.
.
«Құныскерей туралы тарихи ақиқат» «Құныскерей туралы тарихи ақиқат».
Сабақ жоспары | Предметы | Тарихтан ашық сабақтар Загрузок: 0 | Просмотров: 1720 | Размер: | Автор: ТәрбиеҒылыми жұмыс
«Құныскерей туралы тарихи ақиқат» тақырыбындағы ғылыми жұмыс сонау XX ғасырдың бірінші ширегінде болған әлеуметтік және саяси құбылыстарды ашуға арналған. 1917жылы ақпан айында болған төңкеріс Ресей империясына жаңа саяси дағдарыс науқанын алып келді. Патша үкіметінің орнына келген буржуазиялық–демократиялық үкімет пен жұмысшы,шаруа депутаттар кеңесі көптеген жаңа заңдар енгізді. Сөйтіп халықты патша үкіметінің ғасырдан бері келе жатқан бұғауынан азат етті. Буржуазиялық- демократиялық үкімет Еуропа елдерінің даму жолын таңдады. Ал, жұмысшы- шаруа депутаттар кеңесі болса әлемде бұрын-соңды болмаған әділетті қоғам орнатуды мақсат етті. Сөйтіп қос үкімет барынша саяси аренада бірімен-бірі білек сынасты.
Ақырында Кеңес өкіметі жеңіп бүкіл елді өзі басқарады. 20-шы жылдардағы елдің ішінде болған дүрбелең осы кеңес өкіметінің жүргізген саясаты. Қызыл әскерді азық –түлікпен қамтамасыз ету керек-деп халықтың қолындағы малын бір жинап, кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру үшін екінші рет салық саясатын жүзеге асырды. Енді міне қазақ малшыларының арасынан орта дәулетті жағдайы жетерлік адамдарға көбірек салық салып оларды тәркілеу әрекеті басталды. Мұның бәрі халықтың Кеңес үкіметіне деген сенімсіздігін тудырған болатын. Бас көтеріп үкіметтің саясатына қарсы келген адамды «Банды»атап қуғындай бастады. Өз заманының таңдаулы азаматы болған Құныскерей бабамыз осындай тағдырдың тәлкегіне түскен адам.
Ғылыми жұмыс осы Құныскерейдің өмірбаянын, қызметін, кейінгі Кеңес өкіметімен арада болған кикілжіңін, сол 20-шы жылдардағы ішкі саясатпен байланыстырып баяндайды. Осы бағытта ғылыми жұмыс өз табысына сай жазылған жұмыс.
Тақырыптың өзектілігі 20-шы жылдардағы саяси-әлеуметтік жағдай мен Кеңес өкіметінің жүргізген құйтырқы саясатының еш уақытта айтылмауы. Құныскерей сияқты «банды» атанған ел азаматтарының халық жауы болып саналуы. Міне осы екі мәселенің бүгінгі күнде жаңа заман талабымен қайта қаралуы және тарихи шындыққа ие болуы болып табылады. Намысына ғана құл болған туған өлкенің мінезді қайсар ұлдарының бірі Құныскерей Қожахметовтың бүгінде аты халық арасында қол жетпес өнеге, айтып бітпес аңыз. Асылында оны осы күнге дейін ешкім ғайбаттап, жазықсыз қанды мойнына жүктеді, бейкүнә жанды бекерден-бекер өлтірді дей алмайды.Осындай алып тұлғаны қасиетті қаламгер Хамза Есенжанов өз еңбегінде жоғары бағалаған болатын. Сондықтан да «Жүнісовтер трагедиясын» Құныскерей жайлы ең өміршең дүние деп атауға болар еді. Бар айыбы қазақы дәстүрді қадір тұтқан Құныскерей кер заманның тар ноқтасына алтын басын қор қылмай арда пейіл, асқақ тұлғасымен кіндік кескен кең өлкесінен ертерек жырақтады. Әйтсе де жусанды даланың жомарт жандары оның тарихи бар болмысын баяғы күйінде баянды түрде есте ұстап келеді.
Зерттеу бөлімі
1.20-шы жылдардағы Қазақстанның саяси әлеуметтік жағдайы
Қоғамымыз бүгін басынан өткізіп отырған қиындықтар сонау 20-30 жылдардан бастау алады. Өмірдегі барлық құбылыстардай саясаттың да өз түп төркіні, сабақтастық байланысы бар. Қазақ Өлкелік Комитетін 1925-1933 жылдары басқарған, іс жүзінде осы мезгілде Қазақстанның жеке дара әміршісіне айналған Ф.И.Голощекиннің ұстанған саяси бағытын тура түсіну үшін оған тарихи тұрғыдан қарау орынды болар еді. Түптеп келгенде, мәселе Қазақстандағы социалистік құрылыстың өзіндік жолдары мен әдістеріне келіп тірелетіндіктен, Голощекиннің бұл тұрғыдан, белгілі дәрежеде, өзінен бұрын басталған саяси бағыттың жалғастырушысы болғанын есепке ала отырып, оған дейін-ақ жаңа қоғамды құрудың әдістері арнайы және принципті сөз болған облыстық III партия конференциясына тоқталу қажет. РКП(б) Қазақ бюросының мүшесі А.И.Вайнштейн «Қазақстандағы партия және Совет жұмысына әлеуметтік база құрудың әдістері» атты баяндамасында: «Біз осы уақытқа дейін белсенді жүргізген жұмысымызда, әсіресе қазақ тұрғындарының арасында, негізінен ұлттық мәселелерді көздедік. Бұл кезең аяқталғандықтан, енді оны екінші кезекке ығыстырып (ұлттық саладағы бірде бір жұмыстан бас тартпай, қатар жүргіземіз), салмақты жұмысымыздың әлеуметтік базасы жағына аударуымыз керек» деп, ондағы негізгі мақсат «кедейдің әлі оянбаған таптық инстинктін шайқау, көтеру», тіптен «...ең дұрысы кедейді байларға тік қарсы қою, сол арқылы кедейлерге кіріптарлықтан құтылу дегеніміз осы екендігін сездіру» де баса көрсетті. [М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков «Тарих тағылымы не дейді?» А.1993,8-бет].
Бұл іс жүзінде мүлдем жаңа кезең, яғни байлар меншігіне «қызылгвардиялық шабуылға» өту еді. Қоғамды Социалистік негізде қайта құрудың алғы шарттарының бірі есебінде қойылған бұл күрделі және ауыр шараны іске асыру үшін қазақ қоғамы әлеуметтік-экономикалық, саяси және рухани кемелдік тұрғысынан даяр ма еді? Жоқ, даяр емес болатын. Экономикалық мешеулік, таптық жіктелудің, еңбекші бұқараның өзінің таптық мүддесін түйсініп, ол үшін күресуге даярлығының төменгі дәрежеде болуы бұл мәселені шешуде көлденең тұрған негізгі кедергілер еді. 20-шы жылдардың басында Қазақстанда экономикалық жағдай тым ауыр болды. Бұл арада үлкен адам шығыны мен арты ашаршылыққа ұласқан 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісті, қазақ қоғамын адам және мал шығынына ұшыратқан Азамат соғысын айтпай кету мүмкін емес. Осы азапты оқиғалардың артын ала келген 1921-1922 жылдардағы ашаршылық қоғамды біржола тұралатып кеткен еді. Демограф Т.Тәтімовтың есебі бойынша 1916-1921 жылдар аралығында аштықтан қырылған және оққа ұшқан қазақтардың саны 800 мыңға, ал ата-мекенінен біржола көшіп кеткендердің саны 200 мыңға жеткен.[«Ислам шапағаты»газеті,1991,24 мамыр,12-б]. Бұл сол тұстағы қазақ елінің шамамен бестен бірі еді. Ауыр шаруашылық дағдарысына ұшырап отырған қазақ шаруасына жедел жәрдем беруге жаңа биліктің де мүмкіншілігі жоғары еместін. Өз кезегінде бұл жағдай кедейлердің Совет өкіметіне деген сеніміне секем түсірді. Шаруашылық дағдарысы жұмыссыздық санын күрт өсіріп, кедей-жатақтардың қоғамдағы үлес салмағын көбейтіп жібергендігі мәлім. Басым көпшілігі кедей және орта шаруалардан тұрған қазақ ауылында, сондай–ақ саяси билік солардың мүддесін қорғайтын советтердің қолында тұрғанда байлармен күресті революциялық төтенше шаралар арқылы емес, экономикалық және саяси әдістер арқылы жүргізуге толық жағдай бар еді. Басқаша айтқанда, сол тарихи кезеңдегі Қазақстан жағдайында байлар мен буржуазиялық элементтерге қарсы күресте революциялық зорлықты жалғыз күрес құралы деп тану жергілікті жағдайда терең түсінбеуден туған ірі саяси қателік болатын. Сонымен, партияның Қазақ облыстық III конференциясында қазақ ауылын социалистік негізде қайта құру жолдары туралы пікір алысу қызу айтысқа ұласты. Солай болуы да заңды еді. Өйткені, қарсы келген позициялардың арасы тым алшақ-ты, ал олардың өмірде жүзеге асу мүмкіншілігі де әрқилы болатын. Кейінгі уақыт оны анық көрсетіп те берді.
