.
.
Қызылорда облысы Адамды адам ететін де, Сұлтан ететін де – Иман
Сабақ жоспары | Документы | Тәрбие сағаты Загрузок: 0 | Просмотров: 2992 | Размер: | Автор: ТәрбиеЖаңақорған ауданы
Құттықожа ауылы
№164 орта мектебі
өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі
Шаметова Гулнұр
Сабақтың тақырыбы: Адамды адам ететін де,
Сұлтан ететін де – Иман
Сабақтың мақсаты: Жас буынға дін, имандылық, бес парыз туралы мәлімет беру және жақсылыққа, сенім рухын да, рухани табандылыққа, өмір шындығынан туындайтын үмітке тәрбиелеу, оқушыларды салт – дәстүрді білуге, бір – бірімен жақын қарым – қатынасқа, адалдыққа, мейірімділікке, инабаттылыққа баулу.
Көрнекілігі: «Ислам және өркениет » газеті, діни кітаптар, слайд.
Жоспары:
1.Кіріспе бөлім
2. Ақындардың өлеңдері
3. Сөзжұмбақ
4. Сұрақ – жауап
5. Мұхаммед пайғамбардың таңдамалы хадистері:
6. Қажыға сөз беру.
7. Қорытынды
Барысы:
Гимн орындалады.
Мұғалім:Құрметті ұстаздар мен оқушылар. Бүгінгі « Адамды адам ететін де, Сұлтан ететін де Иман» атты ашық тәрбие сағатымызды бастаймыз. Қазақта имандылық адамгершілік, ізгілік қасиеттерді білдіреді.Имандылықтың мұндай мағынаны білдіруі қазақтың мұсылман болуынан туындаған. Имандылық сөзі иман деген сөзден шыққан. Иман – жүректегі нұр дегенді білдіреді. Ал имандылық соның сыртқы пішіні.
Имандылық – Аллаһ Тағалаға иман еткен адамнан туған көркем мінез.
1 – жүргізуші. Имандылық – араб тіліндегі нану, сену деген мағынадағы иман сөзінен шыққан. Ислам дініндегі бес парыздың бірі. Оның мәнісі – Алладан асқан жаратушы жоқ, оның біреу екеніне сену. Әдетте, ол дін жолынан қия баспауды, ар – ождан тазалығын, обал – сауап талаптарын сақтауды, қылдай қиянат жасамауды, қайырымдылықты, адалдықты жинақты түрде көрсететін адамгершілік ұғымын атауы болып табылады.
2 – жүргізуші. Иман дегеніміз сенім,растау, мойындау, бой ұсыну, наным деген мағына береді.. Имансыз сөзі – сенімі жоқ дегенді білдіріп, мұсылмандарда, соның ішінде біздің түбі бір, діні бір бауырлас халықтарымызда ар – ұяттан ада, азғын мағынасын береді. Иман жүзді деп ізгі ілтипатты, тура сөзді, мейірімді адамды айтады.
1 – оқушы. «Ислам» сөзінің араб тіліндегі мағынасы тілдік тұрғыдан «мойынсұну, бағыну; амандықта, бейбітшілікте болу» дегенді білдіреді. Ислам сөзі сенім – наным мен ар – ұждан мәселелерін қамтумен бірге амандық пен бейбітшілікті, татулықты, бір сөзбен айтқанда тұтастай бейбіт өмір сүру салтын білдіреді.
2 – оқушы. Ислам – жаратушы ие тарапынан жіберілген ең соңғы дін, бұдан кейін басқа дін келмейді. Өйткені ислаи діні ақырзаманға дейін өз үкімін жоғалтпайды, кез – келген уақытқа және жерге жарамды болып табылады. Бұл дінді адамдарға жеткізіп баяндаған Мұхаммед (с.а.у.)саллалаһу алейки уассалам – ең соңғы Пайғамбар. Ислам діні алғаш рет Арабияда дүниеге келген.
ІІ – Бөлім: Ақындардың өлеңдері
3- оқушы: Сатқан емен
Сатпаймын дінімді мен
Өлмейтұғын, өшпейтұғын күнім білем
Алла есімі – жүрегім жұдырықтай
Жүрегімнің соққанын біліп жүрем.
Мұхаммедтің үмбеті – мұсылманмын
Пайғамбарым қолдайды қысылған күн
Алсын Тағалам, ант етем, ант етемін
Алла есімін кеудемнен ұшырған күн.
Алла-ақиқат
Аллаға сеніп өтем
Адалдық пен ақиқат серігі екен
Адаспаймын, Аллама сеніп өтем
Арамдыққа баспаймын жолы бөтен.
4-оқушы: Алланың өзі де рас, сөзі де рас
Рас сөз еш уақытта жалған болмас
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас.
