Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
«Ана тілім – ардағым» -

«Ана тілім – ардағым»

Сабақ жоспары | Документы | Тәрбие сағаты Загрузок: 0 | Просмотров: 4954 | Размер: | Автор: Тәрбие
. Тәрбие сабағы: «Ана тілім – ардағым»
Мақсаты: 1. Оқушыларды өз ана тілінің қадір-қасиетін біліп, өз ана тілінің көркемдігін сезініп, сөз құдіретін түсініп, оның адам өміріндегі маңызын ұғуға үйрету.
2. Тіл әуезділігін, көркемдігін, байлығын, шешендігін көрсететін нақыл сөздер, мақал-мәтелдер арқылы оқушы дүниетанымын, ой өрісін дамыту.
3. Тіл тазалығын сақтау, мәдениетті сөйлеу, шешендік өнерді оқушы бойына сіңіре отыра, ана тіліне сүйіспеншілігін қалыптастыру, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге атсалысуға шақыру.
Көрнекілігі: Нақыл сөздер, бекеттер-топ аттары жазылған плакаттар, «Ана тілі – рухани даму негізі» кітап көрмесі, ұпай беретін таяқшалар, мадақтау қағаздары, слайт презентация.

Абайдың әні оқушы домбырада орындайды.

1-жүргізуші: Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан
Құлағыма сіңірген таныс үнім.
Ең бірінші сол тілмен сыртқа шықты,
Сүйгенім, сүйсінгенім, жек көргенім.
С.Торайғыров.
2-жүргізуші: Туған тілім-бабам тілі-өз тілім,
Туған тілім-анам тілі-өз тілім.
Туған тілім-далам тілі-өз тілім,
Туған тілім-адам тілі-өз тілім.
Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде әнім менен сәнім бар.
Туған тілім тіл болудан қалса егер
Жүрегімді суырып-ақ алыңдар.
Д. Әбілев.
1-жүргізуші: Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,
Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға.
Әр адамда өз анасынан басқа да,
Ғұмырына етер мәңгі астана,
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек құдіретті төрт ана:
Туған жері-түп қазығы, айбыны,
Туған тілі - мәңгі өнеге айдыны,
Жан байлығы, салт-дәстүрі-тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі.
Және туған тарихы.
М.Шаханов.
2-жүргізуші: Тілім менің!
Ұлы Абай, Мұхтардай пірім менің.
Тұнығым, рухани жан азығым
Ол бүлінсе, менің де бүлінгенім.
Ана тілім, туған тілім,бал тілім
Сен арқылы дүние танып талпындым.
Сен арқылы әлемге аян бар ісім
Сен өмірде таусылмайтын алтыным.
Ш.Айтматов.

Мұғалімнің сөзі: Құрметті оқушылар, бүгін біз 2 топ: «Тапқырлар», «Зеректер» Қазақ тілі еліне сапар шегеміз. Алдымыздан көп бекеттер кездеседі. Ондағы тапсырмаларды орындаған топ мүшелері «Қазақ тілі елінің құрметті азаматы» атағын жеңіп алады.
Әділ қазылар алқасын таныстырайық

1. «Қайырлы таң» бекеті Екі топтың сәлемдесуі. Танысу.

2. «Үміт» бекеті. Мақал-мәтелдерді жалғастыр:
Шешеннің тілі...
Бал тамған тілден...
Ақыл көркі ...
Ана сүті...
Жақсы сөз...
Жақсыға сөз ілеседі...
Тілін білмеген...
Аяққа кісен салуға болар...

3. «Қайрат» бекеті . Қызықты грамматика.
А) Мына сөздердің ішінен диалект сөздерді көрсет:доға, жәшік, қамыт,сұлтан, пиала, нән, зейнеткер.
Ә) Қай шылаулар дефис (-) арқылы жазылады?
-мен,-және,-ау,-да,-мыс,-ақ,-пен,-ды.
Б) Ұрсу, зекіру сөздерінің синонимі.
В) Мына суретке тұрақты сөз тіркесін жаз. (бетіне оты шығу, көз қорқақ, қол батыр, ойыннан от шығу, ит өлген жер)
Г) Тілдік бөлшектерді үлкеннен кішісіне қарай ретімен жаз: текст, буын, дыбыс, сөз тіркесі, сөз, сөйлем.
Д) Әзіл сұрақтар:
Айнаға қай кезде өкпелеуге болмайды?
Қорқақ неден қорқады?
Тауық түс көре ме?
Қарғыстың ең жаманы не?
Тастың жеңілі бола ма?
Ауыз бен қолды қандай жерде тыю керек?
Қандай кілт аспанда болады?
Неменеге өкпелеп жүргенде не шықты?

