.
.
Жаса, жайна, Қазақстан! Жаса, жайна, Қазақстаным!
Сабақ жоспары | Документы | Тәрбие сағаты Загрузок: 0 | Просмотров: 2079 | Размер: | Автор: ТәрбиеЖаса, жайна, Қазақстаным!
Мақсаты: оқушыларға Қазақстан туралы, оның тәуелсіздігі туралы, егемендігі, дамуы туралы мәлімет беру, тәуелсіз Қазақстанның тарихын әңгімелеу, тәуелсіздікке қалай жеткендігін баяндау, көрсету;
Тәрбиелілігі: оқушыларды өз тәуелсіз елін сүюге, қадірлеуге, осы елдің ұланы екенін мақтан етуге баулу, өз елінің ұлтжанды патриоты болуға баулу, өз елінің мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге, өз ана тілін сүюге, әдемі сөйлеуге үйрету.
Көрнекілігі: Елтаңба, Әнұран, Ту, Қазақстан картасы, суреттер, нақыл сөздер, ұлттық киімдер, видеослайд.
Барысы:
1-жүргізуші: Рухсыз ұлт – ұлт емес. Оны тарих дәлелдеген. Сексенінші жылдардың екінші жартысында біздің халқымыздың рухы өсті, мұхиттай буырқанып, бусанып жатты. Тәуелсіздіктің өкпек желі үздіксіз соғып тұрды.
2-жүргізуші: Қазақстан ол кезде әлі де болса Қызыл империяның құрсаында болатын, бірақ әне міне деп құлдық шынжыр үзілгелі тұр еді. Осы құлдық шынжырды мезгілінен бұрын үзген, алдаспан қылыштай болған уақиға 1986 жылдың 16-18 желтоқсанында Алматы қаласында болған қазақ жастарының көтерілісі еді. «Мен – Қазақпын!» деген әрбір қазақ бұны білуі тиіс.
1-оқушы: Мен қазақпын, мың өліп мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Мен қазақпын, бір биік белеспін мен,
Еуропа да, Азия да емеспін мен.
Аралықпын жетінші құрлықтай,
Бірақ барша адаммен тең өстім мен.
2-оқушы: Республика! Ерікті ел – Қазақстан!
Келді ақыры көп күткен жаз алыстан.
Келді алыстан аңсатып, армандатып,
Торды бұзған мен бір мәз арыстан.
3-оқушы: Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім қайта өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім.
Би: Қара жорға биі.
1-жүргізуші: Тәуелсіздік! Ата-бабаларымыз үш ғасырға жуық уақыт бойы армандаған тәуелсіздік! Тәуелсіздік жолында халқымыздың басынан қандай оқиғалар өтпеді. Халық қамы үшін қан кешіп, құрбан болған ерлеріміз қаншама!?
2-жүргізуші: Иә, өткен ғасырлардағы, үстіміздегі ғасырдың басындағы қанды шайқастар, ірілі ұсақты небір көтерілістер, ең ақырғысы тарихқа «Желтоқсан оқиғасы» деген атпен енген, кейіннен «Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі» деген бағаға ие болған 1986 жылғы жастар мен студенттердің жанкештілігі, бостандық үшін жас жанын пида еткен жас боздақтардың ерліктері халық санасынан, мына сіздердің саналарыңыздан өшер ме?!
1-жүргізуші: Жазықсыз опат болған жас боздақтар қаншама! Қан-жоса болған қайран тағдырлар-ай! Өздерінің туған жерінде жүріп керзі етік пен кесірліктің табанына түскен қайран жастық-ай!
Ата-ана: Сәбира Мұхаметжанова мен Ләззат Асановалардың рухына арнаймыз.
Қызғалдағы еркін өскен даланың,
Ұға білген тәрбиесін ананың.
Желтоқсанда суық ұрған бәйшешек,
Кете бердің құрбаны боп жаланың.
Әсем едің, ашық еді қабағың,
Биіктердің көрінгендей биіктердің талабың.
Әділетсіз жандар барын білмеп пе ең,
Айтшы, жаным, неге өлімді қаладың?
Ата-ана:
Алау жүрек, намыс оты қайнаған,
Тәуелсіздік болған еді ізгі арман.
Сенсіз міне өтіп жатыр тіршілік,
Бүлдіршін қыз ғұмырыңды жалғаған.