Осы арада түрлі себептерге байланысты өз дәрежесінде жетерліктей көңіл бөлінбей келе жатқан бір мәселеге тоқталуға тура келеді. Революция жеңісінен кейінгі кезеңде Қазақстан үшін аса маңызды мәселелердің бірі өлкедегі революциялық өзгерістерді басқаруға лайықты кадрлардың тапшылығы еді.Совет билігі орнағаннан кейінгі уақытта орталықтан Қазақстанға біраз кадрлар жіберілген. Олардың арасында революция идеяларына шын ниетімен берілген, соған сай өзгерістерге, өз үлесін қосуға даяр большевиктер аз болған жоқ. Сондай–ақ, олардың қатарында жергілікті ерекшеліктермен есептесуге аса құлықты емес, өз міндетін орталықтың нұсқауын бұлжытпай, тіптен реті келсе асыра орындау деп түсінген солақайлар да жеткілікті еді. Өздерін бұрынғы патша шенеуініктерінен кем сезінбеген олар жергілікті халыққа тек бағынуға жаралған бұратаналардай, ал жергілікті ерекшеліктерге назар аударуды талап еткен ұлттық интеллигенция өкілдеріне ұлы революциялық өзгерістерді қабылдауға даяр емес, білімсіз тар өрісті интеллигентсымақ «ұлтшылдар» есебінде қарады. Өз кезегінде большевиктердің идеологиялық күрес арсеналында реакциялық «ұлтшылдық» туралы бір жақты пікір қалыптастыруға ерекше еңбек сіңірген де осы топ болды. Өз ретінде олар жергілікті тұрғындардың және орталық басқару аппараты арасындағы ұлы державалық шовинизммен уланған элементтердің қолдауына сүйенді. Ықпалды орындардағы осы позициядағы адамдардың белсенді әрекеттерінің арқасында патшалық империя тұсында «сепаратистер» ретінде айыпталып, қуғын көрген А.Байтұрсынов сияқты көрнекті қайраткерлер енді Совет билігі тұсында «ұлтшылдар» атанып жатты. Элементтердің қолдауына сүйенді. Ықпалды орындардағы осыпозициядағы адамдардың белсенді әрекеттерінің арқасында патшалық империя тұсында «сепаратистер» ретінде айыпталып, қуғын көрген А.Байтұрсынов сияқты көрнекті қайраткерлер енді Совет билігі тұсында «ұлтшылдар» атанып жатты. Қазақстанда совет билігі орнағаннан кейін, бірінші кезекте өз шешімін табуға тиіс бірнеше мәселелер тұрды. Қазақ бұқарасының тұрмыс жағдайының түбегейлі өзгеруі сол мәселелердің тура шешілуіне тікелей тәуелді болды. Олар жерді пайдаланғанда бұрынғы әділетсіздікті жою, жергілікті халыққа жақын, түсінікті және оған қызмет ететін мемлекеттік аппаратты құру, жаңа қоғамды құрудың әдістері мен жолдары (коллективтендіру, индустрияландыру, мәдени революция т.б) сияқты мәселелер еді. Бұл міндетті шешуде «ұлтшыл-уклонистер», «ұсақ буржуазиялық-ұлтшылдар бірінші кезекке таптық принципті емес, жалпыұлттық-жалпы демократиялық принциптерді қойды. Қазақ шаруалары үшін Қазан революциясы қарсаңында да, одан кейінгі жылдары да егіншілікке жарамды жер тапшылығы үлкен мәселеге айналды. Осы мәселеге байланысты патшалық билік тұсындағы әділетсіздікті біржола жою мақсатында бесінші өлкелік партия конференциясы жер мәселесін арнайы қарап, қарарында «жерге орналастыру саласында ең алдымен байырғы халық, әсіресе олардың отырықшыланып жатқандары жөнінде міндет қойылатын болсын» деп көрсетті.
Егер, жергіліктендіру төңірегінде қызу айтыс жүрген 20-шы жылдардың орта тұсына келсек, Қазақстанда бұл міндетті іске асыру жолында көлденең тұрған екі ірі кедергіні байқауға болады. Біріншіден, жергілікті халықтың арасында жаңа қалыптаса бастаған советтік аппаратта істей алатын сауатты адамдардың, білгір мамандардың тым тапшылығы болса, екіншіден, ескі мемлекеттік аппараттан қалып, жергіліктендіру процесіне шама-шарқынша қарсы әрекет жасаған европалық қызметкерлердің болуы еді.
2 .Қазақ шаруаларының мал-мүлкін тәркілеу және қуғын-сүргін
Қазақ әрбір күрделі де ірі тарихи оқиғаларды белгілі бір атаумен, әдеби көркем теңеумен немесе мақал- мәтелдермен бейнелеп отырған халық. Мысалы, біз әңгіме етіп отырған қазақ шаруалары қожалықтарын зорлап коллективтендіру жылдары ел арасында үкіметтің ет және астық даярлау науқанымен: «Қайдан тапсаң одан тап, қаптың түбін қақ!» деген мәтелмен, айшықты тілмен беру байқалса, ал осы коллективтендіру жылдарындағы асыра сілтеулер: «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!»,-деген тәрізді өткір, әжуа теңеумен нақты көрсетті. Соңғы жылдары біз әңгіме етіп отырған зұлматты кеңінен зерттеген белгілі қазақ демографы М.Тәтімов «қызылтабан» шұбырынды» деген терминнің голощекиндік геноцидті дәлме-дәл бейнелейтінін жақсы дәлелдеп жүр [«Лениншіл жас»,1991,26 шілде].
Қазақстандағы шаруалар қожалықтарын коллективтендіруде өрескел қателіктерге жол беріліп қазақ халқына жантүршігерлік материалдық және рухани алапат қиындықтар алып келгені белгілі. Бірақ көшпелі қазақ ауылына қайғы-қасірет бұлтын шоғырландырған Голощекиннің коллективтендірудегі жартылай әскери тәртібін ғылыми тұрғыда айыптау ресми қолға алынбай отыр. Қазақстандағы ол жүргізген барлық қауырт та асығыс, берекесіз де жанкешті науқандар тәрізді қазақ шаруаларының қалың бұқарасына қарсы бағытталған ет дайындау, астық даярлау әрекеттері күштеу жолымен жүргізілді. Осылардың бәрі, яғни күштеп жер аударулар, мал- мүлікті тартып алулар, жергілікті жерлердегі қарулы бас көтерулер , жартылай әскери киініп, «шолақ мылтық» асынған жергілікті жерлерге жіберілген уәкілдер, «шаш ал десе бас алған» шолақ белсенділер, Қазақстандағы коллективтендіруге әскери сипат берді. Ірі мал иелерінің малын тәркіге салу мәселесі 20-шы жылдардың бірінші жартысынан бастап, Кеңес өкіметі назарында болды. Егер сол жылдары елдің байлығын арттыру, шаруашылығын көтеру-негізгі мақсат болды деп қарастырғанның өзінде күштеу бағытын ақтап алу аса қиын. Осы міндетті орындауға тіпті мемлекет қаржысы жетіспей жатқан жағдайлардың өзінде ауқаттыларға салық салып, байлар қаржысын осылай пайдалану жолымен кедейлерге көмек қорын жасауға, индустрияландыруға қажетті ауылшаруашылығы өнімін алуға болар еді. Байларды жер аудару 1928 жылдарға дейінгі кезде де кей жерлерде ішінара жүргізілгендіктен архив қойнауындағы құжаттар растап отыр. Мысалы осы мақсаттармен 20-шы жылдардың бірінші жартысында Жетісу облысында советтік құрылысқа қатерлі элементтерді анықтау және оларды жер аудару жөнінде арнай комиссия жұмыс істеді. 1928 жылдардың қарсаңында кейбір қазақ зиялылары Қазақстандағы мал шаруашылығының жағдай және қазақ байларына жасалған алғашқы қысымдар ірі мал иелерін тәркілеуді неге жақтамады десе, мәселенің басы әріде. Қазақ халқы баяғы заманның бері мал шаруашылығымен үздіксіз айналысатын ел. Мал шаруашылығымен айналысуға табиғи жағдайлары, жердің кеңдігі, далалы таулы аймақтардың жайылымға өте қолайлы болуы да ықпал етті. Қазақ ауылында мал атадан балаға мұра болып қалған байлық. Ауқаттыларды тап ретінде жою большевиктердің басты мақсатына айналады. Осының көздеген ашық шабуыл көп кешікпей-ақ 1927 жылы басталды. Алғашқы нысана байларды саяси құқығынан айыру болды. Қазақ байларының шаруашылығын әлсіретуге бағытталған шаралардың бірі ірі үздіксіз салынған ауыр салықтар еді. Жалпыға бірдей міндетті ауылшаруашылығы салығын, өздерінің табыстарымен қатар «олардың еңбексіз табылу сипатымен»ерекшеленген шаруашылықтар үшін жеке дара салықтар ауыртпалығын негізінен бай қожалықтар көтереді. Көп жағдай да жеке дара салықтар бір екі сиыры, сүт тартқышы, кең ауласы бар қожалықтарға да қазір кедейленсе де бұрынғы бай тұқымынан тарағаны үшін деп салынды. 20-шы жылдардың бірінші жартысында Жетісу облысында советтік құрылысқа қатерлі элементтерді анықтау және оларды жер аудару жөнінде құрылған комиссияның жұмысының нәтижесінде 1924 жылы тек бір ғана Жетісу облысынан тыс жерлерде Кеңес өкіметіне қарсы күрес жүргізді деген сылтаумен 32 адам, ал осы облыс ішінде бір уезден екінші уезге 20 адам жер аударды. Мұндай жағдайлар Қазақстанның басқа жекелеген аудандарында орын алды. [М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков «Тарих тағылымы не дейді? А.1993,98-бет»].