4. «Ғалым» бекеті. Тест сұрақтары.
1. Тіл туралы Заң қашан қабылданды?
А) 1987ж. 17 қараша
В) 1989ж. 22 қыркүйек
С) 1990ж. 13 маусым
Д) 1992ж. 15 қазан
Е) 1991ж. 17 қыркүйек
2.Тіл білімінің негізін салған кім?
А) Ш.Уәлиханов
В) М. Жұмабаев
С) А. Байтұрсынов
Д) Ы. Алтынсарин
Е) А. Құнанбаев
3.Қазақ тілі қай тілдер тобына жатады?
А) хинди
В) араб
С) португал
Д) испан
Е) түркі
4. «Ана тілің-арың бұл, ұятың боп тұр бетте» деген өлең жолдарының авторы кім?
А) Қ. Мырзалиев
В) Ә. Тәжібаев
С) С. Торайғыров
Д) М. Шаханов
Е) М. Мақатаев
5.Облысымыздың ақтаңгер ақыны С. Ғабдуллин атамыздың өлеңдер жинағы қайсысы?
А) «Жырлайды жүрек»
В) «Дариға жүрек»
С) «Сөйле, менің жүрегім»
Д) «Асау жүрек»
Е) «Өмір-өзен»
6. Ақпарат құралдарының тілі қай стильге жатады?
А) публицистикалық
В) көркем әдебиет
С) ауызекі сөйлеу
Д) ресми
Е) ғылыми
7. « паспорт» сөзінің жаңа атауын табыңыз.
А) қағазы
В) куәлік
С) анықтама
Д) міндеттеме
Е) төлқұжат
8. Төмендегі афоризмнің авторын табыңыз.
А) Ы. Алтынсарин
В) А. Байтұрсынов
С) А. Құнанбаев
Д) М. Өтемісұлы
Е) Бұқар жырау

5. «Арман» бекеті
Тұрақты сөз тіркестерінің мәнін аш:
Қас пен көздің арасында (лезде)
Қара қылды қақ жару ( әділ)
Төбе шашы тік тұрды (шошыды)
Тайға таңба басқандай (анық)
Аузына құм құйылды (үндемеу)
Көзге түртсе көргісіз (қараңғы)
Тонның ішкі бауындай (тату)
Бет моншағы үзілу (ұялу)
Жарғақ құлағы жастыққа тимей (мазасыздану)
Күн тигізбей өсірген (мәпелеу)

6. «Дарын» бекеті Шығармашылық. Өлең, әңгіме құрастыру.
«Ең қымбат қазына»
7. « Шешен» бекеті.
« Жеке бір адам ұлт тілін жасай алмайды. Тіл – бүкіл халықтың игілігі, халықпен бірге жасап, бірге дамиды.
Ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам атануға болмайды». С.Негимов пікірі. Сондықтан...
Жалғастыру...
Әділ қазылар алқасына сөз, топтарды мадақтау.
Қорытынды:
1-жүргізуші: Тіл-қасиетті, құдіретті, киелі. Бұл қасиеттер бойға ананың ақ сүтімен дариды. Тіл өшпейді, қандай қиындықта да тіл өз ұрпағының қанына, жанына өз ұрығын егіп, өміршең күй кеше береді.
2-жүргізуші: Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім мен де бірге өшемін.
Ә. Тәжібаев.
Екеуі бірге қосыла: Кіршіксіз қардай сақтаңдар,
Қазақтың тілін ғаламат.
Ана тіл – арым, иманым,
Аманат, саған, аманат.
М. Әлімбаев.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.