Сүйе білген тілін, елін – бесігін,
Қиянатын надандардың кешіргін.
Қайдасыздар, Желтоқсанның батыры,
Мәңгі өшпес жүректерден есімің.
1-жүргізуші: 1986 жыл. Желтоқсан. Елдің егемендігін аңсаған жастар алаңға шықты. Желтоқсан желі дауылға айналды. Өрттей қаулаған жастар ұлттық намыс құдіретін әлемге паш етті.
2-жүргізуші: Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болам деп талпыңдың,
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,
Айналайын, айналайын, жас өркені халқымның!
Ән: Желтоқсан желі.
1-жүргізуші: Ол тірі қалғанда ақын болар ма еді?!
Елбең –елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген.
Арғымақ мінген жаратып,
Ақ сауыт киген қаратып,
Ақ сауыт киген темірден,
Алатаудай бабалар,
Аруағыңмен жебей көр!
Биіктен құлаған тау суындай тасқын бар емес пе бұл үнде? Жас тұлпар тұяғының дүбірі келмей ме құлағыңызға?!
4-оқушы: Қайнама қазақ қамы үшін,
Қарусыз шықтық алаңға.
Алыстан әскер алдырып,
Қырып салды ау табанда.
Сөйлесем даусы жетпейтін,
Кез болдық мынау заманға.
Шовинизм еді ғой
Басты себеп жанжалға, - деп жыр нөсерін төккен бозбала Қайрат еді ғой.
2-жүргізуші: Қайраттың ең соңғы сағынышты да қайғылы мәңгі қоштасу хаты.
«Амансыздар ма, ардақты асыл анашым, бауыр ет бауырларым, қадірлі қандастарым! Өздеріңізге белгілі, мен сорлының жазықсыздан жазықсыз темір торға торланғанымды, түйедей жала жабумен ақыры ату жазасын алғанымды. Иә, мен сіздерден еш жасырмаймын. Мен 18-желтоқсанда алаңға бардым. Барғандағы мақсатым – ол жерде не болып, не қойып жатқанын өз көзіммен көру болды. Алаңда қазақтың уыздай жас қыздарын ұрып-соғып, өлтіріп жатыр дегенді елден естіген соң қолымды қусырып отыруға еркектік ар-намысым жетпеді. Ел қатарында ер қара боп, саны бар, сапасы жоқ ербеңдеп жүрген намыссыз еркек мен емеспін. Кеудемде нағыз лайық намыс баршылық. Сол жерде қолымнан келген бір көмегімді бергенім де рас. Ол үшін еш өкінбеймін. Иә, мен сорлы жазықсыздан жазықсыз ату жазасын алдым, өзімнің кінәлі емес екенімді, адалдығымды, қолымның қан еместігін қанша зар еңіреп айтқаныммен, өзімді еш ақтай алмадым. Менің өліміме тек жалақорлар мен тіргеуші соттарды кінәлаңдар! Қош болыңдар! Қош бол, жарық дүние! Бар бақытымды о дүниеден табармын. Сағынышты сәлеммен балаңыз Қайрат!
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Алам десеңдер, алыңдар!
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
«Еркек тоқты – құрбандық»,
Атам десең, атыңдар!
1-жүргізуші: Міне ағайын, біздің елдің жігіттері Қайраттай өр намысты, ел үшін жанын беретін патриот болуы керек қой. Осы Желтоқсан оқиғалары кезінде Республиканың бостандығы мен тәуелсіздігі жолында азаматтық ерлік көрсеткен, қайсарлықпен қаза тапқан жастарымызды еске алу үшін бір минут үнсіздік жариялаймыз...
2-жүргізуші: Рахмет, осы Желтоқсан батырларының рухын, намысын, өрлігін берсін сендерге, жастар! 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қол қоюымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жарияланды.
1-жүргізуші: Міне, осы тәуелсіздігімізге биыл 20 жыл, Желтоқсан оқиғасына 24 жыл толып отыр. Осы Тәуелсіздікке арнап «Желтоқсан желі ызғарлы» поэмасын тыңдаңыздар.
5-оқушы: Еркіндікке Желтоқсаным бастады,
Қазақ жасын бүкіл әлем қоштады.
Сексен алты жаңғырығы жар салып,
«Тәуелсіздік» ұлы ұранын тастады.
