырысып бақ намысқа.
Ән: «Әліппе»
13-оқушы Айдос: Қане беріп қарайық,
Зейін қойып тыңдайық
Әріптермен танысу
Тақпақтардан бастайық.

І-жүргізуші Жаннұр:
Енді ортаға әріптерді шақырайық.

«ОТАН» сөздері шығатындай
( О,Т,А,Н) әріптер таққан оқушылар шығып тақпақ оқиды.
1-оқушы О әрпі Нұрайым:
Оспан да өлең жаттады,
Олжас та өлең жаттады.
Мына менен басталған
Екеуінің аттары.
2-оқушы Т әрпі Мейіржан:
Торғай, торғай, торғайсың
Таяу келіп қонғайсың.
Жем шашайын тойып ал,
Сонда аязға тонбайсың.
3-оқушы А әрпі Жанерке:
Астана- Астанам,
Астана-бас қалам.
Ардақтап атыңды,
Аузымнан тастаман.
4-оқушы Н әрпі Әсима :
Ас біткеннің атасы
Қасиетті «нан» осы.
Қайсы әріптен басталып
Аяқталғанын қарашы.
3-жүргізуші Ақнұр: Ән: Отаным Орындайтын: Ернұр, Ақарыс, Арнат.
Мұғалім:
-Балалар, біз 42 әріпті түгел жаттап алдық. Оқуды , жазуды үйрендік. Әліппемен қоштасу тек біздің ғана мектепте ғана емес, бүгін біздің еліміздің мыңдаған балалары «Әліппе» кітабын бітіргендерін мерекелеуде.
Ұлту:
Алфавитің «А» тұрады басында ,
Әрқашанда «Ә» тұрады қасында
Байқайсың ба «Б» тұрады үшінші
Ал, осының сыры неде ? Түсінші.
Мирас :
А-деген ол аналар ғой ардақты,
Ә-деген ол әкелер ғой салмақты
Б-деген ол балалар ғой әдемі
Біздің елде үшеуі де кәделі
Хормен:Екеуі
Алшақ кетпей сондықтан да расында,
Тұрады олар алфавиттің басында.
Мұғалім:
Рахмет балалар, Білмесбек болмай, Білгішбек болыңдар!
( сахнаға кір-қожалақ Білмесбек келеді)
Білмесбек:
-Мыналар не жиналған -әй. Менің атымды атаған қайсың?
Мұғалім:
-Сәлеметсің бе Білмесбек! Сені атаған мен ғой. Бүгін бізде «Әліппемен қоштасу» мерекесі.
Білмесбек:
-Әліппемен қош-та-су. Қоштасыңдар, қоштасыңдар! Қой мен кетейін. Чао!
( кетіп бара жатып, бір баланың шарына ұмтылады)
Бала:
-Тиіспе, менің шарыма . Мұнда әріп жазылған.
Білмесбек:
-Әріп дейді. Қайдағы әріп, мынау доңғалақтың суреті, ал мынау есіктің суретін салып қойыпты-ей. Бұлардың бәрін мен Әліппені оқымай-ақ білемін.
Мұғалім: Ол не дегенің Білмесбек. Бұлар О,П әріптері. Дегенмен балалар Білмесбектің сөзінің жаны бар. Әрбір әріп бір нәрсеге ұқсас.
Кәне, енді сөздер құрастырып, оқу сауатымызды көрсетейік. .Білмесбек бірнеше рет ұмтылып, балалармен бірге жауап бергісі келеді де, әріпті білмейтіні есіне түсіп, желкесін қасиды.
Мұғалім: Міне Білмесбек , көрдің бе? Балалар әріпті қалай жақсы біледі.
Білмесбек: Онда мен де кітап оқығым келеді.
Мұғалім: Бұның дұрыс болды. Тек алдымен үсті –басыңды тазалап, жөнге сал. «Әліппені» таза, ұқыпты балалар ғана ұстайды.
Білмесбек: Жарайды.(шығып кетеді)
Мұғалім :Балалар , әріптерді танып қана қоймай, олардың басын қосып осылайша оқи білулерін ата-ана үшін де ,мен үшін де үлкен қуаныш.
Ән «Әліппе»
Мұғалім:
-Балалар, біз Әліппеден оқу, жаза білуді үйренсек, ал математикадан санауды, есептеуді , сандарды жаза білуді үйрендік. Ендігі сөзді математикаға берейік.
