Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
Қазақтың күй өнері Этнопедагогика секциясы -

Қазақтың күй өнері Этнопедагогика секциясы

Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 2283 | Размер: | Автор: Публикатор
. М А З М Ұ Н Ы

Кіріспе ........................................................................................................3

І. Күйшілік өнерінің пайда болуы және дамуы ...............................4-7

ІІ. Күйдің түрлері.....................................................................................8-9

Қорытынды .............................................................................................10

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі........................................................11

ҚАЗАҚТЫҢ КҮЙ ӨНЕРІ
Саят А.А.
Ж. Ақылбаев атындағы мектеп-гимназияның
4–сынып оқушысы,
Қарағанды облысы, Шет ауданы

Жетекшісі: Ахметова Назира Елубайқызы
Кіріспе

Домбыра мұнша шешен болдың неге?
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе
(Қ. Аманжолов)
Қазақ халқының басқа халықтардан ерекшеліктерінің бірі ол өзінің ұлттық музыкасының болуы. Атадан балаға жеткен осы мұра, көзіміздің қарашығындай сақталып, қымбат қазынаға айналды. Қаймағы бұзылмай жеткен бұл өнердің бір шыңы - домбыра күйлері. Бұл мұра ғасырдан ғасырға іріктеліп, сұрыпталып, сүргіленіп, түрленіп жеткен халықтың өзімен бірге дамып, қалыптасып отырған. Байырғы кезде қазақ үйінің төрінде әрдайым домбыра ілулі тұрған немесе үй-ішінің біреуі домбырада күй шертпейтін отбасы қазақ арасында кемде-кем болған. Осы орайда халық арасында сұрақтар пайда болуы мүмкін. Осы домбыра, күй сөздері қайдан шыққан? Нені білдіреді? Ол қай кезден бар? Неге домбыра қазақ арасында соншама кең таралған? Осындай сұрақтар мені қызықтырып ізденуге итермеледі. Сонымен қатар мен өзіме «Кей адамдар неліктен соншалықты талантты, алғыр, тапқыр, яғни дарынды болып келеді?», «Оларға дарын кімнен және қалай дарыған?», «Олар дарындылық пен талантты қалай бойына сіңіріп әрі дамытты екен?» деген сияқты көп сауалдар жолдадым. Соған орай, біздің алдымызға мынадай мақсат пен міндеттер қойылды.
Зерттеу жұмысымыздың мақсаты: күйшілік өнердің пайда болуымен таныса отырып, оның ерекшеліктерін айқындау.
Міндеттері:
• әдебиеттерді оқып зерттеу;
• күйшілік өнердің тарихына шолу жасау;
• ерекшеліктеріне тоқталу;
• өзіндік қорытынды жасау.
Зерттеу әдісі: әдебиеттерді оқып, зерттеу; талдау, тұжырым жасау.
Нәтиже қорытындысы: «Қазақтың ұлттық өнері болған, қазір де бар және де болашақта да өз қасиетін жоғалтпай қала береді» !!!

