Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
«Қылмыспен күрес-көптің ісі». -

«Қылмыспен күрес-көптің ісі».

Сабақ жоспары | Документы | Тәрбие сағаты Загрузок: 0 | Просмотров: 4642 | Размер: | Автор: Тәрбие
. «Қылмыспен күрес-көптің ісі»
Мақсаты: Студенттердің арасында қылмыстың алдын алу, құқықтық тәрбие беру, заңның негізгі принциптерін білу және меңгеруге үйрету, заң талаптарын сақтай білуге тәрбиелеу; ата - ананың бала тәрбиелеудегі оң психологиялық көзқарасын, балаға деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру
Қатысушылар: заң қызметкері, ата-аналар, студенттер, топ жетекшілер
Көрнекілік: Қанатты сөздер: «Тәрбиенің тамаша мектебі, отбасы», «Баланы ең алдымен ата - анасы,
сосын ұстазы, сонан кейін қоршаған ортасы тәрбиелейді» /Абай/, «Адам — Елдің басты байлығы!»,
«Заң біткен жерде зұлымдық басталады», әр түрлі түсті ленталар, кеспелер, шам.

Тренинг бағдарламасы:
І.Кіріспе
ІІ.Негізгі бөлім:
1. “Есімдер аллитерациясы. ”
2.” Құқық туралы жалпы түсінік.”
3.” Мен заңды қаншалықты жақсы білемін?”
4. ”Заңсыз арал”
5. “Қызыл, сары, көк ауыл”
6. “Қылмыскер бала қайдан шығады?”
7. ” Мен үшін қымбат...?”(Ата-анамен ой қозғау)
ІІІ.Қорытынды
8. Жаттығу “Тілек шамы”

Барысы:
Жүргізуші:
Сәлеметсіздер ме, құрметті ата-аналар мен оқушылар Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаев, 1995 жылғы маусым айында елімізде “жаппай құқықтық білім беруді жүзеге асыру жөніндегі шаралар” туралы қаулы қабылдаған болатын. Содан бері атқарылған жұмыстар нәтижесінде Қазақстан құқықтық мемлекет болып танылды.
Мемлекетіміздің ата Заңының 1 – бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырылды. «Оның басты қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деген қастерлі сөзді кіргізген. Бүгінгі құқықтық мемлекет құрамыз деген заманда әрбір адам өз құқықтарын жете біліп, жалпы заң білімі саласынан мағлұмат алғаны дұрыс. Заңды аттамай, тура жолмен жүріп, еліне адал қызмет еткен азамат қана мұратына жетеді. Сондықтан заңды білу – заман талабы. Заңды білмегендіктен заңсыз істер істеп, зардап шегіп, өзін қорғай алмай жүргендерді көптеп кездестіреміз.Осы мақсатта біз сіздермен бүгін “Қылмыспен күрес - көптің ісі” тақырыбында тәрбие сағатын өткізбекшіміз.
1. «Жаттығу» – «Танысу», «Есімдер аллитерациясы»
Нұсқау: Алдымен өз есімдеріңіздің алдына адамның бойында бар жақсы қасиеттің біреуін айтып, өзіңіз туралы қысқаша мәлімет беруіңіз керек.
Мысалы: Мен гүлдей жайнаған – Гүлденмін;
Мен ержүрек- Ерболатпын.

2. «Құқық туралы жалпы түсінік».
Ақжол
Қоғамда өмір сүретін адамдардың өздерін ұстау ережелерінің жиынтығын әлеуметтік нормалар дейміз. Әлеуметтік норма құқық пен мораль деген ұғымдар кіреді.
Әлеуметтік нормалардың мемлекеттің пәрменімен заңдастырылған бөлігі құқықты, ал мемлекеттің пәрменімен заңдастырылмаған бөлігі моральды құрайды.
Құқық дегеніміз – мемлекет тарапынан заңдастырылған және қорғалатын, жалпыға бірдей міндетті нормалар жүйесі.
Құқықтың ерекшелігі – оның нормалары бұзылған жағдайда кінәлінің заңды жауапқа тартылатындығын да. Моральдық тәртіпті бұзғаны үшін адам заңды жауапкершілікке тартылмайды, бірақ көпшіліктің назарына ілігеді, айналасына жағымсыз пікір туғызады.
Құқықтық нормалар тек қана заңдардан тұрмайды, басқа да нормативтік құқықтық актілерде де көрсетілген. Президент - нормативтік жарлықтар, Үкімет – нормативтік қаулылар, министрліктер – нормативтік бұйрықтар, жергілікті мемлекеттік органдар - нормативтік шешімдер қабылдайды.
1948 жылы 10 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясын қабылдады. Ол бойынша адам құқығы 3 топқа бөлінеді: табиғи құқық, азаматтық құқық, экономикалық-әлеуметтік, мәдени құқық.
Біздің елімізде адам құқықтары Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясында көрініс тапқан. Ол 9 бөлім, 98 баптан тұрады. Оның екінші бөлімінің 30 бабы құқыққа арналған.Бүгінгі іс-шарамызда біз жасы кәмелетке толмаған жасөспірімдердің арасында жиі кездесетін қылмыс түрлері мен жазалар туралы сөз қозғаймыз.

