.
.
Сыныбы: 6 Қазақтың ою-өрнектері
Сабақ жоспары | Предметы | Технологиядан ашық сабақтар Загрузок: 0 | Просмотров: 2263 | Размер: | Автор: Нартай45401. Сабақтың тақырыбы: Қазақтың ою-өрнектері
2. Сабақтың мақсаты:
а) Білімділік: оқушыларға қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің түрлері, шығу тарихы, мағынасы жайлы түсінік беру, өрнектерді ою әдістерін үйрету.
ә) Дамытушылық: оқушылардың ой-өрісін кеңейту, шығармашылық қабілетін дамыту, сабаққа қызығушылығын арттыру.
б) Тәрбиелік: ою-өрнек үлгілері арқылы әсемдікке, сұлулыққа, ұлттық өнерді құрметтеуге тәрбиелеу; эстетикалық талғамға сай жұмыс жасай білуге тәрбиелеу.
3. Сабақ типі: жаңа оқу материалын меңгерту.
4. Сабақ әдісі: сұрақ-жауап, түсіндіру.
5. Сабақ көрнекілігі: ою-өрнек үлгілері, слайдтар
6. Сабақ барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі.
Оқушыларды сабаққа даярлау.
Сабаққа қажетті құрал-жабдықтарын түгендеп, жұмыс орнын ұйымдастыру.
2. Жаңа сабақ.
Сабақ тақырыбын баяндау.
Ою-өрнек – қайталанатын ритмикалық элементтерден тұратын нақыш. Қазақтың «ою» және «өрнек» деген екі сөзі біріге келіп, латынша «орнамент» деген ұғымды білдіреді. Орнаменттің мағынасы – сәндеу, әсемдеу. Ою-өрнек бір затты ою, кесу, тілу, қию тәсілдері арқылы жүзеге асады. Ойылған, кесіоген, қиылған оюды екінші бір затқа кіріктіріп, жапсырып, желімдеп әшекейлейді, әсемдейді, түрлендіреді. Ою күнделікті тұрмыста үй жиһаздарын – сырмақ, текемет, көрпеше, кілем, сандық, кебеже, жұкаяқ беттерін киім-кешектерді, ыдыс-аяқтарды, қару-жарақ, зергерлік бұйымдарды т.б. безендіруде, сондай-ақ сәулет өнерінде кеңінен қолданылады.
Нүкте, сызық, ирек түріндегі қарапайым өрнектер ерте кезден пайда болған. Ою-өрнектің тарихын зерттеумен көптеген ғалымдар айналысқан. Бұған шетелдік (В. Куррер, Ф. Т. Куглер), кеңестік (С. В. Иванов, В. В. Стасов), қазақ ғалымдарының (Ә. Марғұлан, Т. Бәсенов, Е. Масанов және т.б.) зерттеу материалдарын айтсақ та жеткілікті. Бұлар ою-өрнектердің түрлері, атаулары, шығу тарихы туралы көптеген құнды еңбектер жазып, деректер келтіреді.
Ұлттық ою-өрнектер.
Қазақтың осы күнгі ою-өрнектерін қарт шеберлер екіге бөліп қарайды. Біріншісі, қазақ халқының өзіне тән ертеден келе жатқан ұлттық оюлары. Екіншісі, басқа халықтардан ауысқан және интернацоиналды ою-өрнектер. Ертедегі қазақ оюларын мазмұн жағынан іріктесек, негізінен үш түрлі ұғымды бейнелейді. Олар біріншіден мал өсіру мен аңшылықты, екіншіден жер-су, көшіп-қону көріністерін, үшіншіден күнделікті өмірде кездесетін әртүрлі заттардың сыртқы бейнесін береді. Қазақтың ұлттық ою-өрнегіндегі бір ерекшелік – осы түрлі ұғымның қайсысын бейнелегенде де, ұлттық ою-өрнектің негізі болған мүйіз оюы үнемі араласып отырады.
Ою-өрнектің классификациясы төңірегінде арнайы қабылданған жүйе жоқ. Әдетте ою-өрнек жануарлық (зооморфтық), өсімдіктік (көкөрістік) және геометриялық деп бөлінеді. Бірақ бұл классификация толық емес. Бұған космогониялық, астральдық, ғарыштық деп аталатын төртінші топты қосу жүйесі бар. Келесі бір ғалымдар тобы барлық ою-өрнектерді физикоморфтық және биоморфтық деп екі топқа бөліп қарастырады.