І. Күйшілік өнерінің пайда болуы және дамуы
Белгілі зерттеуші Хайролла Жүзбасовтың пікірінше домбыра сөзі «дөпбұра», «дәлбұра», «дембұра» деген сөздердің тізбегі арқалы жасалған. Бұл белгілі бір логикаға бағындырылған қызғылықты жорамал. Тағы бір болжамды этнограф Ерік Көкеев еңбектерінен табуға болады. Ғалымның пікірінше «том» деп түюлі жұдырық немесе қолдың саласы айтылады. Кейіннен бұл түбір ұяңданып « домға» айналған, «быра» тіркесі бір нәрсені шерту, тарту, дыбыс шығару деген мағына береді-мыс. Яғни домбыра сөзі «қолдың саласымен немесе бес саусақпен шекті шерту» деген мағына береді.
Кейбір деректерде «домбыра» сөзі арабтың «дунбаһи бурра» тіркесінен, яғни «қозы құйрық» деген сөзінен қалыптасқан деген долбар әңгіме бар. Бұлай дегенде шамасы домбыраның шанағының сүйірленіп барып, қозы құйыршықтанып бітетіндігін негізге алған болуы керек.
Құдайберген Жұбановтың еңбегінде «күй» сөзіне мынадай пікірін білдіреді: «Қазақта «күй» түрінде айтылатын шағатай, ұйғыр тілдерінде, анатоль түрік тілінде «көк» болып айтылуы тиіс». Сондай-ақ Ақселеу Сейдімбек те осы пікір жайлы « Күй деп басталатын қай сөздің де сезіммен астасып жатыр. Сол сөз көшпенділердің ең киелі сезімі – тәңірлік наным сеніммен ұштасып жатады. Демек, «күй» деген сөз әу баста Тәңірлік құбылысты білдірген. Тәңірдің дыбысы деген сенімдегі мағынамен шендес болғаны аңғарылады», - деп Құдайберген Жұбановтың пікіріне қосылған.
XVI ғасырдан бермен қарай «күй» сөзі тек аспапты музыканы ғана білдіретін мағынаға ие болады.
Ен далада күн кешкен елдің аузынан шыққан «күй» деген сөздің аспаптық музыкаға тән атау екені, оның түп-тамыры одан да арғы замандарда жатқаны он төртінші ғасырдан бері белгілі. Осыған дәлел байырғы заманда 600 жыл бұрын тасқа салынған суреттің табылуы. Сондай ақ «күй» сөзінің көнелігін білдіретін тағы бір дерек қазақта «Ақсақ құлан» атты күй болуы. Қазақ халқының тұрмыс-харекетімен, өмір-тіршілігімен әрқашанда тығыз байланыста болатын күй – жүздеген жылдардан бері қанат жайып, өркендеп келе жатқан жанр. Халқымыздың музыкалық қазынасында сары алтындай сандалкер күйлер жүздеп саналады. Оларды хатқа түсіретін нота мәдениеті жоқ болса да, сыры мен сымбатын жоғалтпай, қайта ажарлана, әрлене түсіп, ауыздан ауызға көшіп, атадан балаға мирас боп қала берді. Әлбетте, құм басқан қалалардай, бізге жетпей, уақыт шыңының астына көміліп қалған күйлер де есепсіз екені және даусыз. Өнер дегеніміз— адамдармен сырласудың құралы. Өнер дегеніміз — бір құдірет. Оның шырқау шыңына жетіп, өз қабілетін паш ету — дарынды адамның қолынан келмек. Өнерді иеленуші әлеуметтің негізігі формасы адам болып саналады. Ондай адамдардың қатарына әнші, биші, жыршы, жырау, шешен сөйлеушілер, сонымен қатар күйші, қобызшы және т.б. көптеген заңғар тұлғалар жатады. Айталық, өзімізге мәлім Абай, М. Әуезов сынды тұлғаларда өнер құмарлық атадан дәстүрлі түрде берілген. Негізінен, өнер сатысындағы дарындылықты жалпы ұлттар арсындағы ең көне талант деп ойлаймын. Өйткені, бұл талант сол ежелгі замандағы қоғамның әлеуметтік жағдайымен тығыз байланыста болған.
Көпке белгілі, қазақтың халық арасында ең кең тараған музыкалық аспабы – домбыра. Оның әлденеше себептері бар. Біріншіден – домбыраны жасау аса қиынға соқпайды, қолы ұсынақты адам көрінген ағаш затынан жасап ала береді.
Екіншіден–домбыра тарту, үйрену, басқа аспаптарға қарағанда аса қиынға соқпайды. Домбыраның пернелері барлық дыбыстарды скрипка сияқты мойын бойлап іздетпей, дәл үстіне түсіреді. Қай пернеде қандай дыбыс бар екенін баста біліп алса, ұмытпау дәрежесі айта қалғандай болса, орындаушы кейін де сол пернені оңай тауып алады.
Үшіншіден- домбырада түрлі жағдайда тартуға бола береді, үйде отырып та, түрегеліп тұрып та, шалқадан жатып та, ат үстінде де. Төртіншіден – домбыра сүйемелге де ыңғайлы. Мұнда шалқайыңқырап отырып әндетуге де болады. Әншінің даусына кесел келтірмейді. Сондықтан домбыра, бір жағынан әншінің, жыршының, ақынның да «қолқанаты». Әрине, домбыра бәрінен бұрын күйдің аспабы. Қазақ күйлерінің көпшілігі домбыраға арналып шығарылған.
