.
.
Тақырыбы: «Ата-баба дәстүрі –әдептілік негізі» «Ата-баба дәстүрі –әдептілік негізі»
Сабақ жоспары | Документы | Тәрбие сағаты Загрузок: 0 | Просмотров: 4800 | Размер: | Автор: ТәрбиеКүні: __________ Сыныбы: ________
Мақсаты: оқушылардың бойына халқымыздың асыл қадір-қасиеттерін сіңіру; үлкенді сыйлай білуге, өз ата-бабасын ұмытпай еске сақтауға және салт-дәстүрден нәр алып өсуіне, инабаттылыққа, мейірімділікке, жаман мен жақсыны ажырата білуге, ата сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: слайд, нақыл сөздер, киіз үй, сандық, асықтар.
Мұғалім:Құрметті ұстаздар, оқушылар бүгінгі «Ата-баба дәстүрі –әдептілік негізі» атты ашық тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер. Балалар, біз егеменді еліміздің болашағын қалыптастыру үшін халқымыздың тарихын, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан мұрасын, мәдениетін, әдет-ғұрпын білуіміз керек.
Туған соң адам боп,
Білімсізден жаман жоқ.
Ел дәстүрін білмесең,
Жұрт айтады надан деп.
Ата-бабаң ардақты,
Жамандыққа бармапты.
Ардай тұтып үлкенді,
Ата жолын жалғапты.
Бауырласқан тәніміз,
Бұзылмаған антымыз.
Кең даланың ежелгі,
Қазақ дейтін халқымыз.
Өзге ұлттай біздің де,
Бар дәстүр мен салтымыз.
Біз бүгін сабағымызда бойымыздағы бар білімізді ортаға салып, «Ата-баба дәстүрі –әдептілік негізі» атты тәрбие сағатымызды бастайық.
Бейнебаян: Қазақтың салт-дәстүрлері
Асықтар арқылы оқушыларды топқа бөлу.
1-топ. «Наурыз»
2-топ. «Аманат»
3-топ. «Бәсіре»
4-топ. «Қыз қуу»
Топ басшысы топтың атын таныстырады.
1-топ. «Наурыз» мереке.
Наурыз айы, Наурыз тойы, Наурыз көже, Наурыз жыры, Наурыз бата, Наурыз жұмбақ, Наурыз тілек, Наурыз төл, Наурызкөк, Наурыз есім, Наурыз шешек, Наурызша.
2-топ. «Аманат» дәстүр.
«Кісінің аманатынан уақытында құтыл. Еңбегіңе (ақыңа) қиянат жасаған адамға сен қиянат жасама». Бір адамның екінші біреуге сақтауға берген бағалы заттар. Аманатты сақтау және оны мезгілінде тапсыру зор адамгершілікке жатады. «Аманат-аман сақтайды» - дейді халық. Аманатқа қиянат жасамайды. Ол өте ауыр күнә деп есептелінеді.
3-топ. «Бәсіре» дәстүр.
«Жастайынан бағып ем, Бәсіре ғып торы тайым». Бала туған кезде немесе есі кіріп, оң-солын таныған соң, «сүндет тойына» немесе мектепке барғанда атасы немесе өз әке-шешесі оған тай атайды. Оны «бәсіре» тай дейді.
4-топ. «Қыз қуу» ұлттық ойын.
«Тойда ат шабу, балуан күресу, қыз қуу сияқты ұлт ойындары болады». «Қыз қуу» дәстүрге де, ойынға да жататын қазақ арасына кең тараған көңілді көрініс. Оның шарты – қыз атпен қашады, жігіт оны қуып жетсе бетінен сүйеді. Енді қыз қуып жетсе, оны қамшының астына алады. Бұл қызықты дәстүр әлі де жалғасып келе жатыр.
І. «Қазақы тыйымдар мен ырымдар» кезеңі
Ал балалар қандай тыйым сөздер мен ырымдар білесіңдер?
1-топ.
1. Жуған қолды сілкісе ырыс-несібе кетеді.
2. Адамға қол шошайту әдепсіздік болып саналады.
3. Саусақты,қолды орынсыз ауызға салуға болмайды, бұл да әдепсіздік белгісі.
4. Басты шайқауға, тісті қайрауға болмайды, жүйке ауруына шалдыққан адам ғана осылай жасайды.
2-топ.
1. Таңдай қағуға болмайды, үй ішінде таңдай қаға беру –жаманшылық шақыру белгісі.
2. Ішекті тартуға болмайды. Тырнақты тістесе ырыс-несібе кетеді.
3. Тырнақ пен бастың шашын бейсенбі мен жұмадан басқа күндері алады.
4. Итті, мысықты, малды тебуге болмайды, өйткені әрбір жануардың киесі болады.
3-топ.
1. Күн батар алдында ұйықтауға болмайды, батар күнмен жарысып ұйықтаған жаман ырымға саналады.
