Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
Әбіш Кекілбайұлы – қаламгер,қайраткер, саясаткер. -

Әбіш Кекілбайұлы – қаламгер,қайраткер, саясаткер.

Сабақ жоспары | Документы | Тәрбие сағаты Загрузок: 0 | Просмотров: 2271 | Размер: | Автор: Тәрбие
. Тәрбие сағаты
Әбіш Кекілбайұлы – қаламгер,қайраткер, саясаткер.

Маңғыстау облысы
Бейнеу ауданы
Опорный орта мектебі
Математика пәні мұғалімі
10 А сынып жетекшісі
Тоқсанова Зоя Қармысқызы

Тәрбие сағатының мақсаты : Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы , мемлекеттік сыйлықтың иегері , «Түркі дүниесіне қызмет» халықаралық сыйлығының лауреаты , сенатор Әбіш Кекілбайұлының қаламгерлігі , қайраткерлігі, саясаткерлігі туралы оқушыларға кеңірек таныстыру.

Тәрбиелілігі: Әйгілі сөз зергерінің замандастары, достары , әріптестері, іні – қарындастарының әр жылдардағы жазылған , газет – журналдарда жарық көрген ой – толғамдары , ыстық лебіздерін бере отырып , оқушыларды ұлтжандылыққа , сыйластыққа , адамгершілікке, мейірімділікке тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Жазушының «Елең – алаң», «Үркер» романдары бойынша плакаттар, жазушының өмірінен сурет – шежіре интерактивті тақтамен слайд арқылы көрсету.

Мұғалім сөзі : Тылсым тарихын балбал тастарға мүсіндеген , рухани әлемін зергерлік әшекейлеріне күміспен күптеп , күйлерінің күмбірімен көмкеріп , жырларымен жиектеген , өткені өнегелі , бүгіні бай да , баянды , келешегі көңілге шалқар шабыт ұялататын , 362 әулие мен Пір Бекет атаның рухымен тыныстап жатқан Киелі Маңғыстау топырағында дүниеге келген Әбіш аға Кекілбайұлына арналған тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
Осы бір қасиетті топырақ , киелі жерде дүниеге келіп , қалың қазақтың қамын жеп , алаштың ардағына айналған ұлы тұлғалар әрине , аз емес. Оларды дәл қазір түгендеп тауыса алмасымыз хақ. Бірақ олардың еңбегіне ілтипат , рухына тағзым етіп отыру ұрпақ парызы.
Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы осыдан он жыл бұрын Ақтауда туғанына 60 жыл толуына арналған салтанатты жиында : «Алпысқа жеткен адам да алыстан келе жатқан жолаушы ғой. Жол үстінде талай қуанып ,талай құлазиды екен. Сондайда бала – шағасының тілегіне қосып , сенің тілегіңді де тілесе отыратын ақ пейіл ата қауымның барлығы – Құдайдан кейінгі қуатың екен. Бұны мен ешқашан естен шығармақ емеспін. Тұрғанда тәубама , жатқанда кәлимаға қосып келемін . Шырғалаң ғасырды да таусып келеміз. Пікір ете білсек , талай шыңырауға бойлаппыз. Шүкір ете білсек , талай шыңға өрмелеппіз. Жарығы таусылмаған жанға бақыттымын деп қомдану тасырлық , бақытсызбын деп мұңаю пақырлық шығар. Мен де бүгін жер ортасынан асқанда бабаларымыз айтқандай «Жаратқан ием , осы бергеніңе тәуба! десек ерсі болмас. Бұл үшін әуелі Тәңірге, сосын ел – халқыма қарыздармын» дегені барды. Сол ел – халқы, зайырлы замандастары , ізгі ниетті іні – қарындастары 2009 жылды «Кекілбаевтің жылы» деп атап , сан қырлы суреткер жайлы әсерлі әңгімелер мен ән – жырларды жариялау , ел төрінде сый – құрмет көрсетуді бастап кетті. Маңызды да ғибратты іс – шараларға толы мерей той бағдарламасы туған топырағы киелі Маңғыстау жерінде жиналған аса сыйлы қонақтар мен ел – халқының еңсесін көтерді. Дүбірлі той әсем Ақтауда бастау алып , Оңды ауылында әдемі жалғасты.
«Меніңше, бұл жиын халыққа , соның ішінде желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпаққа керек. Өйткені туған халқының екі ғасыр тоғысында өмір сүрген ұрпағының тағдыр тауқыметі мен жан сырын көркем тілмен өрнектеуді өмірлік мұрат тұтқан , шығармашылық пен мемлекеттік қызметтің тізгінін тең ұстаған өз заманының зор тұлғасы Әбіш аға Кекілбайұлының шығармашылық лабораториясы мен ғұмырнамасы кімге болса да тағылымды мектеп болары анық» - деген болатын , осы жиында оның таланты мен адамгершілік қасиеттерін аса жоғары бағалап , ерекше құрметтейтін ұзеңгілес інісі Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев .

