Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
«Сырлы ғарыш –саз әлемі» -

«Сырлы ғарыш –саз әлемі»

Сабақ жоспары | Документы | Тәрбие сағаты Загрузок: 0 | Просмотров: 2582 | Размер: | Автор: Тәрбие
. Ақтөбе облысы
Әйтеке би ауданы
Әйке ауылы
Әйке орта мектебі
Сарсембаева Гауһар Зинеғабдинқызы
Тақырыбы: «Сырлы ғарыш –саз әлемі»
Мақсаты:Оқушылардың эстетикалық талғамын арттыру.
Шәмшінің әндерін ардақтауға, әндерін білуге үйрету.
Көрнекілігі:Шәмшінің портреті. Шәмшіге арналған сөздер. Шәмшінің кітаптары, слайдтар.
1. «Маған жақын нәрсе-халықтың жүрегі».
Шәмші Қалдаяқов
2.Алтынның сынығы жерде қалмайды,таланттар,
дарын жарыққа шықпай қалмайды.
3.Текті-тегіне, затты-затына тартпай тұрмайды, өткір кездік қынабында жатпайды.

Мұғалімнің сөзі:-Саз сардары, вальс королі – Шәмші Қалдаяқовтың болмысы нақ осы мәністер іспеттес. Ол жерде қалмай, қынабында жатпайды, тегіне, затына тартып,өмірге жарып шығып, өмірден жанып өткен дарын талант. Ол дүмбілез, бықсып әзер қалыптасқан сазгер емес, жарқырап жанып сөнбей өткен тұтас бір «Сырлы ғарыш-саз әлемі»
1-жүргізуші:Қайырлы күн ұстаздар мен ата-аналар!
2-жүргізуші:Армысыздар кешімізге жиналган көрермен қауым!
1-жүргізуші:Сіздер осы кеште Шәмші Қалдаяқовтың өмірі, шығармашылық өмірі мен әндерінің шығу тарихымен таныс боласыздар.
2-жүргізуші:Шәмші Қалдаяқов-күллі қазақ халқының ұлттық мақтанышы.Елге танымал композитор, халық әртісі. Шәмші ағамыздың «Менің Қазақстаным» әні ресми түрде әнұран болып қабылданды.
Әр адамның өз өмірі секілді әр әннің тарихы бар. Менің Қазақстаным әнінің шығу тегіне тоқталып өтейік. Ол кезде Ақмоланы Целиноград деп атап, бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Сөйтіп, қазақ жері бөлшектенгелі жатқанда оның асқақтығын жырлайтын ән керектігін сезіп Шәмші ағамыз ән жазды. Өлеңі Жұмекен Нәжімеденовтікі, сөйтіп «Менің Қазақстаным» әні туды. Радиодан Жамал Омарова орындады.Халықтың өтініші бойынша ән күніне бірнеше рет радиодан беріліп тұрды. « Осы ән түбі Қазақстанның әнұраны болады»,-деп Шәмші ағамыз біліп айтқан.1986 жылы 16 желтоқсанда Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан жастары «Менің Қазақстаным» деп шырқаған жастардың арманы орындалып, Қазақстан тәуелсіз мемлекет болды.
Енді қазір осы ән мемлекет әнұраны болып отыр.
1-жүргізуші: Құтты болсын ел қалаған Әнұран!
Сүйіншіле,Қазақстан, бүгін қандай ғажап кун,
Терезам тең тектілермен, қатарымнан озатпын.
Бостандыққа жететінін, бодан болып жүріп-ақ
Сезген екен Шәмшісі мен Жұмекені қазақтың.
Бұл әуенді тебірентіп Әуезовте тыңдаған.
Сүйсінгенін жасырмаған Нұрғисадай нұрлы адам.
« Менің елім!» –деген сайын Елбасымыз Нұрсұлтан
Әрбір сөзін жүрегінің үніменен шыңдаған.
Бүкіл әлем қарап отыр, айтпайды осал деп бізді,
Ынтымақ пен жақсылыққа жаңартайық ескі ізді.
Шаттан, халқым, құтты болсын ел қалаған әнұран!
Шебер Алла адал елді ақиқатқа жеткізді.
Әселхан Қалыбаев
Бәріміз орнымыздан тұрып, әнұранды орындайық.
2-жүргізуші: Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы дүниеге келді. Шәмшінің қалай дүниеге келгендігі жайлы өз аузынан естіген әңгіме желісі былай еді. «Арыс өзенінің Сырдарияға құятын жердегі қойнауында Сарыкөл деген көл бар.» Бұл қазір Шәуілдір селосы деп аталады, Шымкент облысында. Міне,осы көлдің жағасын 1927 жылы Қалдаяқ деген кедей мекендеп қалады. Қалдаяқтың шын аты Әнапаия екен.
Татарлардың гармоның, қазақтың қобызы мен домбырасын құйқылжыта тартқан сері Қалдаяқтың сол қамыс күркесінде 1930 жылы ұл бала дүниеге келеді.
-оу, Қалдаяқ, ұлды болдың!-деген хабарды естіп, үйіне асыға келген әкеге қарулы қолын сезе қойған бала шыр ете түседі. Басқа балалардай шыңғырып жыламай, бір түрлі әуезді ырғаққа ұқсайтын үн шығарған ұлына қарап:- Мен сені Шәмшид патшаның атымен атағалы жүр едім, бірақ мына дауысың патшаның емес, әншінікіне көбірек ұқсайды екен,-депті Қалдаяқ.
-Оу, Қалдаяқ, балаң адамдардың емес, әннің патшасы болса да тақияна тар келмес,- депті оған Құдайберген деген құрдасы.