Ерболат: 14-бап
1. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең.
2. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсітуге болмайды.

Сәден: 15-бап
1. Әркiмнiң өмір сүруге құқығы бар.
2. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету хақы бар.

Хайдар: 16-бап
1. Әркім өзiнiң жеке басының бостандығына құқығы бар.
2. Заңда көзделген реттерде ғана және тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы берiледi. Соттың санкциясынсыз адамды жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға болады.
3. Ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әрбір адам сол ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегін пайдалануға құқылы.

Бағдат: 17-бап
1. Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды.
2. Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадiр-қасиетiн қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды.

Думан: 19-бап
1. Әркім өзiнiң қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету - көрсетпеуге хақылы.
2. Әркiмнiң ана тiлi мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым - қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тiлiн еркін таңдап алуға құқығы бар.
3. «Мен заңды қаншалықты жақсы білемін»? Тақтада бірнеше жағдайларды тұр. Бұның ішінен оқылған жағдайды қылмыс деп ойлайсыздар ма, әлде қылмыс емес деп ойлайсыздар ма? Студенттер әр жағдайға жеке тоқталып, түсініктеме береді.
1. Түнгі көшеде жастар айқайлап өлең айтып келе жатыр.
2. Бір студент групаласына: « Ертең телефоныңды маған әкеліп бересің, әкелмесең басқаша сөйлесеміз» деп күш көрсетті..
3. Студенттер көшеде шемекі шағып келеді.
Жүргізуші: Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2050» стратегиясы атты Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында «Мемлекет тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік ұстанымын ұстануы тиіс. Дамыған қоғамда тәртіп пен жинақылық ауладан, таза көшеден және жарқын жүзді адамдардан басталады. Біз ең ұсақ құқықбұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениет-сіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені осының өзі қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің мәні мен сәніне селкеу түсіреді.
Тәртіпсіздік пен бетімен кетушілікті сезіну одан да үлкен қылмыстарға жол ашады. Ұсақ құқықбұзушылыққа төзбеу ахуалы – қоғамдық тәртіпті нығайту¬ға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам» деп атап көрсеткен болатын.
Расында да, жайлы және таза орта бізге өте қажет. Өркениетті әр адам қоғамдық орындарда өзін-өзі дұрыс ұстап, мәдениетсіздік пен ұсақ теріс қылықтарға бой алдырмауы қажет.
4. «Заңсыз арал» . Жүргізуші: Біз ешқандай заңы жоқ аралда өмір сүрсек, не болар еді? ( Оқушылар пікірі тыңдалады. Осы бөлімді қорытындылау..)
Заңсыз елде әркім өз білгенін істейді, тәртіп сақталмайды. Сондықтан адамдар қалыпты жағдайда өмір сүре алмайды, ал тәртіп пен заң біздің қалыпты тіршілігіміз үшін қажет». Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген Б. Момышұлының сөзін естен шығармайық.