Республика округтеріне тәркілеудің өткізу жөніндегі нұсқаулар жіберіліп, Республика округіне тәркілеуді басқаратын уәкілдер тағайындалып, ауылға мыңнан астам уәкіл жіберілді. Ал тәркілеу комиссиясы құрамында 4700 адам жұмыс істейді. Тәркілеу науқаны барысында жаппай жүгенсіздік жайлап, байлар Кеңес өкіметі тарапынан озбырлыққа тап болды. Тәркілеу нәтижесінде Қазақстан округінде 148 адам тұтқындалды. Олардың 69-ның ісі прокуратураға берілді. Тәркілеу тек оң іс деп танылып, ауылды «қансорғыш қанаушылардан» азат ету мақсатын көздеді. Тәркілеу туралы ереже бойынша жер аударылғандардың бәрі сайлау құқығы жоқ адамдардың тізіміне енгізілді. Қазақ байларын жер аудару адамдардың басына түскен үлкен қасірет болды. Жазылған деректер мен архив мәліметтерінен біз тәркілеу ісінде жаппай заңсыздықтардың орын алғанын көреміз. Көбінесе тәркілеуде бұрынғы малдың санын есептеді. Мысалы, 1927 жылғы жұтта қырылған мал басы да ессепке алынды. Осылайша, байлардың ұзақ жылдар бойы тырнақтап жинаған малдары өздеріне пәле болып жабысты.[М.Қозыбаев «Қазақстан тарихы»А.2009, 58-59 беттер].
Ресми деректерге сүйенсек осы малдар негізінде жаңадан 292 колхоз ұйымдастырылды. Нұсқауға сәйкес әр қожалыққа бөлініп, берілген мал 12 тұяқтан аспауы тиіс бола тұрса да, батырақ пен кедейлердің көбі мұндай мал үлесін алған жоқ. Малдың едәуір бөлігін 25,7 процентін жаңа құрылған колхоздар алып қойғандықтан, тәркіленген мал кедейлердің жеке қожалықтарына берілмеді. Мұның өзі өкіметтің шын мәнінде кедейдің емес, колхоздың қамын ойлағанын көрсетеді. Мал үлесіне алған кедей батырақтардың қожалықтары тез өсіп, жетіле қоймады.
1928 жылы әкімшіл-әміршіл тоталитарлық жүйе жүзеге асырған қазақ байларын күштеп кәмпескелеу және оларды зорлап жер аудару тұтас бір халықты ашықтан ашық қуғын–сүргінге ұшыратудың және бұқараны жаппай қырудың бастауы болды. [«Қазақстан»Ұлттық энциклопедиясы].
Қазақ ауылында қара шаруа, кедей, жалшы, малшы, қойшы тәрізді топтардың бір сөзбен айтқанда қазақ кедейлерінің, негізінен бірлі жарым болса да мал ұстап, өз күндерін өзі көргенін және өздерінің материалдық мұқтаждықтарын бай көршілерінің немесе туыстарының малын бағу, оларға өз еріктерімен жалдану есебінен толықтырып отырғанын ескермесе болмайды. Бай мен кедейді өзара жақындастыра түскен тағы бір басты нәрсе-көшпелі өмірдің қиыншылықтары болды. Табиғаттың әр түрлі, күтпеген кездейсоқ кедергілері көшпелілерді қиындыққа ұшырата берген соң, мұндай өмір өзара күш біріктіруді әрқашан тізе қосып әрекет етуді қажет етті. Қазақ байларын күшпен тәркілеу туралы шешімнің қабылдауы табиғи даму жолымен келе жатқан қазақ ауылында түсінбеушілік туғызды. Бұл кезде кеңес өкіметіне ашық қарсы шыға қоймаған ауқатты қаза шаруалары бұл саясаттың байыбына бара алмай дал болды. Оның үстіне байлардың ғана емес, орташалардың да мал-мүлкін тартып алатындығы туралы «ұзынқұлақ» хабары елді дүрліктірді. Адамдар ішінара малдарын сатып, буынып-түйініп, басқа жаққа қашып кетуді ойлады. Төтенше тәркілеу «ірі бай жартылай феодалдардың ауыл еңбекшілеріне жасап отырған ықпалын жою» мақсатында бірден жүзеге асырылатын революциялық әрекет болса, ал ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру жаңа зкономикалық саясаттың негізінде революциялық заңдылықты сақтай отырып, кедейлермен орта шаруашылықтардың бай кулактарға қарсы шабуылын ұйымдастыру бірнеше жылдарға созылатын шара болып табылды. Тәркілеуге байланысты деректерде көшпелі аудандардағы қожалықтарға шектен тыс қатал көзқарас айқын сезілді. Осы көшпелі аудандағылардың малын кәмпескелеу мөлшерінен аз болған күннің өзінде кеңестендіруге қарсы қауіпті элемент ретінде жер аудару тиіс болды. Тіптен мал басы тәркілеу заңында көрсетілгендкй көлемде болып, кәмпескеге ілініп тұрса да бұларға қосымша жала жауып, «кеңес өкіметіне жау» деп көрсетуге тырысу фактілері жиі кездеседі. Мұндай көп жанұялы шаруашылықтарды, әсіресе жас балаларды аяу, оларға адамгершілікпен қарау деген бола қоймаған. Тәркілеуді өткізу барысында негізінен ауыл белсенділерінен тұратын қол ұшын беруіщілер комиссиясы кеңес өкіметінің нұсқауларының өзінде сақтай бермей шектен шығып кетіп отырған. Нәтижесінде қауымдық кооперациядан тыс күн көре алмайтын, қауымда 300-400 қаралы қойы бар, ортаң қолды дәулетті кісілер де қыспаққа түсіп, келген уәкілдер оларға қиғылық салды. Байларды тәркілеуді жүзеге асыру үшін Қазақ ОАК –нің арнайы уәкілдер де жан-жақтағы округтерге аттанды. Орталықтан келген уәкілдер жергілікті жерлерге барып, округ және аудандық уәкілдерді ауылдардағы байларды тәркілеуге жіберді. Жергілікті жерден тәркілеу жүргізетін комиссия ұйымдарының уәкілдері әділ шешімге шақырған нұсқауды тыңдамай қазақтардың өз арасында бұрыннан келе жатқан дәстүрлі даулы мәселелерге мән бермей, ел арасында кек қайтару үшін ұйымдастырылған жалаларға сүйеніп шаруаларды тәркілеп жер аударған.
Кеңес өкіметі қазақ даласын ежелден дамыған дәстүрлі экономикадан тайдырып, дамудың басқа жолын қабылдауға күштеп көндіріп, қазақ ауылын тұйыққа тіреді.
Сонымен, қорытып айтар болсақ, сол кездері көшпенді қазақ шаруашылығы дамудың ең төменгі сатысында тұрды деген большевиктік көзқарасты қолдауға болмайды. Көшпелі шаруашылықта адамзат жасаған, айналадағы орта ерекшеліктерін туғызған әлеуметтік-экономикалық дамудың бір түрі. Олай болса, осы кезге дейін тарихшылар бір жақты қарап келген көшпелі тұрмысты адамзат өркениетіне де, дамуына да, озық мәдениетке де қарсы қоймай, оны балама даму жолы ретінде қараған жөн. Осының нақты дәлелі-большевиктердің Қазақстандағы көшпелі тұрмысын, мал шаруашылығын күйзелтіп, дәстүрлі қазақ шаруашылығын жойып жіберуі, адамдардың жаппай қырылуына, шөлейт жерлердің адам да, мал да өмір сүре алмайтын қу мекенге айналуы еді.
Индустрияландыру үшін қаржы іздестіру мақсатында мемлекет 20-шы жылдың аяғында салық тәртібін қатайтты.Салықтың қатаюы Қазақстанның ауылдарының еңсесін басты. 1927-1928жылдары 4пайызы ауқатты және кулак шаруашылықтары шаруалар қожалықтарына есептелген ауыл шаруашылық салығының бүкіл сомасының 33 пайызын төлеуге мәжбүр болды.
Тарихи құжаттарға қарағанда 1925-1926 жылдар Қазақстандағы барлық партия ұйымдары мен советтердің атқару комитеттері арақатынасындағы өзара келісе алмаушылықтың, жиі шиеленістерге ұласып отырғанын байқауға болады.
Коллективтендірудегі Голощекиннің ОГПУ күштеріне сенген әскери режиміне, зорлық-зомбылығына наразы болған қарапайым халықта көтеріліске белсене қатысты.
