Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАЛАРДЫ ОҚЫП ҮЙРЕНУДІҢ МАҢЫЗЫ. -

ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАЛАРДЫ ОҚЫП ҮЙРЕНУДІҢ МАҢЫЗЫ.

Сабақ жоспары | Документы | Тәрбие сағаты Загрузок: 0 | Просмотров: 2057 | Размер: | Автор: Тәрбие
. ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАЛАРДЫ ОҚЫП ҮЙРЕНУДІҢ МАҢЫЗЫ
Қорабаева Мендігүл Еділбайқызы
№16 орта мектеп, бастауыш сынып мұғалімі
Ақтау қаласы
Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін рухани тұрғыда баянды қылу қазіргі таңдағы кезек күттірмейтін міндеттердің бірі. Соның ең бастылары ұлттық дүниетаным мен мәдени жәдігерлеріміздің бұрынғысын, кешегісін, бүгінгісін салыстыра қарап, өскелең ұрпаққа танытып, ұғындыра түсу.
Қазақстан Республикасының әлеуметтік мәдени тұжырымдамасында: «...Қазақстан халқына өз мәдениетінің келбетіне қайтадан толық көлемде ие болуына тура келеді. ...Мемлекетке тарихи атауын берген халықтың мәдениетіне даусыз басымдық берілуі тиіс, өйткені ол Қазақстаннан басқа еш жерде шын мәнінде түлеп дами алмайды»,- деп көрсетілген.1
Атеистік идеологияның қасіретінен босап, тәуелсіздік алып еңсе көтеріп бастаған барлық халықтар тарихи-рухани түп-тамырларын іздестіре бастауына мүмкіндік туды. Қазіргі таңдағы көтеріліп жүрген басты мәселе тарихи-мәдени мұраларды оқып үйрену –рухани адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Ал рухани адамгершілік құндылықтардың түп-тамыры өткен тарихымызда, ата-бабаларымыз ұстанған қағидаларында, елге имандылық нәрін еккен мешіт-медреселердің қалыптасуымен сөзсіз байланысты. Мешіт-медреселер туралы қысқаша тоқталып кетсек, олар тек мұсылман рәсімін тарататын арнаулы оқу орны ғана емес, мәдениет ошағы ретінде қызмет атқарған. Медресе жанында оқу залдары, кітапханалар болған. Мешіт-медреселерде біліммен қоса тәрбиеге де аса зор мән берген. Ислам дініннің қазақ халқының қоғамдық санасының дамуына қосқан үлесі мол. Діни ілім адамды рухани жағынан жетілдіріп, мейірімді, бауырмал, жанашырлық, қанағатшыл, шыншыл, адалдық сияқты жан мен ар тазалығына тәрбиелеу мектебі болды деп толық айта аламыз.
Мешіт-медреселердің саны архив деректеріне сұйенсек, 18.01.1911 жылғы мәлімет бойынша Қазақстанда 84 медресе болған. Оларда 28814 шәкірттер оқып, 130 ұстаздар сабақ берген. Ал Маңғыстауда 1887 жылғы есеп бойынша 26 медресе болғандағы көрсетіледі.
Тарихи-мәдени ескерткіштердің саны жөнінен Маңғыстау түбегі бірінші орында. Олай дейтініміз, мұндай ескерткіштердің саны республика көлемінде 25 мыңнан астам болса, соның 11 мыңнан астамы біздің жерде орналасқан, пайыздық дәрежеге шаққанда ол мәдени мұралардың 38-40 пайызының түбек төсінде орналасқанын айқындайды. Демек, тек қазақ жастарына емес, білгісі келетін әрбәр мұсылман баласына қажетті тарихтың үлкен көмбесі Маңғыстау жерінде жатқаны ақиқат.
