.
.
Тақырыбы: Сөз анасы – сәлем. Сөз анасы – сәлем.
Сабақ жоспары | Предметы | Бастауыш сыныпқа арналған ашық сабақтар Загрузок: 0 | Просмотров: 3072 | Размер: | Автор: Нартай45401 «Ә» сынып мұғалімі: Кояганова Б З
Мақсаты:
1) Оқушыларды әдептілікке, адамдармен қарым-қатынас жасай білуге, үлкенді сыйлауға тәрбиелеу. Бабалардан қалған ұлағатты ғибрат аларлық сөздерді балаларға ұғындыру.
2) Халықтың салт-дәстүрімен таныстырып, өз халқының дәстүрін, салтын, мәдениетін, әдет-ғұрпын үйрене отырып, бойларына сіңіру.
3) Оқушыларды қазақ халқының сәлем беру, сәлем алу, сәлемдесу рәсімдерін айту арқылы «Алыстан сәлем береді, әдепті елдің баласы» атты нақыл сөз негізінде тәрбие беру.
Көрнекілік: нақыл сөз жазылған плакаттар «Сәлем - әдептіліктің белгісі»,
«Алыстан сәлем береді, әдепті елдің баласы»
Жоспары:
І Ұйымдастыру кезеңі
ІІ Ой қозғау
1. Көрініс арқылы тәрбие сағатының тақырыбын ашу.
(екі оқушының телефонмен сөйлесуі)
ІІІ Мағынасын ажырату
1. Топқа бөліну. Топпен жұмыс
-Сәлемдесудің қандай түрлері бар?
ІҮ Ой толғаныс
1. Мақал-мәтел айтысы
2. Көріністер
(Ата мен жігіттің, әже мен қыздың амандасуы )
Ү Қорытынды
Сәлем сөзін топтастыру. Гүл шығару.
Сабақтың барысы:
-Балалар, сабақта болмаған Әселдің телефон арқылы әңгімесін тыңдап көрейік.
(екі оқушы телефонмен сөйлесіп, көрініс көрсетеді)
Телефонды Самалдың анасы алады.
Әсел: - Самал үйде ме? Телефонға шақырып жіберіңізші.
Телефонды анасы Самалға береді.
Әсел: -Әй, Самал, математика пәнінен қандай тапсырма берді?
Самал: -Сәлем, Әсел! Халың қалай? Кешір мен де кеше сабаққа бара алмадым.
Әсел: - Жарайды, онда - деп телефон трубкасын қояды.
-Әсел қандай кемшілік жіберді? Осы екі баланың орнында өздерің болсаңдар не істер едіңдер?
-Әсел амандасуды, сәлемдесуді ұмытты.
-Ендеше бүгінгі тәрбие сағатымыз не туралы болмақ?
Тақырыпты оқушылар өздері шығарады.
-Бүгінгі тәрбие сағатымыз «Сөз анасы – сәлем» деп аталады.
Топқа бөліну
І топ – инабатты
ІІ топ – ізетті
ІІІ топ – кішіпейіл
Бір-біріне жақсы сөз, тілек айту.
- Сәлемдесудің қандай түрлерін білесіңдер? (топпен жұмыс)
І топ: Сәлем - әдептіліктің белгісі
Сәлемнің сәлемдесу, сәлем беру, сәлем қылу сияқты көптеген түрлері бар. Сәлемдесу – кездескен адамдардың бір-бірінің амандығын біліп, қуанышқа бөленуі. Бір-біріне аман-саулық тілеп, тілектестігін, ниеттестігін білдіру, әдептілік пен ізеттілік нышанын көрсету. Әрбір адам «қайырлы таң», «қайырлы күн», «қайырлы кеш» деген сөздерді амандасуға қосып, тәуліктің үш мезгілінде бір-бірімен ақжарқын амандасуы тиіс.
ІІ топ: - Амандасу адамгаршіліктің, әдептіліктің бір белгісі болып табылады. Амандасқан адам қазақ салтында оң алақанын жүрегінің үстіне қойып, басын изейді. Не болмаса қол беріп амандасады. Ол «Сізді шын жүректен құрметтеп, амандығыңызды тілеп, өзіңізге бас иемін» деген мағынаны білдіреді.
ІІІ топ: Сәлемдесу түрлері:
-Сәлеметсіз бе?
-Сәлеметте болыңыз!
-Аман-саусыз ба?
-Аман-есенсіз бе?
-Бала-шағаңыз, мал-жаныңыз аман ба?
-Үй-ішіңіз аман ба, дені-қарныңыз сау ма?
Әсіресе араб тілінен енген:
-Ассалаумалейкум! яғни - Сізге амандық тілеймін!
-Уа алайкум салам! яғни - Сізге де амандық тілеймін!
Ойын: Ішкі ритм.
«Сәлеметсіз бе, Ескендір» деген сөзді бірнеше көңіл-күйде айту. Мысалы: жек көре, қуана, бірқалыпты, таңқала...