Адамдарды колхоздарға еріксіз күштеп кіргізу, жалған колхоздар құру жолына түскен жергілікті голощекиншіл, мылтығы шошайған, астындағы жүрдек аттарына дейін елден тартып алынған нәрселермен жабдықталған шолақ белсенділерді естерінен тандырды. Үкіметтің ресми мәліметтерін басшылыққа алатын болсақ, жоғары да шекаралық аудандарда тұратын қазақтың ең көп дегенде 150-160 мыңдай ғана Қытайға көшіп кеткен. Шетелдегі қазақтардың санының көптігін бетке ұстап, оларды түгелдей дерлік коллективтендіру жылдарында өтіп кеткендер ретінде біздің алдымызға көлденең тартып жүргендер баршылық. Сондай-ақ шетелдегі қазақтар санын біздегі коллективтендіру апатынан кейінгі үш онжылдық бойына өсе қоймауы бұл пікірді 1959 жылы Қытайдан небәрі 580 мың, ал Монгнлияда 40 мың ғана, қоса есептегенде 620 мың қазақ өмір сүрген. Коллективтендіру жылдарында қазақтардың Қытай шекарасынан өтуі азамат
3. Құныскерейдің өмірбаяны,ұрпақтары
1928 жылғы байларды тәркілеу, мал –мүлкін тартып алу науқаны жүріп жатқан кезде бұл іске бірінші болып қарсы шыққан өлкенің намысты ұлы Құныскерей болатын. Алдымен Құныскерей кім өзі? Ел ішіндегі қариялардың айтуы бойынша, Құныскерей 1895 жылы қазаргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тайсойған құмында Нөсер қыстағына таяу, яғни осы арадағы Кеңқоқты деген жерде кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Алып тұлғаның аруақты бейнесі қасиетті қаламгер Х.Есенжановтың «Жүнісовтер трагедиясы» романында құйтырқы уақыттың қасаң қалыбына қарамастан «Күшті де мерген, ақылды да адал, өздігінен ешкімге тимеген, ешкімді нақақ өлтірмеген, бірақ аламын дегенін аузы алты қарыс билер мен байлар, аузымен құс тістеген әкім –қаралардан алған, халық жақтап, байлар қолдап, билер демеп, қазірет пен молдалар батагөйі болған, байтақ даланың тентек, тел өскен ерке ұлы, батыры» деп баға беріледі. [Х.Есенжанов «Жүнісовтер трагедиясы»100-102бет]. Әрі қайратты, бір сөзді батыр, ғажап мерген, айтулы атбегі болған және өз заманында көзі ашық сауатты, ақылды адам болған. Сонымен бірге кісіге қайырымды мол, ешкімге қиянаты жоқ, шындықты бетке айтатын адам. Оны осы қасиетіне байланысты ел іші қатты сыйлаған. Елде алғаш коллективтендіру дәуірі кезінде Құныскерей өз ауылының кеңес төрағасы қызметін атқарады. Тегіне келсек, руы Байұлының Ысығы, Ысықтың Тоғызбайы. Елде Назар, Базар, Есназар, Сағын, Түкі атты бес ұлы болған. Тоғызбайды көбіне «Бес Тоғызбай Ысық» деп те атайды. Құныскерей осының Сағынынан тарайды. Сағынан Көпен, одан Жанбасар, Малбасар туады. Жанбасардан Қожахмет, Малбасардан Сәлімгерей, Орынбай өрбиді. Қожахметтен екі ұл, бір қыз болған. Ұлдары Құныскерей және Жәрдем. [Ө.Әлімгереев «Құныскерей» А.2003,7-бет]. Құныскерей тағдыр тәлкегіне сай өмірде екі рет төсек жаңартып, жар сүйген. Оның бірі өзі туған өңірде де, екіншісі елден жырақ, Башқұрт жерінде. Бірінші әйелінің аты–жөні Әсем Досқалиқызы (руы Қорлыбай Түмен ), 1906 жылы туып, 1988 жылы Индерборда баласы Айтмұқанның қолында қайтыс болады. Құныскерей өзі туған жерінде екі ұл, екі қыз көреді. Олар Айтжан, Айтмұхан, Есен , Болат. (Екеуі де қыз). Бірақ соңғы екеуі жастай қайтыс болады, олардан ұрпақ жоқ. Айтжан 1922 жылы дүниеге келген, Ұлы Отан соғысының ардагері, 1948-1949 жылдары түрлі себептермен Қостанай жаққа қоныс аударып, сол өңірде үйлі-баранды болады.Кейіннен кемпірі өліп, бауырынан өрбіген жеті баласымен бірге аталған облыстың Жетіқара ауданы, Мимотин ауылында тұрады. Балаларының бәрі де аяқтанып, үйленген, үбірлі-шүбірлі. Ал екінші ұл-Айтмұхан Сәлімгереев болса 1925 жылы туылған. Ақтөбе, Атырау облыстарының түрлі шаруашылық, өндіріс салаларында еңбек еткен ол қазірде жоғарыда айтылған Индербор поселкесінде тұрады. Жолдасы Рысты. Отбасында жеті бала бар, бәрі де есейген. Үлкен ұлы Серік, екіншісі Берік. Серіктің фамилиясы атасы Құныскерейдің атында. Мүмкін ардақты атаның аты өлмесін деп қойған шығар. Айтмұханды 1927 жылы өз бауырларынан бала көрмеген немере ағасы Сәлімгерей асырап алады. [бұл да сонда 8-бет]. Ұлы Отан соғысы басталар алдында Ойыл мектебінің жетінші сыныбын тәмамдап, еңбек жолын бастайды. Ол Жем бойындағы жаңадан ашылып жатқан кен алаңында, Құлсары мұнай айдау мекемесінде жұмысшы, Қызылқоға ауданы Абай атындағы Кеңшарда автокөлік жүргізуші, 1972 жылы Индербордағы жол жөндеу мекемесінде краншы-машинист қызметін атқарады. 1988 жылыдан құрметті еңбек демалысында, зейнеткер. 1978 Айтмұхан бауырларын іздеп Түркмен ССР–на сапар шегеді. Көкен ауданына барғаннан кейін жоғарыда аталған прокурор ағайыны оған совхозға баруға рұқсат қағазын алып береді. Ол жерде татар шешесі Мәриямен танысады. Олармен қауышып, әкесінің басына тағзым етеді. Айтмұхан Сәлімгереев 2005 жылы дүниеден өтеді. Құныскерей Мәриядан екі қыз көреді оның үлкені Шолпан- 1937 жылы дүниеге келген. Екіншісі-Айман, 1943 жылы туған. Фамилиялары- Жаманова. Айманның бір қызы Құндыз Маңғыстаудың Жетібай станциясында бір қандасымызға тұрмысқа шыққан. Шолпан Ашхабадтан 13 шақырым жердегі Аннау станциясында тұрады.[Ө.Әлімгереев «Құныскерейдің кейінгі тағдыры» 60-бет].
Ал, Құныскерей банды болып жүргенде оның отбасы қандай күйде болды? Банды әкенің зардабын оның ұрпақтары аз тартқан жоқ. Күні – түні үйін қоршау, тексеру, Құныскерей келеді деп күту, шынына келгенде отбасы қоршауда өмір сүрді. Ұлына жазылған жазықсыз жаладан шешесі қайтыс болады. Құныскерей үйінде жатыр деп, үйіне оқ атып , атылған оқтан үйі өртеніп әкесі өледі.
Құныскерейдің отбасын милициялар тұтқынға алып, үлкен ұлы Айтжан мен екі қызын Жаманқаладағы (қазіргі Махамбет селосы)балалар үйіне өткізіп , әйелі Әсемді Саратовқа жер аударады. Екі қызы детдомда аштан өледі. 1930 жылы Әкесі Қожахмет пен шешесі Мақпал ағасы Сәлімгерейді кеңестік милициялар әуелі Қарабау , одан Гурьев түрмесіне екі ай қамайды. 1930 жылдың күзінде Сәлімгерейді екінші рет «бандының тұқымы» деп ұстап Ақтөбе түрмесіне қамайды да, кейін сол жақта атып тастайды. Ал, Айтмұқан Сәлімгереев аты басқа болғандықтан көп зардап шекпейді. Құныскерейдің әйелі Әсемді тұтқынға алу туралы екі түрлі пікір бар. Бір деректе әйелі Әсемді 1933 жылы Гурьев түрмесіне қамап , халық жауының зайыбы ретінде үш жылға Ресейдің Сартауына жер аударды деп жазса ,[ Өтепберген Әлімгереев бұл да сонда], ал , келесі бір деректе Әсем 1933 жылы Саратовтан қара қызметін өтеп келді деп жазады. [Л.Жолдиев «Қызылқоға »газетінде 4.01.1995жыл №26-27]. Атырауға келіп, қазіргі Ескенеде жұмыс істейді де Қоянбай Жексенбаев дегенге тұрмысқа шығады. Балаларын таба алмайды. Ал, Айтмұхан шешесі Ақкерік екеуі Ақтөбенің Ойылына қашады. Сол жерде жыңғыл сатып, әркімнің малын бағып күн көреді. 1946 жылы елге оралады.
Бұл Құныскерей ағамыздың тегімен туыстары, өзі туған өңірдегі отбасы, ұрпақтары жайлы әңгіме.
4 .Құныскерей қалай «банды» атанды?
Шындығында Құныскерей неге банды атанды? Бұл жайлы ел ішінде не дейді? Енді соған тоқталайық.
Тегінде Құныскерей Қожахметовтың кеңестік жаңа саясатқа көндікпей, туған үйінен жырақтау, қар жастанып, мұз төсену, жапанда жалғыз жортқан жолаушы атануының басты себебін құлағы түрік, көне көз қарттар мен қалың халық бір-ақ себепке саяды. Ол ұлттық салт-дәстүрді тәрк етпеу, немесе жолдастық, достық, ағайынды сыйлау, саясат үшін сақалды сатпай, халықтық менталитетпен күн кешу.
Сонымен сары даланың салтын сақтаған асыл ер-Құныскерей неге банды атанды?
