.
.
«№5 гимназия сыныптары бар жалпы білім беретін орта мектеп» Мемлекеттік мекемесі Сәукеле тігу
Сабақ жоспары | Предметы | Бастауыш сыныпқа арналған ашық сабақтар Загрузок: 0 | Просмотров: 2268 | Размер: | Автор: Нартай4540Тақырыбы: Сәукеле тігу
Пәні: Еңбекке баулу
Күні : 18 ақпан 2013 жыл
Сыныбы: 4 «А» гимназия сыныбы
Өткізген: Чокибаева Орал Жұбанышқызы
2012/2013 оқу жылы
Мақсаты:
Білімділік: Оқушыларға сәукеле туралы түсінік беру. Сәукеле тігуді үйрету
Дамытушылық: Оқушының ой – қиялын дамытып, іскерлікке баулу.
Тәрбиелік: Ұлттық киімдерге байланысты салт-дәстүрлер мен ырымдарды сақтауға, ұқыптылыққа, әдемілікке тәрбиелеу.
Көрнекілігі: бас киім түрлері, сәукеле үлгісі, сызбалар
Құралдар: қызыл мата, қайшы, қатырма қағаз, желім, үкі
Әдісі: көрсету, түсіндіру, сұрақ-жауап
Пәнаралық байланыс: математика, бейнелеу өнері,
Сабақтың түрі: дәстүрлі
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі
а) оқушыларды түгелдеу
ә) сабаққа дайындығын тексеру
ІІ. Үй тапсырмасы.
- Ұлттық киімдердің қандай түрлері бар?
Оқушыларды сөзжұмбақ арқылы жаңа тақырыппен таныстыру
1. Мата түрі (масаты)
2.Көркем сөзінің синонимі (әсем)
3. Тымаққа тағылатын нәрсе (бау)
4. Сырт киім (ішік)
5. Көйлек бөлігі (етек)
6. Әйелдердің ұлттық киім (қамзол)
7. Әжелер киетін ұлттық бас киім (кимешек)
Сөзжұмбақтың ортасынан «сәукеле» деген сөз шығады.
ІІІ. Жаңа сабақ: Сәукеле тігу.
Әйелдерге арналған ұлттық бас киім түрлері өте көп. Оларға: сәукеле, тақия, кимешек, бөрік тағы басқалар жатады.
Сәукеле –қыздардың ұзату тойында киетін сәнді, әшекейлі бас киімі. Сәукеле алтын, күміс, асыл тастармен әшекейленіп, зермен, жібек жіппен кестеленеді. Төбесіне үкі тағылып, жерге дейін төгілген ақ желек жабылады.
Сәукеле – тек ұзатылатын қыздың бас киімі, оны беташарға дейін киген, етегі қымбат терімен көмкерілген, сосын міндетті түрде желегі болған. Яғни, ұзатылатын қыздың сәукелесінің желегі бетін көмкеріп тұрады. Қалыңдықты жасырып, жүзін көрсетпей көмкеріп тұрады дегенге сөз, беташардан кейін сәукеле алынады да, желек немесе бергек жас келіншектің басына орамал болып тағылған. Жаулық жас келіншектің басына өзінің әнімен, сәнімен келген.Сөйтіп үлкен салт, дәстүрмен келіп барып, қазақ келіншегінің басына жаулық боп түсетін болған.
«Жеті жастан жинасаң, жетеді, алты жастан жинасаң, асады» дейтін қазақ қыздың жасауы мен ұзатылардағы киім-кешегіне үлкен мән беріп, ерте бастан қамданған. Әсіресе қалыңмалдың құнын орап әкететін сәукеленің өзіндік мән-мағынасына бей-жай қарамайтын қазақ әдейілеп білікті шебер таңдап, қолақысын беріп, бір әулеттің дәулетін көрсетер сәукелені айлап-жылдап тіктірген. Қыз әкесі бай болса, бір сәукеле үшін қырық қысырақтың құнын беріп те жасататын болған. Осыдан-ақ бұрынғы заманда сәукеле байлық пен мырзалықтың дәрежесін әйгілейтін, ұзатылар қыздың әлеуметтік жағдайын білдіретін көріністің айғағы болғанын аңғара аламыз. Сәукеле неғұрлым биік болған сайын, ондағы әшекей бағалы тастардың да қатары артып, қымбаттай түсері анық. Бұрын әдемі тігілген сәукелеге қалың малдан бөлек төлем төленген екен.