Айнұр: (Математика)
Мынау менің кітабым,
Аса құрмет тұтамын
Шөліркесем ашып сан
Білім нәрін жұтамын
Біздің келер шамамыз
5-ке 3-ті қосамыз
10-нан 5-ті алып,
Жауабын тез табамыз.
Мұғалім:
-Балалар, математикадан осы уақытқа дейін не үйрендіңдер ?
Ендеше сандарды сөйлетіп көрейік.
Кәдірбек:
Бір дегенім-білім,
Білім-жарық күнің
Сұлтанбек :
Екі-дегенім-еңбек,
Еңбек бәрін жеңбек.
Мирас :
Үш дегенім-үміт,
Үмітсіз жоқ жігіт.
Дильназ М :
4-дегенім талап,
Талмайтұғын қанат.
Диас :
5-дегенің бірлік,
Бірліксіз жоқ тірлік.
Ұлпан :
6-дегенің арман,
Атар таңың алдан.
Ақбота.:
7-дегенің жігер,
Жеңер жолын білер.
Дильназ Ө :
8-дегенің –сенім,
Сүйенішің сенің
Света:
9-дегенің талғам,
Тура жолға салған.
Камила :
10-дегенің –Отан,
Отанды сүй ботам.
Мұғалім:
Балалар, біз сандарды сөйлеттік . Енді қазір мен сендерге есептер айтып математика пәнінен білімдеріңді тексеремін. Ойланып барып, шешіңдер.
1. Оң қолымда 5 алма,
Сол қолымда 5 алма,
Барлығын қосқанда
Болады неше алма ?
2. 5 алманың үшеуін ,
Досың сұрап алады.
Айтшы сонда нешеуі
Өз қолыңда қалады ?
3. Сымда 5 үйрек отыр еді, екеуін үркітіп жіберсек, нешеуі қалады ?
Мұғалім:
-Балалар,біз әлі бағаланбаймыз, бірақ жаңа жылдан кейін сендерге баға қойылады. Қай баға жақсы екенін білу үшін , бағаларды сөйлетіп көрейік.
Жанарыс:
1 дегенің жаман баға,
Алады оны жаман бала.
Райымбек:
2 дегенің нашар баға,
Інішегім нашарлама.
Нұрғизат :
3 дегенің орта баға,
Сапасы оның орта ғана.
Ернұр :
4 дегенің жақсы баға ,
Алады оны жақсы бала.
Арнат :
5 дегенің үздік баға,
Оқитын бол үздік қана.
Мұғалім:
-Балалар, ең жаман бағалар қайсы екен ?
-Ендеше бұл бағаларды ортамыздан аластатайық . (уәзірлер алып кетеді)
-Ендеше , ең жақсы бағалар қайсы екен ?
-Әрине ол, 5 пен 4. Ендеше ол бағаларды ортамызға алайық.
1-жүргізуші Жаннұр:
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға,-деп Абай атамыз айтқандай , 42 әріпті үйретіп, білімге жетелеген алғашқы ұстазымызға алғысымызды айтып, әнімізді арнаймыз.
2-жүргізуші Ақарыс:
Ата-анамнан кейінгі
Екінші адам өмірде
Бала бол деп зейінді
Мейір құйған көңілге
Тәрбиелі білікті
Ол ұстазың сүйікті
Ән: Ұстазым
Мұғалім:
-Балалар, біз математикадан да білімімізді көрсеттік. Енді Әліппемен қоштасатын да кез келді.
Әліппе бізге қаншама нәрсе үйреткен екен.
Біз Әліппенің арқасында жазу жазуға, өз бетімізбен оқуға, сөз, сөйлем құрауға дағдыландық. Ендеше Әліппеге не деуіміз керек ?
Хормен:
Әліппеге рахмет !
3-жүргізуші Ақнұр :
Қош бол, құтты Әліппем,
Көп нәрсені үйреттің.
Таныстырып әріппен
Тақылдатып сөйлеттің.
Әліппе:
-Балалар, сендер мені жақсы игеріпсіңдер. Мен сендерге ризамын, сау болыңдар !
Хормен:
Қош, қош Әліппем!
14-Оқушы Гүлім: :
Әліппемен қош айтысып қаламыз,
Енді қолға басқа кітап аламыз.
