.
.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі «Ұмытылмас Желтоқсан»
Сабақ жоспары | Предметы | Бастауыш сыныпқа арналған ашық сабақтар Загрузок: 0 | Просмотров: 1919 | Размер: | Автор: Нартай4540Семей қаласы № 36 орта мектеп
А Ш Ы Қ Т Ә Р Б И Е С А Ғ А Т Ы
Тақырыбы: «Ұмытылмас Желтоқсан»
Мұғалім: Мырзабекова Асем М.
Семей –2011
АШЫҚ ТӘРБИЕ САҒАТЫ
3 «ә» сынып
Сабақтың тақырыбы: «Ұмытылмас Желтоқсан»
Сабақтың мақсаты: Оқушыларға Желтоқсан оқиғасының мәні мен мағынасын түсіндіре отырып, тәуелсіздік үшін, еліміздің болашағы мен келер ұрпақ үшін жанын қиған азаматтардың ерлігі, қайсарлығын, көрген табыстарын, рухани еркіндігін, адам құқығы мен бостандығын дәріптеу. Отанды сүюге, өз елін қорғауға, туған елді көркейтуге тәрбиелеу. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының өткені мен болашағы, даму тарихы туралы мағлұматтар бере отырып, келешекке сеніммен қарауға, елжандылыққа, ұлтын сүюге, қастерлеуге үйрету. Адамгершілікке, мейірімділікке, үлкенді сыйлауға тәрбиелеу. Оқушылардың дүниетанымын кеңейту, қалыптастыру.
Көрнекілік құралдар: Мемлекеттік нышандар, қанатты сөздер, слайд, интерактивті тақта, сурет көрмесі, буклеттер, желтоқсан құрбандарының суреттері.
Сабақтың барысы:
Мұғалімнің сөзі:
Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі «ұмытылмас Желтоқсан» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер! Әнұранға құрмет көрсетейік (Осы кезде интерактивті тақтада әнұранның мәтіні шығып, орындалады).
Біз ежелден ер деген даңқы шыққан халықтың ұрпағымыз, ел бірлігі жолында әрқашан намысын бермеген халықтың ұланымыз. Біз бүгін дүниені дүр сілкіндірген, тәуелсіздік туын ең алғаш көтерген әйгілі желтоқсанға қатысқан жастар жайлы әңгімелейміз.
- Балалар, 1986 жылы Желтоқсанда алаңға жастар мен студенттер не үшін жиналып еді?
- Үкімет басына Колбиннің келуіне байланысты. Өз тәуелсіздігін алу үшін.
- Колбинге неге қарсы шықты?
- Қазақстанда қазақ мектептері мен балабақшалар азая бастады. Қазақтар өз ана тілін де ұмыта бастады.
- Колбин қайдан келді?
- Колбин Ресейден келген болатын.
- Тәуелсіздік дегенді қалай түсінесіңдер?
- Өз алдына дербес еркін мемлекет, ешкімге тәуелді, бағынышты болмау.
- Ал, Қазақстан қандай мемлекет?
- Тәуелсіз мемлекет.
Мұғалімнің сөзі:
1986 жылы 16-желтоқсанда Алматы қаласында мыңдаған қазақ жастары наразылық білдіріп, шеруге шығады. Олар «қазақ елінің көсемі сайлансын» деген тілек білдіреді.
Сол кездегі Үкімет басшыларының бұйрығымен күш көрсетіледі. Көптеген жастар түрмеге қамалды. Оларға желтоқсанның ызғарлы күнінде зәбір көрсетілді. Өз елінің тәулсіздігін талап етіп, шеруге шыққан жастарға «бұзақылар», «ұлтшылдар», «нашақорлар» деген кінә тағылды. Ол қандай күн еді?
Айгерім:
Нашақор деп, ұлтшыл деп
Қазаққа күйе жаққан күн.
Базары кетіп, бұл күнде
Қайғыға халық батқан күн.
Әділдік пен шындықты
Өтірік жала жапқан күн.
Надан жасаған сұмдықтан,
Адамдар азап шеккен күн.