«Сәукеле» сөзі «сау келеді» дегеннен шыққан екен. Жоғарыда сәукеленің қалай жасалатынын және оның құны қандай қомақты болатынын айтып өттік. Ендеше ұзатылар қыздың әлеуметтік жағдайынан хабар беріп, бір әулеттің дәулетін көрсетер сәукеледен дәмелілер де аз болмаған. Қалыңмалдың құнын орап әкететін бұл «байлықты» қолға түсіру үшін ұры-қары, қарақшылар жол торып, келін әкеле жатқан топқа тосыннан шабуыл жасайтын. Тек сәукеле емес, қыздың жасауына да қол салып, кейде кісі өлімі де болған деседі. Күйеу, һәм қалыңдық тобының адамдарын шығындап, кейде бәрін қырып кететін кездер де болған екен. Сондықтан келін түсіріп отырған ауылдың балалары осынау күйеу-келін тобын қозыкөш жерден таймен күтіп алып, адамдардың, сәукеленің амандығын көріп, «сау келеді, сау келеді» десіп, сүйіншілеп, ауылға хабар беретін болған. Міне, содан сәукеле атауы шыққан деседі.
Сәукеле – тек сәндік үшін киілетін бас киім емес, бұлғақтап өскен оң жақтағы өмір мен ақ босаға аттар арасындағы қимас та, қызықты сәттің ескерткіші, жаңа өмірге жасалар қадам. Өмірінде бір-ақ рет киілетін сәукеленің әйел заты үшін киімдері ішіндегі ең асылы ғана емес, оның жұбайлық өміріндегі елеулі кезінің естен кетпес ыстық сәті екені түсінікті. Сондықтан қалыңдыққа сәукеле кигізудің орны бөлек. Ол – ерекше бір салтанат. Бұған құда-құдағилар шақырылады. Шашу шашылады. Ақ бата арналады. Сәукелелі келіншек ажарлы да, базарлы көрінеді. Оны жұрттың бәрі көруге ынтық. Оның көрімдігі де соған лайық болу керек. Сәукеле байғазысының бағасы да олқы болмайды.
Қыз өз үйінен ұзатыларда шешесі қызының басындағы үкілі тақиясын алып сәукелені өз қолымен кигізіп, ақ батасын беріп аттандырған.
Сәукеленің негізгі бөліктері:
Сәукеле биік, дөңгелек төбе жағына қарай жіңішкере береді. Ол тәж, төбе, құлақбау және артқыбау деген негізгі бөліктерден тұрады. Жоғарғы жағына үкі тағады. Ата –бабамыз сәукелені әшекейлеуге күмістен салынатын өрнектер және жылан бас бейнесінің магиялық қасиеті бар деп есептеген. Күміс тазалықты білдірсе, жылан басы тіл –көзден сақтайды деп түсінген.
Жұмыстың орындалу реті:
1.Сәукеленің конус тәрізді екенін ескеріп, оның биіктігі мен диаметрін анықтаймыз. Биіктігін 20см, диаметрін 46 см деп алып, қатты қағаз бетіне сәукеле пішінін түсіреміз. Қатты қағазды түсірілген сызық бойынша қиып желімдейміз. Қатты қағаздан жасап алған конусымыз сәукеленің негізі болады.
2. Қиып алынған сәукеленің қалып үлгісін қызыл түсті мата бетіне орналастырамыз. Жиегінен тігіске 1 см-дей қалдырып, бормен сызамыз.Сызық бойынша матаны қиып аламыз.
3.Қиып алынған матаның теріс бетінен көктеп тігеміз. Сонан кейін оң бетіне аударып, сәукеленің қатты қағаздан жасалған негізіне кигіземіз.
4.Сәукеленің төменгі бөлігінің жиегіне биіктігі 3см мақта желімдейміз.
5.Ақ түсті тоқыма жіптен шашақ жасап, үкісі ретінде сәукеленің төбесіне қадаймыз.
1. Жарқылдаған қос қылыш
Қолға тисе жоқ тыныш. (қайшы)
2. Тап-тап, тап жорға
Табаны жоқ боз жорға
Желіп кетсе жеткізбес
Жерге түссе таптырмас (ине)
Қауіпсіздік ережесін сақтау
Матаны қиғанда мата мен қайшы көзден 30-40см арақашықтықта болуы керек.
Қатырма қағазды қиғанда саусақтарыңды абайла.
Инені ине шаншығышқа қадап қой.
Оқушылардың жұмыстарына бақылау жасау, жасалған сәукелелерді нөмірлеп бірінші үстелге орналастыру.
ІV. Сабақты бекіту.
1) Әйелдердің қандай ұлттық бас киімдері бар?
2) Сәукелені кім киеді?
3) Сәукелені қалай әшекейлейміз?
V. Бағалау
VІ. Қорытындылау.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.