5. «Қызыл, сары, көк ауыл» (әр топтың ортасына әр түрлі лента қойылады).
Жүргізуші: Жер енді ғана жаратылғанда адамдар бір-бірімен дос, бауыр болыпты, бір- бірінен ешнәрсе аямапты. Бір күні аспаннан әр түрлі ленталар түсіпті де адамдар үлгергенінше бірі көгін, бірі қызылын, бірі сарысын алыпты.
Күндердің күнінде қатты жел тұрыпты да қызыл лента алғандар қызыл, көк лента алғандар көк болып бөлініпті. Әр ауыл бөлек-бөлек қорған тұрғызыпты (Осы кезде жүргізуші ленталарыңызбен өздеріңізді қоршап алыңыздар дейді.) Біраз уақыттан соң адамдар достықты ұмытады. Көк ауылда су бар азық жоқ, қызыл ауылда азық бар су жоқ, сары ауылда азық та, су да бар, от жоқ. Енді қалай өмір сүруге болады, не істейсіздер? ( Оқушылар жауабы тыңдалады.)
Әр түрлі ой айтқан олар қорғанның керегі жоқ, біз дос болуымыз керек деген ойға тоқталады. Бұл әңгіменің астарында бір жұмбақ жатыр, сол жұмбақты кім шешеді деген сұрақ тасталады.
Жауап: Адамдардың ауыл- ауыл, көше- көше болып бөлінетіндігін, сол бөліну кезінде құқықтары бұзылатындары айтылады. (Ғаламтордан алынған видеоролик көрсетіледі)
6. Қылмыскер бала қайдан шығады»?
Қазақтың ертедегі аңыз-әңгіме желісімен көрініс.
Қатысатындар: би, жігіт, уәзір, анасы, сарбаздар.
Баласы көршінің тауық ұясынан жұмыртқа ұрлап әкеледі де, шешесіне жұмыртқаны қуырып беруін сұрайды. Анасы жұмыртқаны қуырып береді. Арада біраз күндер өтеді. Бала көршінің тауығын ұрлап әкеліп, анасына береді. Қорадағы тауықтарға қосып кояды. Бірнеше жылдар өтеді, бала ұрлықты кәсіп қылған жігіт болып өседі. Бір күні жігіт бес баласы бар жесір әйелдің жалғыз ала сиырын ұрлап сойып жатқан жерінен ұсталады. Ашынған ел жігітті бидің алдына апарып, үкім шығарып жазалауын сұрайды.
Би: Сен бес баласы бар, өзі сырқат, жұмысқа жарамсыз жесір әйелдің жанын бағып отырған жалғыз сиырын ұрлап, балаларының аузын ақтан қақтың. Сенің жазаң дарға асу.
Жігіт: Дат тақсыр!
Би: Датың болса айт.
Жігіт: Маған анаммен соңғы рет тілдесуге рұқсат етіңіз (анасы келеді). Апа, маған тіліңізді көрсетіңізші (анасы тілін көрсетеді).
Уәзір: Сені жарық дүниеге алып келген, ақ сүтін берген анаңның кінәсі не?
Жігіт: Тақсыр мен ең бірінші көршінің жұмыртқасын ұрлап алып келген кезде анам осы тілмен маған жекіп ұрысқан жоқ. Ұрлықтың қылмыс екенін түсіндіріп, ақылмен айтпаған анамның тілі де кінәлі шығар деп тұрмын.
Би: Әй, балам! Бұл сөзіңнің жаны бар екен, ұрлықшы болуыңа сенің анаңның да кінәсі бар екен. Бұл жігіт дарға асылмасын. Алланың кітабы құранда былай депті: ”Ұры әйел болсын, еркек болсын, қолын шауып тастау керек.” Бұл жігіттің оң қолының бес саусағын айбалтамен шауып тастаңдар. (Анасы есінен танып құлайды).
Жігіт: Бауырларым,менің өкінішті ісімді қайталамаңдар.Мен қалған өмірімді ешкімнің ала жібін аттамауға ант етемін.

Жүргізуші: Бүгінгі күні қоғамды алаңдатып отырған жағдайлардың бірі ол-мектеп жасындағы балалардың қылмыс жасауы.
1. Жігіттің ұры болып өсуіне кінәлі өзі ме, әлде анасы ма?
2.Сен ұры жігіттің орнында болсаң не істер едің?
3.Бидің шығарған үкімі дұрыс па? Сен бидің орнында болсаң қандай жаза қолданар едің?
Жүргізуші .Қазіргі уақытта бұл қылмысқа Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексі 175 бабында көзделген қылмысты жасағаны үшін белгілі бір мерзімге жазаланады.
-Құқық бұзушылықтың себебі неде деп ойлайсыздар? ( Ата- ананың жауаптары тыңдалады)