Қасқалдақ ұшып көлінен
Шүрегей келіп қонған күн.
Қырандар қуып көгінен,
Қарғалар билік алған күн.
Тимур:
Желтоқсан айы естісең,
Дауыл боп бұрқан ескенсің.
Азаттық күйі қашаннан
Көкейін елдің тескенсің.
Арман:
Желтоқсан – заман толғауы байтақ даланың,
Шарпысын тәті үміт пен күдік наланың.
Желтоқсан – Қайрат, Ләззат пенен Сәбира,
Құрбаны болған жаланың.
Жанель:
Желкеге тиді сілтеген күрек қамшылар,
Соққыға мұндай, қасапқа қандай жан шыдар?
Жастарға шашқан мұз судан мұз шашырап,
Ауылда жатқан маған да тиді тамшылар.
Мұғалімнің сөзі:
Қақап күннің ызғары,
Сүйектен өтіп кеткен күн.
Қаракөз қазақ қыздарын,
Омондар бастан тепкен күн
Қариялар итке таланып,
Ер басын күрек шапқан күн.
Аппақ қар қанға боялып,
Қып-қызыл мұз боп жатқан күн.
Озбырлық күшпен тұншығып,
Үміттің оты өшкен күн.
Жаныңа таппай бір шындық,
Ер, қайрат қыршын кеткен күн. (Осы кезде Желтоқсан әні орындалады)
Түн. Кәдімгі миллиондаған түндердің бірі. Бірақ бұл түн өзгеше түн еді. Себебі бұл тұнде қаланың кез келген тұсынан ұсталған жастарды ұрып-соғып, өлімші хальге жеткізеді. Осындай қатігездікті көрген, оларға арашаға түсемін деп жүргендердің арасында Қайрат Қысқұлбеков те бар еді. Ендеше сол бір ерекше түнге назар аударайық. (Осы кезде интерактивті тақтада Жолтоқсан оқиғасы туралы қысқа метражды фильм көрсетіледі)
Міне осылайша, алаңға шыққан қазақ жастары қорлық көріп, жәбір шекті. Олардың бірқатары түрмеге жабылып, сотталды. Бірқатары оқудан шығарылып, қызметтерінен айырылды, қатаң сөгістер алды, ішкі істер қызметкерлерінің үнемі назарында болды. Қаншама қазақ жастары денсаулықтарынан айырылып, мүгедек болып қалды.
Дегенмен, қазақтың өр Рухы өлмеді. Соның бірі «қазақ халқының қаһармандары», алтын жұлдызы, батыры, қыршын кеткен марқұм Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков еді. (Осы кезде интерактивті тақтадан Қ.Рысқұлбековтың портреті шығады)
Мадина:
Қайрат Рысқұлбеков Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында, Бірлік ауылында дүниеге келген. 1982 жылы ол Алматы Сәулет құрылыс институтына түседі. Сол Желтоқсан оқиғасынан кейін оны «Советскийді өлтірген қылмыскер» деп жала жауып «аса қауіпті қылмыскер» изоляторында ұстады. 1987 жылдың 23-мамыры мен 14-маусымы аралығында болған Жоғарғы сот Қайратты ату жазасына кесті. Бірақ ол билік басындағылардың ұйымдастырған қатыгездігімен өлтірілді. 1988 жылы 13-мамырда Семей түрмесіне әкелінген Қайрат Рысқұлбеков 21 жасында, 21-мамырда өмірмен қоштасты. Қазақ халқы ел болып, ес жиған кезде Қайрат арысына «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Мұғалімнің сөзі: Сәбира Мұхамеджанованы еске алайық!
Айгүл:
Сәбира Мұхамеджанова сегіз жылдық мектепті үздік бітірісімен Өскемен қаласындағы педучилищенің бастауыш сыныптарға мүғалімдер даярланатын бөліміне оқуға түскен. Біз Сәбира әпкемізді Желтоқсан құрбаны ретінде мәңгі есте қалдырамыз. Сәбира әпкеміздің аруағына бас иеміз.