-«Үлкен адамға сәлем беру – кіші адамның міндеті» -деген мақал бар. Ал оған керсінше «Алыстан алты жасар бала келсе, ауылдағы алпыс жасар қария сәлем берер» - деген аталы сөз бар.
-Осы аталы сөздің мағынасын қалай түсінесіңдер?
-Жасының үлкендігін міндет етпей, алыс жол жүріп келген немесе ауылға алғаш рет ат басын тіреген адамға жасының үлкендігіне қарамай жасы үлкен адамдар өздері келіп сәлем береді.
-Осы аталы сөзге байланысты мақал-мәтел айтысын тыңдайық:
- Ассалаумагалейкум «Алыстан алты жасар бала келсе, ауылдағы алпыс жасар қария сәлем береді» -демекші, қалыңыз қалай?
- «Келгенше қонақ ұялады, келгеннен соң үй иесі ұялады» - деуші еді. - Келіңіз, төрге шығыңыз, қонақ болып кетіңіз.
- «Қонағын сыйласа, төрге шық дер» дегендей, төрге шығайын.
- «Жат асына қарайды, дос басына қарайды» - деуші еді аталарымыз, асқа отырыңыз.
- Ойбай-ау! «Жақсы ас қалғанша, жаман қарын жарылсын»
- «Досыңның тамағын қасыңдай іш» - демекші, ала отырыңыз.
- Ой, рахмет! «Досы жоқ адам, тұзы жоқ тағам» - демекші, алла риза болсын»
- «Қонаққа кел демек бар, кет демек жоқ» - қой қайтайын.
-«Қонағыңнан алтын алма, алғыс ал» демекші жолыңыз болсын.
- «Алтыға дейін бала ерке, алпыстан кейін қария ерке» деуші еді аталарымыз. Сөзімді көңіліңізге ауыр ала көрмеңіз.
- «Кәрі – кәрінің сөзі дәрі» - дегендей о, не дегеніңіз?
-«Бір ауылда мың туысың болғанша, әр ауылда бір туысың болсын» - дегендей, келіп тұрыңыз.
-Осы мақал-мәтел айтысынан қандай қорытынды шығаруға болады?
1-оқушы: - Алыстан келген адамға сәлем беру тәртібі жасқа, үлкен кішіге байлансты емес.
2-оқушы: Халқымызда ақ сақалды атаны, ақ жаулықты ананы, ақ шашты әжені-жалпы үлкенді сыйлап, алдынан қия өтпеу – ата дәстүріміз.
3-оқушы: Қарттарға амандасудың қарапайым түрінде қанша мейірім, қамқорлық, әдемі жарастық жатыр.
-Ал, енді ата мен жігіттің, әже мен қыз баланың сәлемдесу түрін көріп, салыстырайық. (екі бала шығып, қарт пен жігіттің сәлемдесуін көрсетеді)
Жігіт: Ассалаумағалейкум, ата!
Ата: Уғәлейкумассалам, балам!
Жігіт: Дені-қарныңыз сау ма, аман-есенсіз бе?
Ата: Құдайға шүкір, балам, жүріп жатырмыз.
Жігіт: Бала-шағаңыз есен-сау ма?
Ата: Тегіс аман-есен өсіп-өніп жатыр.
Жігіт: Өзіңіз күйлі қуаттысыз ба?
Ата: Балалардың қамқорлығында жағдайым жақсы.
- Енді екінші көрініс. Әже мен қыз бала болып екі оқушы.
(Әже мен қыз баланың сәлемдесуі)
- Армысыз әже?
- Бар бол, балам!
- Үй-іші, бала-шағаңыз аман ба?
- Тәңірге тәубә,барлығы күйлі-қуатты, аман-есен.
- Ылайым жақсы болсын.
- Өзіңе де Алланың нұры жаусын, балам!
-Осы екі көріністі салыстырып, айырмашылығын, ұқсастығын айтыңдар.
1-оқушы: - Кездескен кезде жасы кіші адам жасы үлкен кісіге сәлем бермей кетсе, ол әдепсіздік, көргенсіздік болады.
2-оқушы: - Сәлем беру – амандықтың, инабаттылықтың, көргендіктің, мәдениеттіліктің белгісі.
3-оқушы: - Ертеде ауыл сыртында отырған қарияға ат үсті келе жатқан адам түсіп, айырықша құрметпен сәлем беретін болған.
4-оқушы: - Соңғы қалыптасқан дәстүр бойынша сәлемдесуші, не сәлем беруші қол алысады, ұзақ уақыт көріспегенде қауышып, құшақтасып амандасады.
5-оқушы: - Сәлемдескенде, сәлем бергенде әркім дауыстың дабырлауына, үнінің үйлесімділігіне, яғни дауыс ырғағына ерекше көңіл аударып қоңыр дауыспен, сыйласымдылық үнмен, аптықпай, салмақпен, әдеппен сөйлесу керек.
Қорытынды: - Балалар, бүгінгі өтілген тәрбие сағаты бойынша өздеріңе қандай ой түйдіңдер? (топтастыру)
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.