2. Өтірік жылауға болмайды, бұл-қайғы-қасірет шақыратын жаман ырым.
3. Адамның оң көзі тартса қуанады, сол көзі тартса ренжиді.
4. Адамның алақаны қышыса ақша ұстайды, табаны қышыса жол жүреді.
4-топ.
1. Нанды шашуға, жерге тастауға, басуға, рәсуа етуге болмайды. Нан –дәм басы, онсыз өмір жоқ.
2. Қолды жумай тамақ жеуге болмайды.
3. Тамақ жеудің алдында және соңында қонақтардың қолына жылы су құйылады.
4. Адамға қарай түшкіруге, түкіруге, үлкен кісінің жолын кесіп өтуге болмайды.
ІІ. «Кім көп біледі?» кезеңі.
Сандық — киіз үйдің ағаш жиһаздарының бірі. Оған киім-кешек, асыл бұйымдар салынады.Міне осы сандыққа салт-дәстүрге байланысты сұрақтар жасырдым. Соған жауап берейік. Әр топқа 2 сұрақтан беріледі.
1. Жігіт түйе деген қандай дәстүр? (дәстүр. Құдалыққа, отау көтеру дәстүрінде қыз өсірген ата-ана еңбегі де елеусіз қалмаған. Той үстінде күйеу жігіт енесіне «сүт ақы» сыйын ұсынса, атасына «жігіт түйе» деген сый әкеледі. Бұған міндетті түрде түйе, жағалы киім немесе қымбат бұйымдар, ер-тұрман әкеледі. Атасы риза болған жағдайда қол жайып, батасын береді)
2. Тымаққа салу дегеніміз не? (Салт. Ел арасында «шала туып тымаққа салып өсірген екен» деген сөздер жиі кездеседі. Халықта әдетте шала туған сәбиді осылай өсіретін ғұрып бар. Оның себебі шала туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымақ жылы, әрі бөлеуге, ұстауға ыңғайлы болады.)
3. Бәсіре дегеніміз қандай дәстүр? («Жастайынан бағып ем, Бәсіре ғып торы тайым». Бала туған кезде немесе есі кіріп, оң-солын таныған соң, «сүндет тойына» немесе мектепке барғанда атасы немесе өз әке-шешесі оған тай атайды. Оны «бәсіре» тай дейді.)
4. Жеті ата дегеніміз не? (дәстүр. Жеті атасын білмеген – жетесіз. Өмір тәжірибесі мол халқымыз кейінгі ұрпаққа жеті атасын білуді міндеттеген және оны үйреткен, жаттатқан. Олай болса жеті ата: 1. Бала. 2. Әке. 3. Ата. 4. Арғы ата. 5. Баба. 6. Түп ата. 7. Тек ата )
5. Балалардың төбе шашын ұзартып, моншақ араластырып өріп қояды. Мұны не деп атайды?(Айдар)
6. Айтыстың қандай түрлерін білесіңдер. (бәдік айтыс, қайым айтыс, жұмбақ айтысы, жігіт пен қыз айтыс, жар-жар)
7. Мүшел жас дегеніміз не? (ғұрып. 12 жыл уақыт мүшел деп аталдаы. Қазақтың ұлттық ұғымына жас саны мүшелмен есептеледі. Мүшелдің алғашқы 13 жылдан бастап, кейін әр мүшел сайын 12 жылдан қосып отырады. Сонда екі мүшел 25, үш мүшел 37, төрт мүшел 49 және одан әрі осылайша есептеле береді.)
8. Шарғы салу деген қандай дәстүр? (Ұзатылған қыздың, яғни қалыңдық болған қыздың өзіне тетелес сіңлісіне немесе өзінен кіші, немесе туыс сіңлілеріне басына тартатын орамалын береді. Бұл ендігі кезек сенікі, бақытыңды тап, бақытты бол, жұғысты болсын деген ырым. Бұны шарғы салу деп атайды.)
ІІІ. «Әдептілік белгісі» кезеңі.
Қане, әдептілік жайында не білесіңдер. Өнерлеріңді ортаға салыңдар.
1-топ.
Сыйлап үлкен ағаны,
Сәлем берген баланы
Кім дейміз?
Әдепті екен бұл дейміз!
Кітап, дәптер, қаламы
Кір шалмаған баланы
Кім дейміз?
Ұқыпты екен бұл дейміз!
Таудай биік талабы,
Жақсы оқитын баланы
Кім дейміз?
Үлгілі екен бұл дейміз!
2-топ.
Апаң сенің базардан
Алма сатып әкелді
Ең үлкенін, жақсысын
Саған таңдап әперді
Не деп барып жеу керек?
«Рахмет, апа» деу керек!
Балалар жүр көшеде,
Естіледі шу-айқай.
Сен де шықтың көшеге,
Көршіңді қағып кеттің байқамай.