Мұғалімнің сөзі: Желтоқсанда үзілген жауқазын Ләззан Асанова жайлы.
Перизат:
Асанова Ләззат Алматы облысы, Панфилов ауданы, Ақжазық ауылында дүниеге келген. Алматының Чайковский атындағы музыкалық училищесінде қобызшы мамандығы бойынша оқып жүрген Ләззат Асанованың 16 жылдық қысқа ғұмыры ерте үзілді. Ләззат әпкеміздің ар-намысты азапты өлімі қайталанбас. Ләззат әпкемізді мәңгі есімізде қалдырамыз. Аруағының алдында бас иеміз.
Мұғалімнің сөзі:
Қанды Желтоқсан оқиғасының алғашқы құрбаны болған Ербол Сыпатаевқа тоқтала кетейік.
Жанель:
1986 жылдың 18-желтоқсанында сағат 20.00-де ауруханаға бас күйегі мен иығынан ауыр жарақаттанған Энергетика институтының 2 курс студенті Сыпатаев әкелінді. Ол есін жимастан қайтыс болды.
Ербол Сыпатаев Талдықорған облысы, Панфилов ауданында туып-өскен. Ербол бір отбасының жалғыз баласы еді. Біздер Ербол ағамыздың жастық жігер мен ерлігін мәңгі есімізде қалдырамыз. (Осы кезде интерактивті тақтада Ербол мен Ләззатқа арналған ескерткіш көрсетіледі)
Мұғалімнің сөзі:
Ендеше сол Желтоқсанның ызғарындағы мыңдаған боздақтардың рухын еске алып, бір минут үнсіздік жариялаймыз. (Бір минут үнсіздік еске алу)
Азаматтық, Теңдік, Тәуелсіздік! Осы бір ұлы үш ұғымның салтанат құруы үшін кімдер бас тікпеді, кімдер құрбан болмады.
«Орында бар оңалар» демекші, ел орнында, жер орнында. Жерге жетер байлық жоқ.
Тарихтың беті айналып 1991 жылы көп аңсап, арман еткен тәелсіздігімізді алдық. Қазақстан егеменді ел болып, дүние жүзіне танылды. Осы орайда ел тәуелсіздігіне үлес қосып, Желтоқсан құрбандарын ақтауға жаны қалмай араласқан ақын, қоғам қайраткері – Мұхтар Шахановтың еңбегі елеулі.
Біздің Отанымыз – егеменді, тәуелсіз қазақ мемлекеті. 130-дан аса ұлт өкілдері тұратын осынау қасиетті мекенде, асқақтаған өлкеде, кеңшілігі керемет, дархан дастархандай далада, егіні теңіздей толқыған, төрт түлігі маңыраған, өндірісі өркендеген мекенде өмір сүруші әрбір адам өз Отанын жанындай сүйіп, көк байрағын көкке көтеруді мақтаныш тұтады.
Ән: Атамекен.
Мұғалімнің сөзі: Әрбір жыл мемлекетімізге өзіндік өзгеріс енгізгені баршаңызға айқын. Олай болса, жылнамалар легіне кезек берейік.
Айгерім: 1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін алды. Дәл сол жылы 1-желтоқсанда Республика жұртшылығы тұңғыш рет Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты президент етіп сайлады.
Айгүл: 1992 жылы ел рәміздері бекітілді.
Елдар: 1993 жылы төл теңгелер айналымға түсті.
Асель: 1994 жылы елдің жаңа парламенті өз жұмысын бастады.
Тимур: 1995 жылы еліміздің Ата заңы – Конституциясы қабылданды.
Малика: 1996 жылы Желтоқсан оқиғасының құрбаны Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Олжас: 1997 жылы ел ордамыз Астанаға көшірілді, осы жыл «Татулық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» жылы болып жарияланды.
Ануар: 1998 жыл «Халықтар бірлігі мен ұлттық тарих» жылы.
Ақылғазы: 1999 жыл «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы» жылы.
Мадина: 2000 жыл «Мәдениетті қолдау» жылы болып жарияланды.
Жанель: 2001 жыл «Тәуелсіздік пен достық» жылы болып жарияланды.