Сөзіміздің басында Маңғыстау өлкесіндегі 360 немесе 362 әулиеге тоқтала кетуді жөн көрдік. Маңғыстауда ежелгі шеберлер дәстүрімен жасалған жерасты ғимараттары аз емес. Олардың біздің дәуірімізге жеткен ең көрнектілері: есімдері түркі тілдес Орталық Азияға ғана емес, мұсылман әлеміне белгілі Шақпақ ата, Шопан Ата, Масат Ата, Қараман Ата, Бекет Ата жерасты ғимараттары. Сонымен қатар бірқатар зерттеушілер Маңғыстау үстірті аймағындағы мешіт-медреселердің салыну мезгілін :
Қараман АтаIX ғ, Шақпақ Ата IX – X ғ., Шопан Ата XIғ/ң басы мен XII ғ/ң аяғы, Бекет Ата XVIII ғасыр деп жорамалдайды.
Шындығында да Маңғыстаудағы әулиелердің саны қанша екендігін нақты ешкім айта алмайды. Бұл туралы С. Қондыбаев өз еңбегінде:«Маңғыстау мен Үстірттегі және Жылыойдағы әулиелер саны 360 түгілі 1000нан да асатынын шамалай аламыз» - дейді.4
Ел аузында Маңғыстаудың ойында әулиелердің тірлікте болғанын, олар өзінің өскен ортасында ел жұртына қалтқысыз қызмет еткен дегенге саяды. Әрқайсысының өзіне тән қайталанбас қасиет ерекшелігі болған. Олар жайында халық аузында айтылып, дәріптеліп қалған аңызға лайықты әңгімелер сақталған.
360 саны туралы да әртүрлі қисынды пікірлер айтылады. Соның бірі 360 саны толық шеңберді көрсететін геометриялық ұғым болса, бірі Меккедегі қағбада арабтың 360 пірінің пұты болғанын, яғни 360 саны ислам символикасында танымал болғандағын білдіреді дейді. Қалай болғанда да 360 саны текке айтыла салмаған. Біздің ойымызша бірінші айтылған тұжырым, яғни геометриялық толық шеңбер ұғымы көңілімізге қоныңқырайды. Өйткені, бұл өңірде 360 нақты әулие болмауы мүмкін (көп немесе аз). Бұл символикалық санның қай кезеңдерден бастап айтыла бастағаны белгісіз. Біздің ата-бабаларымыз ежелден-ақ геометриялық ұғымдарды жақсы түсінген. Оның көрінісі қазақтың толық шеңбер құрып тігілетін киіз үйі. Демек, бүгін де тілімізге оралымды, айтуға жеңіл 360 саны сандық көрсеткіш емес, қоршаған айнала түгел әулие деген түсінік болуы мүмкін. Әулие деп отырғанымыз – өз дәуірінің тарихи тұлғалары, қаһармандары, ұлттық кейіпкерлері екендігін ескеруіміз керек.
Барлық мұсылман баласының жүрегіндегі ізгілік пен игілік нұры Ислам дінінен бастау алатынын ескерсек, сол бастау адамзат жүрегіне оқу-білім негізінде ұялайды. Олай болса алғашқы оқу-білім ошақтары болған мешіт-медреселердің рухани адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруда тигізетін ықпалы ерекше.
Философ А. Айталының пікіріне сүйенсек «Адамдарды ұлтқа біріктіретін шешуші күш-ұлттық сана сезім. Тілдің, діннің, географиялық ортаның ең бастысы, саяси тағдыр мен тарихтың бірлігі ортақ психологиялық құрылым қалыптастырылады. ...Дін ұлттың рухани тіректерімен, менталитетімен терең байланысты.»5
Сонымен, тарихи-мәдени мұралады оқып үйрену – рухани- адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудың маңызды шарты.Тарихи-мәдени мұраларды оқып үйрену өнегеліліктің, мәдениеттіліктің, туған жерге деген сүйіспеншіліктің белгісі. Біздің өлке ғасырлар бойы тарихтың қаншама оқиғасына куә болған, шежіреге, тарихқа бай өлке.Қазақстанның басқа аймақтарынан өзіндік тарихи-мәдени ерекшелігі оқшауланып көрінеді. Осы тұрғыдан келгенде Маңғыстау өңіріндегі барлық дерлік әулиелер қазақ халқының халық ретінде қалыптасуына өзіндік үлесі болғаны сөзсіз деп ойлаймыз. Әулиелерді қазақ тарихымен байланыстырып қарасақ, әулиелер болмаса шексіз даламызды иеленіп жатқан халқымыздың шынында да рухани бірлігі болмас еді. Мәселен Алтайдан Атырауға дейін созылып жатырған даланы мекендеген халықтың тілі, діні, ділі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, өнері, ән-күйі бірдей. Ой жіберіп қарайтын болсақ, оның негізінде рухани фактор жатыр. Ол рухани болмысты бізге сырт елден келіп біреулер бір күнде жасап бермегені белгілі. Мысалға алатын болсақ, басқа елдерде бір төбенің екі бетіндегі көршілес халық бірінің тілін бірі түсінбейді. Бұл территориялық рухани бірліктің әлсіздігінде.