Әбіш Кекілбайұлының өмірбаяны .

І бөлім . «Ғұлама тұлға , ғибратты ғұмыр»

Арай : Әбіш аға – ең алдымен сөз зергері , қаламгер. Оның қаламгерлігі туралы қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі Мұхтар Әуезовтан бастап , талайлар орынды бағасын бергені белгілі. Жұмекен Нажмеденов айтқандай Әбіш «екі кеме емес , үш кеменің» басын ұстаған қаламгер.

Айгерім: Сонау соғыс жылдарының сұрапылы мен ауыртпалығын арқалаған жас буынға қазақ әбебиетінің көшін тіктеп , кемеріне келтіріп , әлем әдебиетіненлайықты орын алу миссиясы бұйырды . Бұл аманатты адал атқарған сол буынның басында тұрған бір кездегі бала Әбішті қазіргі қазақ әдебиетінің бұйда ұстар көш басшысы , көрнекті тұлғасы һәм ақсақалы деп білетін кез келді. Біз бұл тұжырыммен әдеттегідей тайталасып жатқан күннің өзінде , оны әлемдік әдеби орта дәл осылай мойындап , әлдеқашан бекітіп қойған. Дүниежүзілік 100 ойшыл – қаламгерлердің қатарында Әбіш Кекілбайұлы есімінің тұрғандығы осыған дәлел.

ІІ. «Әбіш Кекілбайұлы – күрескер тұлға!»