Еуразияның Ұлы даласындағы көшпелілер арасына ислам діні тарағанға дейінгі қиял ғажайып тақырыптарға арналған күйлер, жорық сарындары, жаугершілік кезеңдерде ел есінде қалған айтулы батырлар, ақылды арулар, ерге серік болғандай қанатты пырақтар, киелі жануарлар туралы күйлер мен олардың аңыздары жатады. Мәселен, «Қос мүйізді Ескендір», «Көк төбет», «Көк бөрі», «Аққу», «Сарын», «Өгіз өлген», «Тарғыл бұқа» сияқты күйлер мен күй аңыздарын айтуға болады.
Екінші, оғыз қыпшақ кезеңінің (VI-XII ғғ) күй аңыздары. Бұған Қорқыт ата аңыздары, «Абыз толғауы», «Саймақтың сары өзені», «Балжыңгер» сияқты күйлердің аңыздары жатады. Осы заман Қорқыт заманынан деседі. Қорқыт IХ- ғасырда өмір сүрген аңыз кейіпкер. Ол Шыңғыс Уалиханов айтқандай:«Қорқыт алғаш қобыз тартып, сарын айтуды үйреткен ең бірінші бақсы». Бақсылық дәстүрді ұстай отырып, қазақ музыкасының негізін қалыптастырды десе болады. Қорқыттан соң үшінші ноғайлы кезеңінің (XIII - XVI) күйлері. Оғыз қыпшақ кезеңінің аласапыранынан кейін көшпелілердің рулық тайпалық тұтастануы, Алтын орда сияқты айтулы мемлекеттің бой көтеруі осы заманға сәйкес келеді. Тек ол ғана емес, ілгері ғасырлар талқысында тарихи тағдырын ортақтастырған даналық ру тайпалардың саяси одақ құрып, бір бірімен біте қайнасып «қазақ» деген кең мағыналы этникалық атаумен тарих сахнасына шыға бастаған кезеңі осы тұс. Ноғайлы кезеніңде туған музыкалық және фольклорлық мұралардың санатына «Жошы ханның жортуылы», «Шора батыр», «Қамбар күйі» сияқты халық күйлерімен бірге, Кетбұғаның «Ақсақ құлан», Асанқайғының «Ел айрылған», Қазтуғанның «Сағыныш» күйлерін және олардың аңыздарын жатқызуға болады.
Төртінші, Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі (XVII-XVIII ғғ) күйлер мен күй аңыздары. Осы екі ғасырға созылған аласапыран халықтың сан-сала рухани мұрасында шыншылдықпен, тарихи деректілікпен орын алды. Аңыз-әңгіме, жыр-дастан, толғау-термелерден бастап, ән-күйге дейін халықтың азатшыл рухы аста-төк көрініс тауып отырды. Осы кезең өзінің рухына лайық Бұқар, Тәтіқара, Қанай, Толыбай, Төле, Қазыбек, Әйтеке сияқты шешен-билерді, жыршы- жырауларды дүниеге әкеліп, олар қара халықтың күйзелісі мен қаһарман ерлігін өлмес өнер тілінде бейнелеп отырды. Мұның айғағы ретінде «Қаратаудың шертпесі», «Қалмақтың қара жорғасы», «Кеңес», «Абылайдың қара жорғасы», «Қоржынқақпай» сияқты күйлер мен олардың аңыз-әңгемелерін атауға болады.
Бесінші, XVIII-XIX ғасырларда және XX ғасыр басында туған күйлер мен олардың аңыздары. Бұл кезеңде туған күйлер де, күй аңыздары да ерекше молдылығымен, тақырыбының әралуандығымен , оқиғасының деректілігімен назар аударады. Әсіресе күйлердің әуен-сазының мейлінше шыңдалған кәнігі (профессиональный) деңгейін айрықша атап өткен жөн. Бұл кезеңге Боғда, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Тоқа, Ықылас, Қазанғап, Сейтек сияқты ондаған дәулескер күйшілер қазақ музыкасының ұлттық тілін біржолата орнықтырып, жалпы адамзаттық мәні бар рухани феномен деңгейінде танылды.
ІІ. Күйдің түрлері
Күй әуені интонациялы саз ретінде әуелде бір түбірлі болғанмен орындаушылық мәдениеттің тезіне түскен кезде әртүрлі арнаға түседі. Қазақтың күй өнері негізінен төкпе, шертпе деп айдарланған екі машыққа бөлінеді, соған орай олардың жерге, топыраққа тартып тұратын айшықты мінездемелері де бар. Төкпе және шертпе деген анықтама күйдің тәсілі тартысына байланысты туындаған кейінгі аттар, Ахмет Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» кітабындағы Тәттімбет жайлы зерттеуде шертпе күй деген сөз кездеспейді, мұндай атау Уали Бекеновтың кітаптарынан кейін енген .