Перизат: 2003-2005 жылдар «Ауыл жылдары болып жарияланды».
Арман: 2006 жыл сазгер – Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні мемлекеттік әнұран болып қабылданды.
Данияр: 2007 жыл Қазақ тілін қолдау жылы.
Дәулет: 2008 жыл «Астанамыздың 10 жылдығы» тойланды.
Хормен: Қазақстан үшін әрбір жыл жетістікке толы болмақ!
Мұғалімнің сөзі: Мерейлі қазақ елінің Елбасы ел-жұртын жұдырықтай жүрегіне сыйғызып, қыран қанатының астына алып, барша жұрттың теңдігін, татулық пен тыныштықты сақтауды мақсат етіп, бүгінгі қазақ елін осы дәрежеге жеткізді. Осындай халық қамын ойлаған азаматы бар қазақ елін бүгінде әлем таниды. Сондықтан елдің болашағы да, өркені де, бүгінгі жас ұрпақ сіздердің қолдарыңызда. «Ел үмітін ер ақтар, ер үмітін ел сақтар» демекші, ел үмітін ақтау сіздермен өлшенбек.
Елдар:
Тас құлатып, тау қопарып тастарда.
Елімізді жақын күнге бастар да,
Елу елдің қатарына кіруге
Ең алдымен білім керек жастарға!
Барысындай болу үшін Азияның,
Патриоттық сезім керек жастарға!
Білім барда, сенім барда бойында,
Асқақ рух, қайрат керек жастарға.
Мадина:
Көңілдің мөлдіріндей биік аспан.
Елімнің елтаңбасы нұрын шашқан.
Көгінде бақыт туы желбіреген
Тәуелсіз елім менің Қазақстан.
Айгүл:
Туған жер, туған ауыл қымбат маған.
Ешкімге бұл сезімді былғатпағам.
Мен оның өзім ғана сезінетін
Қастерлі қасиетін жырлап бағам.
Жанель:
Ортаймасын Отанымның табысы.
Тоқтамасын тұлпарлардың шабысы.
Төрткүл дүние таңдана көз тігетін,
Біз боламыз «Азияның барысы».
Олжас:
Биік болсын шаңырағың күмбезді,
Дарытпасын Алла саған тіл көзді,
Қазақстан – азат елім, айбынды.
Татулықтың тасын өрге жүргізді.
Береке мен бірлік болған ұраның,
Мен осындай азат алде тұрамын.
Бақыттымын деп санаймын өзімді
Арналады азат елге жыр-әнім.
Асель:
Шалқи бер биіктерде көк байрағым,
Арманым, Азаттығым, көпке айғағым.
Мен сенің салтанатты сағатыңа
Өлеңмен алтын шашақ бақ байладым.
Ал самға әлем кезіп, Әнұраным,
Қалықта Елтаңбасы – шаңырағым.
Көк байрақ көгерт менің көсегемді.
Аспандат атам қазақ Аруағын!
Мұғалімнің сөзі:
Тәуелсіздік бізге оңай келмеді.
Жұртым менің не қиындық көрмеді.
Жылап тұрып аналарым бұл жолда
Сан перзентім қара жерге жерледі.
О, Тәңірім, бақыт құсы қонып бір,
Деп тіледік бізді баққа жолықтыр!
Бүгін, міне, Тәуелсіздік, ағайын,
әр қазақтың жүрегі боп соғып тұр.
Қорытынды: Құрметті оқушылар! Сендер тәуелсіз еркін елде ер жеткен ұланысыңдар! Ал еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл намысшыл жас отаншыл, патриот келеді. Халқына, ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады. Еліміздің келешек тағдыры, Қазақстан ертеңі өз қолдарыңызда. Туған елдеріңізді өркениетті елдермен терезесі тең, керегесі кең ететін сендерсіңдер. Ол үшін терең әрі жан-жақты білімді болу – міндеттерің. Осымен «Ұмытылмас Желтоқсан» атты тәрбие сағатымыз аяқталды. Алда келе жатқан «Тәуелсіздік» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.