Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
. Ашық сабақ
Түлкібас ауданы, Састөбе ауылы
А.С.Макаренко атындағы жалпы орта мектебі
Бастауыш сынып мұғалімі Кыдыралиева Урила Мырзакаримовна
Сыныбы-3
Пәні: Ана тілі

Тақырыбы: Боран
Сабақтың мақсаты: 1. Мәтіндегі негізгі ойды, идеяны ұғындыра отырып, қысқы табиғат құбылыстары туралы түсінік беру.
2. Оқушының оқу мен жазу арқылы сыни тұрғысынан ойлауын дамыту, қиялын дамыту және сезімін ояту.
3. Өзара құрмет сезімін тудыру. Эмоциялық әсер ала білуге, басқаның пікірін сыйлауға тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: жаңа сабақ, пысықтау.
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, ой қозғау, топтастыру.
Сабақтың көрнекілігі: қыс мезгілін бейнелейтін суреттер. М.Әуезов суреті. Тірек карточка. Электрондық оқулық.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
Балалар бүгін ана тілі сабағына қонақтар қатысып отыр. Бірінші әдеппен қонақтарға амандасып алайық.
Үлкенге де сіз
Кішіге де сіз
Сәлем бердік сіздерге
Құрметпенен біз.

Қазақ тілі – өз тілім – ана тілім,
Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім,
Қастерлейді ұл-қызың мәңгі сені,
Болашағым, бақытым, дара тілім!
Міне, ұлы, кемеңгер, ғұлама ақындарымыздың тілі, туған тіліміз, өзімізді қазақ тілінде сөйлеуге үйрететін ана тілі сабағын бастаймыз.
ІІ. Үйге берілген тапсырма
І топ. А.Құнанбаевтың өмірбаянын айту. Абай туралы не білеміз?
ІІ топ. Абайдың лирик ақын екенін білеміз.
Ол кісі жылдың төрт мезгілінде өлең жазды.
Абайдың «Қыс» өлеңін жатқа айту.
ІІІ топ. Сұрақ-жауап.
– Автор қысты кімге теңеп тұр? (Қысты адамға, кәрі шалға теңейді)
– Шалдың киімдері қандай? (Ол ақ киімді, үстін ақ қырау басқан)
– Киім деп отырғаны не? (Ол жауған қар, қатқан мұз)
– Өлеңдегі шалдың мінезі қандай? (Ол қатал, соқыр, мылқау адам сияқты)
– Соқыр, мылқау дейтін себебі не? (Ол ештеңені көрмейді, аямайды, бәрін тоңдырады).
– Міне, балалар Абай атамыз қыс мезгілін осылай суреттеген.
Қорытындылау
Тірек сызба. Абай кім болған? (Абай – ұлы тұлға, ұлы ақын, аудармашы, сазгер, лирик)
Абай – қазақ халқының ұлы перзенті, асқан дарын иесі. Абайдың әр сөзі білген адамға өнеге, өсиетке толы.
Сергіту сәті:
Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін айту.

ІІІ. Жаңа сабақ
Тұлғасынан шұғыла құт тараған,
Асқар таудай алыбым – Мұхтар ағам!
Халқыңыздай биіксіз пір тұтатын,
Ұлтыңыздай ұстазсыз ұлағатты.
Өлеңде кім туралы айтылып тұр? (Мұхтар Әуезов)

Мұғалімнің түсіндірмесі
М.Әуезовтың өмірбаянынан мағлұмат беру.
М.Әуезов1897 жылы туылып, 1961 жылы өмірден өткен. Ол қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Семей өңіріндегі Абай ауданында дүниеге келген. Оны атасы Әуез бен әжесі Дінәсіл тәрбиелеген.
Алдымен ауыл молдасынан хат танып, кейін Семей, Ташкент, Санкт-Петербург қалаларында оқыды.
Мұхтар Әуезовтың көптеген әңгімелерін оқыдық. Яғни, Көксерек, Бала Абай, Әбілмансұр, Әке арманы, Кешкі дөң басында т.б. Ал енді бүгін Мұхтар атамыздың тағы бір әңгімесімен танысамыз.

