.
.
Сабақтың тақырыбы Cебеп-салдар салалас құрмалас, жасалуы Cебеп-салдар салалас құрмалас, жасалуы
Сабақ жоспары | Предметы | Қазақ тілінен ашық сабақтар Загрузок: 0 | Просмотров: 2544 | Размер: | Автор: ТәрбиеСабақтың мақсаты:1)Оқушылардың салалас құрмалас жайындағы білімдерін жаңа мағыналық түрімен ұштастыру; себеп-салдар салаластың құрмаласу жүйесін, тыныс белгілерін, жасалу жолдарын теория-практикалық тұрғыда игерту;
2) «Отан – туған ата-анаң, Отан – туыс,бауырың» тақырыбы аясында оқушыларды, алдымен, отбасын құрметтеуге, сүюге насихаттай отырып, үлкен Отанға деген міндетті, борышты ұғынуға тәрбиелеу;
3)Ойларын жүйелі, байланыстырып баяндау дағдыларын барлық сабақ барысында жетілдіре отырып, тілдік талдауларды жетік, дағдылы түрде талдау машықтарын тереңдету.
Сабақтың түрі Теория-практикалық жаңа сабақ
Сабақтың әдісі: теория-практикалық талдау, салыстыру,шығармашылық.
Сабақ көрнекілігі: интерактивті тақта, презентациялық слайд, кеспе қағаздар.
Сабақ барысы: І Ұйымдастыру кезеңі
• Абайдың «Отыз бірінші қарасөзі»тыңдалып, мағынасына назар аударылады.
«Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі - көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші - сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші - сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші - ой кеселі нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе - күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер»
• Ойдағы барлық кеселді нәрселерді қуып, сабақтан ғибрат алуға ынта салайық!
• Класс оқушыларын үш топқа бөліп, нашар үлгерушілерді де ынталандырамыз, өйткені жақсы үлгеретін оқушылардың қапталында олар да білгенін көрсету үшін жұмыс жасауға талпынады. Ұраны: «Бәрі бірі үшін, бірі бәрі үшін.»
ІІ Теория-практикалық жаңа сабақ
1-кезеңі. «Білімді пысықтау»сатысы. Слайд № 5
1. Құрмалас сөйлем дегеніміз не, оның неше түрі бар?
2. Құрмалас сөйлем мен жай сөйлемнің айырмашылығы қандай?
3. Салалас құрмалас сөйлем дегеніміз не?
4. Салалас құрмаласты жасауға қандай шылау қатысады?
5. Салаластың мағыналық түрлері нешеу, олар қалай жасалады?
6. Ыңғайлас салалас қалай жасалады, тыныс белгілері қандай?
2-кезеңі. «Тиянақты білім –болашақ кепілі»сатысы. Слайд № 6,7
Себеп-салдар салалас құрмаластың мағынасы, себебі мен салдарының орналасу жүйесі және соған орай қойылатын тыныс белгілері жан-жақты, мысалдармен игертіледі.
Оқушылар ереже шығарып, мысалдармен нақтылайды.
3-кезеңі. «Ойды жалға...» сатысы. Слайд №8
Бұл кезең оқушылардың есту, көру, ұғу дағдыларын ауызша тексеріп бекітуге негізделеді.
Бірінші жай сөйлемі беріледі де, оқушы ойды жалғап, сөйлемді аяқтайды.Ауызша талдау жасайды.
А)Әр адам туған Отанын көркейтуге міндетті, өйткені .........................(ол – сенің киелі қара шаңырағың, шуақ сыйлар жайлы мекенің.)
Ә)Өз туған тіліңді білу –парыз, себебі ................ (ол –анаң мен атаңның қасиетті мұрасы, аманаты.)
Б) Күнде тер төгіп оқыған білім ғана тиянақты, сондықтан ...................... ( білімді дер кезінде алудан кеш қалма!)
В)Үлкен адамдар туған жердің тарихы мен әдебиетін жетік біледі, сол себепті ....................( оларды көп тыңда, үйрен.)
Г)Үйдегі қарт ата-әжеңді құрметте, себебі.............................( олар – үйдің ырысы мен қазынасы.)
Ғ)Туған жеріңді, туған аулыңды, туған отбасыңды, білім берген ұстаздарыңды әрқашан есіңе ұста, өйткені.................... ( сенің адам болуың, азамат болуың –солардың арқасы.)
4-кезең. «Талдау –табыс кілті»сатысы.
• Бұл кезеңде кітаппен жұмыс жүргізіледі, жаттығуларды үш топқа бөліп орындатып, ішінара талдаулар жасалады.
• Слайд №9. Осы слайдтағы сызба бойынша жұмыстар жүргізіледі. Кешенді талдаулар жасалады.
• Мәтіндер парақшалары таратылып, оқушылар тапсырмалармен жұмыс жасайды.
Тапсырма № 1:
1. Мәтіннен себеп-салдар салалас сөйлемдерді теріп жазыңдар;
2. Себеп пен салдардың орналасуын сызбамен сызып көрсетіп, синтаксистік талдау жасаңдар;
3. «сезілетін»сөзіне морфологиялық талдау жасаңдар;
4. Ата-ана туралы мақал ойлап айтып, кешенді талдау жасаңдар.