Елемепті қысқы ызғар, суықты,
Өне бойын жастардың қан жуыпты.
Қайрат, Ләззат жас қырандар аяулы,
Өз халқының бағы болып туыпты.
Жиырма жылдай тәуелсіздік туғалы,
Қазақ елі бірлікке бел буғалы.
Жиырма жылдай Қазақстан халқының,
Өз тағдырын өзі шешіп тұрғаны.
Көгінде тұр көк байрағың желбіреп,
Елтаңбаға қраймыз біз елжіреп.
Әнұранды шарықтата шырқаймыз,
Бабаларды еске алып ержүрек.
6-оқушы: Болмаса елде бейбіт күн
Қона ма бақыт адамға?
Үлгісін көрсет ерліктің,
Ертеңнің үшін алаңда.
Есіңде тұрсын ел қамы,
Қайысып соған қабырғаң.
Жүргінші болма жолдағы
Не істерге білмей аңғырған.
Талас пен өсек ішкі жау,
Іс бітпес босқа даурығып.
Бас қосып керек күш құрау
Намысы бойда бар жігіт.
7-оқушы: Ұлтшыл боп қазақ көрген жоқ,
Көкезу де елде жоқ емес.
Күн кешпе жұртым телмеңдеп,
Даулы сөз соңы төбелес.
Санаңды сілкіп, серпіл де,
Еңсеңді басқан ұйқыңды аш.
Жатқанға құдай берсін бе,
Ғылымға қарай ұмтыл жас.
Шындықты шырылдатпағын,
Халқыңа қорған бола біл.
Тәуелсіз елдің соқпағын,
Соныдан өзің сала біл.
Жебірді көзге шұқығын,
Болашаққа атта жеңіспен.
Қорғағын елдің құқығын,
Өрелі елге өріс кең.
Уақытпен бірге жаңарып,
Ескіге қалмай қамалып.
Деңгейде Халықаралық
Ел бола алсақ жарадық.
Ұлттық би.
2-жүргізуші: Енді Тәуелсіз Қазақстанның 21 жылдық мерейтойына байланысты осы жылдарға көз жіберейікші, қандай тарихи даталар болды екен...
8-оқушы: 1991 жыл 16 желтоқсан: Қазақстанның тәуелсіздігі туралы заң қабылданды.
2-қазан: тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты.
1992 жылы Қазақстан Республикасының ішкі әскері құрылды.
1993 жыл 28 қаңтар: Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды, қараша айында ұлттық валюта теңге айналымға енді.
1994 жыл наурыз: Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі сайланды. Орталық Азия одағы құрылды. Талғат Мұсабаев ғарышқа ұшты.
1995 жыл: Абай жылы болды.
30-тамыз: Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды.
9-оқушы: 1996 жыл: Жамбыл жылы. 16 желтоқсанда Алматыда Тәуелсіздік монументі ашылды.
1997 жыл: Жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы.
10-желтоқсан: Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланды.
1998 жыл: Халықтар бірлігі мен ұлттық тарих жылы.
1999 жыл: Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы:
2000 жыл: Мәдениетті қолдау жылы.
10-оқушы: 2001 жыл: Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы.
2002 жыл: Денсаулық жылы.
2003-2005 жылдар: Ауылды қолдау жылдары.
2006 жыл: Қазақстандағы Пушкин жылы.
6-қаңтар: Қазақстан Республикасының жаңа Әнұраны бекітілді.
11-қаңтар: Қазақстан Республикасының Президентін ұлықтау күні.
2010 жылы 1-2 желтоқсанда Астанада Еуропа Ынтымақтастық Қауіпсіздік Ұйымының саммиті болды. Саммитке 56 мемлекет қатысып, Қазақстан саммитке төрағалық етті.
2011 жылы VII Қысқы Азиада ойындары өтті.
2011 жылы сәуірде Қазақстан Республикасының Президентін ұлықтауы болды.
1-жүргізуші: Балалар, осы даталарды есте сақтап, біліп жүргендерің абзал. «Тәуелсізбіз» деп еркін тыныстатқан, бар байлығыма өзім иемін деп еңсе көтере сөйлеткен ұлы құжат қой бұл. Мұның бәрін елжірей еске ала отырып асыл арманымызға жету үшін халқымыз талай-талай тар жол тайғақ кешулерді, зұлматтар мен нәубеттерді бастап өткергендіктерін қайта-қайта айта береміз, айтуға тиіспіз де
11-оқушы: Өзіңдікі елің де, өзіңдікі жерің де,
Өзіңді-өзің еткен бақ –
Тәуелсіздік төріңде.