Асылы Құныскерей әу бастан әңгіме айтса асып емес, нысананы басып айтатын, ауыл –аймағына беделді, еті тірі, ортасында орны бар сыйлы жан болса керек. Сол беделдің арқасында елде өкімет орнап, ауылдық, болыстық кеңес құрыла бастағанда Құныскерей өз ауылының кеңес төрағасы қызметін атқарады. Төрағаға тапсырылған іс көп. Ең негізгі міндеттердің бірі–үй басына төрт теңге салық пен біраз мөлшердегі тортасынан айырған сары май жинау. Жиналған салық Құныскерейлер ауылының территориялық жағынан бағыныстағы орталық –Князь- қазіргі Калмыков селосындағы базаға тапсырылуы керек. Әрине, аталған майдың дені жаздың ми қайнатқан ыстығында жиналады. Соған сай оны иістендірмей, бүлдірмей және төкпей – шашпай діттеген жерге тапсыру оңай жұмыс емес еді. Ал егер әлгі тапсырма орындалмаса әр қойдың үш теңге тұратын сол кезең де үй иелерін кеңес өкіметіне қарсы деп танып, заңға тартады, соттайды, немесе алдындағы сауын сиырын алады. Бұл жалпыға ортақ тәртіп, одан байың да , болысың да құтыла алмайды. Бірақ бұын –соңды басқа салық түрін көрсе де мынадай май салығын естімеген Тайсойғанда шөлмектеп май жинау тым ерсілеу екен. Сонда да болса Құныскерей жаңа заман қызметімен қиын талабын қалың елге дұрыс түсіндіріп, жинай бастайды. Мезгіл-мезгіл аудан, облыстан(болыс,уезд) шыққан ГПУ – дің өкілі 7-8 нөкерімен салық жинау барысын тексеріп, елге шығатын көрінеді. Шаш ал десе бас алуға әзір шабарман кейбір адамдардың салық турасындағы кері сөйлеген сөздерін көтере алмай «Бұның бәрі сенің дұрыс түсінік жүргізбегенің, дәлелдеп айтса төрағаның пікірі, яғни өзіңнен бастап кеңес өкіметі, оның саясатына қарсысыңдар. Мен сені тегін қоймаймын, соттаймын» деп Құныскерейге ұрысып - жекіп, тіпті қамшы да көтереді.
Бейтаныс қоғамның біртоға дөкір заңы емес, Ұлы Даланың ұлттық сенімін ғана жоғары қойған Құныскерей өз – өзіне: «Қамшы ойнатып, жанынан ащы тер шығарған жосықсыз заңын жанымның садағасы, өйткені өкіметіңе болайын, бұлдағаның қызметің бе, қайтып ал» деп серт байлап жүргенде тағы бір қырсық шалады.
Ауыл –аймағында күллі Қызылқоғаның көзін ашқан Кермеқас және Қаракөл қызыл мектептері бар Құныскерейдің әліпті таяқ деп өсуі мүмкін емес. Өйткені өмірден өткен, сол аптал азаматтың көзін көрген жандардың қай-қайсысы да оны сауатты, зерек, ақылды адам еді дейді. Білігімен пайымы мол Құныскерей әуелгіде ауыл ағаманы, одан ауылдық кеңес төрағасы қызметтерін атқарды. Ол кезде аудан орталығы Тайпақта, бірақ жергілікті жердегі қолда бар ақпарат, мәліметтің бәрін (Майдан басқа) Князьға емес, өз іргелеріндегі көне Қызылқоғаға тапсыратынға ұқсайды. Ал төрағаның бар құжаты, мөрі өзімен бірге киіз дорбасында жүреді. Орта жолда жолаушылардың түстеніп, қона жатар қонақ үйі бар. Жергілікті халық оларды пәтерші дейді. Пәтер иесі Сәлмен деген мосқал адам.
Кезекті ақпар берудің бірінде Құныскерей Сәлмен пәтерші ауылына кештетіп жетеді. Күздің мезгілі. Аулада суытып қойған қаңтарулы атты көріп, оның бұл өңірдің көлігіне ұқсамайтын және тым алыстан суыт жүріп келгеніне қарап, шамасы Қаратөбе жақтан із тастап жүрген Олжабай «тентек»-сен болмасаң нетті деп ойлады.
Үйге кірсе бәрі де қалың ұйқы құшағында. Құныскерейде үстіне жадағайын жамылып жата кетеді. Бірақ көп кешікпей тыстан ат тұяғының дүбірі адамдардың дауысы естіледі. Абыр –сабыр дауыстан шошып оянған әлгі жігіт жанына өзіне оңтайлы жерге қойған мылтығын ала сала есікке ұмтылады. Ұйықтап үлгермеген Құныскерей жігіттің иығынан басып «Әй, бала , жата бер, жаның екеу болмаса босқа оққа ұшасың! Бірақ кідірмей қараңды батыр!» дейді де өзі тысқа беттейді. Құныскерей аула айналса он бес шақты милиция үйді қоршап алыпты. Біреуі өктем дауыстап, үн қатады
-Әй , жөніңді айт, кімсің?
-Кімді жоғалтып ең .Менмін. -Менің кім? -Құныскереймін. Қаракөл болысы, совет төрағасымын.
-Ойбай, таң атқалы жау деп жалғыз аттыны қуып жүрсек, өзіміздің совет қой.
-Өтірік айтады, жасырып тұр,- дейді тағы бірі.
Осы кезде үйден шауып шыққан Олжабай әлгіге қарап оқты төгіп кеп жібергені. Оқ шыққан жаққа олар да қарумен үн қатты. Он бес қарулыға қарсы бір адамның үні шыға ма, сол бойда жан тапсырды. Құныскерей әлгі жас жігіттің өлгеніне өкінеді. Өзі болса оқ ұшында жүрген жау жүрек жігітті қорғаштап , ел асырып жіберуді ойлаған-ды.
НКВД-қызметкерлерінің бұрыннан көз қиығында жүрген Құныскерейдің «банды» атануына осы оқиға өкімет жауымен бір үйде қонып –жатуының өзі де себеп болдау деп ойлайтындар да бар. Құныскерей бұдан әрі құжат толы киіз дорбасы мен пенделік «печатын» ұзақ ұстамай тиісті жеріне өз қолымен апарып тапсырады.
Тағы бір дерек, Қызылқоғалық Хасан Жақыпқалиұлының айтуынша Құныскерей өткен ғасырдың 20-шы жылдары ауылдық кеңестің төрағасы болғанға дейін, сол төңіректегі басқару ретінде түзесе отызыншы ауылдың ағаманы (старшинасы), соған сай анау-мынау анықтамаға қол қойып, мөр соғатын тым –тәуір құзырлы мұмкіндігі де болса керек. Одан кезек Кеңес өкіметіне ауысқанда да қолында өңі өзгерген басқа мөр жүрген. Бірақ беделі жоғары, басқару, ұйымдастыру қабілеті баршылық.
Өкінішке орай «ел болғасын бір тентек жүрмей ме?» дегендей, сол кездің өзінде елде адалдың малы, аштың алдындағы дәнін қағып кетер ұрылар құр болмаған. Әсіресе ондайлар күллі қазақ даласын аштық жайлаған 1920-1922 жылдары тіптен күшейе түседі. Бірде елге танылған Жамал, Дәмеш, Еркін деген үш ұры айдалада жалғыз отырған Хасан дегеннің үйіне кеп мал сұрап, «Егер болмайтын болса, әкелеріңді атып кетеміз» деп балаларын қорқытса керек. Сол кезде әдеттегідей көп балалы қазекеңнің бір ұлы ептеп сытылып кетіп, ескі Қызылқоғадағы ГПУ –ге болған жәйді хабарлайды. Дәл осы сәтте әлгі үйге көктен түскендей қасында хатшысы бар Құныскерей совет те келе қалады. Оны көргенде әлгі үш ұрының үні өшіп, қалтырап, дірілдеп кетеді. Сол арада хабар жеткен гпушіктерден де қара көрінеді. Екі ортада атыс басталады. Бірақ араға тағы да Құныскерей түсіп, әлгі ұрылардың шаңы да көрінбей кетеді. Ақыры гпушіктер жер сипап, аттарын бостан –бос арам тер жасайды. Сөйтіп, бұл жолы да Құныскерейге «Совет төрағасы бандыларды қоштады, ұрыларды қашырып жіберді» деген айып тағылады.
Ушыққан жараның бетін одан бетер қызыл шақаландырып, күшейте түскен соңғы оқиға-мына бір кездесуге ұқсайды.
Ол осы күнге дейін біреулердің Орда жақта тұратын құдасы, екіншілері құрдасы, тағы бір аз-мұз ұрлыққа үйір танысы деп бағалайтын Ерғалидың ылаңы. Қалай десек те Құныскерей Ерғалимен ертеден таныс. Тіпті бір қыс Орал жақтың алып- қашты әңгімесінен бой тасалаған Е.Аязбаев орталықтан жырақтағы осы Құныскерей ауылын паналапты деген де әңгіме бар. Енді, міне, 1922 жылдың күзінде, яғни Құныскерейдің құдайдай сеніп, белсене қызмет істеп жүрген кеңес өкіметінің белсенділері бұған ауыз бұртитып, әңгір таяқ ойнатқан тұсында тағы келеді. Мұнда да солай-Ерғали соңына түскен қызылдар өкшелеп қояр емес, қайда барса «ұры», «өкімет жауы»дегенді алға тартады. Мүмкіндік болса тағы бір қыс араларында боп, құм арасына жасырына тұрайынға сайиды. Бірақ бұл өтінішке жергілікті Кеңес басшысы (Құныскерей) көнбейді. Айтар уәжі –жаңа заман тәртібі қатты. Оның үстіне өзі де ГПУ-дің көзіне түсіп, уәкілдермен де дәм-тұзы жараспай жүр. Сондықтан ендігі күніңді Тайсойған –Бүйрек бойы емес, басқа тұстан іздегенің абзал. Мейлі, Нарының, болмаса Қаратөбе, әйтеуір Тайсойғанның бойы емес деген еді. Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданы Базаршолан ауылында тұрған Ұсағалиева Ораз Қабжанқызы (1912-1996) былайша әңгімелеуші еді: «Мен оның ірі денелі, қарасұр кісі екендігін білетінмін. Астындағы сұлу аты үстіндегі ықшам, келісті киімімен жарасым тауып, сырт адамға сүйіспеншілік сезімін туғызатын. Жалпы ел ішінде Құныскерей туралы бөтен ой жоқ, жүрек төрінде тек сағыныш, ризалық қана жататын».
