.
.
Камелхан Имашхан Табиғатты қорғау – егеменді елімізді қорғау.
Сабақ жоспары | Документы | Тәрбие сағаты Загрузок: 0 | Просмотров: 3289 | Размер: | Автор: Тәрбие№ 21 кәсіптік лицейінің химия
пәнінің оқытушысы
Табиғатты қорғау – егеменді елімізді қорғау
Тәрбие сағатының мақсаты:
білімділік: Қаламыздың экологиялық жағдайының нашар қалда екенін түсіндіру, экологиялық имандылық сөзінің мағынасымен таныстыру.
тәрбиелік: Оқушыларды табиғатты аялауға, табиғатты қорғау арқылы елімізді қорғайтын патриоттар тәрбиелеу,
дамытушылық: Өскелең ұрпақтың жүрегіне «Табиғат» туралы жақсылық нәрін себу. Табиғаттың қадір-қасиетін бағалауға, құрметтеуге баулу, олардың еліне, жеріне деген патриоттық сезімдерін ояту
Тәрбие сағатын өткізуге дайындық: Алдымен үш оқушыға Қазақстанның экологиясы туралы баяндама беріледі, олар баяндаманы мәнерлеп оқуға дайындалады. Сонымен қатар қалалық немесе аудандық қоршаған ортаны қорғау басқармасынан эколог ғалым алдын ала шақыртылады.
Көрнекіліктер:
Плакат, ұлы адамдардың айтқан сөздері.
Қатысушылар: оқушылар,мұғалімдер, мектеп директорының орынбасарлары, қалалық немесе аудандық қоршаған ортаны қорғау басқармасынан келген эколог ғалым.
Тәрбие сағатының өтілу барысы:
Жүргізуші:
Қазақстан табиғатының өлшеусіз байлығын игере отырып, бізді қоршаған ортаның бүтіндігін сақтау да республикамыздағы ең күрделі мәселелердің бірі. Көшпелі тұрмыс кешкен қазақтар өзінің барлық ақыл ойын табиғатпен байланыстырған. Ал қазір сол көшпелі қазақтардың ақыл ойын біз сақтап отырмыз ба? Міне бүгінгі талқыланатын мәселеміз осы.
Біздің республикамыздың экологиялық жағдайы айтарлықтай емес, көптеген қалаларда атмосфералық ауа зиянды заттармен мөлшерден артық ластанған. Осы жағдайды ескере отырып біздің бүгінгі кешімізге арнайы шақыртумен келген эколог маман отыр, сол кісіні ортаға шақырайық.
Қалалық немесе ауданнан келген эколог маман өзінің баяндамасын оқиды, соңында көрермендер сұрақ қойып, керекті деректер алады.
Жүргізуші: Рахмет сізге. Ал біз өз кешімізді жалғастырамыз. Тобымыздың оқушылары бүгінгі кешке өздерінің баяндамаларын дайындап келіп отыр. Ендеше оларға құлақ салайық.
1-оқушы:
«Табиғатты әрқашан аялайық»
Экология қазіргі дәуірде адамзатты толғандырып отырған маңызды проблемаға айналды. Табиғатты, қоршаған ортаны жою арқылы бүкіл қоғамды, тіршілікті жойып жіберуге болатынын көптеген елдер түсіне бастады. Біздің өмір сүріп отырған дәуірімізде техникалық құралдармен қаруланған кейбір елдер мен адамзат баласының жер планетасын аз уақыттың ішінде құртып жіберуі онша қиындыққа түспейді. Сондықтан бүкіл әлем халқының ортақ үйі жер планетасын – адамзат баласы біріге отырып экологиялық апатқа қарсы тұрып, жер анамызды сақтап қалу бүгінгі таңдағы ең маңызды мәселе.
Табиғат алдында өздерін жауапты санаған, барлық жан-жануарларды киелі санап, өзен, көл жағалауларын таза ұстап, бұлақ көрсе көзін ашып, жастайынан өз әулеттеріне, балаларының санасына сіңіріп, бойларын үйреткен.