Ата-ана қуанышқа ортақ бол,
Сауатты боп, шықты міне балаңыз.
1-жүргізуші Жаннұр: Би. Билейтін қыздар тобы.
Мұғалім:
-Міне біз белгілі білім еліне саяхат жасап, білімімізді көрсеттік. Әліппені оқу барысында ата-аналардың қосқан үлесі өте мол. Бақытты балалық шағы үшін, ата-аналар сіздерге көп рахмет !
15-оқушы Жанерке:
Кеудемнен сезім селі ақтарылсын
Болармын күні ертең мақтанышың
Білім алып ,тер төгем, еңбек етем
Ата-ана сеніміңді ақтау үшін.
Мұғалім:
Келесі ән сіздерге арналады, аяулы ата-аналар , қабыл алыңыздар !
«Анашым» әні Орындайтын Ақнұр мен Жаннұр.
Мұғалім:
- Балалар, сендер « Әліппені »бітірдіңдер. Ендігі сендердің жаңа достарың Ана тілі оқулығы болады. Сондықтан әліппені қалай меңгерсеңдер, ана тілін солай оқитын болыңдар. Ал енді ана тілін ортаға шақырайық.
Ана тілі келеді.
Ана тілі Гүлназым:
Туған елдің тілімін,
Ақылы мен танымын.
Түсіндірер бәріне
Ана тілі пәнімін.
Ана тілім-ұраным
Ана тілім-құралым.
Ана тілім болмаса
Мықты болмас тұрағым.
Хормен:
Әліппемен қоштастық,
Ана тілмен достастық.
Ана тілі Гүлназым:
Төтеп беріп сынға
Қайыспаған ауырға
Адал болып досына
Бас имеген жауына
-Елдің атын кім дейміз?
Хормен: ( Қазақ елі )
Таулары бар ең биік
Даласы бар жер ұйық
Бұл қай ел?
Хормен : (Қазақстан)
Нені үйрендік
1. Ұлту -Оқуды үйрендік.
2- Дильназ :Жазуды үйрендік.
3- Дильназ : есеп шығаруды үйрендік.
4- Арсен: ән айтуды үйрендік.
5- Нұрайым: би билеуді үйрендік.
6- Мерей: үлкенді сыйлауды үйрендік.
7- Диас: кішіге қамқор болуды үйрендік.
8- Ақбота:елімізге жақсылық жасауды үйрендік.
Біз нені ажырата білеміз ?
9- Ернұр: жақсылық пен жамандықты
10- Жанерке: ақ пен қараны
11- Ақарыс: арамдық пен адалдықты
Біз нені сүйеміз ?
12- Ұлпан: Отанды
13- Жаннұр: ата-ананы
14- Ақнұр: халқымызды
15- Айнұр:достарымызды
16- Арнат:ұстазымызды
17- Кәдірбек: мектебімізді
Біз кім боламыз ?
18- Райымбек: адал азамат,
19- Әсима: ақылды ару
20- Айдос: оқымысты ғалым
Гүлім: Және Тәуелсіздіктің туын биік ұстайтын
Елін сүйген ер «боламыз»
Хормен:
Жаса менің Отаным-Қазақстан.
Мен өзіңді өте жақсы көремін!
Мен сенімен мақтанамын!
3-жүргізуші Ақнұр:Ән: Отаным
ПатшаЕрнұр:
-Мынандай , білімді, өнерлі, тәрбиелі, тату, ұжымы жарасқан, елін, жерін сүйетін, Тәуелсіздік туын биік ұстап өсіп келе жатқан оқушылары бар мектепті ешқандай дау ала алмайтынына бүгін менің көзім әбден жетті. Ендеше, осы білім ордасында ұлттық рухты, дарынды балалар көбейе берсін деп тілеймін .
Қорытындылау
Мұғалім:
-Білім патшасының сөзіне мен де қосыламын.Біз сендерден үлкен үміт күтеміз.
Қымбатты балалар ! Мектептегі алғашқы жеткен жетістіктеріңмен құттықтаймын. Әліппе сендерді тек әріптермен таныстырып қойған жоқ, сендерді бір-біріңмен достыққа , мектеп ережелерін орындайтын тәртіпті оқушы болуға да үйретті. Білім баспалдағына өрлеген сапарларың сәтті болсын. Тәуелсіздігіміз баянды болсын !
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.