Қазіргі кезде ою-өрнек атаулары мағынасына қарай мынадай топтарға жіктелген:
1. Ай-күн, жұлдыздарға – көк әлеміне байланысты ою-өрнектер;
2. Малға, малдың денесіне, ізіне байланысты ою-өрнектер;
3. Аңға, аңның денесіне, ізіне байланысты ою-өрнектер;
4. Құрт-құмырсқаларға байланысты ою-өрнектер;
5. Құстарға байланысты ою-өрнектер;
6. Жер, су, өсімдік гүл, топырақ, жапырақ бейнелі ою-өрнектер;
7. Қару-құралдарға байланысты ою-өрнектер;
8. Геометриялық фигуралар тектес ою-өрнектер.
Қазақ ою-өрнегі дамып, өзгеріске ұшырады, жетілді. Қазір оның 200-ден астам түрі мен атауы бар.
Солардың ішінде мүйіз тектес ою-өрнектер халық арасында көп тараған. Ою-өрнектердің бұл тобын, қазақ халқының ою-өрнектерінің төркіні деуге болады. Өйткені барлық жаңа өрнектер осының негізінде жасалып, тек атаулары ғана өзгеріп отырған. Мысалы қошқар мүйіз, арқар мүйіз, бұғы мүйіз, қырық мүйіз, қос мүйіз, сыңар мүйіз, сынық мүйіз, төртқұлақ, түйе табан, құс қанаты, қаз табан т.б. ою-өрнектердің негізгі арқауы. Осы элементтерден ою-өрнек композициясы жасалады.Қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің басты мәнері, ең көп түрі және әр түрлі мәнер жасауда жиі қолданылатыны «мүйіз» тектес ою-өрнектер. Ғалымдардың анықтауынша, ол ежелгі өрнек, сондықтан онда көбінесе мал шаруашылығы мен көшпенді өмір салты бейнеленген.
Мүйіз тектес ою-өрнектер кейде өте ұсақ, кейде өте ірі болып келеді. Ұсағы зергерлік, кесте тігу, ағаш, сүйек, мүйіз ұқсату сияқты нәзік істерге қолданылса, ірісі кілем, алаша, терме алаша, текемет, сырмақ, ши орау, қоржын, киім-кешек, құрылысқа қолданылады.
Әрбір ою-өрнектің тақырыптық мағынасы, композициясы, симметриясы мен ассиметриясы, колориті мен ритмі болуы керек.
Композиция дегеніміз латынның ою-өрнекті бір заттың бетіне реттеп орналастыру дгене сөзі. Мысал ою-өрнек кесеге салынатын болса, ол үлкен де, кіші де болмай, асқан дәлдікпен жарасым табу керек.
Өрнек үшін симметрияның да маңызы зор. Оның екі жағының бірдей болуы – симметрия заңы. Симметрия кез келген ою-өрнекте болады.
Мүйіз тектес ою-өрнек үлгілерін көрсету.
3. Өзіндік жұмыс.
Тапсырма – түрлі-түсті қағаздан мүйіз тектес ою-өрнек түрлерін қиып композиция жасау.
4. Сабақты қорытындылау.
Балалар сабағымызды сұрақтармен қорытындылайық.
1. Ою-өрнек дегеніміз не?
2. Орнамент деген сөз нені білдіреді?
3. Қандай ою-өрнек түрлерін білесіңдер?
4. Композиция деген не?
5. Симметрия деген не?
Бүгінгі сабақта ою-өрнек туралы мағлұматтар алдық. Ою-өрнек өнері қазақ халқында ертеден-ақ өнердің бар түріне арқау болып, ғасырлар бойы халықпен бірге жасасып, мәдени асыл қазынаның өзекті бір саласына айналған. «Өнер - өшпес мұра» дейді халық даналығы. Өнер өлмейді, көнермейді, өнер жеміс ағашының бұтағындай гүлдеп, жемістене береді.
5. Үйге тапсырма.
Өз ойларынан ою композициясын құрастырып жасау.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.