Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
Жылқы етінің адам ағзасына пайдасы -

Жылқы етінің адам ағзасына пайдасы

Сабақ жоспары | Предметы | Биологиядан ашық сабақтар Загрузок: 0 | Просмотров: 9073 | Размер: | Автор: bibigul
. Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж
Жаратылыстану кафедрасы
Турсунбаева В.Т.

Жылқы етінің адам ағзасына пайдасы
Қазақ халқы төрт түліктің төресі деп төбесіне көтеретін жылқының қасиетін тауысып айту мүмкін емес. Ата-бабамыз еті мен сүті шипа жануарды бағалай білген. Қазір қазақ қана емес, көп ауруға ем саналатын жылқы етін дамыған Еуропа елдері мойындап, дәріханаларда арнайы сата бастады, оларда қымызбен емдейтін шипажайлар жұмыс істейді. Осыдан 10 шақты жыл бұрын неміс ғалымдары жылқы етінің жүрек және қан тамыр ауруларына шипа екендігін жарыса жазды. Кейін Германияның Вердер қаласында арнайы жылқы байлап, еті мен сүтін емге пайдаланатын шипажай ашылған. Осы күні француз дәрігерлері пациенттеріне арнайы қаптамаға оралып дәріханаларда өлшеп сатылатын жылқы етін жеуге кеңес береді. Еуропалық екі елдің жаңалығына көршілері қызығушылық танытып, «қымыздың қыр-сырын біз аштық» деп жариялаған немістерге сеніп жүр. Жарайды, бұл бөлек әңгіме. Тек ықылым заманнан бері бие сауып, саумал ішіп, қымыз піскен қазақтың ұлттық сусынын уысынан шығарып алуы мүмкін екені өзекті өртейді. Енді әңгіменің әлқиссасында айтылған киелі жануардың етінің пайдасына тоқталар болсақ, жылқы етінің ең басты қасиеті адамның жүрек, қан-тамыр ауруларына, бүйрек жұмысын жақсартуға, буын сүйектерінің сырқырауына, зат алмасу процесінің ағзада дұрыс жүруіне тигізер әсері мол.Жылқы — күйіс қайырмайтын жануар. Жылқыда өт жоқ. Жануардың бұл қасиеті майында холестерин өте аз мөлшерде ғана кездесетінін дәлелдейді. Қазір екінің бірінің қан қысымы жоғары немесе тұрақсыз. Бұл бүгін кең тараған аурулардың біріне айналды. Дәрігерлер «жылқы еті инфаркт ауруына душар ететін холестериннің мөлшерін азайтып, қан қысымының жоғарылауын тежейді» деп отыр. Сынықшылар сынған сүйекті салу үшін жылқының майын бекерден-бекер пайдаланбайды. Бұл майының құрамында тін жасушалары мен жілік майын жақсартатын пайдалы элементтер барын білдіреді. Яғни сүйек пен буынның берік болуына жылқы майы себтігін тигізеді. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіндегі тағам гигиенасы кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Төленді Кәрімов жылқы етінің пайдасы туралы тыңдаушысына айтудан жалыққан емес. Адам қорек ретінде пайдаланатын жан-жануарлармен салыстырғанда жылқы етіне жететіні жоқ. Жылқы етінің диеталық қасиетінің жоғары екені даусыз. Оны бізден бұрынғылар, ата-бабаларымыз жақсы білген. Біз тек оған ғылыми тұрғыда анықтама беріп, растап жүрміз.Жылқының еті ағза мүшелеріне сіңімді. Оның ішінде асқазанға жеңіл тағам. Мәселен, сиыр етімен салыстырғанда адам ағзасына 8 есе жылдам сіңеді. Бұл дегеніміз оның адам денсаулығына мүлдем зиянсыз екенін білдіреді. Адам ағзасының зат алмасу процесіне белсенді қатысады. Негізінен жылқының етін семіз ет деп қарауға келмейді. Ол — қабырға сүйегіне болмаса басқалай артық май жинамайтын жануар. Жылқы етін склероз ауруына қарсы тағам ретінде қабылдауға болады. Етінің құрамында 8 түрлі микроэлемент, 7 түрлі дәрумен бар. Әсіресе темір, мыс микроэлементтеріне бай, — дейді профессор. Ертеректе жылқышылар далада бүйі шаққан адамға уытты қайтару үшін терге малынып тұрған атты әкеліп, ер-тоқымына сіңген терді жуған суды ішкізген екен. Әлдеқалай далада түнеген жолаушы ер-тоқымды төсеніп жатса, иісінен шошынған жылан жоламайтын көрінеді. Жануардың осындай керемет қасиеттерін 14 жыл жылқыны үйірімен баққан жылқышы Сексенбай Қопаев жақсы біледі. Ол 1978 жылдан 1992 жылға дейін Шалқардың Тұмалыкөлінде өкіметтің жылқысын адал баққан атақты жылқышы болған. Жылқы десе, ішкен асын жерге қойып, аламанды көрсе, делебесі қозатын Сексенбай аға соғымға жылқы сойғанды құп көреді.