7.” Мен үшін қымбат...”(Ата-анамен ой қозғау)
Ата- аналарға екі сурет көрсетіледі: Біріншісі тіп- тік әдемі салынған үйдің суреті.
Екіншісі- фундаментінен бастап кірпіші дұрыс қаланбаған, төбесі жарылып кеткен үйдің суреті.
Мұғалім: Бұл тек үйдің суреті ғана емес, көріп отырып бала тәрбиесі туралы не айтуға болады?
( Сурет жайлы ата-ана ойы тыңдалады.) Бұдан соң бірінші сурет тәрбиесі дұрыс бала екендігін, екінші сурет тәрбиесі дұрыс болмаған бала жайында екендігі айтылады. Бала тәрбиесі үйдің фундаменті сияқты жас күнінен басталатынына ата-ананың назарын аудару керек.
«Отбасы – барлығының басы, жан-жақты негізі болатын тәрбие институты. Ата- анамен баланың қарым- қатынасы нәтижесінде адамгершілік, эстетикалық, дене тәрбиесінің алғашқы үлгісі қалыптасады. Ал әке мен шеше, ата мен әже, апа мен ағалар баланың алғашқы тәрбиешілері»- деп В.А. Сухомлинский айтқандай , алғашқы тәрбиешілердің алғашқы тәрбиесі ерте бастан, яғни бесіктен басталуы тиіс. Яғни, екінші сурет бала тәрбиесінің о бастан дұрыс басталмағанын көрсетіп тұр.
Бала бір күнде қылмыскер болмайды. Үйдің құлауына дейін қаншама процестер жүретіні сияқты бала қылмыскер болуы үшін де бірнеше жағдайлар әсер етеді. Оған ата- ананың баланы бақылауынсыз жіберуі, баланың топқа кіруі, жақсы жолдастарының болмауы, т.б. бірден-бір себеп.
Мұның барлығын дер кезінде байқап, балаға көмекке ұмтылсақ, оны сақтап қалуға болады.
Бұдан соң заң қызметкерлері сөйлейді.
Жүргізуші: Ж. Аймауытов: «Тәрбиеге әсер ететін нәрсе өскен орта, ата-ананың тәрбиесі. Соңғысы күшті болмаса, бара-бара адамды замандас, жолдастың азғырып, адам неше түрлі жаман мінезді жұқтыратыны белгілі»,- деген. Сол сияқты балаңыздың қылмыс жолына түспеуіне бірден- бір жауапты ата-ана , өздеріңізсіздер. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған.
Барлық жасыл желектер күн көзіне қарап боп түзейді. Олар көлеңкені сүймейді. Артық бұтақтар мен арам шөптерді қырқып, отап отырсаңыздар еккендеріңіз түзу, алқабыңыз жайнап тұрары сөзсіз. Бала да сол. Оған ақыл - кеңес, өнегелі әңгіме, мейірімі керек. Олай болса, ағайын, бала тәрбиесі тек отбасында ата - аналық парызымыз ғана емес, Отан алдындағы борышымыз екенін естен шығармайық!

Қорытындылау.
8. «Тілек шамы».
Мақсаты: рефлексиялық қорытынды. Бүгінгі алған әсерлеріңізді 3 сөзбен ғана жеткізу.
Жүргізуші: «Міне, қоштасатын да сәт жетті. Біз сіздермен жасөспірімдерді жаңа заман талабына сай бейімделуіне,қисық жолдан аулақ болуға, .жанұядағы ата-ана мен балалар арасындағы қарым-қатынастың түрлі жақтарын тануға, жан-жақты талқылауға тырыстық. Отбасы, ұшқан ұя – жылылықтың, жылулықтың мекені. «Отбасы» атауының мәніне терең үңілер болсақ, оттың да үлкен маңызы бар екенін сеземіз. Сондықтан оттың басы, ошағымыздың түтіні түзу болуы үшін «Тілек шамы» жаттығуын бір-бірімізге тілек айта отырып жүргізейік. Бір-бірімізге мына шамды бере отырып бүгінгі кездесуден алған әсерлеріңізбен бөлісіп, тренинг барысында айта алмай қалған ойларыңыз болса барлығыңыз да осы жерде айтуларыңызды сұраймын..

Олай болса, кеш соңында колледжге жиі келіңіздер. Атақты педагог В. Сухомлинскийдің «Жанұя мен мектеп тәрбиесі біріккенде ғана толық тәрбие болады» деген сөзін ұмытпаңыздар дегіміз келеді. Бүгінгі кешімізді өткізуге атсалысқан ата - аналарға, ұстаздарға, оқушылар сіздерге рахметімізді айтамыз.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.