.
.
Өзiн-өзi тану сабағының жоспары Талаптыға нұр жауар
Сабақ жоспары | Предметы | Өзін-өзі тану пәнінен ашық сабақтар Загрузок: 648 | Просмотров: 13803 | Размер: 28.6 Kb | Автор: ТәрбиеМектеп: Орал қаласы № 5 ЖОББМ Мерзiм қаңтар № 17 сабақ
Тақырып: Талаптыға нұр жауар Құндылық: Дұрыс әрекет
Қасиеттер: сыйластық, бақыт, мейірімділік, сүйіспеншілік, талаптану
Мұғалiм: Габбасова Багдагул Беккалиевна. Сынып- 4 Оқушылар саны - 19
Сабақ мақсаты:
Оқушыларға жақсылыққа талаптану арқылы дұрыс әрекет жасауға болатынын түсіндіру.
Міндеттері:
- Оқушыларға бақыт, сыйластық, мейірімділік қасиеттері адамға дұрыс әрекет жасауға ықпал ететінін түсіндіру;
- сыйластық, мейірімділік, бақыт, талаптану қасиеттерін дамыту.
- оқушыларды ізетті, ілтипатты, табанды болуға тәрбиелеу.
Ресурстар:(құралдар, мәлiметтер)
Сабақ барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңi.
Оқушылармен амандасып, «Өзін- өзі тану» сабағының ережесін «5-Т» қайталап, сабаққа қатысқандары үшін әр балаға 20 ұпайдан беремін.
Оқушылардың оқу құралдарын «5 затты» тексеріп, ұпайларын түгендейміз.
2. Тыныштық сәті Нұрға бөлену
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.
Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды.
Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.
Нұр бірте-бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын.
Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын... Ғаламның барлық түпкір-түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын... Нұр менің ішімде... Мен Нұрмын».
Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз...
Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.
Жаймен көзіңізді ашуға болады.
Рахмет.
3. Үй тапсырмасын тексеру
Б. Әділовтың «Қанат пен Жанат» әңгімесі
Сұрақтар:
1.Атасының үйіне келген қонақ кім еді?
2. Жанат пен Қанаттың әрекеттері туралы не айтар едіңдер?
3. Қанат домбыраны үйренуниетіне қалай жетті?
4. «Талаптыға нұр жауар» деген сөздің мағынасын қалай түсінесіңдер?
5. Талапты бала қандай болады деп ойлайсыңдар?
Сабақ барысын талдау:
4. Дәйексөз.
"Талаптан да білім мен өнер үйрен,
Білімсіз, өнерсіз болады ақыл тұл."
Ш. Құдайбердиев
Дәйексөздің мағынасын ашу. Хормен қайталату, дәптерге жазғызу.
Ұл балалар қайталайды, қыздар қайталайды, сосын бәрі түгел хормен айтады.
5. Әңгiмелеу Аңыз әңгіме
Ертеде бір кісі баласын әбден есіртіп,еркелетеді. Өсе келе тілі удай ащы, есерсоқ, бейәдеп жігіт атанады. Жұрт безердей болғандықтан, оның қасына ешкім жүрмеуге тырысады.
Әкесі әбден ойланып, мынадай айла жасайды. Баласын шақырып алып, бір жалпақ тақтай береді. Күніне қанша адамды ренжітсең, мына тақтайға сонша шеге қақ дейді. Бірінші бала тақтайға 37 шеге қағады.
«Балам,өзіңді тежеп ұстап, шегеңді азайтуға тырыс» депті. Баласы әкесінің сөзін тыңдап, азайта отырып, бір күні ешкіммен ұрыспайтын, шеге қақпайтын да күнге жетіпті. Сол күні әкесі былай деп ақыл айтады:
«Енді балам, ешкіммен ұрыспайтын болдың. Бір адамды қуантқанда бір шегеден суырып отыр». Бала әкесінің сөзін орындауға тырысып, тақтайдағы шегені де күндердің бір күнінде таусыпты. Әкесі қуанып «Балам мен сені дұрыс адам болмайтын шығар деп қорқып едім. Міне өзіңді өзің тәрбиеледің, жақсы адам болып жолға түстің. Бірақ балам, мына тақтайға қарашы,бұрынғысындай тегіс әдемі емес. Беті шұрық тесік. Сен қанша кешірім сұрасаң да олар қанша кешірдім десе де кезінде айтылған сөздерді қалай өшіресің? Бәрібір ол жүректің түбінде қалады ғой. Әрине, бұл күндердің әркіммен бір ұрысып жүргеннен жақсы. Бірақ бұл саған өмірлік сабақ болсын, тіліңе ие бол», -дейді.
Сұрақтар:
- Баланың іс әрекетіне қарап, мінез құлқына қандай баға беруге болады?
- Әкесі қандай айла ойлап тапты?
- Бала өзін тежеп ұстауға қалай үйренді?
- Әкесінің «Бұл саған өмірлік сабақ болсын» дегенін қалай түсіндіңдер?
_ Бала дұрыс әрекет жасады деп ойлайсыңдар ма?
6. Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс.
Сынып 2 топқа бөлінеді
1топ: (талаптану тақырыбына өлең шығару)
2 топ: (өзіңнің жасаған жақсылығыңды есіңе түсіріп көр) суретпен бейнелеуге тырыс
7. Топпен ән айту. Біз өмірдің гүліміз
Нұрланамыз бәріміз
(Сөзі өзгертілген)
Ақ ниетпен
Пәк жүрекпен
Өмірге біз келеміз.
Қуанышты
Ізгілікті
Күн нұрындай төгеміз.
Адалдықпен
Ақиқатқа
Жүгінеміз бәріміз.
Жақсылықты
Жамандықты
Айырады жанымыз.
Адамзатқа
Махаббатпен
Шырқалады әніміз.
Мейіріммен
Шуақ шашып
Нұрланамыз бәріміз.
8. Үй тапсырмасы.
17 - сабақ тапсырманы орындау
18 сабақ «Мен талапты баламын» өлеңін оқып, талдау.
9. Соңғы тыныштық сәтi.
Баяу әуен қойылады. Оқушылар денесін, басын тік ұстап, көзін жұмып отырады.
Мұғалім жәй дауыспен:
- Әрқайсымыз оң қолымызбен жүрегімізді ұстап көрейік. Өз жүрегіміздің жылылығын сезініп, жүрек жылуымызды адамдарға, айналамызға жеткізу үшін іштей оларға жақсы тілектер тілейік. Жақсы ой ойлайық, жақсы сөз сөйлейік, жақсы іс жасайық! Бүгінгі сабақтан алған әсерлеріңізді жүректеріңізге түйіп алыңыздар. Рахмет! Көздеріңді ашуға болады.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.