Болат: Нағыз жазушы – тек қалам тартқан сөз шебері емес , ол өз халқының бақыты жолында әр шығармасы арқылы майданға түсетін күрескер!
Сократ, Платон , Диоген , Байрон , Шелли , Сырым , Махамбет , Абай ,Ахмет , Мұхтар ... . Елінің азаттығы жолындағы майданның дәл ортасынан табылған есімдердің тізімін шексіз жалғай беруге болады. Бұл тізімге Әбіш Кекілбайұлының да атын бүгінгі тарих батыл жаза алады. Оның өлген мұраларымызды тірілтіп , өшкен шырақтарымызды қайта жаққан қайраткерлігін былай қойғанда , қазақ қоғамындағы аса күрделі сәттерде жанын шүберекке түйіп , әділет үшін тәуекелге барған тұстарын қалайша бүгіп қалмақпыз?!
Ел тәуелсіздігі талқыға түскен шақтарда әміршіл жүйенің мінберінде тұрып , Версальд келісімі, Атлант хартиясынан бастап , Беловежье келісіміне дейінгі халықаралық хұқықтық актілерді алға тарту , сол арқылы Қазақстан Тәуелсіздігін негіздеу – нағыз сарабдал саясаткерліктің көрінісі емес пе?!
Маржан: Жазушы Әбіш Кекілбайұлының қаламынан туындаған шығармалар әдебиетіміздің ортақ игілігі болса оның мемлекеттік қызметтегі , жалпы қоғамдағы әр іс - әрекеті – халықтың ортақ игілігіне айналып отырғаны шындық.
Шығармашылық адамының мемлекет басқару ісіне , билікке араласуы төтенше құбылыс емес. Аристотель , Сенека , Макиавелли , Науаи , Ұлықбек , Гете , Абай , Байтұрсынов , Сейфуллин ... . Бұлардың бәрі де заманында биліктің тізгінін қаламмен қатар ұстап , атқа мінген кісілер. Ізгілікті ұйымдастырушылық іскерлікпен , сезімталдықты саяси алғырлықпен ұштастыра білген қазіргі заманғы қайраткерлердің пірі Әбіш аға қазақ мемлекеті шаңырақ көтерген шақта аса жауапты биіктерден көрінді. Парламент жұмысына жетекшілік етті , Мемлекеттік хатшы , Президент Кеңесшісі болды , қазір Елбасының жарлығымен тағайындалатын Парламент Депутаттарының қатарында.
Бақыт: Азаттықтың арайында , тәй – тәй басқан Тәуелсіздіктің әр қадамына сүйсінетін , елдің тізгінін қолына алған Елбасына тірек болатын азаматтар қажет еді. Конфуций , Вольтер , Тоныкөк , Қорқыт , Асанқайғы , Жиембет , Бұқар секілді , хан алдында халыққа жаны ашып , халық алдында ханға жаны ашып сөйлейтін кеңес иесі болу да Әбіш Кекілбайұлының еншісіне жазылды.

ІІІ. «Әбіш Кекілбайұлы – көрнекті қоғам қайраткері!»

Айзада: Жер жарылып , су аққан сонау ықылым заманнан бастап күні бүгінге дейінгі адамзат тіршілігін санасына сыйдыруға ұмтылу , бүгін мен болашақтың жарасымына жан дүниесін арнау – ғаламдық деңгейі , адамзаттық адамзаттық масштабы емес деп кім айта алады?! Тілдік ,этносаралық , конфессиярлық , мәдениетаралық үйлесім мен ұлттық , мемлекеттік , адамзаттық құндылықтарды тану , құрметтеу сол арқылы дүниежүзілік жарасымның гуманистік құндылықтарын уағыздау – шын мәніндегі адам баласының ең басты мұраты емес пе?!
Мәңгілік өмірді аңсаған – Қорқыт ... , ажалдың алдын алған – Қожа Ахмет Яссауи .., Жерұйықты іздеген – Асанқайғы .., халқының кемелдігін аңсаған – Абай .., Тәуелсіздік жолында дүниені тәрк еткен Алаш арыстары , елін әлемдік өркениетке жетелеген Мұхтар Әуезов .., әдебиетпен әлемге әділет тілеген - Әбіш! Барлығы да АДАМДЫҚТЫҢ АБЗАЛ МҰРАТТАРЫНА АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТУШІЛЕР!
Сымбат: Осыдан 30 – 40 мың жыл бұрынғы алғашқы қауым тұрақтарын , тас индустриясын , ежелгі металлургия жұрнақтары , әскери бекіністер мен керуен сарайлар , шөл даладағы шыңырау құдықтар , балбалдар , құлпытастар , сағаналар , кесенелер , көне шығырдан бастап атом электр станциясына дейін , шақпақ тастар тамашалағысы келгендер болса , тағы да Маңғыстауға келсін !..
...Евразияның ең терең жері ... Күллі планетаның Өлі теңізден кейінгі ең терең екінші кіндігі ... Мұхит деңгейінен 132 метр төмен жатқан атақты Қарақия ойпаты ... Сірә , Әбіш Кекілбайұлына біткен тереңдіктің табиғаттағы символы осы болар. Бір кездегі палеомұхит – Тетис , кейін Хазар , бүгінгі Қазақстан үшін алапат экономикалық мүмкіндіктер айдынына айналған – Каспий теңізі ...Бәлкім Әбіш ағаға біткен шалқар шабыт , толағай талант – осы теңіздің жойқын толқындарына тартқаннан болар.