1-жүргізуші: Дәл сол сәттен аттай отыз жыл өткен соң, Шәмшид деген ат алған бала Шәмші Қалдаяқов болып, бүкіл Қазақстанға «вальстің королі» болып, атағы жайылды.

2-жүргізуші: Шәмшіге ән шығару қасиеті анасынан дарыған. Анасы Сақыпжамалдың үні қоңыраудай. Ән салса ажары ашылып түлеген тоты құстай түрленіп, ажарланып, ғажайыптанып кететіндей ару жан еді. Осы анасының арқасында Шәмші бүгінгі уақытта дарынды, талант атағына ие болып отыр.
Шәмші өзінің құдайдай сыйлап, жанындай жақсы көретін әкесіне өлген соң бейіттің басына улкен кесене-ғимарат салдырады. Ал өзін ақ сүтімен асырап өсірген аяулы анасына арнап әннің ең асылын шығарады. Ол- «Ана туралы жыр». Оның туу тарихы былай. Шәмшид Шәмші атанып, оның композиторлық атағы шар тарапты шарлап кеткенде, оның ғазиз анасы айықпас дертке ұшырайды. Өзінің о дүниелік екенін айқын сезген ана Алматыдағы Шәмшіні шақырады.
- Балам,-деді кіреуке тартқан көздеріне қос тамшы үйіріліп, бұл өмірден жас кеттім демеймін... Жазмыш маған келіннің қызығын көруді, немере сүюді бұйыртпады. Тағдыр солай да... Қайтейін?... Жалғыз тілеуім – сен аман бол... Бұл өмірде салған әнің айтылмай жатып үзілмесін. Ол әнің ұзаққа кетсін. Бақыл бол, балам.
Анасының ақтық лебін естігенде ғана Шәмші өзінің отызға тақалып қалғаның, ән соңында жүріп үйлі-жайлы болуды да, еске алмағанын бір-ақ біледі. Бетінің ажары тайса да, көзінің нұры жоғала қоймаған анасы өзіне ұмсына қарағанда Шәмші бірден талай жасқа кері шегініп, өзін нәрестедей, сәбидей сезінген еді. Ойлап қараса, анасы оған әлемнің жарығын сыйлапты, даланың ең әсем гүлің жинапты, самғаған құстардың қанатын беріпті, мол дүниенің жаннатын ұсыныпты. О,ана! Ана! Бұл өмірдегі ең жақын, ең асыл адамынан мәңгілік айрылғалы тұрғанын сезген Шәмші, оның ыстық төсіне басын қойып, еркінен тыс өксіп жылап жібергенін сезбей де қалды.
-Апа, қарыздармын саған...Қарыздармын, апа! Сенің басына мовзолей орнату менің қолымнан келе қоймас. Бірақ,саған әсем әннің ең сұлуы, ең нәзігін ешқашан ұмыт болмайтын ескерткіш қалдырамын...деді. Шәмші дауысы дірілдей шығып, көз алдындағы бар дүние тұманға сүңгіп бара жатты... Бұл 1957жылдың 4 қыркүйегі болатын. Шәмші анасына берген уәдесін 1961жылы орындады. Осы жылы оның «Ана туралы жыр» әні дүниеге келді. Бұл қазақ совет музыкасындағы ана туралы жазылған тұңғыш ән еді . Бұл ана алдындағы ешқашан өтелмейтін борышын сезген баланың егіле төгілген көз жасы еді...Бұл есейген ержүрек ұланның өмірдің ащы теңізін адал кешіге берген анты еді...Бұл-аналар туралы гимн еді. Сіздерге Шәмшінің «Ана туралы жыр» әнін ұсынамыз.