Жаңа сабағымыздың тақырыбы
«Боран»
Сабақтың мақсаты.
Әңгіменің авторы Мұхтар Әуезовтың өмірбаянынан мағлұмат алу. Мәтінді мәнерлеп оқып, мазмұнын ашу. Әңгіменің мағынасын терең түсініп, өз ойын еркін айтуға, шапшаң оқуға машықтану және төзімді, шыдамды болуға тәрбиелеу.

Сұрақ-жауап
Қыста болатын қандай табиғат құбылыстарын білесіңдер?

Топтастыру
Боран
Аяз – Қыс – қар
Қырау
Ендеше бүгінгі жаңа сабағымыз қысқы табиғат құбылысына байланысты, боранды күні болған оқиға туралы болмақ.

Оқулықпен жұмыс
1. Мәтінді мұғалім оқып береді.
2. Сөздік
Ұсақ, қатты, қиыршық сөздерін дәптерге жазу.
3. Мәтінді оқуға дайындық.
а/ Топпен бір сөйлем оқу.
ә/ Іштей оқыту.
б/ Дауыстап оқу.
4. І топ. Тізбектеп оқу
ІІ топ. Жоспар бойынша мазмұнын айту.
ІІІ топ. Сұрақ-жауап.

1. М.Әуезов кім? Ол кімнен бата алған?
2. М.Әуезов кімдердің тәрбиесінде болған? Қайда оқыды?
3. Әңгіме кім туралы?
4. Қар неліктен қиыршық, қатты бола бастады?
5. Әңгіменің соңғы екі сөйлемін қалай түсінесің?

ІV. Қорытындылау.
Бұл мәтінде бізді неге тәрбиелеп отыр? Автордың негізгі ойы не?
1. Бұл мәтіннен табиғат құбылыстарын адам баласы өзгерте алмайтынын білдік.
2. Осындай боранды күні үсінуден сақтануды үйретіп тұр.
3. Қанша қиыншылық көрсеңде шыдамды, ұстамды, төзімді, адал болуға тәрбиелеп отыр.
4. Қасыңдағы достарыңа адал болуға үйретіп тұр.

V. Білімдерін тексеру.
Тест
1. Абайдың шын аты.
а/ Абылай ә/ Ибраһим б/ Арманбай
2. Абайдың анасының аты.
а/ Ұлжан ә/ Ұлбике б/ Ұлтай
3. Абайдың туған жері.
а/ Семей ә/ Текелі б/ Қапал
4. Абайдың әжесінің аты.
а/ Зәуре ә/ Зейнеп б/ Зере
5. Абайдың жаз туралы жазған өлеңі.
а/ Күз ә/ Жазғытұры б/ Жайлауда
6. Мұхтардың атасының аты.
а/ Әуез ә/ Кәрім б/ Кәкітай
7. М.Әуезов кім?
а/ Ақын ә/ Жазушы б/ Суретші
8. М.Әуезов қай қалада оқыды?
а/ Алматы ә/ Ташкент б/ Шымкент
9. М.Әуезовтың әңгімесін тап.
а/ Қар ә/ Боран б/ Қыс
10. М.Әуезов кімнен бата алған?
а/ Ыбырай ә/ Абай б/ Сәкен

VI. Венн диаграммасы бойынша
І топ. Қыс, көктем мезгілінің ерекшеліктерін салыстыр.
ІІ топ. Қыста ауа-райын ата-бабаларымыз қалай болжаған?
ІІІ топ. Қыс мезгіліне байланысты мақал-мәтелдер айту.

VІI. Қорытынды.
Абай – қазақ халқының ұлы перзенті, ұлы ақыны, асқан дарын иесі. Абайдың әр сөзі білген адамға өнеге, өсиетке толы.
М.Әуезов – ХХ ғасырдың аса ұлы жазушысы. Оның «Қорғансыздың күні», «Оқыған азамат», «Жетім», «Көксерек» әңгімелерінің оқиғалары өмір шындығынан алынған.

VІIІ. Үйге тапсырма.
Мәтінді мәнерлеп оқу, түсініктерін әңгімелей білу.

ІХ. Балалардың білімін бағалау.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.