ІҮ. « Замандастары мен әріптестерінің ой – толғамдары , игі лебіздері»

Інжу: Кекілбаевті біздің қазақ оқушысы , қазақ қоғамы ең алдымен ақын , жазушы ретінде таныды. Кекілбаев толғанса – роман , көсілсе – көсемсөз туады. Өндіріп , өнімді жазатын суреткер. Туындыларының көрнісі көркемділігімен , кейіпкер бейнелері шежірелі шешендігімен , оқиғасы тарихи деректілігімен қатар өріліп , астарлы сөз , ой дариясының тұңғиығына шомылдырады. «Күй» , «Шыңырау» , «Ханша дария хикаясы» деген Әбіштің сол кездегі шығармалары оқушылардың дүниетанымына жаңа бір рухани серпіліс берген – ді. Таяуда ғана жарыққа шыққан Әбіштің 25 жасында жазған «Күй» повесі бойынша түсірілген «Кек» фильімін бүгінгі көрермендер де түсініп , жылы қабылдады.
Интертақта арқылы «Кек» фильмінен үзінді көрсету.
Тастемір: Әбіштің естен кетпейтін тағы бір тарихи танымдық , шежірелік лекциялары 1992 жылдың жазында Маңғыстау жерінде өткізіліп еді. Әбіш ол кезде Жоғарғы Кеңестің Мәдениет , тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі комитеттің төрағасы. Комитеттің көшпелі мәжілісі өтті. Комитет мәжілісіне 50 – 60 адам , ғалымдар , өнер , мәдениет қайраткерлері қатынасты. Аңыз бен ақиқатқа толы Маңғыстаудың Үстірті мен Ойпаңында бір жұма жер аралап жүріп , Әбіштің лекцияларын тыңдадық. Бұл – теңдесі жоқ тарих, ел тану , жер танудың ғажап сабақтары болды. Әбекең төгілді. Әсерімізді әлі күнге сөзбен айтып жеткізе алмаспыз. Әбіштің Ұлы даладағы лекциялары туралы Герольд Бельгер тамаша очерктер жазды. Өзі де ғұлама ғалым , Маңғыстауды аз білмеитін академик, марқұм Зейнолла Қабдолов риза болғанын «Мен Әбішті оқыттым деп айтуға бата алмай тұрмын , ойпырмай , бұл не деген білім?! , - деп таңғалғанын жасыра алмады. Мырзатай Жолдасбеков «Маңғыстауда ежелден 362 әулие бар еді, 363 – ші әулие Әбіш Кекілбаев шығар» , - деді. Ол сөздер Әбіштің біліміне риза болғандықтан айтылған сөздер.
Интернет арқылы «Әбіш Кекілбаев» сайтынан алынған облстық «Қазақстан – Ақтау» телеарнасының журналисі Бақтыбай Жайлаудың «Сұрағандарың сөз болса» ғылыми – танымдық бағдарламысынан Әбіш Кекілбайұлымен кездесуінен үзінді.
Ү. «Айтары мол , сырға толы сұхбаттар»
Әлия Бөпежанова «Әбіштің анасы» (Айсәуле әжемен сұхбат( көрніс көрсету.

ҮІ. «Талантқа тағзым немесе арнау өлеңдер»
1. Ұлықбек Есдаулет. Маңғыстау . Замандас.
2. Гүлжауһар Сейтжан . «Жылытқан жүректерді жан шуағы»
3. Әбіш Кекілбаев . «Туған жер»
4. Маңғыстау әні . орындайтын – Інжу , Мадина.

ҮІІ. Сурет – шежіре .

Плакаттар бойынша сөйлеу.

Қорытынды сөз.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.