1-жүргізуші: Шәмші жеті жылдық мектепті бітіргесін дәрігерлік зоотехникалық техникумда 4жыл білім алды.Алғашқы еңбек жолын Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының Құмсай ауылында бастайды. Ол 1950-1951 жылдары Құмсай жұмыс жасап, көп ұзамай Отан алдындағы қызметке шақырылады. Әскери қызметін өтеп жүріп училищеге оқуға барады. Осы оқуда жүргенде әйгілі әнші Жамал Омарова Шәмшінің бойындағы талантты көріп 3 курс бітірместен Алматының консерваториясына алып келеді. 1956-1962 жылдар аралығында Шәмші Құрманғазы атындағы консерваторияның композиторлық факультетінде оқыды. Стулент кезінде шығарған әндері «Қайдасың?», «Жүрек сыры», «Қайықта», «Арман» әндері студент жастар арасында кеңінен таралып сол әндері осы күнге дейін орындалуда.
Келесі кезекте осы әндердің бірін орындайық. «Қайықта» әні. Бұл ән 1957 жылы демократиялық жастардың бүкіл дүние жүзілік фестиваліне арналған Республикалық байқауға байланысты жазылды.
2-жүргізуші: Жалындап тұрған жас кезінде жазған әнінің бірі-« Ақ маңдайлым» болса, бұл ән атақты Мұхтар Әуезовтен үлкен баға алған.
« Жақсылықтың жоқ,исәулем, ерте-кеші
Жадырашы, назданшы,еркелеші»- деген жеріне келгенде Мұқаң еріксіз елітіп кететің,-дейді көргендер.

1-жүргізуші: Үйде де, түзде де қолынан кітап түспейтін Шәмшінің білмейтін нәрсесі жоқ еді. Ол елден білген немесе естіген күлкілі әңгімелерін айтқан кезде, оған сол тұстағы жағдайға сипат беріп, қалжыңдары нысанаға дәл тиіп жататын. Шәмші әсіресе әзіл-оспақ айтуға, өткір ойды келте сөзбен түйіндеп беруге ұста болатын.

2-жүргізуші:Шәмшінің әндерінде әр дыбыс ерекше екшеленіп шығады. Келесі құдіретті әндердің қайырмасы таудан құлаған судай сатылып, бәсеңдеп жұтылып кетпей, керісінше зеңгір көкке қалықтай көтерілген қыран қанатындай дүрілі, лүпілі, шуылы түгел сезіліп құлақ құлышында сіңіп қалатындай жанды жеу, күшену жоқ, лықсып келіп жататын келісті қысылыссыз баурап алатын ғажайып. Әрине, осындай кереметтей келесі Шәмші ағамыздың «Ақ бантик», «Қуаныш вальсі» әнін сіздерге ұсынамыз.