АЙНАЛАЙЫН
Бала кезімнен естіген, үйренген, білген сөздерімнің ішінен бір сөз көкейімнен ерекше орын алады, өйткені ол сөзді әжем де, анам да, әкем де жүректерімен айтатын. Әжем сол сөзді мейірлене, маңдайыма ыстық лебін тигізе, толқи айтатын, сондықтан ол сөз маған барлық сөздердің құдіретіндей сезілетін. Ол сөз әжемнің аузынан шыққан сайын масаттанып, наздана түсетінмін, еркелейтінмін. Ол сөз – «айналайын» деген сөз. Осы сөз әжемнің мейірімді кеудесінен шыққан сайын мен іштей қайталаймын,есейе келе өзімнен кішілерді мен де «айналайын» дейтін болдым.
Соғыстың ауыр жолының үстінде «айналайын» деген сөз менің аузымнан түспеді, өйткені қарамағымдағы адамдардың барлығы маған бала сияқты көрінді. Тар кезеңде барлығы да қатал бұйрық емес, мейірімділікті күтіп тұрғандай көрінетін. «Айналайын» дейтінмін. Менің сөзім олар үшін бұйрықтан да өтімді сезілетін. Олар да маған мейірлене қарап, құрмет көрсететін. Сол әдетіммен қазірде де мен айналамдағы жолдастарымды, реті келгенде «айналайын» дегенімді өзім де сезбей қаламын.
(М.Әлімбаев, А.Лекеров)
Тапсырма № 2:
1. Мәтіннен ыңғайлас, себеп-салдар салаластарды тауып жазып, қалай байланысқанын түсіндіріңдер;
2. «өте қолайлы» сөзіне морфологиялық талдау жасаңдар;
3. Үй, баспана, отбасы туралы мақал ойлап айтып, кешенді талдау жасаңдар.
Қазақ киіз үйі
Қазақтардың киіз үйі көшпелі тұрмысқа бейімделген. Киіз үй торкөз керегелерден, уық пен шаңырақтан, киізден тұрады. Керегелер үйдің бүкіл қабырғасын қамтиды. Киіз бүкіл үйді жауын-шашын, қар-бораннан қымтайды, сол себепті қазақтар онымен керегені, уықты, шаңырақты жапқан.
Киіз үйдің ағаш қаңқасы үш бөліктен құралады:кереге, уық, шаңырақ. Үйдің төменгі жағы торкөз керегеге, кереге ағаштары бір-бірімен қайыс баулармен байланыстырылып, тез жиналады да, тез жазылады, үйді жыққанда да, тіккенде де өте қолайлы.
Шаңырақ деп дөңгелек ағашты атайды. Ол ошақта жағылған от түтінінің шығуына арналған және күндіз үйдің ішіне жарық түсіреді. Қазақ үйіне жабылатын киіздер көлемі жағынан да, атауы жағынан да әр түрлі. Керегелерді жабатын төменгі жақтың киізін туырлық дейді, уықты жабатын киізді үзік дейді.
Тапсырма № 3:
1. Мәтіннен себеп-салдар салаластарды тауып жазып, қалай байланыс-қанын түсіндіріңдер;
2. «отбасынан» сөзіне морфологиялық талдау жасаңдар;
3. Отан туралы мақалдар ойлап айтып, кешенді талдау жасаңдар.
Отан отбасынан басталады
Үлкен Отанды сүюдің алғашқы шарты кішкене отбасыңда қаланады, себебі отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы алтын діңгегі. Адамның жеке басының қалыптасуы, оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер сол ортада қалыптасады, сондықтан туған үйдің жылуы, ата-анаға деген құрмет сенің көкірегінде мәңгі сақталады.
Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі, жеке адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілігін, мәдениетін қалап, өмірге жолдама беретін ұлы ұжым. Отбасы – өте қажетті, басқадай еш нәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ.
Отан алдындағы парыз жақындарыңа, туған-туысқандарыңа деген сүйіспеншіліктен бастау алады, сол себепті біз отбасын Отанның кішкентай бір бөлшегі ретінде қарастырамыз.
«Өз үйім – өлең төсегім» деген қазақ даналығы босқа айтылмаған. Өз отбасын сыйлап, құрметтеген, жылуына бөленген бала ғана айналасына қуаныш сыйлап, өзгенің қуаныш-мұңын бөлісе алады
5-кезең. «Шығармашылық – шыңдалу шыңы»сатысы. Бұл бөлімде оқушыларға «Асыл арна» түсірген «Әке мен бала» видеосюжеті ұсынылады. Оқушылар көреді, шығармашылық жұмыс жасайды. Шығарма ішінен салалас сөйлемдерді тауып, мағынасы мен жасалу жолына талдау жасалады.
ІІІ Үйге тапсырма
• «Әке –діңгек, ана -ырыс» атты шығармашылық жұмыс ( өтілген салаластар болу шарт);
• таңдаған бір сөйлемге кешенді талдау жасау;
• ережелерді есте бекіту, қайталау.
ІҮ Оқушы білімін бағалау, сабақты қорытындылау.
«Сымбат» жеке мектебі
«Себеп-салдар салалас,
жасалуы» тақырыбына
АШЫҚ САБАҚ
8 «А»класы үшін
Өткізген Нығмет Райгүл
Сағидоллақызы
Ақтөбе қаласы, 2013 оқу жылы
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.