Қаратөбелік қаламгер Қайыржан Хасанов өзінің «Тағдыры қызық адам»деген деректі әңгімесінде Құныскерей ауыл Совет төрағасы болғанда үйіне бөкейлік құрдасы Аязбаев Ерғали келіп, қонақ болады. Қуғын көрген, атыста жаралы болған. Сол қашқын бандыны ұстауға Қызылқоға аудандық милиция бастығы Ырза, болыстық атқару комитетінің төрағасы ұстап, байлап беруін талап етеді. Құныскерей оларға «Қазақ баласы қонағы үйінде отырғанда ешқашан да жауына ұстап бермеген, ол дегендерің болмас, менің үйімнен кетіп, екі қыр асқан соң ұстаңдар»деген. Олар үйді қамай келіп, ішке кіруге ұмтылады. Құныскерей олардың алдын кесіп, мылтығын шапшаң алып, әуелі Зиманды жарақаттап, Ырзаны атып өлтіреді. Бірақ әуелден ел ішінде сұр мерген атанған Құныскерейдің осы жолы Зиманды өлтіруге қолы мүлт кеткен ештеңесі жоқ, қайта «Зиман, бір жылдың төлі едік, осы ретте жаныңды қидым, екіші рет жолығыссаң әңгіме басқа»деген ескертумен ғана оқ шығындайды. Бұдан әрі Құныскерейге «Банды, қашқынды ұстауға көмектеспеді, адам өлтірді»деген айып тағылып, қамауға алуға үкім шығарылады. Бірақ қонақ сыйлап, дәстүр сақтағаны үшін тор көздің ар жағында,тар қуыста отырар Құныскерей ме, «Қалған тірлікті құдай жазған маңдайдан көріп алдым»,деп атқа қонып,туған үйден безінеді.[Қ.Хасанов «Қос батырдың хикаясы»А.2000,32-бет].
Тап осы деректі жазушы Хамза Есенжанов өзінің «Жүнісовтер трагедиясы» романында да келтіреді. Сондықтан оны ең дұрыс негіз дей аламыз.
5. Құныскерей саяси қуғын - сүргіннің құрбаны
Құныскерей басшылықтан безінсе де қарапайым халыққа ылаң болып тиген жоқ. Қызылдарға да қырын қарағаны болмаса, өздігінен жұғыспаған. Әйтсе де сол кездегі елдегі алып-қашпа өтірік әңгіме Құныскерейдің тағдырын тіптен қиындатты. 1928 жылы байларды тәркілеу, мал-мүлкін ортаға алу науқаны жүріп жатқан кезде бұл іске бірінші болып қарсы шыққандардың бірі - Құныскерей болатын. Сол үшін ол тағы да жылы төсегінен безініп, туған үйі, отбасынан жырақтады. Оның бұл қылығын өз мақсатына пайдаланған елдегі кейбір теріс ойлы ұры - қарылар «Біз Құныскерей бандының тобынанбыз» деп, ауылдағы жалғыз – жарым адамдардың малдарын ұрлап, қаруларын тартып алуды әдетке айналдырады. Мұны тәртіп сақшыларымен бірге Құныскерейдің өзі де естіп, біразына тию салады. Құныскерей атына байланысты қара күйенің көптігінен бе, әлде тағдыр талайының өзі солай ма, әйтеуір сол жылы құқық қорғау органдарының бар назары Құныскерейге ауып , қалайда ұстау, қамау бағытында болды. Ізге түсіп, үйін тінту, ағайын туыстарын қысып, қоқан –лоқы жасау, түрмеге қамау, жауаптау күшейді. 1922 жылы жаңа өкімет белсенділерімен Құныскерей арасындағы кейкілжіңнен соң Құныскерей атқа қонып, қолына мылтық алып, бірақ елге тиіп, есерлік танытпай, тек тәртіп сақшыларынан бой тасалап жырақ жүрді. Дегенмен Құныскерей қанша «банды» атанып, соңынан сандаған қуғын түссе де туған үй, таныс топырақтан ұзай алмай Тайсойғанның төрт құбыласын паналап, кіндік кескен Кеңқоқтыда көп жүреді. Бірақ жапандағы жалғыз жолаушыны қолға түсіре алмаған қуғыншылардың да тауы қайтпайды. Мезгіл- мезгіл ұмыттырып барып, кейде түнделетіп болса да Қожахмет қыстағын бір аралап кету олардың қашанғы міндеттері болып саналатын. Айсыз қараңғы түнде, ата қоныстағы Кеңқоқтысын артқа тастап, «Жапалақтың жалтыры» деп аталатын аталастар ауылына бет алған Құныскерей жорытып келе жатса, алдынан өзін іздеген он бес милиция ұшыраса кетеді. Қатар тұрып атысса, мына он бесінің жан шыдатар түрі жоқ. Әуелгіде аз–мұз оқ шығарып , дыбыстаған Құныскерей тіл білетін атын серейген күйі сұлатып, үстіндегі түйе жүн күпісін бір бұтаға іледі өзі алысырақтағы тағы бір бұтаның түбіне бой тасалайды Аңдығаны адам емес, құны жоқ жаудың өзі деп түсінген милицияларда жүрек бар ма, әлгі қарайғанды Құныскерей деп танып, қалың оқтың астына алады. Әп дегенмен үнсіз қалған «жауын» өлдіге санап, жақындауға жүрексініп, таңертең қайтіп келеміз деп сол маңдағы ауылға көз шырымын ап, ертесіне қайтып келсе, ақ тікен басында оқ тесіп, пәрше - пәршесі шыққан түйе жүн күпіден басқа ештеңе жоқ. Ізге түссе келесі бұта түбінде бой тасалап отырған Құныскерей қай уақытта кеткені белгісіз, із түссіз тайып тұрыпты. Сөйтіп өлі дененің басын кесіп алып, НКВД бастығынан сүйінші сұраймыз деп күпінген қызыл жағалылар тағы да сан соғып қала барады. [Т.Қосшиев әңгімесінен]. Арада бірнеше ай салып Құныскерей әке - шеше отбасымен қауышады. Құныскерей шай үстінде әкесіне жаз бойы осы шағылды паналайтынын айтады. Мені енді тура ажалдан басқа ешкім ұстай алмас бір, басымда бірнеше адамның қаны бар,қолға түссем олар мені кешпес те. Анда-санда ебін тауып келіп тұрармын дейді. «Құныскерей құмда жүр, үйіне қонып кетіпті» деген хабар Қызылқоға милиция бастығының құлағына тиеді. Бұл 1930 жылдың сәуір айы болса керек. Біраз милиция Құныскерей бастаған топтың соңына түсіп, Ақкөл деген жерде қызыл жағалармен үлкен атыс болып, Құныскерей қашып құтылады. Құныскерей сол жорытқаннан біраз жортып, Сағыздан әрі асып барып, аттың басын тежейді. «Қош бол , туған жер,қош бол әке-шеше,әйел бала,қош болыңдар бәрің де. Тентек ұлыңа өзіңде орын қалмады. Енді қайтіп сендерді көруге тәңірім маған жазбаған болар»деді Құныскерей.Әкесінің өліміне келетін болсақ, әкесі Қожахмет қыстауындағы пәтерін жөндеуге барады. Құныскерейдің соңына түскен сұр шинельділер совет жауын ұстаймыз деп Қожахметтің артынан қуып келеді. Ондағы ой-қария қыстауға жайдан-жай келген жоқ. Құныскерей осында, баласымен көрісіп кетуге келеді, не тамақ әкеледі деп үйді қоршап алады да мылтық атады. Бірақ олар ойлағандай шыға қоятын қария, болмаса «банды»жоқ.Ақыры үй-жайды өртейді.Осы кезде түтіннің астымен қашып бара жатырған қартты Құныскерей екен деп атып түсіреді. Бірақ жазықсыз жан өлді екен деп өкініш білдіріп жатпайды. Мәйітті шым ауланың түбіне қалдырып, ауылдастарына екі-үш күнге дейін жерлеуге рұқсат бермейді. Ондағы ой-әке мүрдесін жерлеуге Құныскерей келеді. Сол кезде аула айналасына тығылып жатқан милиция қызметкерлері көптен күткен жауларын ұстайды-мыс. 1922 жылдан басталған қызыл жағалылармен егес 1928 тәркілеу қайта ушығып, арада екі жыл өткенде тіптен өршіді. Ағайын-туыстарының соңына шам алып түскен қуғыншылар қалайда Құныскерейді бұл фәнимен қоштастыруға жұмыс істеді. Бірақ, елге зияны жоқ Құныскерейді отряд қанша қуса да ұстай алмайды. Мұны жақсы түсінген Құнекең туған жер-алтын бесік деп Тайсойғанның қырымен ойына қанша тығылса да тіміскілеген дұшпандар ізін бағып, қайта-қайта мазасын ала берді. Тіпті Тайпақ асып, Қалдығайты,Жымпиты бойына да бой тасалады, іргелес Қаратөбедегі Жарлы өзені бойындағы бұл күнде «Құныскерей үнгірі»деп аталатын атты кісі сиып кетер үңгірге де біраз паналады. Ойыл, Жем бойында болып, өзімен тағдырлас Нарынның Аманғалиы, Адайдың Тоқабай – Құрмашымен де кездесіп ой бөлісті. Бірақ қасына ертіп, түн жамылып , түзде жорытқан ештеңесі жоқ. Артына сөз ілесіп «Әлдекімдердің мал – дүниесін Құныскерей және оның серіктестері тонап, тартып алып кетіпті » деген хабардан соң – ақ ол әуелден жанында жүрген қанды көйлек туыс – дос, ниеттестерімен де қош айтысып , жалғыз жүрді. Сөйтсе де оның бәрі уақытша, алдамшы тірлік , күндікке бой тасалап , жан бағу еді. Тіпті бірде Божбанның Ысқағы деген ел сыйлаған қарияның үйінде отырып,«Тілеулестеріме тыныш өмір емес, тынымсыз көңіл, өлім сыйлап жүрген бұл қу тірліктен не пайда?! Туған түтін емес, бүтін ел боп мен үшін жапа шегіп отыр. Керек болса, мен соңғы екі –үш айдың ішінде жанымды үш рет саудаға салуым керек еді. Бірақ үшеуінде де ортаға түсіп, арашасы бола алмадым. Оның бірі- бас көтерген және үміт артқан үлкені – менің мына тірлігіме құса болып шешем өлгенде жаназасына бара алмадым. Екінші – әкем өртеніп , оққа ұшқанда басы –қасында оққағары бола алмауым. Үшіншісі – әйел – балам, ағайын, ата –анамды мен үшін ат артына өңгеріп, жауаптап, қараңғы үйге қамап жатқанда арашашы болып, алып қала алмауым. Өйткен жанды шүберекке түйіп, бұдан былай ұстап жүрудің де еш қажеті жоқ сияқты. Ендеше мен Тайсойған үшін күйсеуін біліп , күндікке жан баққан жетім қозымын. Соған сай ауылымды аулақ қондырып, елден жырақтасам деп отырмын. Аға , батаңды бер, өмір, болса көрерміз. Дәм таусылса,сірә да жоқпыз ғой» дегенекен.[Ө.Әлімгереев «Құныскерей»А,2003,85-86-бет].