1-жүргізуші: Түркістандық ақын Сүлеймен Бақырғани сұлулықты 3 түрге бөледі. Бірі- жаратқан иенің сұлулығы, екіншісі- кісі қолы тимеген табиғат сұлулығы, үшіншісі- бейнетқор адамның іс қимылынан кейінгі жан рахаты. Осы үш сұлулықтың үшеуі де...Ақсу...Жайық,,,Арыс жағасы... бойының таңғы шықтай мөлдіреген, бұратылған әсем қыздарынан табылады ғой. Соңғысы Шәмші сазының әуені мен дірілінен сезілген әдеміліктер, тап басып танып өзінен бір құдыретті күш әйел қауымына дарынды талант иесі бас иеді. Тыңдалатын ән «Арыс жағасында».
2-жүргізуші:Жалпы Шәмші ағаның трагедияға толы өзінің қылшылдаған 40-тағы кезінде 70-жылдары 3-4ай өмірін сығандардың арасында өткізген. Осы сығандардың арасында жүріп сыған қызы Изолдаға «Сыған серенадасы» әнін арнайды. Бұл әнде бәрі де бар.Ең бастысы қандац жағдайға тап болсаң да өмірге дегнен құштарлығынды жоғалтпау, ертеңге, болашаққа деген үмітіңді үзбеу. Өмірдің қиындығынан торығып, қамығып жөн арқаңнан таспа тіліп өткен тағдырдың қамшысынан үзіліп кетпей бәрі де болады дегенге меңзейді. Үміт болса жүйрік тұлпарда, жақсыжарда, дәулет байлықта келеді. Көзің жұмылғанша қамықпа, үмітіңді үзбе деген жігер қайрат жігіттің намысын жону бар. Әннің сөзіне зер салсаңыздар Қадір ақын ән ырғағын, ішкі иірімін Шәмшінің сол көңіл күйін тап баса білген. Тыңдалатын ән «Сыған серенадасы».

1-жүргізуші: «Өмірде ақындардың бәрі жалғыз»-деп Мақатаев жырлағандай, таланттардың бәрі жалғыз.Шәмші де жалғыз. Аяулы ана, мөлдір маххаббат, шынайы бақыт туралы тамаша әндер шығарып, өзі елеусіз де аянышты тірлік еткен, тер төккен еңбегі кезінде ескерілмеді. Бірақ, оның әні өлмейді.
Келесі әні «Әнім сен едің».
2-жүргізуші:Шәмшінің достары көп болған. Солардың ішінде композитор Илья Жақанов, Сыдық Мұхаметжанов,Әбілахат Еспаев, Нұрғиса Тілендиев ағалар бар.

Адамдар жүрегінен орын тапқан әуеннің қашанда өмірі ұзақ. Шәмшінің айтылған әндерінен басқа да «Ақ сұңқарым», «Сыр сулуы», «Қара көз», «Ақ ерке –ақ жайық», «Бақыт құшағында» т.б әндері бар. Шәмшінің әндерін алғаш орындап, бағын ашқан Жамал Омарова, Рашид Абдуллин, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжанов т.б. әншілердің еңбегі орасан зор.

1-жүргізуші:Оның досы, жазушы-драматург Оразбек Бодқов: «Бар өмірімді сарапқа салсам, Шәмшімен өткен үш жылым-ерекше күндер. Мен қазір сыңарымнан айрылған аққу секілді жалғыз қалдым.Шәмшінің тірісінде: «Кеттім Шәмшіге!»-деп,ол қайда жүрсе де іздеп барып, тауып алушы едім. Екеуміз егіз қозыдай болып шұрқырасып қалушы едік. Сол күндер жоқ қазір.Жоқ!»-деп жоқтады.
Оразбек Шәмші туралы деректі повесть,пьеса, «Шәмші Қалдаяқов хикаясы» деген кітап жазды. 1957жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде Шәмші туралы тұңғыш жазған Оразбек еді. 1989 жылы « Лениндік жас» газетінде мақалалары жарық көріп, бүкіл республиканы Шәмшінің есімі дүр сілкіндірді.