Табиғат арқылы адам бойына сұлулық пен әсемдік дамыту идеясы қазақ ағартушылары мен жазушыларының, ақындарының еңбектері мен өлеңдерінде толық көрсетілген. Мысалы Абай мен Шоқанның, Жамбыл мен Ыбырайдың, Мағжан мен Сәкеннің, Ілияс пен Қасымның, Кәкімбектің өлең-жырларынан көркем жазылған табиғат суреттерімен танысып жан рухына бөленуге болады.
Қазақ халқының табиғатты, қоршаған ортаны, жан-жануарлар мен құстарды аялағаны соншалықты, тіпті сонау ашаршылық жылдарының өзінде үйдің іргесіндегі аққан судың балығына да, ұшқан құсына да, жүгірген аңына да ешбір зиянын келтірмеген. Көшпенді халық жиі-жиі, жаз бойы қоныстарын ауыстырып, сол қоныстанған жердің топырағы тозбасын, өсімдігі өлмесін, шабындығы жапырылмасын деген оймен әрбір билер халықты жаңа қоныстарға алдын ала бағыт беріп отырған.
Қазақстан топырағы киелі, жер бетінің шөбін тарсаң, шырыны шығатын көк майса, жасыл кілем еді. Кеңбайтақ еліміздің барлық территориясында небары 30% ғана шөлді-шөлейт аймақ болған, ал қазір ХХІ ғасырдың басында шөлді аймақ 66%-ға жетіп отыр. Ол дегеніміз халқымыздың көпшілігі табиғатты күтуге, оның табиғи байлықтарын тиімді пайдалануға әлі де болса үйренбей жатқандығы. Кен орындары, жер асты байлықтарды алғаннан кеәін қалпына келтіріліп, көгалдандырылмады, қопарылған жердің топырағы жел болса сол маңайдың барлығын шаңға айналдырып басып жатады. әрбір өскен ағаш бүгінгі таңда алтыннан да ардақты, оны қалада да, далада да кесіп жатырмыз, ағаш шабылған жер тазаланбайды. Табиғат аясына – Қарқаралы, Баянауыл, Бурабай тәрізді немесе өзен, көл маңына демалуға шыққан топ барлық қоқыс заттарды шашқан бойы қалдырып, тіпті жаққан отты сөндірмейді.
Біздегі кемшіліктерді жібермеу, барлығымыздың да қолымыздан келеді, бірақ көп нәрсені түсіне бермейміз. Адамзаттың жауапсыз кезеңі бітіп, жауапкершілігі артатын кезеңі жетті. Енді қазіргі бар табиғат қоры шеңберінде өмір сүруді үйрену және өндіріс көлемін ұлғайтуды шикізат ресурстары шығынының көлемін өсіру жолымен емес, аз қалдық беретін және қалдықсыз технологияға тезірек көшу, кен орны жынысы құрамындағы барлық компаненттерді комплексті алу мен пайдалану, өндіріс қалдықтарын қайта пайдалану мен тұтыну, табиғи ортаны ластаудың алдын алатын қалдықсыз өндірістер мен технологияны енгізу, энергия мен шикізаттың дәстүрлі түрлерін қазіргі заманғы және таусылмайтын көздермен ауыстыру негізінде жүргізу қажет. Экономика ғылымы «Қоғам - өндіріс – табиғи орта» жүйесінің даму проблемалары бойынша зерттеу жұмыстарына басшылық ете отырып, мемлекеттің табиғи қорының үнеммен жұмсалуы және сақталынуы мәселелерімен айналысуы қажет. Экономика және экология бір-бірімен тығыз байланысты, егер экономика принциптері экология принциптерімен қайшы келетін болса, қоғамда және адамдар санасында қарама-қайшылықтар бар деген сөз, одан арылуымыз керек. Біздің республикамыздың экологиялық жағдайы, айтарлықтай емес.