— Жануар-ай… Мал біткеннің төресі ғой… Кеңес дәуірінде ең бірінші ұжымдастыру заманы басталғанда Тұмалыкөлде 19-шы ауыл кеңесі ашылып, сол жерде өңірде ең ірі жылқы шаруашылығы болған. Соны басқарған Социалистік Еңбек ері Смағұл Маманов Ұлы Отан соғысы кезінде атты әскерге 30 шақырымға тоқтамастан шабатын 62 арғымақ ат берген. Мен сол асыл тұқымның ізінде қалған шаруашылықта ағайындарыммен бірге жылқы бақтым. Бір табында — 500 жылқы. Аңға алып шығатын қызыл тазым мен Күреңқасқам және одан бұрынырақта Ақтабан деген торы атым 8 жыл серік болды. «Шалқар» кеңшарынан көздеп жүріп, құлынды биеге алмастырып алған жануарым қашқан жылқыға қуып жетіп құрық салдыратын керемет жүйрік еді.
Жылқы иесіне адал жануар екеніне талай көзім жетіп еді. Көз көрсетпес ақтүтек борандарда адасып кеткенімде талай мәрте мінген атым қосты тауып әкелетін. Жылқының қасиеттілігі сонда ол қасқыр сияқты өз территориясынан ешқайда ұзамайды. Құлын кезінен бастап үйреніскен жерін айшылық жерге сатып жіберсең де қашып келіп, тауып алады, — дейді ол.
Оның айтуынша, 6-7 жасар ту биенің еті адамды қыста тоңдырмайтын қасиетке ие. «Жабағы мен тайдың еті тез сіңімді болғандықтан, ту биенің етіндей қызулы болмайды», — дейді жылқышы.
Жылқы еті ем болатын ауру түрлері өте көп. Мәселен, бүйректі емдеу үшін жылқы етін қақтап пісіріп, сүтпен бірге ішіп-жейді. Ми қызметіне, есте сақтау қабілетін арттыруға жылқының жүрегі пайдалы екен. Ағза жасушаларын жаңартып отыратын, бойға күш-қуат беретін қасиетін де мамандар дәлелдеген. Оны Бейжіңде және араға 4 жыл салып Лондонда қазақтың көк байрағын желбіреткен олимпиада чемпионы Илья Илин де растады. Баһадүр спортшы Ресей арналарына берген сұхбатында «жылқы етін ғана жеймін» деген еді. Қара күштің иесінің шошқаның етін мүлдем жемейтінін, есесіне жылқы еті оның күш-қуатын арттырғанын естігенде көп қазақтың төбесі көкке жетті. Жылнамамызға жылқы жылы енді. Әлеуметтік желілердегі айтқыштар «жыл иесінің етін жеуге болмайды» деп қауесет таратып жүр. «Ырымшылдардың» бұл қылығына тағамтану саласының мамандары «қазақ болсаң, «жемесең түсіңе кіретін» жылқының етін жемей көр» деп миығынан күліп отыр.
Еті мен сүті – шипа, өзі көлік, ер-батырларымызға серік жануардың тұқымын жоғалтпау елімізде мықтап қолға алынған.
Барлық түліктен де жылқы өсіру жеңіл. Жылқыны бағып-қағуда артық шығын шықпайды, еті де сүті де өте арзанға түседі. Жылқы етінің арзандығы өз алдына, қазақ халқы үшін ол аса қадірлі тағам. Ғылыми орындардың арнаулы зерттеулері бойынша, жылқының қара етінің қоректік қасиеті орта есеппен сапалы сиыр етімен тең, бірақ жылқы етінде сиырдың етінен бөлек 24-25 % көп болады. Сондықтан ол қорытуға жеңіл, сіңімі тез. Жасы толған семіз жылқы 10-12 қойдың етін береді. Қазіргі кезде жылқы етінен жасалған қазы-қарта, жал-жаяны білмейтін адам сирек, қай жерде де бұл тағамдар үлкен сұраныста болып отырғаны аян.
Жылқы етінің химиялық құрамы оның түріне, тұқымына, жынысына, жасына, қоңдылығына байланысты.