Біз ел аузындағы «Ердің соңы Есет, Пірдің соңы Бекет» деген сөздің маңызына мән беретін болсақ, шынында да қазақ халқының қалыптасу процесі Бекет–Атамен аяқталады деп ұғуымыз керек. Небір жаугершілікпен қатар, әулиелер алғашқы мешіт-медреселерді қалыптастырып, дамытты. Белгілі бір сана, түсінік, салт-дәстүр қалыптаса бастады. Халық сол ықылым заманнан қалыптаса бастаған ұғым бойынша әлі әулиелердің басына барады.
Ғалымдардың ой-пікірінен рухани-адамгершілікті қалыптастыруда рухани, тарихи, мәдени мұралардың тәрбиелік мүмкіндігінің мол екеніне көзіміз жетті. Онда жалпы білім берудегі өзгерістерді жүзеге асырушы негізгі әлеуметтік орын мектепті жаңартудың бағыттары айқындалуы қажеттігі, олар: мектепті ұлттық және дүниежүзілік мәдени мұраның диалектикалық бірлігі негізінде дамыту демократияландыру, ізгілендіру арқылы оның жасампаздық қызметін ұлттық болмысқа сай жаңарту керектігі баса айтылады. Өткен тарихымыздың терең қойнауына ой жіберсек, ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор халқымыздың этнопсихология, этнопедагогика ғылымдарына рухани азық болған, ғасырлардан қалған асыл мұралары бар. Оны филологтар, тарихшылар, этнографтар, өнер зерттеушілері, психолог және педагог ғалымдар жан-жақты талдап, зерттеулерінің мақсат-міндеттеріне орай ғылыми зерделеуден өткізуде. Ой елегінен өткен ғылыми зерттеу тәжірибе нәтижелері ұрпақ тәрбиесіне игілікті үлес қосып келеді.
Қайсібір ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы, құндылықтары екінші бір ұлттың рухани қазынасы бола алмайды. Педагогикалық және психологиялық құбылыс ретінде ғылым талаптарына сай барлық зерттеу саласында қолданылады. Тарихи-мәдени мұраларымызды рухани-адамгершілік мүмкіндіктерімізге пайдалану үшін оқушылардың қызығушылық, ізденушілік, рухани танымдық қабілеттерін ояту басты мақсатымыз.
Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы – еліміздің рухани-мәдени өміріндегі айтулы құбылыс. Бағдарлама ұлттық мәдениет, фольклор және салт-дәстүрлерін, ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру, ұлттық әдебиет пен жазбаның ғасырлар бойындағы тәжірибесін жалпылау, мемлекеттік тілде әлемдік ғылыми ойлар, мәдениет және әдебиет жетістіктерінің үздіктері негізінде толымды қор жасауды зерттеу жүйесін құруды қарастырады.«Салынған жол, тұрғызылғын ғимарат, тіпті ең озық ғылыми жаңалық саналатын жаңа технологияның өзі жыл сайын тозады, ескіреді, ал бабаларымыз айтқандай, ешқашан азбайтын, тозбайтын, керісінше ұрпақ санасына шұғыла шашатын мәңгі өлмейтін құдіретті күштің аты – ғылым мен мәдениет. Ендеше сол ата-бабаларымыздың тарихи-мәдени мұрасын бірлесіп түлетейік»,-деді еліміздің Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруда ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан мұралардың маңызының мол екенін ұстаздық тәжірибемізден көріп отырмыз. Себебі, оқушы менталитетіне жақын, күнделікті отбасындағы, қоршаған ортадағы ізгіліктердің адам бойындағы құндылықтырды дамытудағы ықпалы мол.