Көптеген қалаларда атмосфералық ауа зиянды заттармен мөлшерден артық ластанған. Әсіресе ластанғандарға Алматы, Тараз, Өскемен, Зырян, Риддер, Теміртау, Шымкент қалалары жатады. Семей өңірінің топырағының радиоактивті заттармен ластануы адам денсаулығына әлі де болса әсерін тигізіп келеді. Каспий, Арал бассейндеріндегі экологиялық жағдай мақтанарлықтай емес. Орал және Іле, Сырдария және Нұра өзендері өнеркәсіп қалдықтарымен ластанып келеді. Ауыз су, тыныс алатын атмосфералық ауа, қажетті азық-түліктің неше түрлі улы қосылыстарымен ластануы адамдардың иммуналдық-гендік жүйесін бұзатыны белгілі. Бұл өзгерістер адамзат баласына және биосферада тіршілік ететін барлық тірі ағзаларға мутагендік өзгерістер туғызады. Биологилық және экологиялық өзгерістер жер бетінде бола берсе, биосфераның табиғи теңдігі бұзылып, жер бетіндегі барлық жан-жануарлар жойылып бітуі мүмкін. Табиғит заңдылығы өте қатал заң.
Жүргізуші:
Өркениетті дамыған елдерде барлық экологиялық жағдайларға жауапты түрде қарайды. Завод, фабрика, ТЭЦ-терде түтін шығатын трубаларына сүзгілер қойлып, қала ішінен шығатын барлық қоқыстар, қала сыртындағы арнайы салынған пештерде өртеніп, ол басқа пайдалы іске, бұйымдарға пайдаланылады. Ірі қалалардың көше бойында желдеткіштер орнатылады, бірнеше экологиялық лабораториялар жұмыс істейді. Ал біздің басқа қалаларды алмай-ақ қояйық, Қарағандының өзінің экологиялық жағдайы мәз емес. Ол кімнің кінәсі?
2-оқушы:
«Табиғат өктемдікті көтермейді»
Естеріңізде болса жақында Теміртау қаласындағы бұрынғы «Карбид» өндірістік бірлестігі аумағындағы және Нұра өзенінің табанындағы сынап қалдықтарын Теміртау қаласының іргесіндегі Апан шатқалына көму туралы жоғары жақтың шешіміне байланысты бірнеше мәрте қоғамдық тыңдаулар болып, оған Теміртау жұртшылығының наразылығы баспасөз беттерінде жарияланған болатын. Европа даму және қайта құру банкісінің қаржысымен жүзеге асырылатын бұл шараны атқаруды Дания елінің компаниясы мойнына алып, оған тапсырыс беруші ретінде еліміз атынан Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары жөніндегі комитеті тағайындалған еді. Сынап қалдықтарын көму туралы жоба жасаушылар бірнеше варианттарды салыстыра келіп, осы Апан шатқалынан полигон ашуға тоқталған. Оған басты себеп ретінде полигон орналасатын жердің тау жыныстарының құрамы, яғни су өткізбейтін қасиеті, геологиялық жағдайларының улы затты «жерлеуге» қолайлы екендігі алға тартылған. Алай да бұған қарсы пікір айтушылар полигон қаладан небәрі 2,5 шақырым қашықтықта орналасқан, болашақта қала құрылысы осы бағытта ғана дамитын болғандықтан ондаған жылдардан соң бұл палигон қала орталығында қалып қояды және палигонды салу барысында қауіпсіздік талаптары сақталатынына кепілдік жоқ деген уәждерді айтқан. Сонымен қоса бұл аумақтың ттеміртаулықтардың дем алатын, жеке меншік малдары өрістейтін алқап екені, онда «Белый ключ» бастаған таза бұлақьар бар екендігі, палигон салынған жағдайда оның бәрі ластануы мүмкін екендігін айта келіп, улы қалдықтарды қаладан тым болмағанда 15 шақырым алысқа мүмкін болса, адамдар қоныстанбайтын, бос жатқан құмайт-шөлейт жерлерге орналастыру керек дескен.