Халық арасында күй өнерінің саз-сарындары бойынша айырып тану үшін «төкпе күй» және «шертпе күй» деген атаулар қолданып жүр. Ақселеу Сейдімбектің айтуынша, «төкпе», «шертпе» сөздері жеке күйлердің табиғатына қатысты анықтауыш бола алар. Күйші-композитор туындыларында шертіп тартылатын күй де, дауылдата төгіп тартылатын күй де кездеседі. Мәселен, бір ғана Тәттімбеттің «Саржайлау», «Былқылдақ», «Сылқылдақ» шертіп тартылса, «Бес төре» күйі жігерлі серпінмен тартылады. Оны былай қойғанда, жалқы тұрған бір ғана күйдің өн бойында бірде шертіп қағуды, бірде серпе төгіп қағуды, енді бірде іліп қағуды қажет ететін сәттер бар. Мәселен, Әшімтайдың «Қоңыр қаз», Дайрабайдың «Дайрабай» сияқты күйлері сол бір ғана күйдің өн бойында біресе шертіліп, біресе дауылдата төгіліп тартылады.
Сондай-ақ тағы бір дәлел бұл сөздер тек домбырамен тартылатын күйлердің ғана қадір – қасиетін анықтайды. «Төкпе » және «шертпе» деген атаулар қобыз, сыбызғы, сазсырнай, месқобыз сияқты аспаптарда күйлердің қасиетін анықтауға келмейді. Себебі, бұл аспаптар шертіп те, соғып та тартылмайды. Сол үшін тағы да сол Ақселеу Сейдімбектің пікіріне жүгінуімізге тура келеді. Ол қазақ халқының дәстүрлі талғам - танымы бойынша күй атаулы өзінің саз-сарынына орай «қоңыр күй», «тік күй» және «бойлауық күй» болып үшке бөледі. Осы атаулардың әрбірі жеке күйдің саз-сарынын да анықтайды. Мысалы, қоңыр күйлер философиялық ойға құрылып, көбінесе өмірдің ойлы, мұңлы сәттерін толғайды. Айталық Ықыластың «Қоңыр», Тәттімбеттің «Көкейкесті», Қазанғаптың «Көкіл», Дәулеткерейдің «Жігер» сияқты күйлерін айтуға болады.
Тік күйлер болса, өмір құбылыстарын тыңдаушысына елестетіп отырады. Тік күйлер өмірдің қызық та күрделі құбылыстары туралы дыбыспен сурет салады, дыбыспен баяндап береді. Тік күйдің классикалық үлгілері ретінде Құрманғазының «Ақсақ киік», Әшімтайдың «Қоңыр қаз», Нұрғисаның «Аққу» сияқты күйлерін атаған жөн.
Бойлаулық күйлер көбінесе жоқтау сарынымен өмірдің қайғылы, зарлы сәттерін бейнелейді. Мәселен Ықыластың «Ерден», Әбдидің «Қосбасар» күйлері.
Сан ғасырлар бойы күйшілер қолында дамып, ұлттық ерекшеліктерді бойына жинаған күй өнері, қазақтың сезімі мен ойын кең ауқымда суреттей келе, оның шын мәнінде қазақтың музыкалық құдіретіне айналды Бірақ қалай дегенде де біздің ұлттық музыкамыз туыс халықтарымен байланысты. Қазақ музыка өнерінің тарихи тамыры Қорқытқа дейінгі ғасырларға жатқандығын материалдық мұралар айғақтап отырғанмен, халық күйлерінің қай ғасырда туғандығын дөп басып айту қиын. Қазіргі кезеңде күйшілік өнер қанатын кең жая, қазақ деген ұлттың дәстүрлі мәдениетінде самғауда. Боздандық кезеңнен аман – есен өткен домбыра аспабы елімізде айырықша орын алуда. Қазақ Ұлттық Музыка академиясы, Құрманғазы атындағы Ұлтық консерваторияда, еліміз бойынша көптеген колледждерде қаншама болашақ домбырашы мамандар білім алуда. Әрине, қиынға соққан мәселелер де бар, бірақ өте келе адам түзеліп, адаммен заман да түзеліп бәрі орнына келеді. Тек уақыт қажет.
Қорытынды
Қазақстан Республикасының ХХІ ғасырда білім мен ғылымға ерекше көңіл аударып жатқандығын негізге ала отырып осы жобаны жазған болатынмын. «Жанам деген жүрекке от берейік» деген ұранды еске ала отырып, осы жобаны дайындау барысында мен қазақтың күй өнері, оның мәні мен мағынасын түсіне отырып, халқымның аса бай дүниесі күй екенін ұқтым. Мектебімдегі дарынды оқушылар санын біліп, Абай, Мұхтар сынды аталарымыздың генеалогиялық шежіресімен таныса отырып, мектептегі дарынды оқушылардың бірінің музыкаға зеректілігінің тұқым қуалауын сұрастыра келе күйшілік өнерге деген құштарлықтары бар екендерін байқадым.
Жұмыстың соңында келесідей қорытындыға келдік:
- тақырыпқа байланысты әдебиеттерді оқып, зерттедік;
- күйшілік өнердің тарихына шолу жасадық;
- ерекшеліктеріне тоқталдық;
- өзіндік қорытынды жасадық.
Жұмыс бойынша ұсыныс: аулымыздағы саз мектебінде арнайы күйшілер дайындайтын сыныптар ашылса.