Оқушылардың ұлттық дүниетанымын, рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруда тарихи – мәдени мұраларды мектепте жүретін тәрбие жұмыстары, өзін-өзі тану сабақтарында, сыныптан тыс факультативтік сабақтарда өлкетану материалдарын кеңінен пайдалануға мүмкіндік бар.
Мәселен, 6 сыныптың өзін-өзі тану пәнінде «Мәдени мұра – халық игілігі» тақырыбында; 7 сыныптың өзін-өзі тану пәнінде «Ұрпаққа өшпейтіндей із қалдырған», «Атамекен – алтын бесік» тақырыптарында; 8 сыныптың өзін-өзі тану пәнінде «Халық даналығы – рухани байлық көзі» тақырыптары бойынша оқушыларға тарихи-мәдени мұра жөнінде кең мағлұмат беруге болады.
4 сынып. Тарихи- аймақтану саяхаты.

Тақырыбы: «Маңғыстау – менің мекенім»
Мақсаты: Ұлттық мәдениет пен өнердің тәлімдік мүмкіндіктерін аша отырып, ғасырдан- ғасырға жалғасқан асыл мұралар арқылы рухани-адамгершілік қасиеті, ерлік рухы, әсемдік сезімі жетілген тұлғаны қалыптастыру.
Негізгі міндеттері:
- Ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің пайда болуы, олардың дамуы.
- Маңғыстау халқының мәдениеті мен өнері туралы түсінік беру.
- Маңғыстау халқының сәулет өнерінің дамуы мен ерекшеліктері.
Сынып сағатын өткізуде дайындық жұмыстарының да маңызы ерекше. Онда оқушылардың жауапкершілігі мен ынтасы артады, сезімін тәрбиелеуге ықпалын тигізеді.
Тарихи- аймақтану саяхаттың барысында анкеталық сұрақтар жүргізілді. Оқушылар пән сабақтарында меңгерген білімдерін пайдаланды.
1. Маңғыстау өлкесі Қазақстанның қай жағында орналасқан?
2. Маңғыстауда қандай теңіз бар?
3. Маңғыстауда қандай және қанша жер асты ғимараты бар?
4. Шақпақ ата мешіті қай ғасырға жатады?
5. Шақпақ атаны кімнің шәкірті деп атайды?
6. Шақпақ ата Маңғыстау өлкесінде қандай қызмет атқарды?
7. Шопан ата ескерткіші қай ғасырға жатады?
8. Шопан атаның ұрпаққа білім берудегі орны
9. Бекет ата ескерткішінің маңызы?
Тарихи-аймақтану саяхаттарын өткізу барысында тәжірибелік-экспертименттік жұмысты ұйымдастыру барысында бастапқа оқушылардың білім мен тәрбие деңгейі 45% екенін айқындады. Тарихи-аймақтану саяхатын өткізіп болғаннан кейін оқушылардың білім мен тәрбие деңгейі 77% өскені байқалды.
6 сынып Тақырыбы: «Отпантау – Адай ата кесенесі»
Мақсаты: Адай ата кесенесінің тарихын білу. Сәулет өнерінің салыну сырларын ұғыну.
«Адай ата кесенесі» жайлы сынып сағатын өткізерде, алдымен тәрбие сағатының тақырып жоспары айтылады. Оқушыларға кесене жайлы материалдар, суреттер дайындауға тапсырма беріледі. Бұл кезде мұғалім әр оқушының ерекшелігі мен бейімін есепке алады.
Жүрісі:Жеке Топтық Ұжымдық
Үйге тапсырма:
Сынып сағатын өткізуде дайындық жұмыстарының да маңызы ерекше. Онда оқушылардың жауапкершілігі мен ынтасы артады, сезімін тәрбиелеуге ықпалын тигізеді.