Қаламыздағы экологиялық ахуалдың жылдан жылға нашарлап бара жатқаны жасырын емес. Соңғы жылдары кәсіпорындардың жұмысы жолға қойылып, жаңадан өндірістер көптеп ашыла бастағалы бері жағдай тіпті қиындап кетті. Көміртегі тотығы өсіп отыр. Оның үстіне қаламыздың орталығында улы сынап ошағы, яғни жайлап жарылатын бомба бар. Сынап - өте улы элемент және адам организмінде біртіндеп жинақтала беретіндігі де қауіпті. Бұл көптеген адамдардың өмірін қиып отыр. Біздің қалада күніне 40 адам қайтыс болады екен. Ертең оның саны 140 адамға жетпесіне кім кепіл? Сондықтан да бұл заһарлы уды қалайда қала аумағынан тысқары тасуымыз керек. Бұл бүгін ғана туындап отырған мәселе емес.
Эколог маман Константин Павлов Теміртауда ауаға жыл сайын 400-450 мың тонна зиянды лақтырынды тарайтынын, қала маңындағы үйлерді орта есеппен 330 миллион тонна түрлі қалдықтар төгілгенін айта келіп, соңғы жылдары өмірге келген сәбилердің арасында туа бітті кемтарлықтың және оның салдарынан шетінеу фактілерінің жылдан жылға жиілеп бара жатқанын тілге тиек етті. Қаланың ауасы негізінен солтүстік шығыс пен оңтүстік батыстан соғатын жел арқылы тазартылып, енді солтүстік шығысты Нұрқазған кеніші көлегейлеп алды, оңтүстік батысты Апан палигоны жаппақшы, сонда халық немен тыныстамақ? Тәжірибелі Константин Николаевичтің айтуынша, сынап қалдығын 18 шақырым кері тасымалдап қаланың іргесіне көмгеннен гөрі, сол тұрған жерінен әрі қарай 3 шақырым ғана тасымалдап Тегісжол елді мекені бағытында «жерлеген» дұрыс. Онда да дәл Апандағыдай су өткізбейтін тау жынысы бар, әрі ол бағыттан қалаға қарай жел үрмейді, яғни сынап тозаңын Теміртауға айдамайды. Бұл экологиялық қана емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді.
Сонымен енді осы мәселе Парламентке, Үкіметке, су ресурстары жөніндегі комитетке, сонымен бірге Европа даму және қайта құру банкіне де жолданатын болды. Әлемдік банкке жоданатын себебі – олардың қаржы бөлгендігі басты шарты бойынша палигонның жобасы ашық түрде талқыланып, жергілікті тұрғындардың қолдауына ие болуы тиіс көрінеді. Ал Апан палигонының жобасы болса бізде халықтың қолдауына ие болмақ түгілі соңғы уақыттарға дейін мейлінше жабық әрі құпия ұсталып келген.
Жүргізуші:
Табиғат - әр беті терең мағынаға толы бірден-бір кітап. Табиғат жарылысын, қоршаған орта тынысын, барлық тіршілік болмысын жан дүниесімен түсінетін адамдар тазалыққа, имандылыққа бас иген адамдар.
3-оқушы:
Экологиялық имандылық.
Соңғы кезде әлемде төмендегідей сұрақ туып отыр: «Экология мен имандылықтың арасында қандай байланыс бар, оларды не байланыстырады, экологиялық имандылық дегеніміз не?» Осы сұраққа жауап берейік
Экологиялық имандылықтың негізін құрайтын арналар: инабаттылық, мәдениеттілік, адалдық, нысаптылық, даналық, ынтызарлық, лепірмеушілік, ықыластылық және қайраттылық. Бәрінің бас әріпін қоссақ – имандылық деген сөз түзіледі.
Бұл сұхбаттағы әңгімеміз адалдық жайында болмақ. Адалдық – табиғат үлесіміндегі қатынастардың шынайылығы мен табиғилығын айқындайтын категория. Адалдық – абсолютті әділеттіліктің алғы шарты. Адалдық – кез келген болмыстың болашаққа деген перспективасын айқындайтын өлшем. Жалпы табиғаттың дамуы жаңғыруға, жаңаруға негізделген. Жаңғыру негізінде жатқан заңдылықтар – мәңгілік ақиқат ережелерінің өлшемімен жазылған код. Оны табиғаттың миллиондаған жылдар бойы өткен «өмір мектептерінің» түйінді аксиомасы десе де болады.