Әманту оқымаған кісі бар ма
Уә күтубихи дегенмен ісі бар ма?
Аллаһ өзгермес, адамзат күнде өзгерер
Жарлық берді ол сіздерге сөзді ұғарға
Замана, шаруа мінез күнде өзгерді
Оларға кез-кезімен нәби келді
Қағида шариғаты өзгерсе де
Тағриф Аллаһ еш жерде өзгермеді.
5-оқушы: « Бес парыз»
Шын жүректен кәлиманы сөйле де
Мұсылман бол, нәпсіңе ерме кел сен де
Құтылудың жолы осы пендеге
Бақыттың да кілті ғой бұл білгенге
Намаз оқы, діннің ол бір тірегі
Құлшылық қыл, Аллаһтың мол берері
Намаз оқы, жаман істен тыяды
Ықыласпен қылсаң, болады Аллаһ разы
6-оқушы: Шүкір ет берген нығметіңе әр Раззақтың
Зекет бер кедейлердің жеме ақысын
Еселеніп берекемен артсын мал- мүлкің
Садақа бер, басыңнан бәле қашсын.
Ораза парыз рамазанға келетін
Мұсылманға сабыр, ынсап беретін
Сауабын күт, жаратушы Жаббар Иеден
Ашады Аллаһ жәннаттан Райян деген есігін.
7-оқушы: Болса егер мүмкіндігің Меккеге бар
Өтейтұғын мойнындағы қажылық бар
Тауап етіп, Арафатқа шығып, Зәмзәм ішіп,
Ихрам киіп, Махшарды да бір есіңе ал.
Бес парыздың орындалу шарттары бар
Мүкәлләфтың орындайтын міндетің бар
Серік қоспай табынсаң бір Аллаһқа
Аллаһтың Жәннаттағы сыйлығы бар.
8-оқушы: Жапырақ ет- естіп тұрған құлағың
Бақи дүние – мәңгі сенің тұрағың
Сондықтан да қабыл ет деп дұғамды
Өзге емес тек Аллаһтан сұрағын.
Ақыретте бәрі де жоғалады
Тек рух пен амалың – сол қалады
Өйткені бір , бір Аллаһ қалауымен
Тіршілікті тірілтіп сұралады.
1-жүргізуші: « Ата ананы сыйлау»
Хадис: «Әкеге бағыну –Аллаға бағыну. Әкеге қарсы шығу – Аллаға қарсы шығумен бірдей.»
2-жүргізуші: Хадис: « Жәннәттің кілті аналарыңның табанының астында»
Қазақ мақалы: « Ата-анаңа не көрсетсең, алдыңа сол келеді» деген құрметпен Смат Азияның орындауында « Анаға хат » әнін қабыл алыңыздар.
ІІІ бөлім. Сөзжұмбақ «Жарапазан»
«Жарапазан» - ораза айында отбасына жақсы тілек, ниет білдіріп, балалар үй аралап жүріп айтатын өлең. Үй иесі оған « Әумин » деп құрмет көрсетіп, дастарханнан дәм ұсынады, жөн-жоралғысын береді.
Жарапазан айта келдім есігіңе
Қошқардай ұл-қыз берсін бесігіңе
Үй алдында той болсын
Қораң толы қой болсын
Қазаныңда қайнаған
Бүлк-бүлк май болсын
Ақша берсең үйіп бер
Тиын берсең түйіп бер!
Жорытқанда жолың болсын
Қыдыр ата –жолдасың болсын
Әумин!
1. Мұсылманның парызының бірі?
2. Пайғамбарымыз кім?
3. Ораза тұту қай айда?
4. Адамзаттың жаратушы иесі?
5. Рамазан айында мешітте өтілетін, жарлыларға барілетін төлем?
6. Таңғы намазға шақыру рәсімі?
7. Отыз күн ұсталатын парыз?
8. Мұсылман мерекесі
9. Бес парыздың бірі?
Ж
А
Р
А
П
А
З
А
Н
1-жауап :
Қажылық – исламның бесінші шарты. Меккеге тәуәп ете бару. Әрбір мұсылманның ең басты міндеттерінің бірі. Қажылық зүлхиджа айының алғашқы он күні ішінде өтеді. Ең әуелі қағбаны жеті мәрте айналып шығу қажет, қағбаның қасиетті қара тасына, маңдай тигізіп сүю, тәуәп ету, зәмзәм суынан ішу- қажылық етудің алғашқы рәсімдері. Содан соң белгіленген уақытта Арафат тауына барып жаппай тәуәп етіледі.