Бұдан әрі ол әуелде өзімен бірге жортып, қағынан безген қанды көйлек серіктері – туған інісі Жәрдем мен Шеркеш Жәрдемді тауып алып, болашақта елде қалып, жаңа заман тәртібімен тып – тыныш өмір сүрудің еш мүмкіндігі жоқтығын, халыққа қан түкіретіндей зиян келтірмесе де , үкімет алдында «банды» атанғандығы,егер құптаса үшеуінің шекара асып, шет жерге кететіндігі , келіспеген жағдайда өзінің қара үзетіндігін айтады. Бірақ бұл ұсынысқа өз інісі Жәрдем келісім бермейді. Уәжі – бұдан былай үшеуінің топтанып жүруі , бейсеует жанның, тіпті шет жердегілердің қай –қайсысына да күдік тудырады. Ақыры – бір оқтың ұшында бәрі бірдей жан – тәсілім боп, өмірден қош айтысады. Ал жалғыз – жарым болса, бірі болмаса екіншісі аман қалады. Оның үстіне өзі (Жәрдем) ауру, аттың үсті, ұзақ жүріске шыдай алар түрі жоқ. «Өмірімде мылтық та атып көрмеген жанмын . Асылы ауылда қалып , тағдыр сыйын өзім – ақ күтіп алайыншы » десе керек. Екіншісі Шеркеш Жәрдем де бұл ұсынысты қуаттап, өз жайымен бөлек кетеді. Ол біраз уақыт елде болады. Ақшат-Ақтау бойындағы, кезінде Құныскерей паналаған үңгірде бой тасалайды. Ақыры бұл тірлік те жалықтырып, тыныштық іздеу ниетінде қызылдар қолына өз еркімен беріледі. Әрине, әуелден қолға түсіре алмай, тісін қайрап жүрген жазалау орнының көктен сұрағаны жерден келіп , Жәрдемді біраз әурелейді . Әуелі абақтыға жауып, одан Тайсойған, Бүйрек бойын түгел аралатып, оншақты жылда не істеп, не қойғанын мойындатады. Істерін актілеп, қаттайды. Артынан Гурьев түрмесіне қайта қамап, ертең халық жауы ретінде атылады дегенде ол аталған жерден қашып шығады да елдегі әкесін, бала –шағасын ілестіріп, Қарақалпақ еліне өтіп кетеді. (Ол 1944 жылы 12 күн ауырып қайтыс болады). Ал,Құныскерей болса Мұғаджар арқылы Башқұртстан - Уфа жағына өтіп осында 1929-1930 аштық жылдары елден үдере көшкен біраз ағайындарын тауып, 2-3 жыл бой тасалайды. Бұрынғыдай қашып – пысып өмір сүрмей қала шетіндегі теміржол станцияларының біріне қарасты асханада жұмысшы болып жүреді. Асханада жүріп Құныскерей аспаз үріп ауызға салар татар қызы Мәриямен танысып, көңіл қосып отау тігеді. 1933 жылдың күзінде, туған жері Кеңқоқтыдағы әке – шеше зираты басына екінші рет келіп, тәу еткен Құнекең кіндік кесіп, кір жуған өңірімен мәңгілікке қоштасып, Уфасына қайта барады да құдай қосқан Мәриясын ілестіріп ап, із тастап Қарақалпақстан асады. Онда да өсек – аяң белең бергенде бір түнде күнгейдегі Кушка жеріне қоныс аударады. Түркімен ССР-нің Мары облысының Кушкен ауданының бір колхозына 1936 жылы тұрақтайды. Бұл Қарақұм құмының Ауғанстанмен шекаралас жері. Онда ол колхозда ұста болып еңбек етеді. Соғыс уақыты басталған кезде елде қалады. Сол жылы колхоз сиырлары қотыр болып, оны ауылда көрген қазақ тәсілі арқылы емдеп жазады. Қойдың тезегін айнала қалап, жанынан тесіп қояды. Содан аққан қи майын қотыр сиырларға жағады. Еңбекқор, түсі сұсты қайратты кісіні колхоз төрағалыққа сайлайды. Ұзақ жыл сол колхозды басқарып кейін әртүрлі жұмыстар атқарады. Ол Түркімен жерінде өз аты-жөнін өзгертіп «Әбілқайыр Жаманов»деп аталып кетеді. Құныскерей туралы нақты дерек тек өткен ғасырдың 70жылдарының соңғы ширегінде елде «Құныскерей Түркімения жақта өмір сүріпті. Бала-шағасы бар екен, соңғы әйелі де тірі екен» деген әңгіме шыға бастайды. Оған себеп Қадыр Нұржанов көп жылдар Қызылқоға ауданында, одан кейін Индер ауданында прокурор қызметін атқарады. Ол осы Тайсойғанда туып өскен, руы Тоғызбай, оның Сағыны, яғни Құныскерейдің аталас ағайыны. 1976 жылы Трускавец курортына демалуға барады. Оңаша бөлме, артық адам басы жоқ, бар-жоғы екі төсек. Оның бірінде Қадыр болса, екіншісінде түркімендік бейтаныс заңгер. Бой-сойы, жасы да өзі құралыптас, әрі әріптес екен. Әдеттегі заңгер сынды бұл да артық әңгімеге жоқ, бірақ алғашқы таныстықтан соң-ақ Қазақстаннан, тіпті Гурьевтен екенін біліп, әлде бір әңгімені айтарын-айтпасын білмей біраз отырды. Содан соң барып, есіне әлде не түскендей «Сол Гурьевіңде Тайсойған деген жер, Тоғызбай деген ел(ру)бар ма?»-деп сұрайды Қадекең де қарап қалмай «Бар, мына мен Тоғызбай, нағыз Тайсойғанның өзіненмін»демей ме?!
-Құныскерей дегенді естуің бар ма?
-Естімегенде ше, ол менің ағайыным. Аталас жан. Қадекең бұдан әрі «Бұл түркмен Құнекеңді қайдан біледі, неде болса бір гәп бар ғой»деп тағы қарсы сұрақ қояды.
-Құныскерейді қайдан білесіз?
-Білемін. Керек десең ... жақсы білемін. Ол осыны айтты да, біраз уақыт үнсіз қалды. Ақыры сөз бастайды. Ендеше мен саған сол бір ағайының жөнінде қызық әңгіме айтайын. Әуелі зейін қойып тыңдап ал, содан кейін ғана сұрақ болса қоярсың, -дейді түркімендік әріптес.