Мұндайда не деу керек?
«Кешіріңіз» деу керек!
3-топ.
Осы келген бетіңде
Допты қудың, жарыстың.
Көшенің сол шетінде
Кезекті бір танысың.
Ұмыттың сен не деуді?
«Сәлеметсіз бе » деу керек!
4-топ.
Үй артында қоқысты
Жатқан көптен үйіліп,
Тазалайды қарт кісі
Белі зорға иіліп.
Не дегенің жөн еді?
«Көмектесейін» деу керек.
Әжең сенің түскі асқа
Қасықтарды қойды мол.
Жұрттан бұрын ыдысқа,
Ұмтылдың да салдың қол.
Жөн еді не айтқаның?
«Рұқсат па?»
ІҮ. «Мақал-сөздің мәйегі» кезеңі
1. Ауру қалса да әдет қалмайды.
2. Алты жасар бала атқа мінсе,
Алпыстағы шал алдынан шығар.
3. Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа.
4. Ант бұзған оңбайды, салт бұзған сорлайды.
5. Жеті атасын білмеген-жетімдіктің белгісі
6. Бала тәрбиесі –бесіктен.
Жұмбақтар:
1. Кіруге адам батпайды,
Затыңды аман сақтайды.
(Сандық)
2. Жүз мүйізі бар,
Үстінді киізі бар.
(Киіз үй)
3. Даусы бар, жаны жоқ,
Шертсең күйі, әні көп.
Құлағын он бұра
Ол не?.......
(Домбыра)
4. Ұқсайтын шеңберге
Қабырғасы жиылып, керіледі,
Жиһазы мол кең бөлме,
Төбесінен жұлдыздар көрінеді.
(Киіз үй)
Ү. «Тойбастар» кезеңі
Бала шыр етіп дүниеге келгеннен бастап үлкен азамат болып қартайғанға дейінгі халқымыздың дәстүрлі тойларын атаңдар?
(Шілдехана, бесіктой, тұсаукесер, сүндеттой, тілашар, мектеп бітіру, әскерге шығарып салу, үйлену тойы, мүшелтой, мерейтой).
-Ал бүгін біздің тойбастар кезеңімізде «Тұсаукесер тойы» болып жатыр екен. Осы тойдың қалай өтетінін көрелік.
1-оқушы: Әдетте сәби аяғын тәй-тәй басып жүре бастағанда оның тұсауын кеседі. Ата-әжелеріміз бұл ырымға қатты көңіл бөлген, өйткені баланың болашақтағы жолы, аяқ алысы жақсы, нық болуы осы тұсау кесуге байланысты деп шешкен.
2-оқушы:Баланың тұсауын малдың тоқ ішегімен кесу елдің тоқ болуы және баланың келешекте бай болуы деген ұйғарым болған.
Әжелер мен аталар дастарханға шақырылды. Тұсауын кесетін сәбиді ортаға әкеледі.
3-оқушы: Ала жіппен тұсау кесу баланың келешекте ешкімнің ала жібін аттамай, адал болып өссін деген ниеттен туған.
4-оқушы: Жолың болсын деселік, Жолыңа нұр төсейік. Жарылқасын алдыңнан. Тұсауыңды кесейік! Тұсауыңды кесейік! Күрмеуіңді шешейік. Сәбидің тұсауы ала жіппен кесіледі. Шашу шашылып, ән айтылады. Сәбиді жүгіріп, жүргізеді. Барлық ырымдары жасалады.
Әже: Қаз, қаз балам, қаз балам, Қадам бассаң мәз балам. Тағы, тағы баса ғой, Тақымыңды жаза ғой. Қаз баса ғой қарағым, Құтты болсын қадамың!
Бата айтылады.
1-оқушы: Жас ұрпақ өмірлі болсын,
Тұрмысы көңілді болсын.
Ата-анаға мейірлі болсын,
Ағайын-туысқа пейілді болсын,
Өнер-білімге зейінді болсын.
Ел қорғайтын батыр болсын,
Шындықты айтатын ақын болсын.
Халқы дейтін жүрегі болсын,
Жұртының қамқор тірегі болсын,
Жаманшылық көрмесін.
Мұғалім сөзі:Құрметті ұстаздар мен оқушылар, «Ата-баба дәстүрі-әдептілік негізі» атты ашық тәрбие сағатымыз осымен аяқталды.
Құрметті оқушылар, бүгінгі біздің сабағымыздың мақсаты –заман өзгерсе де ұлттық салт-дәстүріміздің көнермейтіндігін еске салып ұлттық мұраны қайта жаңғырту. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» демекші, салтын сүйген әрбір жас ұрпақ болашақта халқын сүйетін, еліне адал қызмет ететін, тілінің, салт-дәстүрінің жанашыры болатындығына сенімдімін.
Еліміздің жарқын болашағы сіздердің қолдарыңызда, құрметті оқушылар!
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.