Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
Мен – Тәуелсіз Қазақстанның азаматымын! -

Мен – Тәуелсіз Қазақстанның азаматымын!

Сабақ жоспары | Документы | Тәрбие сағаты Загрузок: 0 | Просмотров: 2767 | Размер: | Автор: Тәрбие
. Мен – Тәуелсіз Қазақстанның азаматымын!

(4-сынып)
Мақсаты: Оқушыларды Отанымызды сүюге, еліміздің рәміздерін қастерлеуге баули отырып, туған жеріне деген сүйіспеншілін ояту. Елін, жерін, тілін, тарихын құрметтейтін жаны таза, адамгершілігі мол азаматты қалыптастыру. Желтоқсан оқиғасын негізге ала отырып, патриоттық тәрбие беру.
Көрнекілігі: ҚР рәміздері, Ата заң, суреттер, шарлар, «Тәуелсіздік шежіресі», «Алматы 1986 Желтоқсан» кітаптары, «Тәуелсіздік хроникасы» жинағы, қанатты сөздер жазылған плакаттар:
1. «Мәңгілік мақтан, 2. «Жасай бер, жаса,
Дауылпаз дастан – Тәуелсіз ел –
Қазақстан!» Қазақстан!»
3. «Тәуелсіздікке 15 жыл!» 4. «Мен – Тәуелсіз Қазақстанның азаматымын!»
Түрі: дөңгелек үстел
Барысы: 1. ҚР Мемлекеттік Әнұраны орындалады.
2. «Тәуелсіздік шежіресі»
Мұғалім: - Қай халық, қандай ұлт болмасын өз еркіндігін аңсайды. Әр ел өзінің егемен, тәуелсіз болуын армандайды. Халқымыздың жылдар бойы аңсаған ізгі армандары жүзеге асқан кезеңде тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Бүгінгі тәуелсіздік күніне орай өткізгелі отырған «Мен – Тәуелсіз Қазақстанның азаматымын!» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер! Тәуелсіздігіміз баянды болсын, ағайын! Міне, Тәуелсіздігімізді тәу етіп, егемендігімізді ту етіп желбіреткелі 15 жыл болыпты. Осы азғантай уақыттың ішінде елдігімізді танытып, еңсемізді көтерген қаншама ұлы оқиғалар болды. Мемлекетіміздің тәуелсіздік алғалы жеткен жетістіктері ғасырға пара-пар. Осы өткен өмір жолдарымызға қарасақ, әр жылдың өз шежіресі, сыры, тарихы, қасиеті бар.
1-оқушы. Азаттық. Теңдік. Тәуелсіздік. Осы үш ұғымның салтанат құруы үшін кімдер бас тікпеді, кімдер құрбан болмады.
2-оқушы. Тәуелсіздік шежіресіне көз тоқтатып қарайықшы. Сонау дүбірлі батырлар заманынан бері ел мен жер үшін қаншама қан төгілді, қаншама адам құрбан болды.
3-оқушы. Абылай заманы – батырлар заманы. Найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен қасық қаны қалғанша ел мен жер үшін айқасқан бабалар аманатын жалғастырған боздақтар қаншама.
4-оқушы. Ақтаңдақ жылдардағы қазақ деп қабырғасы қайысқан қайраткерлер де тәуелсіздігімізге жеткізер ұлы жолдағы құрбандар еді.
5-оқушы. Қашан да өршіл, намысқой, ержүректік қасиетті биік ұстайтын қазақ халқы Ұлы Отан соғысы жылдарында да аянбай шайқасқан.
6-оқушы. 1986 жылдың 16 желтоқсаны. Қазақтың санасын сілкіндірген желтоқсан ызғары жылдар бойы арман мен тәуелсіздіктің қайнар көзі болды.
7-оқушы. Бұл – теңдік үшін, елдік үшін бас көтерген, тіпті тәнін аямай, жанын пида қылған жастарымыздың аңсаған армандарының, көздеген мақсаттарының ұшқыннан жалынға айналып еңселі ел болған күніміз.
8-оқушы. Бұл күн – халқымыздың қуанып, болашақ ұрпақтың ұрандап еске сақтар күні.
Мұғалім:
-Еліміздің егемендігіне ең алғаш қадам жасаған Желтоқсан оқиғасына 20 жыл толды. Бүгінгі жарқын өміріміз сол қаралы күндердің жеңісті жемісі іспетті. Олай болса, құрметті қауым, Тәуелсіздік күніне және Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына орай сынып оқушылары шығарма жазған еді. Үздік деп танылған шығармалардан үзінді тыңдаңыздар.