-Е, бопты, оған да көндік, тек жөнін айтсаңыз жарады -Әлгінде өзің естігендей мен Түркменияда тұрамын. Оның Мары облысы. Әйелім татар, бірақ Қазандікі емес, Уфаның татары. Сол Марыда менің көптен білетін ескі танысым – Әбілқайыр Жаманов деген тұрады. Руы-Байұлы, оның Шеркеші. Кейде оны елдегілер Елемес, Андрей, Әндір, деп те атайды. Оның да әйгілі Уфаның татары болатын, аты Мәрия. Уақыт өте келе екеуміз бажа боп, бір-бірімізді жақын тұтып, ағайындай болып сыйласып кеттік. Кейде ұзақ отырып, сырласып та қоятынбыз. 1964 жылы сол Елемес қатты ауырып, мені бақиласуға шақырыпты. Бірақ қапелімде өле қоятындай ауру емес сияқты. Сонда да болса, қой сойып, қонақ етіп, кетерімде «Бауырым, қалай десең олай де, осы ауру түбінде мені алмай қоймайтыны сыңайда. Сондықтан әзірге бойымда қуат, өзімде ес барда саған бір әңгімені айтсам ба деп отырмын. Оны өтініш дейсің бе, әлде өсиет, болмаса аманат па, өзің біл. Бірақ орындайтын болсаң ғана айтамын, ал егер алда –жалда орындай алмасаң, бірден айт, басыңды қатырмаймын!»дегені. Өзін білгелі айтып отырған бір өтініші және әуелден сыйлас боп, артық сөзге келмеген ақыл–есті ағам болғандықтан еш бұлтақсыз «Орындаймын!»дедім. Ол кісі бұдан әрі біраз ойланып отырды да «Мен сендер атап жүргендей бұл өмірдегі Жаманов Елемес те, болмаса Әбілқайыр, Андрей де емеспін, әуелде азан шақырып қойған атым-Құныскерей, Фамилиям-Қожахметов. Туған жерім-Қазақстандағы Гурьев облысы, Қызылқоға ауданы . Оның Тайсойған құмы. Руым- Ысық, Ысықтың Тоғызбайы, Сағын бөлімі. Әуелден халқымыздың достық, жолдастықты сыйлау, арсыздықты емес, адамшылықты жоғары қою деген адал қасиетін қадір тұтам деп желкеме тақап тұрған жалаң қылышты қағып тастап , елден безген, «Еркек тоқты - құрбандық» атандым. Сол бір тік мінез қалпыммен қоғамды ұжымдастыру ісіне де қарсы шықтым. Онымды кеңестің жандайшап , тікбақайлары көре алмады. Ақыры ауылдан, алқалы ел , құйқалы белімнен бездім. Жылы төсек, ақ тілек–әйел, мұрагер– балаларымнан да қол үздім. Мүмкін дәмдері таусылмаса осы күні бір жерде жүрген де шығар. Егер жолың түсіп, ыңғайы келіп жатса–менің бұл хабарымды елге, туған жұртыма жеткізерсің. Өліп жатсам-алысқа сүйреп, денемді итжемеде қалдырма, осы отыз жылдай тер төгіп, еңбек еткен ауылым «Саражданың» жанындағы «Кіші Әулие» қорымына қоясыңдар. Құдай алдындағы адалдығым болсын-жаназамды азан шақырып қойған атым–Құныскерей Қожахметов деп шығарып, құлыптасыма «Жаманов Әбілқайыр» деп жаздыртарсың. Өйткені бұл өңірдің бәрі, тіпті туған әйелім, балаларым да мені Құныскерей емес Әбілқайыр деп біледі ғой.
Даладан келдім, мені құртқан осы үкімет деп әлдекімге кек сақтап, бұртиып қалған мен жоқ, қайта қалған өмірімде қоғамға адал қызмет етейін, қателігім болса ақтайын деп жаңа қоғамның гүлденуі үшін жанымды беріп, бар күш қуатымды салдым. Құдайға шүкір , абыройсыз болған жоқпыз , қой бақтым, ұста болдым, ұжымшар басқармасының төрағасы, кеңшар директорының орынбасары, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қарап қалмай егін салдым, басқа да қызметтер атқардым. Соның бәрін білетін жандар болса, жанымнан өтіп бара жатып , атымды көрсе, басыма бір шөкім топырақ салып, құран оқыр»,-дегені . Құныскерей содан кейін көп кешікпей 1965 жылы 25 қаңтарда қайтыс болады. Қызы Айманның естелігі: «Әкем өлерінің алдында «осыдан аман –есен бас көтерсем, алдағы жазда екі қызым, кемпірімді алып қалайда Тайсойғаныма барамын. Кеңқоқтымды аралап, ақ құмына аунаймын. Жусанын иіскеп, Жарыпшыққанның суына түсемін. Содан соң ататын жеріне өзім барамын» деуші еді. Бірақ оған тағдыр жазбады ғой» деп. Иә, сөйтіп нағыз ерлердің соңғы тұяғы да дүниеден өтті. Жәй өткен жоқ, туған жерге деген адами сағыныштан жарылып өлді. Беу, дүние-ай десеңізші.
Түркімен таптырмайды сағалауға,
Кер атпен жол шықпадым аралауға.
Сәлем айт, Бүйрек құм мен Тайсойғанға,
Салем айт, Қаракөл мен Қарабауға!.
Бұл Құныскерейдің елге аманаты, жүрек жарған сағынышы. Оны Атырау облыстық Нұрмұхан Жантөрин филармонияның әншісі Елемес Мағазов өзіндік әуенімен орындайды. Шығандап көтеріледі, шымырлап құйылады. Тегінде сағыныш деген сол. Ол адуынды теңіз, аласапыран дауыл, құйып өткен нөсер. Сайып келгенде Құныскерей де бұл фәнидің сондай пендесі, аса бір бөлек жаратылған жалғасы еді ғой.
Міне, Құныскерей жөнінде ел қарттары осылай дейді. Сол бір отызыншы жылдардың өзінде ресми орындар Құныскерей атына «банды» деген атауды қосып жазды. Бірақ Құныскерейдің өзі айтқандай «Мен осы қалпымда мойнымда әлде бір адал жандардың қаны кетпесін, өле кетсем де құдайымның алдында арым адал болсын деп, ылғи да не істесем де өлімнен қашып, өз жанымды сақтау амалымен жүрдім. Әйтсе де менің бұл амалымды біреу білсе, екіншілері білмейді» деп ағынан жарылады екен. Мүмкін де, ол сәт сайын ажалмен арпалыса жүріп, тірлігінің қадірін жоғары қойды.
Мыңмен жалғыз алысып, бандылық емес, басының амандығына бола күй кешті, өлімнен қашты, бірақ өлімнен қорыққан жоқ, қайта онымен арпалысып, ылғи да биікке шықты, жеңіп отырды. Бір сөзбен айтсақ нағыз ажалды жеңген адам Құныскерей.
Құныскерей банды боп, жарлыны жылатып, байды қақсатып, алдындағы малын, маңдайындағы бағын тартып алған ештеңесі жоқ. Алса түсіндіріп, тек қана кісілігімен, келісіммен алды. Құныскерей құйтырқы саясатқа, қырғи қабақ адамдардың іс –қимылдарына қарсы болды. Сүттей ұйыған елді бықпырт тигендей аздырып, адамын ала көз, малын ортақшыл, дүниесін тәрік, санасын сасық, пиғылын пасық қылғанына наразылық білдірді. Оны жаңа толқын саясат түсінбесе де қаймағы бұзылмаған қайран ел, ұлтжанды Ұлы Даланың тамырлы, танымды ұлдары терең түсінді. Жүрдек уақыт бәрін де сүртеді, ұмыттырады. Бірақ туған халқының азаттығы мен теңдігі үшін елден безіп, теперіш таяғын жеген Құныскерейлер ұмытылуы мүмкін емес-ау!
Қорытынды
Ғылыми жұмыс XX ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанның әлеуметтік және саяси құбылыстары мен Кеңес өкіметінің кейбір саясаттарына қарсы бағытталған Құныскерейдің өмірі мен қызметі туралы кеңінен қамтылады. 20-шы жылдардағы Қазақстанның әлеуметтік жағдайы мен қазақ шаруаларының мал – мүлкін тәркілеу және қуғын – сүргін саясатына арналады. Қазақстанның басынан өткеріп отырған қиындықтары XX ғасырдың 20-шы 30-шы жылдарынан басталады. 20-шы жылдың басында Қазақстанның экономикасы өте ауыр жағдайда болды. Өйткені үлкен адам шығыны мен арты ашаршылыққа ұшыраған 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс, мал шығынына ұшыратқан Азамат соғысын айтпасқа болмас. 1920жылы елді индустрияландыру, күшпен ұжымдастыру, байлардың малын тәркілеу сияқты шаралар жүргізді. Осындай Кеңес өкіметінің келеңсіз жағдайларына алғаш қарсы болып шыққандардың бірі Құныскерей болатын. Осы қылығы үшін тағыда Кеңес өкіметіне жақпай «банды» халық жауына айналады.«Банды» деп жүргендер әкімдер.Ел оны«банды»деп білмейді. Құныскерей банды болып тумаған, кісі қанына құмар да емес. Ауыл-аймақтан алыстатқан жаңа заманның тәртібі. Оның жазығы Кеңес өкіметінің жауына, өзінің қанды көйлек досына араша түскені. Сол қапыда көз жұмған досы үшін бұл жаңа қоғаммен жаңа адамдармен жау болды.
Құныскерей алды-жар, арты –құз тағдыр иесі. Оның өмір дәуірі дүрбелеңге толы күрделі кезең болды. Мұндай аумалы төкпелі заманда талайлардың қателескені, талайлардың талқан болғаны белгілі. Құныскерей сондай жандардың бірі деп есептеймін. Егер қол бастап, жауға шапқанда ол да дала батырының бірі болар ма еді, кім білсін!? Бірақ ол жаңа қоғамға қарсы тұрды, мыңмен жалғыз алысты. Ұзын сөздің қысқасы, ақыры туған жерін, бала-шағасын тастап туған елден безінуге тура келді деп сөзімді аяқтаймын.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ө.Әлімгереев «Құныскерей» А.2003ж
2. Л. Жолдиев «Қызылқоға» газеті 1995ж.28 қаңтар
3. Х. Есенжанов «Ақ Жайық» трилогия А. 1988ж. Бірінші кітап «Төңкеріс үстінде»
4. Х. Есенжанов «Ақ Жайық» трилогия А. 1988ж. Екінші кітап «Шыңдалу»
5. Х. Есенжанов «Ақ Жайық» трилогия А. 1988ж. Үшінші кітап «Тар кезең»
6. М. Қойгелдиев. Т. Омарбеков «Тарих тағылымы не дейді?»А. 1993ж.
7. Қ. Хасанов. «Қос батырдың хикаясы» А. 2000ж
8. М. Қозыбаев «Қазақстан тарихы» А. 2009ж
Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қаракөл орта мектебі
Тарих пәнінің мұғалімі Суатова Фарида Болатовна
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.