2- жауап:
Мұхаммед (С.А.У.) саллалаһу алеки уассалам -570 жылы Меккеде дүниеге келген. Ол көшпелі Курейш тайпасының һашим руынан. 609 жылы Мұхаммед пайғамбар һалейһи-с-салам Алланың сөзін алғаш рет естіген. Мұхаммед 40 жасында пайғамбар болады. 630 жылы араб тайпаларының басын қосып, Мәдине қаласында Араб империясын құрды. 632 жылға дейін ислам дінінің негізін қалаушы ақырғы пайғамбардың міндетін атқарған .632 жылы 63 жасында дүниеден өтеді. Оның әкесі Абдулла, атасы Абдул Мүталып, түптеп келгенде Ыбырайым мен Ысмайыл Пайғамбардың тікелей ұрпағы.
3-жауап:
Рамазан айы-Құран айы , мейірімділік айы.
Рамазан айының бірінші он күндігі Аллаһ Тағаланың мейірімділік төгетін он күндігі.
Екінші он күндік – Аллаһ Тағаланың адам баласының күнәсін кешіретін он күндігі.
Үшінші он күндік – адам баласының тозақтан құтқаратын он күндігі. Былайша айтқанда тозақта «Қалқан» болатын он күндігі. Және рамазан айында мың айдан да артық бір күн бар. Ол Қадыр түні.
4-жауап:
Алла – араб тілінен қазақ тіліне аударғанда « Жаратушы» деген мағына береді. Бүкіл әлемді жоқтан бар етіп жаратушы иеміз ол Алла.
5-жауап:
Пітір- әр адамның ораза ұсталған отыз күн ішінде бір жылдан екінші жылға аман есен жеткеніне шүкір негізінде берілетін жан садақасы. Мүмкіндігінше оразаның алғашқы он күндігінде берілгені абзал.
6-жауап:
Азан сөзінің мағынасы «Құлақтандыру » « Жеткізу » «Хабарлау» деген мағына береді.
Азан- негізінде екі жағдайда айтылады.
Біріншісі барша мұсылманды бес уақыт намазға шақыратын діни ізгі амал.
Екіншісі нәресте дүниеге келгенде құлағына азан шақырып ат қою.
Азан шақыратын адам үстіне шапан , басында тақия және дәретпен құбылаға жүзін бұрып, екі саусағын құлақтарына қойып айтады.
7-жауап:
Ораза – « руза» деген парсы сөзінен алынған. Мағынасы таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп, жеуден, жаман сөз, жаман іс-әрекеттен Аллаһтың ризасы үшін тыйылу деген мәнді білдіреді. Ораза отыз күн ұсталады. Оразаның мақсаты – күнаһар құлдың пенделік күналарынан тәубаға келіп, хақ жолға түсіп, Аллаһқа бет бұруы, жақындауы.
8-жауап:
Айт- сөзінің мағынасы қуанышты күндер, мереке. Айт екіге бөлінеді.
Біріншісі ораза айт.
Екіншісі құрбан айт.
Ораза айт – 30 күн оразадан кейін әрбір мұсылман баласының бір-біріне жақсы тілектермен құттықтауы. Ораза айт – бір күн мерекеленеді.
Құрбан айт – Ибрахим Алейхис Саламның (А.С) ұлы Исмайл Алейхис Саламның аман қалуының құрметіне арналған той. Ораза айттан кейін 70 күннен кейін келеді. Құрбан айт үш күнге созылады.
9-жауап:
Намаз – имандылық көрінісі. Ол мұхаммед Пайғамбар тұсында 621 жылы Мекке қаласында мұсылманға парыз болып берілген. Намаз таң намазы, бесін намазы, екінді намазы, ақшам намазы, құптан намазы болып бөлінеді. Намаз оқу мұсылмандықтың және адамшылық пен әдептіліктің де белгісі.
Би. «шабандоздар биі » Орындайтындар Өмірәлі Мадияр және Сәулебек Ерасыл
ІV – бөлім « Сұрақ – жауап »
1. « Ақсақал» - деп кімді айтады?
Ақсақал деп- тоғыз ауылға билігі жүретін Пайғамбар жасынан асқан, әділ,азаматты айтқан.
2. « Имам » деп кімді айтамыз?
Қарапайым тілмен айтқанда – діни әкім мағынасын береді. Имам қызметін әдетте қарапайым діни білімі бар адам атқарады. Намаз кезінде алда тұратын адам, рухани жетекші, мұсылман қауымдастығының жетекшісі.
3. « Мешіт» дегенді қалай түснуге болады?
Мешіт – мұсылманшылықтың, тәрбие мен имандылықтың ұясы. Ділі қатты жандарды жұмсартып, қарайған жүрекке жарық сәулесін шашатын қасиетті мекен. Тазалыққа бастар құттыхана. Мешіт – Аллаға сәжде ететін орын.
4. « Шариғат» дегеніміз не?
Шариғат – Алланың бұйрығы. Шариғат – құранға және хадиске негізделген, ешқашан өзгермейтін, этикалық, моральдық ережелер жиынтығы.