Материалдар жинау барысында мұғалім оларға бағыт-бағдар сілтеп отырады. Бұл жерде тапсырма алған оқушылар өз бетінше ізденіс жұмыстарын жүргізеді. Мұндай істе оқушы мынадай жұмыстарды атқарады:
- Басылымдар мен кітаптардағы деректерді жүйелеп жинастырады.
- Өздігінен жұмыс істеу қабілеті ұшталады, сенімі күшейеді.
- Қызығушылығы оянады. Белсенділігі артады. Жауапкершілігі күшейеді.
Тәрбие сағатын өткізуге дайындықтың өзінде де оқушыларды тәрбиелеу жүреді. Бұл жеке тұлғаның қалыптасып, дамуында тәрбиенің үздіксіз жүретіндігін көрсетеді. Тәрбие сағатына оқушылар күшімен Адай ата кесенесінің суреті, Адай ата туралы аңыз-әңгімелер, өлең-жырлар дайындалады.
Кіріспе бөлім:
Тәрбие сағатының кіріспе бөлімінде Адай ата кесенесінің тарихы айтылады. Оқушыларға кесене туралы толық мәліметтер беріледі. Алғаш кесене тұрғызу туралы 2004 жылы ұсынысты жасаған – Сабыр Адай туралы мәлімет беру.
Негізгі бөлім:
Тәрбие сағатының негізгі бөлімінде оқушылар топтық және ұжымдық дәрежеде жұмыс жасайды. Мәселен, бір оқушы Адай ата кесенесінің тарихы туралы, екінші оқушы Отпантау, Ұран оты туралы, үшіншісі Көк бөрі туралы әңгімелейді. Бұл жерде тарихи хронологиялық кезең қатаң сақталынады. Тұлғаның тарихтағы алар орнына сипаттама беріледі.
Қорытынды бөлім:
«Отпан тау – жеріміздің төрі, Адай-Ата кесенесі – еліміздің мөрі» тақырыбында әр топ өз ойын қорытады.
Мектеп мұғалімдерінің ең үлкен міндеттерінің бірі «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес таным мен рухты ұрпақтар санасына құя білу. Бұл жұмыс әрине жүйелі түрде жасалуы тиіс. Тарихи кесенелер тарихын, сәулет өнерінің сырларына жетелеу арқылы бала көкірегін имандылық нұрымен сәулелендіреміз. Оқушыларды «Мәдени мұра» бағытында тәрбиелей отырып, олардың бойында бірнеше қасиеттерді тәрбиелей аламыз.
Сонымен, тарихи-мәдени мұраларды оқып үйрену – рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудың маңызды шарты:
1. Ежелгі тарихи ескерткіштерді, киелі орындарды білу арқылы оқушыларда рухани-адамгершілік құндылықтар қалыптасады. Рухани-адамгершілік құндылықтарға – өз ұлтының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, ән мен күйін, елге қасиетті тұлғаларды, дала аңыздарын білу жатады.
2. Тарихи-мәдени мұраларды оқып үйрену оқушыларды адамгершілікке, имандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелейді.
3. Қазақ жерінде тарихи ескерткіштерді білу оның тұрғызылуы себебін және тұрғызған адамдарды білу оқушыларға өз халқымен, өз Отанымен мақтануға және биік рухта тәрбиеленуге көмектеседі.
Енді сол ескерткіштерді қастерлі, қасиетті мұра ретінде, оны дәріптеуге, бағалауға оқушыларды тәрбиелеуге өріс ашу қажет.
«Тәрбие құралы – сөз» деп ақиық ақын Олжас Сүлейменов айтқандай, асыл қазынамыздың қасиетін ұрпағымызға ұғындырсақ, еліміздің ертеңі, қонар тұғыры биік болатыны айқын.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-мәдени тұжырымдамасы. Алматы. 2003ж. 22-б.
2. М. Мырзахметұлы. «Абай оқулары» Ғыл. Прак.-конфер.мат. Алматы. 2004 ж.
3. Россиская педагогическая энциклопедия. 1-том. Москва. 1993ж. 396-б.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.