Пайдаланған әдебиеттер:
1. Жұбанов А. «Ән – күй сапары» Алматы 1976
2. Жұбанов А. «Ғасырлар пернесі» Алматы 2002
3. Жүзбай «Шертпе күйдің төрт мектебі» Астана 2009
4. ЖұмағалиеваТ., АхметбековаД., ЫсқақовБ., Қарамендина Ә.,
Қоспақов З. «Қазақ халқының дәстүрлі музыкасы», А:.- 2005
5. Сейдімбек А. «Қазақтың күй өнері» Астана -2002
6. Мерғалиев Т., Бүркіт С., О. Дүйсен «Қазақ күйлерінің тарихы» А:.-2000
7. Тоқтаған А. «Күй тәңірдің күбірі» Алматы 1996.

Астана қаласы ЖШС “ZIAT” ҒӘО
«М.Горький атындағы эксперименталдық мектеп-гимназия» КММ

ТАҚЫРЫБЫ: Қазақтың күй өнері
/Этнопедагогика секциясы/

Дайындаған: М.Горький атындағы
мектеп-гимназияның
4-сынып оқушысы
Саят Аймира

Жетекшісі: Ахметова Назира Елубайқызы М.Горький атындағы
мектеп-гимназияның
музыка пәнінің мұғалімі

Шет ауданы
2015
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.