Табиғат қоршаған орта емес, табиғат біздің өзіміз. Өзіңді өзің алдау, өз болмысың алдында арам болу даму перспективасын жоғалтумен тең екендігін саралау парыз. Адалдық ғылыми категориядан гөрі адами тіршіліктің қазығы екендігін ұққан абзал. Адалдықтан бастау алмаған жерде адамзаттың мәуелі өмір қияндарын айшықтауда кешірілмес өкінішке соқтыратынын ғасырлар дәлелдеген шындық. Адамзаттың әр замандардағы ойлау және әрекет жүйелері белгілі бір культурологиялық таным қалыптастыруға ықпал жасаған. Атап айтқанда оларға тән мифологиялық мәдениет, қадым заманғы соңғы космологиялық мәдениет, біздің қазіргі культуралогиялық танымымыздың бастауы антропологиялық мәдениет және біз бастап көшіріп отырған технологиялық мәдениеттерді қарастыруға болады. Алдыңғы екі замандағы культуралогиялық таным дәуірлерінде адам мен табиғат арасындағы үйлесімнің гармониясы таңғажайып мамыражай болған. Сондықтанда ол халықтар санасында «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заман ретінде есте сақталған. Ал соңғы дәуірлердегі – антропологиялық, әсіресе технологиялық таным тұсындағы мәдениет санамызға жат, табиғатқа «антропологиялық қысым» (антрос-адам) деген түсінікті қалыптастырып үлгерді. Тіпті бұл үрдістің етек алуының соншама ауқымды және аяусыз жүріп жатқандығы «саналы адамның әрекетінің саналылығына» күдік тудырып, жалпы әлемдік індетке айналып бара жатқандығы қорқыныш тудырады. Айтылған мәселенің түпкі адасушылық негізі адамдардың өз мүмкіндігін ғылым мен мәдениеттен тыс асыра бағалап, «не құдай, не бұлай емеспін» деген жан себілдікке баруынан бастау алатыны ақиқат. Алайда экологиялық орта біз үшін жайлау ғана емес, бізді жаратқан кие екендігі, біздің қаншама білімді болсақ та, сол ортаның әрі кетсе ксерокөшірмесі екендігімізді ұмытпаған жөн.
Жүргізуші:
Қоршаған ортаның бүтіндігін сақтау үшін адамның, менталитетін, оның моральдық, этикалық дағдыларын өзгерту керек, табиғат пен адамның арасына жаңа көзқарас қалыптастыру қажет. Әрбір қоғам мүшесі табиғат құбылыстары заңдылықтармен таныс болуы керек. Экологиялық сауатсыздықты жою – үкіметіміздің халық арасында жүргізетін маңызды мәселелеріне айналуы тиіс. Табиғат пен қоршаған ортаны қорғаудың жолдарын ұғындыру жалпы халықтың экологиялық сауатын ашу, жастарға үздіксіз білім беру нәтижесінде ғана шешіледі. Үздіксіз экологиялық білім берудің ғылыми негіздері қазақ халқының табиғатпен қарым-қатынас үстінде туған тарихи көзқарасы мен салт-дәстүрінен бастау алады.
Тәрбие сағатын қортындылау:
Сайып келгенде айтарымыз – қандай жұмыс атқармасақта қоршаған ортаға абайлап қарап, оны қорғауға күш салу басты бағытымыз болып қала береді. Қашан да болмасын табиғатты аялай білейік. Ол өктемдікті көтермейді.
Бүгінгі «Табиғатты қорғау – егеменді елімізді қорғау» атты кешімізді қорытындылау үшін мектеп директорының орынбасары және мектеп мұғалімдеріне сөз беріледі.
Мұғалімдер өз ойларын айтады.
Жүргізуші:
Бүгінгі кешіміз аяқталды, құлақ салып тыңдағандарыңызға көп рахмет!
Қарағанды қаласы
2011 жылы
Мамраев көшесі, 41 үй, 68 пәтер
т. 23-01-90
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.