Өзіңдікі туың да, от пен ауа, суың да,
Жаса, Қазақстаным, белді бекем буын да!
12-оқушы: Асқар тау да сенікі,
Бау бақша да сенікі.
Қалтқысыз доспенен,
Қатал жау да сенікі.
Ұраның да жасасын,
Құраның да жасасын.
Қасиет, кие дарыған!
Ұланың да жасасын!
Ән: Жаса, Қазақстан!
2-жүргізуші: Егемендігіміз бен тәуелсіздігіміздің арқасында халқымыз туған ана тілімен қайта қауышты. Тіліміз мемлекеттік мәртебе алды. Мұның өзі мақтаныш емес пе?!
13-оқушы: Ана тілім – ардағым, арым менің,
Алпыс екі тамырда қанымда едің.
Шаттанғанда сайрайтын сандуғашым,
Ашынғанда шығатын жалын демім.
Ана тілім – пір тұтқан кием менің,
Алтын діңгек өзіңсің, сүйгенім.
Бар байлығым бабамнан қалған мұра,
Бойтұмардай қастерлеп иемдендім.
14-оқушы: Ана тілім – салт-дәстүр, тарихым да,
Жетең болса намысты жанитын да.
Білмей жүрсе тексіздер қадіріңді,
Құдіретің өзіңсің танитынға.
Ана тілім – абырой, атағым да,
Сарбазың боп келемін қатарыңда.
Мәртебеңді қорғаймын қасиеттеп,
Қарсы тұрып қасқайтып жат ағымға.
1-жүргізуші: Міне, балалар, Ғабит, Мұхтар, Сәкеннің тілі – қазақ тілін әдемі сөйлегенге не жетсін! Ана тілін қадірлейік, балалар!
2-жүргізуші: Міне, ағайын, егеменді, тәуелсіз еліміздің тағдыры 2030-дың жастары сендердің қолдарыңда. Сондықтан да Тәуелсіз мемлекетіміздің жайнап, гүлденіп, нығая түсуіне сендер үлес қосады деп сенеміз. Еліміз гүлденіп, жайнай берсін!
1-жүргізуші: Бірлік болсын – ел аман,
Тыныш болсын бұл заман.
Берекесін бере берсін!
Бейбіт жатқан бұл далам!
Ал, балалар, «Ата ақылына» көңіл аударайық.
Ата: Ұрпақтарыма!
Өтірікке бейім болма, қарағым.
Қатарыңнан кейін болма, қарағым.
Тең тұсыңның рухын көтер еңбекпен,
Халқыңның бір қажетіне жарағын.
Билік тисе әділдікке мойынсын,
Жанжал, шатақ жер бетіне жойылсын!
Өз қарныңның қамын ғана ойлама,
Өркендесін, жұртың бірге тойынсын!
Жаңа қоғам жаңа ойға жетелеп,
Сен атқарар, балам, парыз өте көп.
Халқыңды ойла, ертеңді ойла күні түні,
Тұл басыңның тойынғаны не керек?
Әлемменен туыстасқын, рухыңмен,
Отанды сүй, сол ғой сенің құт іргең.
Елі қымбат, жері қымбат ұрпаққа,
Ол болмаса бейшарасың күшің кем.
Ана тілді ардағыңа балай біл,
Көкірегіңде от боп жансын Абай-жыр.
Сені көріп атаң ылғи қуансын,
Ойлан балам, айтқан сөзім қалай бұл?
2-жүргізуші: Міне, балалар, Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Осы тәуелсіздікті тұғырында нық ұстау үшін сапалы білім мен тәртіп керек. Болашақ өз ұлтын сүйетін, өз елін, жерін, Отанын сүйетін ұлтжанды, өр намысты, биік рухты сендердің қолдарыңда. Қазақстанның өз жолы, өзіндік болашағы бар, бұдан былай және мәңгі тәуелсіз Қазақстанның тарихы жалғаса бермек! Қазақстанның Тәуелсіздігі баянды болсын! Қарышта, жайна, Қазақстан! Қазақстанның болашағы гүлдене берсін!
Әнұран орындалады.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.