5. « Зекет» қандай мақсатпен кімдерге беріледі?
Зекет – кірден тазару деген мағына береді.
Зекет жылына бір рет беріледі.
Біріншісі жерден алынған өнімге оннан бірі.
Екіншісі мал –мүлікке қырықтан бірі.
Және біреуі ол – ұсталынбаған жаңа кілем.
V- бөлім. Мұхаммед пайғамбардың таңдамалы хадистері:
42-хадис:
Адам баласына ең қасиетті нәрсе - әке –шешесі. Әкеге қарсы шығып, оған деген махаббат құрметіңді жоғалтсаң, құдай алдында қара ниет боласың. Өзіңе де, өзгеге де опа жасамайтын безбүйрексің. Шешені сыйламасаң Отаныңнан безгенің. Отансыз адам хайуанмен тең. Оны адам деуге де болмайды.
80-хадис.
Қолыңнан келсе адамдарға жақсылық етіп, іштей қуаныш ет. Жаман ісіңе қайғырып, Алладан қайырымдылық сұра. Бұл – имандылық белгісі.
105-хадис:
Алла тағала төрт түрлі адамдарға кәрін төгеді. 1. Өтірік ант су ішіп халықты алдайтын арамзаларға. 2. Өзі ешнәрседен хабарсыз бола тұрып, паңданып, кісімшілік құрушы тәкаппарға. 3. қартайғанда да тыйылмай зинақорлық етушілерге. 4. Нысапсыз, жемқор, қанағаттан қол үзушілерге.
140-хадис:
Алла тағала бес нәрсені бес нәрседен бұрын жаратқан. 1. Өлмей тұрып тіршілік қадірін біліп, бағалай білу керек.2. Ауырмай тұрып денсаулықты күту керек.. 3. Басыңа іс түспей тұрып, пәледен қашып, бостандықтың қадірін тұт. 4. Қедейлікке ұшырамас бұрын баршылықты қадірлей біл.5. Кәрілік келмей тұрып, жастықты қадірлей біл.
165-хадис:
Әрбір адам құдай жолына арнап садақа беру керек. Ал садақаның ең жақсысы өзі білген білімін, ғылымын басқаларға үйрету. Өйткені қол қайыр кедей – кембағалды тойдырады, уақытша сүйіндіреді. Ал ғылым беру - өмір азығы.
VІ - бөлім: Ауыл имамына сөз беру
1 – жүргізуші:
Ауылымыздың имамы Әлімбетов Айтқожа қонағымызға сөз кезегін береміз
Сұрақ:
1. Ауылымыздың мешіті қай жылы салынды?
2. Қадір түнінің сауабы қанша күнге татиды?
3. Қандай адамдар ораза ұстаудан босатылады?
Қорытынды
2-жүргізуші:
Қысылғанда пендеге
Қорған болар бұл хадис
Адасқанды әр уақыт
Тура жолға шақырған
Іші толған насихат
Мағынасын білгенге
Құмарланып білуге
әрекет ет жасыңнан.
1- жүргізуші:
Дін халықтың қорғаны
Қадірлейік сондықтан
Алтынымызды қолдағы, - Түрік ғұламасы Жүсіп Баласағұнның
« Түзу бастап, ақ жолды кесе көрме,
Иман тонын үйінен шеше көрме» деген өлең жолдарында иман сөзі адамның бүкіл болмыс бітімін бейнелейтін жалпы кісілік қасиетін көрсетіп тұр. Иман әрбір адамның жүрегінен орын алып, көкірегінде сақталады.
Ән. « Атамекен » Орындайтын Смат Азия
Мұғалім: Махамбет Бекмырзаның өлеңімен аяқтаймыз.
Яссауи, Арыстан баб, әл – Фараби даналарым,
Әулие Есет, Бекет, Қарақожа бабаларым.
Жастарды желеп-жебеп әруағыңызбен
Қазақтың қолдаңдаршы балаларын.
Ақырет жолы ауыр ғой, қарақтарым,
Анық қой о дүниеге бір барарың.
Алла деп адал еңбек етсеңіздер,
Ашылар жұмақтың есіктері алдан әлі.
Жұмақтан орын алар адал адам,
Сыйласа құдай жолын болмай арам.
Иман жүзді адамдар көп болса екен,
Тілеймін имансыздық болмағанын.
Осымен 6 – сынып дайындаған имандылық жайында өтілген « Адамды адам ететін де,
Сұлтан ететін де - Иман» атты ашық тәрбие сағатымыз аяқталды. Ауылымыздың имамына уақыт бөліп келіп қатысқаны үшін көп-көп алғысымызды білдіреміз. Назар салып тыңдағандарыңыз үшін рахмет. Баршаңызды имандылыққа бет бұруға шақырамыз.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.