Шығарма оқу. «Тәуелсіздік жаңғырығы»
3. Тәуелсіздік хроникасы.
Мұғалім:
- Бүгінде Қазақстан көк байрағы көкке желбіреген, қазына байлығын пайдалана білген, ұрпақтарына ұлттық тәлім-тәрбие берген егемен ел. Аз уақыт ішінде басқаларға өз басымдылығын көрсете білген, экономикасы, мәдениеті өркендеген азиялық айбынды мемлекеттке айналды. «Болашақтың барысы» деген айдарлы елдің бірі болуға белді бекем байлап, әлем кеңістігіне бойлай еніп,басым беделге бет түзеуде. Ал осы аз ғана уақыттың ішінде елімізде елеулі өзгерістер болды. Енді тәуелсіздік хроникасына назар аударайық.
1991 жыл, 1992 жыл, 1993 жыл, 1994 жыл, 1995 жыл, 1996 жыл, 1997 жыл, 1998 жыл, 1999 жыл, 2000 жыл, 2001 жыл, 2002 жыл, 2003-2006 жылдар бойынша еліміздің жетістіктеріне тоқталу. 2002 жылы «Бәйтерек» ғимараты ашылды. 97м.(Астананың 1997 жылы ашылу құрметіне байланысты) 2003-2005 жылдар «Ауыл жылдары» болды.
- Ал, 2006 жылғы болған ұлы өзгерістер, оқиғалар туралы не айта аласыңдар?
(Оқушылардың жауабы тыңдалады)
4. Рәміздер.
- Тәуелсіз ел - қандай ел? (Оқушылардың жауабы тыңдалады.)
- Сонымен, тәуелсіз ел - өз нышандары, жері, дәстүрі, әдет-ғұрпы, тарихы, мәдениеті, өз ел басқарушысы бар еркін ел. Ал әрбір азамат өз елінің негізгі нышан, белгілерін - рәміздерін жақсы білуі қажет. Кәне, дүниетану пәнінен алған білімдерімізді ортаға салайық.
( Үш оқушы рәміздер туралы білетіндерін айтып береді)
- Балалар, біз өз еліміздің негізгі белгілерін біліп қана қоймай, оларды қастерлеуіміз керек. Бұл барша Қазақстан азаматтарының парызы. Ал, біздің елімізде көптеген ұлт өкілдері тұрады емес пе, олай болса еліміз қандай мемлекет болып саналады?
- Көп ұлтты.
- Иә, балалар, кең пейілді қазақ халқының дархан даласын жайлаған барша ұлт өкілдері қазақ жерін «Отаным» дейді.
Сұңқар: Еліміздің барлық жерінде қазақтардан басқа орыстар, ұйғырлар, өзбектер, корейлер, татарлар, украиндар, шешендер, дұнғандар, және басқа да көптеген ұлттардың адамдары тату-тәтті өмір сүріп еңбек етуде.
Гульназ: Бұл халықтар түріне, нәсіліне қарамастан теңдей білім алып, Қазақстан Республикасының Ата заңы негізінде өздерінің Отанына айналған қазақ еліне барынша қызмет етіп, беделін үстем етіп келеді емес пе.
5. Ата Заң.
- Дұрыс, балалар Гүлназдың айтқанындай еліміздегі барлық халықтар Ата заңымыз – Конституцияға бағынады. Заң дегеніміз – ереже. Ережені бұлжытпай орындау керек емес пе. Қандай ереже-баптарды білесіңдер? (1-2 оқушыдан сұралады)
- Дұрыс, сондай-ақ, Ата Заңымызда әркімнің білім алуына, денсаулығын сақтауға, тынығуға құқығы бар екендігі көрсетілген. Сонымен қатар, Отанды қорғау, мемлекеттік нышандарды құрметтеу, тарихи - мәдени ескерткіш-мұраларды қорғау, табиғатты сақтау және қорғау әр азаматтың міндеті екендігі баса көрсетілген. Осыны естен шығармайық.
6. Отан деген не?
- Ия, балалар, біздің туған жеріміз алтын бесігіміз - Қазақстан кеңбайтақ. Кеңбайтақ Отанымыздың бір шетінен екінші шетіне жету үшін құс қанаты талады екен. Біз үшін Отанның шеті де, шегі де жоқ.
Отан деген не, кім қалай түсінеді ?