2-жүргізуші: Илья Жақановтың «Шәмшінің жүрегі» деген естелігі 2001жылы «Таң шолпан» журналында жарық көрді.
1-жүргізуші:Өмірзақ Айтбайұлы « Шәмші аға тіл мен өнерді қатар емген, тұла бойын түртіп қалсаң ән мен әуен төгіле жөнелетін тумысы бөлек, ерекше дарын иесі» деген екен.

2-жүргізуші: 1990жылы шілдеде Қалдаяқов 60жасқа толды. Осы тойға орай жиналып отырған көпшіліктен сұраұ келді. «Шәмші аға! Сіздің әндеріңізді жас та, кәрі де бәрі де ұнатады. Олардың халық жүрегіне соншалықты жақын болуының себебі неде деп ойлайсыз?»- «Себебі біреу-ақ: маған жақын нәрсе –халық жүрегі. Олар мені сондықтан түсінеді. Сұлтанмахмұт: «Жақсылық көрсемде-өзімнен, жамандық көрсем де-өзімнен» деген…Мен өз әнімнің мықты болуын ойладым»,-деді Шәмші.

1-жүргізуші:2005 жылы 75жасын туған жері халықаралық ән мерекесімен атап өтті. Бұл дүбірлі думанға Шәмші ағаның жары Жәмиля, ұлдары Әбілқасым мен Мұхтар, қарындасы Раушан, басқа да туыстары қатысты. Шымкенттегі Шәмші атындағы көшені жөндеп, сол көшедегі бір кезде сазгер тұрған үйге орнатылған мемориал тақтаны жаңарту рәсімі өтті. Сондай-ақ сазгер бюстіне гул шоқтары қойылыпоның қасында ақындардың «Әнім сен едің!» атты жыр кеші тұсауын кесті. Оңтүстікқазақстандықтар Шәмші Қалдаяқовтың 75 Жылдық мерей тойына орай оның әндер жинағын нотасымен және ол кісі жайлы естеліктер кітабын, аудиокасетасын шығарды.

2-жүргізуші: 1987жылы композиторға «Қазақ ССР мәдениетіне еңбек сіңірген» деген атақ берілді.
Шәмші бұл күндері ауруханада жатқан болатын.Алматының ауруханасында 16қараша күні түскен ол, 1992 жылдың 29 ақпанында мәңгілікке көз жұмған. Шәмші осылайша «Қазақстанның халық артисі» деген құрметті атақты бар –жоғы алпыс ақ күн алып жүрді. Шәмшіні сағынған халық оған арнап ән шығарды. «Ән аға-жана аға» әні орындалады.

1-жүргізуші: Ән өмірінде жарық жұлдыздай сәуле шашып, айрықша із қалдырған Шәмші Қалдаяқов – күллі қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Сондықтан да біздің аспанымызда махаббат пен сағынышқа толы Шәмші әуендері әуелейді. Бірде-бір қуанышты дастархан Шәмшінің әуезді әуендерінсіз өтпейді. Оны шырқаған әншілер де, тыңдаған тыңдаушылар да ерекше ләззат алып жігерленіп, рухына рух қосады.

2-жүргізуші:Шәмшінің әндерінің қай ұрпаққа да берері мол. Тек оны жүрекпен ұғып, жүрекпен айта білейік. Оны айта білуші сіздер мен біздер.
Қорытынды:Кроссворд шешу.
1. Әкесінің аты.
2. Әкесінің шын аты.
3. Ағамыздың жары.
4. Досы.
5. Қарындасы.
6. «Шәмшінің жүрегі» естеліктің авторы.
7. Туған ауылы.
8.Халық әншісі.
9.Қай атағымен халыққа жайылды.
Жауабы:Қалдаяқов.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.