Жылқы еті — аса бағалы тағамдық шикізат, жылқы өнімі. Жылқы еті бірінші, екінші санаттағы және құлын еті деп үшке бөлінеді. 1 санаттағы жылқы етінің құрамында 69,6 % су, 19,5% белок, 9,9% май, 1,0% күл болса, екінші санаттағы жылқы етінде 73,9 % су, 20,9% белок, 4,1% май, 1,1% күл бар. Жылқы етінен көптеген ұлттық тағамдар жасалады
Қолда өсірілген малдың етінде орта есеппен 52,8-73,7% су, 15-20,3 % белок, 5,8-29,4 % май болады. Және де өзге мал етінен биохимиялық құрамы мен дәмі жағынан айырмашылығы бар. Күн суытып, қырау түскенде соғымға жылқы малы сойылады. Негізгі себебі, жылқы еті ыстық болады-мыс. Яғни қыста жауратпайды, қуатты арттырып, қажетті дәрумендердің орнын басады. Жылқы етінде негізінен минералды заттар, оның ішінде темір көп. Әсіресе, жылқы бауыры темірге, А1, В2, В12 дәрумендеріне бай. Мамандар жылқы етін мұздатқышта сақтағаннан гөрі оны сүр сақтаған әлдеқайда пайдалы екендігін айтады. Қазақ етті баптап сақтауда басқа халықтарға қарағанда өте шебер. Соғымның сүр еті ғана емес, қазысы мен қартасы, жалы мен жаясы, омыртқасы мен төс еті де сүрленеді. Сойылған малдың сүрленбейтін бөлігі: басы, сирағы, өкпе-бауыры, ішек-қарыны.
Көп ауруларға ем болып саналатын жылқы етінің қасиетін жинастырып, назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Басты қасиеті: жүрек, қан, тамыр ауруларына: суық райлы адамдар үшін, бүйрек жұмысын жақсартуға, мүшелердің қалтылдағына, буын сүйектерді жібітуге қолданылады. Басты ем болатын аурулары және қолданылуы: Шаш қарайтуға жылқы еті жуылған суға шашты жуып тұрса, таз, теміреткінің салдарынан ағарған шашты қарайтады.
Ұмытшақтыққа жылқы жүрегін қуырып жесе пайдалы болады.Бүйректі қуаттандыруға жылқы етін қақтап пісіріп, сүтпен бірге ішіп-жейді.Қан тамыр ауруларына, холестериннің артуынан болатын жүрек, қан тамыры ауруларына: жылқы етін және майын біршама ұзақ уақыт лайықты мөлшерде тұтынса, холестеринді төмендетіп, қан қысымының жоғарылауын тежейді. Қиюласпаған сүйектерді, орнына дұрыс түспеген буындарды түзетуге: қазақ оташылары жоғарыдағыдай кінәраттарды өңдау үшін көбінесе жылқы майын қолданады. Бүйе шыққанда: Уытты қайтару үшін, атты қатты терлетіп, ер-тоқымының ішпегіне сіңген терді суға жуып шығарып алып, тыныстай алмай қатты қызып, күйіп-жанып жатқан адамға даярланған судан бір шыны ішкізеді. Осылайша жалғастырып бірнеше шыны ішкізсе, дене қызуы қайтып, науқас тынышталады және аттың терісіне шүберекті шылап, жараға тартады.
Халық аузында «жылан жылқының тері иісінен қорқады» дейтін сөз бар. Жылан шағудан сақтану үшін жолаушы жүріп немесе мал, егін күзетінде жүріп, далада ұйықтайтын болса, ерді жастанып, тоқымды төсеніп, айыл-тұрманды қоршап қойса жылан жоламайды.
Әзірлеу әдісі: Жылқының ерітілмеген немесе ерітілген майын мертігіп орнына түспеген жерге 5-7 күн тартады. Сылап жақса да болады. Осы арқылы ілінген шеміршек сүйек немесе буындар жібіген мөлшерлі уақыты толғанда қайта сындырып,түзеп таңады. Керек мөлшері: 9-15 грамм. Құрамында А,С дәрумендері, тұқымында: май, ұшқыш май, ет сілтісі, органикалық қышқылдары бар.
Иә, дәл солай. Енді ғарышкерлердің аспанда жүріп, қарындары ашпайтын болады. Біртектес әрі сұйық ас тепсе темір үзетін жас адамның жұмырына жұқ та болмайтыны белгілі. Ғарышкерлер жерге қайтып оралған соң майлы тағамдарды аңсағанын, қарындарының жиі ашқанын жасырмаған. Осыдан келіп диетолог мамандарды «ғарышкерлерді қайтіп тойдырамыз» деген мәселе толғандыра бастапты. Ғылыми негізделген ас мәзірі ғарышта жұмсалған күш-қуаттың орнын толтыра алмапты. Сондықтан оны өзгертуге тура келді. Бұдан былай ғарыш мәзірінде кептіріліп, ұнтақталған қазақтың қазы-қартасы болады. Соңғы жаңалықтар бойынша оны буын бұрқыратқан күйде жеткізуге мүмкіндік бар-мыс. Осыдан-ақ жылқы етінің қадір-қасиетін біле беріңіз.

Пайдаланылған әдебиеттер.
Р.Х. Қадірова, Р.А. Шәкиева: “Жылқы еті- шипалы тағам”,Алматы, Қайнар,
Б.Садыков және басқалар: “Ақ дастархан”, Алматы, Қайнар, 1987ж.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.