Мұғалім: Көп аузынан түспейтін,
Отан деген немене?
Оның тұлға, түс кейпін,
Достым білгің келе ме ?
Молдаш: Әуелгі Отан – ана алды, оттың басы,
Ауыл алды, аунаған шөптің қасы.
Сағынғанда тым ыстық көрінеді,
Жазда ойнаған үйшік қып сайдың тасы.
Мәншүк: Отан дейміз от жаққан жерімізді,
Отан дейміз өсірген елімізді.
Отан дейміз туған жер, атамекен –
Биік тау, орман, тоғай, көлімізді.
Қуаныш: Отан дейміз кең-байтақ астананы,
Жасыл жайлау, жаңа жол, жас қаланы.
Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ,
Ол бірақ өз үйіңнен басталады.
Алуа: Отан – тарих, Отан – тіл,
Жасаған елің, өз – халқың.
Отан - өлең, Отан – жыр,
Көтерген көкке ел даңқын.
Мансұр: Отан - сенің ата-анаң,
Отан – досың, бауырың,
Отан - өлкең, астанаң,
Отан – аудан, ауылың.
Бауыржан: Отан – осы достарым,
Көңілге мұны түйе біл!
«Отан» - деп өс жас қауым,
Оны ардақтап сүйе біл!
- Дұрыс, балалар, Отан дегеніміз – адамның туып-өскен жері, туған туыстарымен, жақындарымен бірге тұратын мекені. Ал, қазір бәріміз Отанымызға тағы бір мәрте құрмет көрсетіп, «Отан» әнін орындайық.
Хор: «Отан»
Қортынды: - Міне, балалар, бүгін өздеріңді Тәуелсіз еліміздің болашағы екендеріңді, яғни, нағыз азамат екендіктеріңді көрсете білдіңдер. Белгілі ақын атамыз Ж. Молдағалиев:
Өткеніңді еске алсаң,
Өскеніңнің белгісі.
Өткеніңді ұмытсаң,
Өшкеніңнің белгісі,
- деген екен. Сондықтан, халқымыздың бүгінгі уақытқа дейінгі жеткен жетістіктері өздеріңе аманат. Сондай-ақ, еліміздің егемендігін танытатын ресми ерекшелік белгілері: Ана тіліміз, Елтаңбамыз, Туымыз, Ата заңымыз, Әнұранымызды бойындағы бойтұмарындай сақтап қана қоймай, қашанда еліміздің, жеріміздің еркіндігін сақтар мықты ұрпақ, мықты азамат болатындарыңа сенімім мол. Жолдарың ашық, жарқын болсын, Тәуелсіз елдің азаматтары!

Қ.Т. ШАТЕКОВА,
Бұрма орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі.
Қарағанды облысы,
Шет ауданы,
Бұрма ауылы.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.